Жастық шақ қашанда махаббат пен жалындаған сезімге толы кезең саналады. Алайда қазіргі статистика бұл қалыптасқан түсінікті толығымен жоққа шығаратындай. Өйткені әлеуметтанушылар мен ғалымдардың кейінгі зерттеулері қазіргі жастардың, яғни Z буын (1997-2012 жылдары туғандар) жыныстық қатынасқа алдынғы буындарға қарағанда әлдеқайда аз түсетінін дәлелдеп берді. Ғалымдар «секс-рецессия» деп атаған бұл жаһандық феноменнің артында шын мәнінде не жатыр? Tamga Media зумерлердің интим өмірден неге бас тартып жатқанын талдайды.
Анықтама: Секс-рецессия – қоғамда, әсіресе жас буын арасында жыныстық белсенділіктің жаппай және ұзақ мерзімді төмендеу құбылысын сипаттайтын әлеуметтану термині.
Интим өмір: статистика не дейді?
General Social Survey 18-64 жастағы америкалық ересектерге сауалнама жүргізген. Зерттеуге сәйкес, 1990 жылы ересектердің 55%-ы аптасына кемінде бір рет жыныстық қатынасқа түссе, 2024 жылы бұл көрсеткіш 37%-ға дейін төмендеген. Ал 2010 жылы 18-29 жастағылар арасында «кейінгі бір жылда мүлде болмады» дегендердің үлесі 12-15%-дан болса, 2024 жылы 24%-ға, яғни екі есе өскен.
Бірқатар зерттеулер нәтижесіне сәйкес, жастардың шамамен 20-30%-ы ешқашан жыныстық қатынасқа түспеген.

АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы 17 мыңнан астам оқушы арасында ауқымды зерттеу жүргізген. 1991 жылы жастардың жартысынан көбі (54%) интим өмірге қадам басса, 2019 жылы бұл көрсеткіш 38% болған. Ал 2021 жылы 30% болып, тарихи минимумға жетті. Ғалымдар мұны отыз жылдық сауалнама тарихындағы «ең күрт құлдырау» деп отыр.
Сонымен қатар жас буын арасында бірнеше серіктесі барлар үлесі де айтарлықтай азайған. Яғни зумерлер бұрынғы буынға тән кездейсоқ әрі тұрақсыз байланыстардан саналы түрде алшақтап барады.
Неге зумерлер секстен қашады?
Зерттеушілер жастардың жыныстық белсенділігінің төмендеуін бір ғана себеппен байланыстырмайды, бұл – бірнеше әлеуметтік фактордың жиынтығы.
1. Оффлайн өмірдің болмауы
Жас буынның шын өмірдегі қарым-қатынасы күрт қысқарды. Статистикаға сүйенсек, 2010 жылы жастар достарымен көзбе-көз кездесуге аптасына орта есеппен 12,8 сағат бөлсе, 2024 жылға қарай бұл көрсеткіш 5 сағатқа қысқарған. Жастар сыртқа шығып, адамдармен аз кездеседі, аз танысады, сәйкесінше, олардың өмірінде интим жақындық та сирек болады.

2. Цифрланған заман
Смартфондар мен интернеттің өмірімізге дендеп енуі жастарды толығымен экранға тәуелді етті. Әсіресе TikTok пен қолжетімді контент зумерлердің сексуал талғамы мен нормаларын бұзып жіберді. Виртуал контент миға оңай әрі тез ләззат гормоны дофамин сыйлайды. Экранның арғы жағындағы иллюзия тұрғанда жастардың шынайы өмірде серіктес іздеп, әуре болуға зауқы жоқ. Оларға нақты адамнан гөрі виртуал контент әлдеқайда қолжетімді.
3. Зумерлер кинодан секс іздемейді
Жастардың интимге ынтасының төмендеуі тек өмірден емес, олардың медиа тұтыну талғамынан да айқын байқауға болады. Калифорния университетінің 10-24 жас аралығындағы 1 500 жасөспірімге жүргізген зерттеуі бойынша, зумердің көбі кино мен сериалдарда жыныстық қатынас көргісі келмейді.
Сауалнамаға қатысқандардың 51,5%-ы экранда романтика мен жыныстық қатынастан гөрі таза достыққа құрылған қарым-қатынастардың көбірек көрсетілгенін қалайды. 47,5%-ы фильм сюжетін ашу үшін секс мүлдем қажет емес деп санайды.
Жастар Голливудтың «қыз бен жігіт достасса, түбінде міндетті түрде бір-біріне ғашық болуы керек» деген стереотипінен әбден жалыққан. Олардың 39%-ы махаббатқа тәуелді емес, өз алдына жеке тұлға ретінде қалыптасқан аромантикалық немесе асексуал кейіпкерді көргісі келеді.
Зерттеу авторлары бұл құбылысты пандемиядан кейінгі «жалғыздық эпидемиясымен» байланыстырады. Ковид кезіндегі ұзақ оқшаулану жастар үшін достық пен қауымдастықтың қадірін арттырды. Сондықтан олар кинодан секс емес шынайы сезім мен достық іздейді.

4. Тұрақты қарым-қатынастан қашу
Бұл көрсеткіштің ең басты әрі тікелей себебі – жастардың тұрақты серік табуға асықпауы. Статистикаға сүйенсек, бірге тұратын жастардың үлесі 2014 жылғы 42%-дан 2024 жылы 32%-ға төмендеген. Қасыңда тұрақты серіктесің болмаса, интим өмір де болмайды.
5. Психологиялық тосқауылдар
Зумерлер – психологиялық күйзеліске ең көп ұшыраған буын. Олардың бойындағы әлеуметтік мазасыздық адаммен бетпе-бет кездесіп, танысуды қиындатып жіберді. Оған қоса қазіргі дейтинг, яғни танысу мәдениетіндегі статусы түсініксіз қарым-қатынастар мен Tinder сияқты қолданбалар жастардың діңкесін құртқан. Бұған «гетеропессимизмді», яғни романтикалық қарым-қатынастың сәтті боларына деген сенімнің жоғалуын қоссаңыз, жастардың неліктен жалғыздықты артық көретіні өзінен-өзі түсінікті болады.
6. Құқықтық және экономикалық қысым
Кей елдегі жыныс сауатын арттыру бағдарламаларының қысқаруы мен абортқа қарсы заңдардың қатаңдауы жастардың бойында үлкен қорқыныш тудырды. Осының бәрі жыныстық қатынастан барынша тартынуға мәжбүрлеп отыр. Бұдан бөлек экономикалық факторлар да бар. Инфляцияның шарықтауы мен тұрғын үй бағасының өсуі жастарды махаббат пен қарым-қатынастан бұрын, ең әуелі мансап құруға және ақша табуға итермелейді.
Сонда олар жыныстық қатынасқа түскісі келмей ме?
Жоғарыдағы статистикаға қарап, «зумерлер нәпсісін тыйыпты» деген қате тұжырым жасауға болмайды. Ғалымдар бұл мәселенің басқаша екенін айтады. Жастар жыныстық қатынасқа түскісі келеді, бірақ жағдай жоқ. Психологиялық кедергілер, қорқыныш, экономикалық тұрақсыздық және виртуал әлемге тәуелді болу шынайы қарым-қатынас құруға үлкен тосқауыл болып отыр. Әсіресе бұл тенденция Z буынында жиі байқалады.




