Жыл сайын Қазақстанда 600 әйел жатыр мойны обырынан қайтыс болады. Ал бұл қатерлі ісіктің негізі себебі – адам папиллома вирусы. Бұл вирус тек әйелдердің емес, ерлердің де қауіпті жауы. Сол себепті 2026 жылдан бастап елімізде ұл балаларды да АПВ-ға қарсы вакцинацияламақ. Дегенмен қоғамда бұл екпенің маңызына салғырт қарайтындар да, одан қорқатындар да аз емес. Гинекологтар – Айжан Ахметжанова мен Жанар Құдайқұлова Tamga Media-ға адам папиллома вирусы несімен қауіпті екенін және не себепті оған қарсы екпені міндетті түрде алу керек екенін түсіндірді.
Адам папиллома вирусы (АПВ) – қазір әлемде ең кең тараған инфекциялардың бірі. Адам папиллома вирусы жыныстық қарым қатынас арқылы, тері мен шырышты қабық тығыз жанасқанда, босанған сәтте анадан балаға жұғады.
АҚШ-тың Ауруларды бақылау және алдын алу орталығының дерегі бойынша,адамдардың 85%-ы бұл вирусты өмірінде кем дегенде бір рет жұқтырған.
Айжан Ахметжанова, гинеколог:
«Адамдар мүшеқап қолданып жыныстық қарым-қатынасқа түссе де, бұл инфекциядан толық қорғамайды. Себебі ол жыныс мүшелерінің ұмасын, бұтын, қасағасын, яғни барлық тері аймағын толық жаппайды».
Вирустың қай типтері қауіпті?
Вирус көбіне симптомсыз өтеді. Дүнижүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, оны жұқтырғандардың 90%-ының иммунитеті вируспен күресіп, бір-екі жылда оны өздігінен жойып жібереді. Тіпті кейбір адам ағзасында АПВ бар екенін өмір бойы білмей кетуі де мүмкін. Дегенмен инфекцияның кейбір түрі қатерлі ісікке апаруы мүмкін.
АПВ-ның 200-ден астам түрі бар. Бұл инфекция төмен онкогенді және жоғары онкогенді болып екіге бөлінеді.
Төмен онкогенді типтер (онкогенді емес) – 6 және 11 типтері. Бұлар көбіне жыныс аймағына сүйел (кондилома) шығарады. Әдетте олар қатерлі ісікке әкелмейді.
Жоғары онкогенді типтер (онкгенді) – 16 және 18 типтері. Бұлар жатыр мойны обырының шамамен 70%-ына себеп болады. 31, 33, 45, 52, 58 типтері де обырға әкелуі мүмкін, сондықтан олар да қауіпті топқа жатады.

АПВ қандай ауруларға себеп болуы мүмкін?
Вирустың салдары жыныс сүйелдерінен басталып, басқа да онкология ауруларына ұласуы мүмкін. Атап айтқанда, ол жатыр мойны, анал аймағының, пенистің және кеңірдек обырының басты факторы болуы мүмкін.Адам папиллома вирусын тек әйелдерге тән ауру деп қарау – үлкен қате. Маманның айтуынша, ерлерде ауру белгілері байқалмағанымен, ол ағзада қатерлі ісіктің қозуына тікелей әсер етеді. Жасырын тасымалдаушы болған ер азаматтар вирусты жарына немесе серіктесіне жұқтыруы әбден мүмкін. Сондықтан бұл індетті ауыздықтау ерлердің де тікелей міндеті. Ерлердің жұқтыру қаупі – 91%.
АПВ-ға қарсы екпені қай жаста алған дұрыс?
АПВ-ға қарсы ең тиімді қорған – Gardasil 9 вакцинасы. Екпе арқылы иммунитет вирусты тануды және оған қарсы соққы беруді үйренеді. Бұл профилактика шарасы тек қатерлі ісіктің негізгі ошақтарынан (16, 18 типтер) ғана емес, сонымен қатар денедегі жағымсыз сүйелдер мен обырға бейім өзге де вирус түрлерінен (31, 33, 45 және т.б.) қорғануға көмектеседі. Бұл екпені 9-14 жас аралығын салдырған тиімді, себебі жасөспірім шақта салынған вакцинаға иммунитет барынша күшті жауап қатады. Егер жасөспірім бұл екпені алғашқы жыныстық қатынасқа дейін алса, оның болашақта қатерлі ісікке шалдығу қаупі азаяды. Бұл кезеңде небәрі екі рет екпе алса болғаны. Ал 15 жастан асқан жасөспірімдер мен ересектерге үш доза қабылдауға тура келеді. Жыныстық өмір басталған жағдайда да, вакцина салдырған абзал.
Қазақстандағы ахуал: Екпе кімдерге және қалай салынады?
Жоғарыда атап өткен статистика қорқынышты. Сондықтан Қазақстан үкіметі АПВ-ның алдын алу шараларын мемлекеттік деңгейде қолға алынып, кезең-кезеңімен екпе егіп жатыр. Мәселен, елде бұл екпе:
Жасөспірім қыздарға тегін: Ұлттық екпе күнтізбесі бойынша,11-13 жас аралығындағы қыздар мектеп қабырғасында немесе емханаларда мемлекет есебінен тегін вакцинацияланады.
Ересектерге – ақылы: Бала кезінде екпе алу мүмкіндігі болмаса, ересек азаматтар жеке емханаларға барып, ақылы түрде салдыра алады.Қазақстанда Gardasil 9 вакцинасының бір дозасы 90 000 теңге – 135 000 теңге аралығы тұрады. Үш дозасына шамамен 270 000 теңге – 405 000 теңге кетеді. Иә, қымбаттау, есесіне тиімді.
Ұл балалар да назарда: Дертпен күресте ерлердің де рөлі маңызды екенін ескеріп, 2026 жылдан бастапелімізде ұл балаларды да АПВ-ға қарсы вакцинациялау жоспарланып отыр. Бұл вирустың таралу тізбегін үзуге жасалған үлкен қадам болмақ.
Айта кетері, 2024 жылғы қыркүйектен бастап, 2025 жылдың қазанына дейінгі аралықта елде 278 мыңнан астам адам АПВ-ға қарсы екпені салдырды. Бұл статистика қазір өзгеруі мүмкін. Мамандардың айтуынша, бұл көрсеткіш болашақта қатерлі ісікке шалдығу қаупін айтарлықтай төмендетуге септігін тигізеді.

Вакцинаға қатысты мифтер
Кез келген медициналық шара сияқты, АПВ-ға қарсы екпеден кейін де жеңіл жанама әсерлер болуы мүмкін. Алайда, дәрігердің айтуынша, бұдан қорқудың қажеті жоқ.
Жанар Құдайқұлова, гинеколог:
«Екпеден соң ине салған жердің сәл ауыруы, терінің қызаруы немесе дененің аздап салқындап, әлсіреуі – ағзаның қалыпты реакциясы. Мұндай белгілер біраз уақыттан кейін өзі басылады. Ал ауыр асқынулар өте сирек кездеседі. Себебі бұл вакцинаның қауіпсіздігі медицинада 15 жылдан астам уақыт бойы жіті зерттелген».
Дегенмен қоғамда осы екпеге қатысты түрлі мифтер әлі де болса кездесіп қалады. Гинеколог дәрігер бұл күмәнді ойлардың ғылыми негізсіз екенін алға тартып, төмендегі жайттарды нақтылады:
«Бедеулікке соқтырады» деген үрей: Бұл – шындыққа жанаспайтын ақпарат. Екпенің репродуктивті функцияға зиян келтіретіні туралы бірде-бір ғылыми дәлел жоқ. Керісінше, ол болашақ аналарды қатерлі дерттен қорғайды.
«Жасөспірімдердің мінез-құлқына әсер етеді» деген пікір де жаңсақ: Кейбір ата-ана «екпе алған бала жыныстық өмірге ерте бет бұрады» деп қауіптенеді. Бұл да ғылыми тұрғыдан дәлелденбеген, тек жорамал ғана. Вакцинация тәрбие емес, тек медицина тұрғысынан қорғану тәсілі.
«Сыналмаған, қауіпті екпе» деген күмән: Бүгінде бұл вакцина әлем бойынша миллиондаған адамға егілді. АПВ екпесін 135 елде қолданылады. Көптеген дамыған мемлекет тәжірибе жасап, екпенің обырға тосқауыл болатын тиімді әрі қауіпсіз әдіс екенін әлдеқашан дәлелдеп берді. Мәселен, Аустралиямен Ұлыбритания вакцинацияны жаппай жүргізудің нәтижесінде жатыр мойны обырына шалдығу көрсеткіші күрт төмендеген. Ғалымдардың болжамынша, алдағы уақытта бұл мемлекеттерде аталған дерт мүлдем кездеспейтін сирек аурулар қатарына қосылуы мүмкін.
Екпеден кейінгі бақылау: Скрининг не үшін қажет?
Көпшілік арасында «екпе алған соң дәрігерге көрінудің қажеті жоқ» деген тағы бір жаңсақ түсінік бар. Алайда гинеколог Жанар Құдайқұлова бұл ретте сақтық қажет екенін ескертеді.
Жанар Құдайқұлова, гинеколог:
«Екпе алдым екен деп скринингтен бас тартуға болмайды. Себебі вакцина вирустың ең қауіпті түрлерінің алдын алғанымен, барлық 200 типінен бірдей қорғай алмайды. Сонымен қатар, екпе бұрын жұққан инфекцияны емдемейді, тек жаңадан жұғудың алдын алады. Сондықтан денсаулықты жіті қадағалау үшін 21 жастан бастап ПАП-тест, ал 30 жастан асқан соң АПВ-тест тапсыруға тиіс».
Осы орайда мамандар дерттен қорғанудың мынадай бес алтын қағидасын ұсынады:
Вакцинация – қатерлі жатыр мойны ісігінің болдырмаудың сенімді әрі н егізгі жолы.
Тұрақты серіктес – инфекцияның таралу қаупін азайтады, бірақ ол екі тараптың да тұрақты серіктесі болғаны жөн. Дегенмен бұл бірнеше жыныстық серіктесі бар адамдардың бәрі вирус жұқтырады деген сөз де емес. Ол серіктесінде ағзасында инфекцияның бар-жоғына байланысты.
Сақтық шаралары – мүшеқап толық қорғамаса да, вирустың жұғу мүмкіндігін төмендетеді.
Жыл сайын тексерілу – гинекологтың бақылауында болу кез келген өзгерісті, ауруды ерте анықтауға көмектеседі.
Жүйелі скрининг – аурудың бастапқы белгілерін уақытында байқап, өткізіп алмауға көмектесетін ең сенімді тәсіл.




