Бұрын эмпатияны, яғни өзгенің сезімін түсініп, оған жанашыр болуды жақсы қасиет деп қабылдайтынбыз. Ал қазір әлеуметтік желілерде оған басқаша қарайды. Біреудің көңіл күйін тез байқайтын адамдарды екіге бөледі: бәрін жүрегіне жақын қабылдайтын «көңілшек» эмпаттар және өзгенің сезімін өз пайдасына қолданатын «қараңғы» эмпаттар (dark empath). Бір қарағанда, мұндай адамдар өмірде де кездесетіндей. Бірақ адамдарды осылай бөлу қаншалықты дұрыс? Бұл шындыққа негізделген түсінік пе, әлде желіде қызығушылық тудыру үшін айтылған әңгіме ме?
Психология ғылымы эмпатияны қалай түсіндіреді?
Эмпатияның үш құрамдас бөлігі бар:
Когнитивті эмпатия – басқа адамның не сезініп тұрғанын ақылмен түсіну.
Эмоциялық эмпатия – өзгенің сезімін бөлісіп, оның қиналғанын өз басыңнан өткендей сезіну.
Жанашырлыққа негізделген эмпатия – адамның қиналғанын түсініп қана қоймай, оған көмектескің келуі.
Мақаланы әзірлегенде психологтардан «көңілшек» және «қараңғы» эмпаттар туралы ұғымдардың неге кең тарағанын сұрадық. Бірақ мамандар бұл атауларға күмәнмен қарады. Бірі оларды талқылағысы келмесе, кейбірі мүлде қарсы болды. Себебі адамның мінезі мен өзгелермен қарым-қатынасы күрделі. Оны осындай екі атаумен ғана түсіндіру көп нәрсені ескерусіз қалдырады.

Әлеуметтік желілердің психологияға деген көзқарасымызды қалай өзгерткені туралы «Психикалық денсаулық күніне орай: әлеуметтік желілер психологтен көмек сұрауға ұялмауды қалай үйретті?» атты мақалада да жазған едік.
«Көңілшек» эмпаттар деген ұғым қайдан шықты?
Эмпат туралы түсініктің кең таралуына ықпал еткен авторлардың бірі – америкалық психиатр Джудит Орлофф. Ол 2017 жылы жарық көрген «Эмпаттарға арналған нұсқаулық» (Руководство для эмпата) кітабында эмпаттарды «эмоцияны сіңіретін губкаға» теңейді. Оның сипаттауынша, мұндай адамдар айналасындағылардың күйзелісі мен қуанышын өз бойынан өткізіп, өзгенің уайымынан қажып қалуы мүмкін.
Орлофф сезімталдықты адамның бір ерекшелігі ретінде қарастыруды ұсынады. Оның айтуынша, жеке шекараны сақтап, өзгенің сезіміне шамадан тыс беріліп кетпеуді үйренуге болады. Бұл адамның өзін эмоциялық тұрғыдан қажудан қорғауына көмектеседі.
«Қараңғы эмпат» деген ұғым қалай пайда болды?
2021 жылы Ноттингем Трент университетінің ғалымдары Personality and Individual Differences журналында «қараңғы эмпаттар» туралы зерттеу жариялады. Олар 991 адамның бойындағы нарциссизм, макиавеллизм және психопатия белгілерін бағалаған. Бұл қасиеттерді «қараңғы үштік» деп атайды. Сонымен бірге қатысушылардың басқа адамның сезімін қаншалықты түсініп, оған ортақтаса алатынын тексерген.
Ғалымдар қатысушыларды төрт топқа бөлген. Бір топтағы адамдарда «қараңғы үштік» белгілері де, эмпатия да жоғары болған. Зерттеушілер оларды «қараңғы эмпаттар» деп атаған. Бұл топқа 175 адам, яғни қатысушылардың шамамен 18%-ы кірген. Демек, өзгенің сезімін жақсы түсінетін адамның бойында да жағымсыз қасиеттер болуы мүмкін.

Яғни «қараңғы үштік» қасиеттері бар адамдардың ішінде өзгенің сезімін түсініп, оған ортақтаса алатындар мұндай қабілеті төмен адамдарға қарағанда агрессияны азырақ көрсеткен.
Бұл бейнелер желіде неге кең тарады?
Әлеуметтік желіде нарцисс, газлайтер, манипулятор деген сөздерді жиі кездестіреміз. Енді «қараңғы эмпат» туралы да көп айтыла бастады. Мұндай жазбаларды оқи берсеңіз, айналаңызда сізді алдап, пайдаланып кеткісі келетін адамдар көп сияқты көрінеді.
Ал «көңілшек» эмпатты көбіне бәрін кешіретін, тез ренжитін, ешкімге «жоқ» дей алмайтын адам ретінде сипаттайды. Ол өзгелерге жанашыр болғанымен, өзін қорғай алмай, біреудің айласына түсіп қала береді. Сондықтан мұндай сезімталдық әлсіздік сияқты қабылданады.
«Қараңғы эмпат» бейнесінің тартымдылығы да осында: ол өзгенің сезімін түсінеді, бірақ өзін пайдалануға жол бермейді деген түсінік қалыптасқан. Бұл бейнені таңдаған адам әлемге: «Иә, мен адамдардың сезімін жақсы түсінемін. Бірақ енді ешкімге өзімді пайдалануға жол бермеймін. Қажет болса, қарсы тұра аламын. Менің сезімталдығым – әлсіздігім емес, құпия қаруым» дегісі келеді.
Әлеуметтік желіде бұл ұғымның мағынасы өзгеріп кеткен
Ғылыми түсінік бойынша, «қараңғы эмпат» – өзгені басқаруға, өз пайдасын бірінші орынға қоюға немесе өзін өзгелерден жоғары санауға бейім, бірақ адамдарды жақсы түсінетін адам. Ол өзгенің сезімін түсіну қабілетін өз мақсатына жету үшін пайдаланады. Ал интернетте зиянды қарым-қатынастан, үнемі біреуді құтқаруға тырысудан және қажудан шаршаған адамдар бұл атаудан өздеріне жұбаныш тапты.

Осылайша әсерлі аңыз пайда болды: «Сезімтал, жанашыр адамды ұзақ уақыт ренжітіп, әбден қажытса, ол сынбайды – өзгереді. Күлден қайта туған Феникс құсы сияқты қайта күш жинайды. Енді ешкімді жүрегіне жақындатпай, «қараңғы эмпатқа» айналады. Содан кейін әділдік орнатып, нарцисстерді оңай жеңетін болады».
«Қараңғы» бейненің артында не жатыр?
Үнемі қауіп күтіп жүру
Үлкендердің көңіл күйін үнемі бақылауға мәжбүр баланы елестетіңіз. Ол ата-анасының даусы мен мінезіндегі өзгерістерді байқап, қашан үндемеген дұрыс екенін, қашан бір нәрсе сұрауға болатынын аңғарады. Егер баланың өзін қауіпсіз сезінуі үлкендердің реакциясына байланысты болса, үнемі сақ жүру әдетке айналуы мүмкін. Психологияда адам төнетін қауіп белгілерін үнемі байқап, айналасын шамадан тыс бақылап жүретін күйді «аса сақтық» (гипербдительность) деп атайды. Мұндай адам өзгелердің әр реакциясын бақылап, бір жамандық болатындай алаңдап жүруі мүмкін.
Әлсіздігін жасыру үшін өзін мықты көрсету
Адам кейде өзін әлсіз сезінгенде, керісінше, ешкімнен қорықпайтын, ештеңеге мойымайтын адам болып көрінуге тырысады. Психологияда мұны түсіндіру үшін Альфред Адлердің «аса толықтыру» (гиперкомпенсация) және Дональд Винникоттың «жалған Мен» ұғымдары қолданылады.
Ауыр жағдайды бастан өткерген немесе ұзақ уақыт өзін қауіпсіз сезінбеген адамға үнемі қорғансыз күйде жүру қиын. Сондықтан ол өзін қорғау үшін сырттай «маған ешкім зиян келтіре алмайды» деген бейне қалыптастыруы мүмкін.

Бастан өткен жағдайға түсінік табу
Бала кездегі ауыр оқиғаларды немесе мейірім мен қолдаудың жетіспеуін сөзбен түсіндіру оңай емес. Үнемі қысымда өскен бала тамағына өксік тығылғанын сезіп, алаңдап, адамдарға сенбей жүруі мүмкін. Бірақ неліктен бұлай сезінетінін түсіндіре алмайды.
Адам басынан өткен жағдайды түсіндіретін атау тапқанда, неліктен осылай сезінетінін түсіне бастағандай болады. Бұрын түсініксіз болған уайымы мен сезімдеріне жауап тапқандай болады. Сондықтан мұндай атауды өзін түсінудің оңай жолы деп қабылдауы мүмкін.
Енді «мен қараңғы эмпатқа айналдым, менен сақ болыңдар» деген сөздердің артында шаршаған адамның көмек сұрауы тұр ма, соны түсіну ғана қалады. Кейде адам сырттағы «нарцисстермен» күресемін деп жүріп, шын мәнінде өзінің ішіндегі бір кездері тым сенгіш, жараланған баланы қорғауға тырысуы мүмкін. Өйткені ол енді бұрынғы ауыртпалыққа төзе алмайды. Сондай-ақ «қараңғы эмпат» бейнесінің астарында өзін қауіпсіз сезінетін орын табуға деген ұмтылыс жатуы да ықтимал.



