Әлеуметтік желіде шынайы бейнесін жасырып, басқа адам болып көрінгісі келетіндер өте көп. Бірі өмірін керемет етіп көрсетіп, өзін миллионердей сезінсе, енді бірі бәрін білетін мықты сарапшының рөліне кіріп алады. Ал кейбіреулері өзіне ұнайтын блогерінің сөйлеу мәнері мен қимыл-қозғалысына дейін айнытпай қайталайды. Соңғы кезде мұндай әрекеттерді сипаттайтын «ларпинг» деген сөз жиі қолданыла бастады. Бұл термин әсіресе TikTok пен YouTube трендтерінде жиі айтылады. Мысалы, желіде біреуге еліктеп, іштей мүлдем қызықпаса да, бір нәрсенің жан-тәнімен берілген жанкүйері сияқты кейіп танытатындар аз емес. Tamga Media осы «ларпинг» ұғымының қайдан шыққанын, неліктен трендке айналғанын және бүгінде кімдерді «ларпер» деп атайтынын талдап көрді.
Рөлдік ойындардан өзге кейіпкер бейнесіне дейін
«Ларпинг» сөзі ағылшынның LARP (live-action role-playing), яғни адам өз болмысынан бөлек образ жасап, оны белгілі бір уақыт бойы ойнайды. Бастапқыда ол сөз RPG (Role-Playing Game – үстел ойыны) және Dungeons & Dragons рөлдік ойындарынан тарады. Бастапқы мағынасы – арнайы костюмдер киіп, ойын кейіпкерлерінің (мысалы, рыцарьлар, сиқыршылар) рөлін шынайы өмірде ойнау. Уақыт өте бұл сөз ойын әлемінен шығып, интернетте басқа мағынада қолданылады. Қазір «ларпить ету» деп шын өмірде басқа адам бола тұра, желіде немесе ортада өзін мүлдем бөлек етіп көрсету.

«Ларпинг» сөзінің жаңа мағынасын нақты кім және қашан ойлап тапқаны белгісіз. Бұл ұғым (немесе құбылыс) алғаш рет анонимді форумдар мен имиджбордтарда (кескін тақталарында) кеңінен қолданыла бастады. Онда кейбір пайдаланушылар өздерін құпия ақпараттан хабардар инсайдер немесе ешкімнің қолы жетпейтін ерекше мәліметтерді білетін адам ретінде көрсетуге тырысатын. 2019 жылы зерттеуші Марк Тутерс ларпингті интернет-субмәдениеттер, саяси троллинг және адамның желідегі болмысымен ойнау тұрғысынан қарастырған. 2020 жылдарға қарай «ларпинг» сөзі форумдарда ғана емес, әлеуметтік желілерде де кеңінен қолданыла бастады.
Зумерлер бұрынғы YouTube-ты жаңғыртуда
2010 жылдардың басында танымал видеоблогерлердің бағытын толықтай қайталайтын авторлардың жаңа буыны қалыптасты. Оларды желіде «LarpTubers» деп атайды. Олар бұрынғы жұлдыздардың даусынан бастап, видео контенті мен летсплейге таңдаған ойындарына дейін мінсіз көшіруге тырысады. Осы трендтің айқын мысалы ретінде Markiplier-ді қайталайтын Larpiplier-ді, LeafyIsHere-ге ұқсап бағатын LarpyIsHere-ді және PewDiePie-дің стилін алған LarpewDiePie-ді атауға болады.
Бұл толқынның алғашқы қарлығаштарының бірі – 2026 жылдың мамырында пайда болған Larpiplier арнасы. Блогер Amnesia: The Dark Descent сияқты ескі хоррор ойындарын ойнап, Markiplier-дің бұрынғы летсплейлеріне ұқсас видеолар түсіре бастаған. Ол 2010 жылдардың басындағы YouTube атмосферасын қайта жасағысы келетінін де жасырмаған. Кейінірек бұл идеяны басқалар да іліп әкетіп, олардың қысқаша роликтері TikTok-та вирусқа айналып, жүз мыңдаған, тіпті миллиондаған қаралым жинады.
Кейбір қолданушылар ескі интернетті аңсап жүрсе, енді біреулері оны іс жүзінде қайта жандандыруда. Желідегілер осыдан он жыл бұрын шыққан ойын видеоларын тамашалап, таныс дауыс пен қазіргі көзбен қарағанда тым қарапайым көрінетін монтажды көріп мәз болуда. Мұндағы ең басты әзіл – жаңа авторлар бұрынғы блогерлердің бүкіл стилін айнытпай көшіріп алуында.

Осыған ұқсас құбылысты интернеттің басқа бөліктерінен де кездестіруге болады. Мысалы, орыстілді әлеуметтік желілерде «вирт» деп аталатын виртуалды рөлдік қауымдастықтар бар. Ондағы адамдар өзіне бір кейіпкер таңдайды. Ол музыкант, актер немесе блогер болуы мүмкін. Содан кейін сол адамның суреттерімен парақша ашып, басқа қолданушылармен оның атынан сөйлеседі. Қатысушылар ортақ чаттарға бірігіп, виртуалды қарым-қатынас құрады және өздеріне тән сленг қолданады. Мұндай қауымдастықтарда K-pop әртістері, соның ішінде BTS мүшелері де жиі таңдалады. Негізі бұл да – әлеуметтік желіде басқа біреудің рөлін ойнаудың бір түрі.
Қызығы, бүгін ларпинг деп тек танымал адамдарға еліктеуді ғана айтпайды. TikTok-та өзін футболдың, музыкалық топтың немесе анименің жанкүйері ретінде көрсетіп, бірақ тақырыптан аса хабары жоқ адамды да «ларпер» деп атауы мүмкін. Бұл жағынан «ларпер» сөзі бұрыннан бар «позер» деген ұғымға жақындай түседі.

Әсіресе фанаттық қауымдастықтарда мұндай жағдай жиі кездеседі. Мысалы, біреу өзін белгілі бір анименің үлкен жанкүйері деп таныстырады, бірақ оны толық көрмеген, тек қысқа үзінділер арқылы ғана біледі. Мысалы, 21 жастағы TikTok авторы Кайя Уинн «My Hero Academia» анимесінің кейіпкерлері болып киініп, косплей видеолар жариялаған. Кейін кей қолданушылар оның анименің өзін көрмегенін айтып, өзін жанкүйер етіп көрсетіп жүр деп сынаған. Тағы бір TikTok қолданушысы Мэйси Гризоничи өзін Техас университетінің студенті ретінде көрсететін видеолар түсірген, бірақ өзі басқа оқу орнында оқыған. Айырмашылығы – ол мұны жасырмай, өзі де «ларпинг» деп атаған.
Ларпинг – мазақ немесе әзіл ретінде де қолданылады. 2026 жылы TikTok-та «Олар larp деген сөзді кеше ғана біліп алды» деген мағынадағы скетч танымал болды.
Бұл қазіргі интернет мәдениетінің нақ көрінісі: жаңа тренд немесе сөз әлі трендке айналып үлгермей жатып, оны орынды-орынсыз тым жиі қолданатындардың өзі тез арада мазаққа айналып кетеді. Сондықтан бүгін «ларпинг» жай ғана біреудің рөліне кіріп ойнау ғана емес. Қоғам бір нәрсені қызу талқылап, қабылдап үлгермей жатып, оны келемеждеген мемдер мен қалжыңдарына айналып кетуі.



