Жалға алынған көлік, сәнді қонақүйдегі сурет, бренд сағат, саяхат. Желіде ауқатты адам болып көріну қазір қиын емес. Ал мұндай жазбаларды көрген адам экрандағы өмірге сеніп қалса, өз тірлігін соған теңеп, өзіне разы болмай жүруі мүмкін. Адамдар желіде неге өзін бай етіп көрсетуге тырысады? Бұл әдет қайдан шықты және көрерменге қалай әсер етеді? Tamga Media тілшісі мұны зерделеп көрді.
Бір күнге жалға алынған өмір
Қымбат Mercedes-Benz G-Class көлігінің рөлінде отырған адамды елестетіңіз. Ол салонында отырғанын Instagram Stories-ке түсіреді, суреттерін жариялайды. Жазбаны көргендер оны көлік иесі, өзінен ештеңені аямайтын, табысы жоғары адам деп ойлауы мүмкін. Шынында көлік оныкі емес, бір күнге жалға алынған.
Мұндай көрініс үшін бай болудың қажеті жоқ. Қымбат көлікті, сағатты, киімді уақытша алуға болады. Сәнді қонақүйде екі сурет түсіріп, оны кез келген күні жариялай алады. Көрермен кадрдың сыртында не қалғанын білмейді.
Интернетте мұны кейде «ларпинг» дейді. Ағылшынша “larping” сөзі алғашында рөлдік ойынға қатысып, ойдан шығарылған кейіпкер бейнесіне енуді білдірген. Қазір ол кейде өзінде жоқ байлықты, мәртебені немесе өмір салтын бар етіп көрсетуге қатысты да айтылады. Бірақ бұл сөздің мағынасы тұрақты емес, сондықтан кез келген әдемі суретті «ларпинг» дей салуға болмайды. Ларпингтің интернет мәдениетінде қалай пайда болғаны және бұл сөздің мағынасы қалай өзгергені туралы Tamga Media-ның бөлек материалынан оқи аласыз.

Мәселе қымбат көлік жалдауда немесе сәнді жерде суретке түсуде емес. Мәселе сол сәтті көпшілікке қалай ұсынатыныңызда және көрермен одан қандай қорытынды жасайтынында. Біреу көлікті жарнама түсіру үшін жалдайды, екіншісі ерекше күнін есте қалдырғысы келеді, үшіншісі өзін бай етіп көрсетуді мақсат етеді. Кадрлар ұқсас, ал себептері әртүрлі. Бір сурет адамның нақты қаржылық жағдайын, күнделікті өмірін, бұл затқа қалай жеткенін көрсете алмайды.
Біз неге өзімізді ерекше етіп көрсеткіміз келеді?
Өзін жақсы жағынан көрсету желіден әлдеқайда ерте пайда болған. Адамдар ғасырлар бойы киімімен, үйімен, көлігімен немесе қай ортаға (тапқа) жататынымен қоғамдағы орнын танытқан. Әлеуметтік желі бұл әдетті одан әрі кеңейтті.
1954 жылы америкалық әлеуметтік психолог Леон Фестингер әлеуметтік салыстыру теориясын ұсынды. Оның ойынша, адам өз қабілеті мен пікірін өзгелермен салыстырып бағалайды. Біреу табысы жеткілікті ме, жоқ па дегенді әріптестерінің жалақысына қарап шешеді, біреу жетістігін құрдастарының нәтижесімен өлшейді.
Бұрын біз өзімізді көбіне отбасымызбен, достарымызбен, әріптестерімізбен салыстыратынбыз. Қазір әлемнің кез келген түкпірінде тұратын адамның өмірін көре аламыз. Оның үстіне күнделікті тірлігін емес, көпке арнап таңдалған сәттерін ғана көреміз.
Бір адам бірнеше ай ақша жинап, жылына бір рет шетелге барады делік. Екіншісі жыл бойы әр елден сурет салып отырады. Екіншісінің мүмкіндігі әлдеқайда көбірек сияқты көрінеді. Бірақ оның табысын, қарызын, сапарға кеткен шығынын экран бақылап отырған көрермен білмейді.
Нәтижесінде біз екі түрлі шындықты салыстырамыз: өзіміздің қарапайым күніміз бен басқаның “керемет” сәттерін.

Желіде байлықты көрсету неге көбейді?
Бұған әлеуметтік желілердің әсері де ықпал етті. Instagram мен TikTok-та адамдар өмірін сурет, қысқа видео және сторис арқылы көрсете бастады.
Италиялық зерттеуші Лучия Байнотти 2024 жылы Marketing Theory журналында жариялаған зерттеуінде Instagram-дағы контент жасаушылардың күнделікті қолданатын заттарын, мәртебесін көрсету және жеке бренд құру үшін қалай пайдаланатынын талдады. Кей жағдайда заттың өзі емес, оны көрсету арқылы жасалатын образ маңызды болып шығады.
Бірақ мұны тек жалған байлыққа құмарлықпен түсіндіруге болмайды. Блогерлерге бұл жұмыс құралы: белгілі бір өмір салты жазылушы жинауға, жарнама алуға, серіктестік орнатуға көмектеседі. Сондықтан кейбіреулерге сыртқы бейне жеке қалау емес, кәсіби стратегия.
2024 жылы Journal of Consumer Behaviour журналында жарияланған үш зерттеуде адамдардың желідегі қымбат заттар туралы жазбаларды қалай қабылдайтыны қарастырылған. Кейбір көрермен мұндай жазбадан автордың байлығын көрсетуге тырысып тұрғанын байқаған, ал бұл әсер қалыптасқанда автор шынайы адам ретінде көрінбеуі мүмкін. Жазбада адамның білімі, шеберлігі немесе еңбегі көрсетілсе, қабылдау басқаша болуы ықтимал.
Демек желідегі байлық көрінісі адамның қалтасы туралы ғана емес, оның өзгелерге қандай әсер қалдырғысы келетінін де аңғартады.

Өзгенің «мінсіз» өмірі бізге қалай әсер етеді?
Жұмыстан шаршап қайтып келе жатып, Instagram-ды ашып қалдыңыз делік. Бірінші жазбада танысыңыз жаңа үй сатып алыпты. Екіншісінде бұрынғы сыныптас теңіз жағалауында жүр. Үшіншісінде блогер қымбат мейрамханада отыр. Сол сәтте өз өміріңіз бірсарынды, жетістігіңіз аз, табысыңыз жетпейтін сияқты әсер аласыз. Бірақ өз өміріңіздің толық көрінісін басқалардың таңдаулы сәттерімен салыстырып отырғаныңызды байқамайсыз.
Психологияда мұны өзінен өзінен табыстырақ көрінетін адамдармен салыстыру (ағылш. upward comparison) дейді. Кейде бұл жігер беріп, жаңа мақсат қоюға көмектеседі. Бірақ өз мүмкіндігін үнемі өзгенің нәтижесімен өлшеген адамның көңілі түсіп, өзіне деген сенімі төмендей береді.
2024 жылы Current Treatment Options in Psychiatry журналында әлеуметтік салыстыру мен психикалық саулықтың байланысы туралы шолу жарияланды. Авторлар мұндай әсердің бәріне бірдей емес екенін атап өтеді. Кейде ол жағымсыз сезім тудырады, кейде өзін түсінуге, даму бағытын таңдауға көмектеседі. Кейбір зерттеулер өзгенің жетістігімен салыстыру мен депрессия, мазасыздық белгілерінің арасында байланыс барын тапқан, бірақ бұл байланыс барлық адамда бірдей байқалмайды.
Сондықтан мәселе өзгенің өміріне қызығуда емес, сол өмірді өзімізге баға беретін өлшемге айналдырумызда болып отыр.

Жалған байлықтың артында не тұруы мүмкін?
Өзін ауқатты етіп көрсетуге тырысқандардың бәрін мақтаншақ немесе өтірікші деу қате. Бұның артында әртүрлі себеп болуы мүмкін.
Құрмет пен мойындау. Байлық жетістіктің белгісі саналатын ортада қымбат заттарды көрсету мәртебені көтерудің жолына айналады.
Танымал болу. Қымбат көлік, ерекше демалыс, сәнді өмір туралы контент көптің назарын тартады. Аудитория өскен сайын жарнама мен коммерциялық ұсыныс алу мүмкіндігі де артады. Сыртқы бейне жеке брендтің бір бөлігіне айналады.
Өзіне ұнайтын бейне жасау. Желіде әркім нені көрсетіп, нені жасыратынын өзі таңдайды. Біреу күнделікті өмірін бөліседі, біреу тек жетістіктерін жариялайды. Бұл міндетті түрде алдау емес, бірақ көрерменге оның күн көрісі туралы толық мәлімет бермейді.
Өзіне сенімсіздік немесе «қалып қоямын» деген қорқыныш. Адам өз құнын қоғамдағы орнымен, табысымен, келбетімен ғана өлшесе, табысты көріну оған аса маңызды бола бастайды. Дегенмен мұны нақты бір адамға дәлелсіз таңуға болмайды.
Әдемі өмір көрсету басқаларды қарызға батыра ма?
Желідегі байлық бейнесінің әсері көңіл күймен шектелмейді, ол тұтыну әдетіне де әсерін тигізуі мүмкін.
Біреудің қымбат телефонын, киімін, көлігін, саяхатын көрген адам дәл сондайға ие болғысы келуі ғажап емес. Егер мұны шынайы қажеттіліктен емес, өзгеден кем көрінбеу үшін жасаса, қаржылық шешімдері өзгереді. Табысы орташа адам айналасындағылардан кем көрінбеу үшін қымбат телефонды несиеге алуы, демалысқа қарыз алуы немесе күнделікті шығынын шамадан тыс арттыруы ықтимал.

Несие алу немесе қымбат зат сатып алудың өзі жаман емес. Маңыздысы – шешімнің себебі және оның қалтаңызға сай келуі. Қажет затты жоспармен алсаңыз, бұл – қалыпты шешім. Ал сатып алудың басты мақсаты өзгеге мәртебеңізді көрсету болса, қаржы тұрғысынан салдары басқаша болады.
Байнотти зерттеуінде байлықты көрсету автордың өзін таныту тәсілі ретінде талданады. Мұндай жазбалар көбейген сайын «тұтыну мәртебе белгісіне тең» деген түсінік те күшеюі мүмкін. Бірақ әрбір «қымбат» жазбаны көрген адам міндетті түрде қарызға батады деуге болмайды: мұнда қаржылық сауат, жеке құндылықтар және өз қажетін түсіну де маңызды.
Сондықтан өзіңізге мына сұрақты қойыңыз: мен бұл затты шынымен керек болғандықтан алып жатырмын ба, әлде өзгелер көрсін деп пе?
Желі тек зиянын тигізе ме?
Желінің әсерін тек қара бояумен суреттеу де дұрыс емес. Ол тәжірибе бөлісуге, білім алуға, жаңа мамандықпен танысуға, өзіңе ұқсас адамдарды табуға мүмкіндік береді. Біреудің жетістігі мақсат қоюға, жаңа дағды үйренуге, өмірін өзгертуге де түрткі болады.
2024 жылы Journal of Affective Disorders журналында жарияланған жүйелі шолу мен метаталдау әлеуметтік желіні пайдалану, психикалық саулық және ұйқы арасындағы байланысты қарастырды. Желіні пайдаланудың жалпы деңгейі мен депрессия, мазасыздық арасындағы байланыс әлсіз болып шықты. Ал желіні проблемалық деңгейде пайдалану депрессия, мазасыздық белгілерімен және әл-ауқаттың төмендеуімен байланысты болды. Бұл жерде «байланысты» деген сөз «себеп болды» дегенді білдірмейтінін ұмытпаған жөн.
Сәйкесінше желіде көп отыру мен оны күнделікті өмірге кедергі болатындай пайдалану бірдей нәрсе емес. Желідегі контент те әртүрлі. Біреу онда кәсіби қауымдастық тауып, ісін дамытады, екіншісі жақындарымен байланыста болады, үшіншісі өзгенің өмірін тынбай бақылап, өзін солармен салыстыруға үйренеді. Сондықтан экран алдында қанша отырғаныңыз ғана емес, не көріп отырғаныңыз және одан кейін өзіңізді қалай сезінетініңіз де маңызды.

Салыстыруды қалай азайтуға болады?
Желіден мүлде бас тартудың қажеті жоқ. Бастысы – көргеніңізге сын көзбен қарап, оны өз өміріңізге баға берудің жалғыз өлшемі етпеу.
Көргеніңіз толық шындық емес екенін есте ұстаңыз. Сурет табыс, қарыз, күнделікті шығын, қиындықтар туралы ештеңе айтпайды. Сәт шынайы болған күннің өзінде ол бүкіл өмірді сипаттамайды.
Өзіңізді дұрыс бағалаңыз. Бір ай бұрынғымен салыстырғанда қандай дағды үйрендіңіз, қандай іс тындырдыңыз, ақшаңызды қаншалықты дұрыс жоспарладыңыз? Мұндай сұрақтар назарды өзгенің жетістігінен өзіңіздің дамуыңыз бен кәсіби тұрғыдан дамуыңызға аударады.
Көңіл күйіңізге қандай контент әсер ететінін анықтаңыз. Белгілі бір парақшаны көргенде өзіңізді басқадан төмен сезінсеңіз, оның жазбаларын азайтып немесе жазылымнан шығып көріңіз. Бұл авторды жамандау емес, өз ақпараттық ортаңызды саналы таңдау.
Сатып алу туралы шешімді өзгенің пікірінен бөлек қабылдаңыз. Қымбат зат алмас бұрын оның сізге қаншалықты қажет екенін және бюджетке сай келетінін бағалаңыз.
Салыстыру ойын жай ғана тоқтатуға тырысқаннан гөрі, оны тексерген пайдалы. «Бәрі менен жақсы тұрады» деген ой келсе, өзіңізден “Мұны растайтын нақты дәлел бар ма?” деп сұраңыз. Бұл когнитивтік психотерапияда қолданылатын ойды тексеру тәсіліне ұқсайды.
Әлеуметтік желідегі әдемі өмірдің бәрін жалған деуге болмайды. Бірақ бір кадрдың артында адамның табысы, қарызы, еңбегі мен күнделікті қиындықтары көрінбейді. Сондықтан өз өмірімізді өзгенің таңдаулы сәттерімен емес, кешегі өзімізбен салыстырған пайдалырақ.



