ДенсаулықДенеЖатыр мойны обыры қалай пайда болады? Дерттең алдын алуға бола ма?

Жатыр мойны обыры қалай пайда болады? Дерттең алдын алуға бола ма?

15 қыркүйек 2026
9 мин
Фото: Unsplash

Қазақстанда жатыр мойны обыры әйелдер арасында ең жиі кездесетін қатерлі ісіктердің ішінде екінші орында тұр. Жыл сайын елде шамамен 1700 әйелге осы диагноз қойылып, 800-ден астамы ауру салдарынан көз жұмады. Tamga Media гинеколог Айжан Асқарқызыдан бұл дерт туралы сұрады.


Жатыр мойны обыры неден пайда болады? 


Жатырдың төменгі бөлігінде жатыр мен қынапты біріктіріп тұратын жерді жатыр мойны дейміз. Дәл осы жерде жыныстық жол арқылы берілетін адам папиллома вирусы (АПВ) ұзақ уақыт сақталса, уақыт өте келе жатыр мойны жасушалары өзгеріп, салдарынан ісік пайда болуы мүмкін. 


Айта кетері, АПВ вирусы туралы бөлек мақала жазғанбыз.

«Дерт бір күнде пайда болмайды. Әдетте АПВ инфекциясынан бастап қатерлі ісікке дейін ондаған жылдар өтіп кетуі мүмкін», – дейді  Айжан Асқарқызы.


Негізгі себеп АПВ болса, обырдың даму қаупін жыныстық өмірдің ерте басталуы, көп жыныстық серіктестің болуы және олармен қорғанусыз жақындасу, иммунитеттің әлсіреуі, жиі аборт жасату арттырады. 


Дерттің алғашқы белгілері қандай?


Дәрігердің айтуынша, жатыр мойны обырының бастапқы кезеңінде ешқандай белгі, ауырсыну болмауы мүмкін. Көп әйел дертке шалдыққанын скрининг кезінде біліп жатады. Ал алғашқы белгілер көбіне қынаптан шығатын бөліндінің өзгеруімен байланысты. Мысалы:

  • иісі бар немесе иіссіз мол сулы бөлінді;

  • жыныстық қатынастан, гинекологиялық тексеруден кейінгі қан кету;

  • етеккірден бөлек қан кету;

  • менопаузадан кейінгі кез келген қан кету.

Ауру асқынған сайын ісік айналасындағы тіндерге таралып, басқа да шағымдар туындайды. Олардың қатарында іштің төменгі жағының, белдің немесе сегізкөздің ауруы, жамбас аймағындағы күнделікті ауырсыну, зәр шығарудың жиілеуі немесе қиындауы, іш қату, тік ішек аймағындағы ауырсыну, әлсіздік, қаназдық, себепсіз салмақ жоғалту және дене қызуының көтерілуі болуы мүмкін. Ісік ұлғайған сайын зәрдің қалыпты ағуына кедергі келтіреді. Мұндай белгілер пайда болған жағдайда уақыт оздырмай дәрігерге қаралып, тексеруден өткен жөн.


Жатыр мойны обыры сатылары FIGO (Халықаралық акушерлер мен гинекологтар федерациясы) жүйесі бойынша анықталады.


0 саты – бұл кезеңде қатерлі өзгерістер тек жасуша деңгейінде болады. Яғни ісік әлі терең тіндерге таралмайды. Уақытында анықталса, толық емделу мүмкіндігі өте жоғары.


I саты – ісік тек жатыр мойнымен шектеледі. Аурудың ерте және емдеуге қолайлы кезеңдерінің бірі. Бұл саты тағы екі кіші кезеңге бөлінеді:

  • IA кезең: микроскоппен ғана анықталатын микроскопиялық қатерлі ісік.

  • IB кезең: физикалық тексеру арқылы көрінетін зақымданулар немесе үлкенірек ісіктер.


II саты – ісік жатыр мойнынан тыс тарала бастайды, бірақ кіші жамбас шегінен аспайды. Бұл кезең тағы екі кіші кезеңге бөлінеді:

  • ІІА кезең: қатерлі ісік жамбас қабырғаларына емес, қынаптың жоғарғы үштен екі бөлігіне немесе жатырдың айналасындағы тіндерге әлсіз әсер етеді. 

  • IIB кезең: қатерлі ісік жатырдың жанындағы терең тіндерге тарайды. 

III саты – ауру жамбас қабырғасына немесе қынаптың төменгі бөлігіне таралады. Кей жағдайларда несеп жүйесінің жұмысына да әсер етіп, асқынулар туындауы мүмкін.


Бұл кезең де екіге бөлінеді:

  • IIIА кезең: қатерлі ісік жамбас қабырғаларына емес, қынаптың төменгі үштен бір бөлігіне таралған.

  • IIIB кезең: қатерлі ісік жамбас қабырғаларына дейін таралған және бүйрек функциясын бұзатын несепағарлардың бітелуіне әкелуі мүмкін.


IV саты – аурудың ең ауыр кезеңі. Ісік қуыққа, тік ішекке немесе басқа алыс ағзаларға таралуы мүмкін. Бұл да екі кіші кезеңге бөлінеді:

  • IVA кезеңі: қатерлі ісік қуық, тік ішек немесе жамбастың басқа бөліктері сияқты жақын органдарға тараған.

  • IVB кезеңі: қатерлі ісік алыстағы мүшелерге, мысалы, өкпеге немесе бауырға тарайды. 

Көріп тұрғаныңыздай, ауру неғұрлым ерте анықталса, соғұрлым емдеу нәтижесі жақсы болады. 


Аурудың алдын алу жолдары


Жатыр мойны обырының алдын алу үшін адам папиллома вирусына қарсы вакцина егіледі. Бұл қатерлі ісіктің алдын алуда тиімділігі ғылыми зерттеулермен дәлелденген профилактикалық әдіс. Гинекологтың айтуынша, вакцина АПВ-мен байланысты обырға дейінгі өзгерістердің даму қаупін айтарлықтай төмендетеді. АПВ-ға қарсы вакцина:

  • жатыр мойны обырының пайда болу қаупін 90 пайызға дейін төмендетеді;

  • АПВ-ның қауіпті түрлеріне қарсы иммунитет қалыптастырады;

  • басқа да жыныс мүшелері ауруларының алдын алуға көмектеседі.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл вакцинаны ең алдымен 9–14 жас аралығындағы қыздарға салуды ұсынады. Өйткені дәл осы жаста ағзаның иммундық жауабы күшті болып, вакцина барынша тиімді әсер етеді. Егер вакцинация ерте жасалмаған болса, оны 26 жасқа дейін де алуға болады.


Қазақстанда бұл вакцина ұлттық иммундау бағдарламасы аясында тегін салынады. 2024 жылдың күзінен бастап елімізде АПВ-ға қарсы вакцинация 11 - 13 жастағы қыздарға жүргізіліп келеді. Енді 14–17 жастағы қыздарға да бұл  вакцинаны салу жоспарланып отыр. Тиісті қаулыға осы жылдың мамыр айында қол қойылды. 


ДСМ санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті мәліметінше, елде қолданылып жатқан төрт валентті «Gardasil» вакцинасы АПВ-ның 6, 11, 16 және 18 типтерінен қорғайды.


Вакцина үш кезеңмен салынады:

  • бірінші доза кез келген күні;

  • екінші доза екі айдан кейін;

  • үшінші доза алғашқы егуден кейін алты ай өткен соң.

АПВ-ға қарсы вакцина мектептердің егу кабинеттерінде немесе тіркелген жері бойынша емханаларда салынады. Екпе салмас бұрын қыздың ата-анасының келісімін алу маңызды. 


Өзге екпелер сияқты АПВ-ға қарсы екпеден кейін де кейбір адамдарда жеңіл әсерлер байқалуы мүмкін. Ең жиі кездесетіні – екпе салынған жердің қызаруы, ісінуі немесе ауырсынуы. Сирек жағдайда аллергиялық реакциялар немесе дене қызуы мүмкін. Алайда мұндай белгілердің басым бөлігі вакцинадан кейінгі алғашқы үш күн ішінде өздігінен басылады.


Егер екпе салынған жер мазаласа, дәрігердің кеңесімен дәрі қабылдауға болады. Вакцинадан кейін қандай да бір жайсыздық байқалса немесе сұрақтар туындаса, тұрғылықты жердегі учаскелік дәрігерге қаралған жөн.


Елімізде көп ата-ана перзентіне екпе салдыруға қарсы болып жатады. Осы тұста АПВ-ға қарсы вакцина қаншалықты қауіпсіз деген сұрақ туындайды. АҚШ-та жасалатын Gardasil 4 және Gardasil 9 әлем бойынша кеңінен қолданылатын және ең көп зерттелген вакциналардың бірі. АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығы (CDC) мәліметтеріне сәйкес, бұл вакцина 2006 жылдан бері қолданыста және оның қауіпсіздігі тұрақты түрде бақылаудан өтіп келеді.


Қоса кетейік, қатерлі ісікті зерттеу жөніндегі халықаралық агенттік дерегінше, жоғары табысты елдерде осы профилактикалық шараның арқасында аурудың таралуы мен өлім-жітімі айтарлықтай төмендеген. Ал жатыр мойны обырына шалдығу мен одан болатын өлім жағдайларының шамамен 90%-ы табысы төмен және орташа елдерде тіркеледі екен. 


Осы тұста Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бұл дертті жоюға бағытталған жаһандық стратегия ұсынғанын айтып кетейік. Бұл стратегия бойынша әлемде жатыр мойны обыры жоқ немесе өте сирек кездесетін деңгейге жету көзделген. Жою шегі ретінде 100 000 әйелге шаққанда 4 жағдайдан төмен көрсеткіш белгіленген. Бұл мақсатқа жету үшін ДДСҰ 2030 жылға дейін барлық елдер үшін “90–70–90” стратегиясын ұсынады. Оның бірінші талабы – қыз балалардың 90%-ын 15 жасқа дейін адам папилломавирусына қарсы вакцинациямен қамту. Екінші бағыт – әйелдердің кемінде 70%-ы 35 жасқа дейін және қайта 45 жасында сапалы скринингтен өтуі. Үшінші мақсат – жатыр мойны обыры анықталған әйелдердің 90%-ы тиісті ем алуы. ДДСҰ бұл мақсаттар орындалған жағдайда айтарлықтай оң нәтижелерге қол жеткізуге болатынын мәлімдеді. Болжам бойынша, төмен және орташа табысты елдерде жатыр мойны обырының жаңа жағдайлары 2045 жылға қарай орта есеппен 42%-ға азаяды. Ал 2120 жылға қарай бұл көрсеткіш 97%-ға дейін төмендеуі мүмкін. Жалпы алғанда, бұл стратегия 74 миллионнан астам жаңа жағдайдың алдын алуға мүмкіндік береді. Өлім-жітім көрсеткіштері бойынша да үлкен өзгерістер күтіледі. 2030 жылға дейін шамамен 300 мың өлімнің алдын алуға болады. Осылайша, вакцинация, скрининг және уақтылы емдеу дерттің алдын алу шарасы болады. 


Скрининг не үшін маңызды?


Гинеколог Айжан Асқарқызы дәлелді медицинада жатыр мойыны обырынан өлімді азайтатын негізгі әдіс – скрининг екенін баса айтты. Скринингтің мақсаты – жатыр мойны жасушаларындағы қатерлі ісікке дейінгі өзгерістерді анықтау. Жоғарыда айтқандай, егер мұндай өзгерістер емделмесе, олар уақыт өте келе жатыр мойны обырына айналуы мүмкін. 


 Скрининг әдістері төмендегідей:

  • АПВ-тест – жоғары қауіпті АПВ инфекциясының бар-жоғын анықтайды

  • Пап-тест – жатыр мойны жасушаларын тексереді

Скринингтің нақты жиілігі әйелдің жасына, бұрынғы нәтижелеріне байланысты әртүрлі болады. Қазақстанда скринингтік зерттеулер 2020 жылдың 1 қаңтарынан бері міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі қамтитын қызметтер қатарына кірді.


Айжан Асқарқызы, гинеколог:

«Әйелдерге скрининг жасауды гинекологтар тағайындайды. Ал ол сараптаманы гинеколог немесе акушер алады. АПВ-тест пен пап-тестте әйелдің жатырынан жағынды (мазок) алынады. Егер сараптама жақсы болса, ешқандай өзгерістер болмаса 4 жылда бір рет тапсырып отырады. Егер қандайда бір өзгерістер болатын болса гинеколог бақылауында болады. Алдын алу шаралары жүргізіледі. Егер әйелде эрозия болса, генетикалық тұқым қуалайтын аурулары және анасы жатыр мойны обырына шалдыққан болса әйелді жылына бір рет міндетті түрде скринингке шақыртып отырамыз. Скинингке 30 бен 70 жас арасындағы әйелдер шақырылады».


Пап-тесті өзіңіз тіркелген кез-келген мемлекеттік поликлиникаларда тегін тапсыруға болады. Ал АПВ-тестті ақылы түрде медициналық зертханаға барып тапсыру керек. 


АҚШ-тағы онкологиялық қатерлі ісік ұйымы зерттеуі бойынша, жатыр мойны обыры көбіне 35–64 жас аралығындағы әйелдерде анықталады екен. Дерт 20 жасқа дейін өте сирек кездеседі. Көптеген егде жастағы әйелдер жас ұлғайған сайын да жатыр мойны обырының қаупі сақталатынын біле бермейді. Жатыр мойны обырының 20%-дан астамы 65 жастан асқан әйелдерде анықталады. Алайда, 65 жасқа дейін тұрақты скринингтен өтіп келген әйелдерде бұл ауру сирек кездеседі.


Отаға дайындық


Жатыр мойны обырына жасалатын операция алдында науқасқа толық медициналық тексеру жүргізіледі. АҚШ Ұлттық онкология институты мәліметінше, оған жалпы және биохимиялық қан талдауы, зәр талдауы, электрокардиограмма (ЭКГ), кеуде қуысының рентгенографиясы немесе компьютерлік томографиясы, қажет болған жағдайда МРТ немесе КТ кіреді. Сонымен қатар, науқастың жалпы жағдайы бағаланады. Операция алдында 6–8 сағат бойы тамақ пен сұйықтық қабылдауға болмайды. Жатыр мойны обыры кезінде химиотерапия қолданылады. Бірақ ол аурудың сатысына байланысты тағайындалады. Ерте сатыларда (IA–IB1) хирургиялық операциямен ғана шектелуі мүмкін. 


Жоғарыда айтқандай, Қазақстан азаматтарына жатыр мойны обырын емдеуге қажетті операциялар мемлекеттік медициналық ұйымдарда Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында тегін жасалады. Ал егер науқас отаны жеке клиникада немесе ақылы негізде жасатуды таңдаса, оның құны операцияның түрі мен күрделілігіне байланысты өзгереді. Мысалы, жатыр мойнының конизациясы шамамен 50 000–150 000 теңге болады. Жатыр мойны конизациясы – бұл жатыр мойнының зақымданған немесе өзгеріске ұшыраған тіндерін конус тәрізді етіп кесіп алып тастау операциясы. Ал жатырды толық алып тастау және жамбас лимфа түйіндерін тазартуды қамтитын операциялар 500 000 теңгеден басталып, күрделілігіне қарай 1 миллион теңгеден де жоғары болуы мүмкін. 


Отадан кейінгі қалпына келу


Ұлыбританияның ұлттық денсаулық қызметі (NHS) ұсынған ресми нұсқаулық бойынша, отадан кейін науқас әлсіздік пен ауырсынуды сезінуі мүмкін. Операциядан кейінгі келесі күннен бастап аз-аздан серуендеуге болады. 


Сонымен қатар, дәрігер немесе физиотерапевт жеңіл тыныс алу және қозғалыс жаттығуларын үйретуі мүмкін. Науқас ауруханада 1–5 күндей болады. Ал толық  қалпына келу мерзімі шамамен 6–8 апта. 


Операциядан кейін ауыр зат көтеруге, жүгіру, фитнес жаттығулары, іш бұлшықеттеріне күш түсіретін қозғалыстар жасауға, 4–6 аптаға дейін жыныстық қатынасқа түсуге болмайды. Ванна, бассейн, монша қабылдауға, көлік жүргізуге тыйым салынады. 


Операциядан кейін іш қату, зәр шығаруда уақытша өзгерістер болуы мүмкін. Сондықтан жеткілікті су ішу, пайдалы тағам тұтыну маңызды. 6 аптаға дейін жеңіл қан аралас бөлінді болуы мүмкін.


Емделген соң қатерлі ісік қайта шығуы мүмкін бе? 


Гинекологиялық онкология қоғамының биыл жарияланған клиникалық ұсынымында гинекологиялық қатерлі ісіктерді толық емдеуден кейін де аурудың қайта пайда болу қаупі бар екені айтылады. Ерте сатыдағы обыр анықталып, емделсе де, әрбір 100 әйелдің шамамен 10–20-сында уақыт өте келе қатерлі ісік қайта дамуы мүмкін. Егер ісік қайта шығатын болса, ол көбіне ем аяқталғаннан кейінгі алғашқы 2-3 жылда байқалады. Сондықтан емделген әйелдер алғашқы 2 жылда әр 3–6 ай сайын, ал келесі 3 жылда әр 6 ай сайын бақылаудан өтуі тиіс. 


Жатыр мойны обырынан емделген соң жүкті болу мүмкін бе? 


Жатыр мойны обыры диагнозы қойылған әйелдер үшін ең жиі қойылатын сұрақтардың бірі – емделгеннен кейін қайтадан бала көтеру мүмкін бе деген мәселе. Бұл сұрақтың жауабы ең алдымен аурудың сатысына және қолданылған ем түріне байланысты.


Егер жатыр мойны обыры ерте кезеңде анықталса, кей жағдайларда жатыр толық сақталып, тек зақымданған тіндерді алып тастайтын ем түрлері қолданылады. Мұндай әдістердің бірі жоғарыда айтқан конизация тәсілі. Бұл емнен кейін көптеген әйелдерде репродуктивті функция сақталып, болашақта жүктілікке мүмкіндік болады. Алайда ауру асқынған немесе кеш сатыда анықталған жағдайда емдеу тактикасы өзгеруі мүмкін. Кейбір жағдайларда жатырды жартылай немесе толық алып тастау (гистерэктомия) жүргізіледі. Мұндай операциядан кейін табиғи жолмен бала көтеру мүмкін болмайды. Сонымен қатар сәулелік терапия қолданылғанда да жатыр мен аналық жүйенің қызметі бұзылып, жүктілік қабілеті төмендеуі мүмкін. Егер болашақта өз биологиялық балаңыздың болғанын қаласаңыз, қатерлі ісікті емдеуді бастамас бұрын дәрігермен және репродуктивтік медицина маманымен кеңескеніңіз жөн. Репродуктивті эндокринолог жағдайыңызға қарай бала сүю мүмкіндіктері, соның ішінде жұмыртқа жасушаларын мұздату сияқты тәсілдер туралы кеңес береді. 


Қорытындыласақ, жатыр мойны обыры – ерте анықталса емдеуге болатын ауру. Уақтылы тексерілу мен ерте диагностика ем нәтижесін жақсартып, өмірді сақтап қалуға мүмкіндік береді.

Бөлісу: