Бір арзан синтетикалық жейде ғаламшарға жүздеген пластик бөтелкеден де көп зиян тигізетінін білесіз бе? Мұндай қарқынмен БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш айтқандай, «сән қуамын деп Жер-ананы өлтіріп алуымыз мүмкін». Tamga Media киім индустриясы табиғатқа қандай зардап тигізіп жатқанын талдайды.
Анықтама: Fast fashion (жылдам сән) – сән трендтерін жедел дизайндеп, жаппай өндіріп, қолжетімді бағамен тез сатылымға шығаратын бизнес-модель. Олардың қатарына Zara, H&M, Shein және UNIQLO жатқызуға болады.
Авиациядан да зиян
Зауыт пен көлік экологияның басты жауы болып көрінуі мүмкін. Алайда халықаралық зерттеулерге сүйенсек, дәл осы жылдам сән индустриясы әлемдегі бүкіл көміртегі шығарындысының 8-10%-ын өндіреді. Бұл – жер бетіндегі барлық ұшақ мен жүк таситын алып кемелерден де зиян. Жыл сайын бұл сала атмосфераға 1,2 миллиард тонна газ бөліп, жаһан жылынуын үдетіп отыр. Ал БҰҰ-ның Климаттың өзгеруі туралы негіздемелік конвенциясының ресми мәліметі бойынша, 2030 жылға қарай тек тоқыма өндірісінен шығатын зиян газдар 60% өседі.

Бір жейдеге бір адамның жылдап тұтынатын суы жұмсалады
Киім өндірісі – әлемдегі ең көп су жұмсайтын екінші сала (бірінші орында – ауыл шаруашылығы, шамамен әлемдік таза судың 70%-ын алады). Бір ғана қарапайым жейдені тігу үшін 2700 литр су қажет. Бұл – бір адамның екі жарым жыл бойы ішетін су мөлшері. Ал бір джинсыға 7000 литрден астам су жұмсалады.
Жалпы тоқыма секторы жыл сайын 79-93 миллиард текше метр суды тұтынады. Ал матаны бояу процесі әлемдегі ағып жатқан сулардың 20%-ын ластап жатыр. Өндірісте сынап пен қорғасын сияқты 8000-нан аса улы химикат қолданылады. Соның кесірінен Бангладеш, Үндістан мен Вьетнам сияқты дамушы елдердің өзендері мен экожүйесі уланып жатыр.
Адам ағзасына пластик таратады
Қазіргі масс-маркет киімінің көбін полиэстер, нейлон және акрил сияқты мұнайдан алынатын синтетикалық талшықтардан, яғни таза пластиктен тігеді. Мұндай киімдерді кір жуғыш машинаға салып жуған сайын, олардан миллиондаған микрофибра, яғни көзге көрінбейтін пластик қылшығы бөлінеді.
Жыл сайын кәріз жүйесі арқылы мұхиттарға 500 000 тонна микропластик құйылады, бұл 50 миллиард пластик бөтелкені уатып тастағанмен бірдей. Мұхиттағы бүкіл микропластик қалдығының 35%-ы дәл осы киім жуудан пайда болады. Нәтижесінде бұл пластикті теңіз жәндіктері мен балықтар жұтады, ал балық арқылы ол адамның қанына, плацентасы мен ағзасына тікелей тарайды.

200 жылға дейін шірімейді
Жылдам сәннің ең үлкен қасіреті – оның тез қоқысқа айналуы. Тұтынушылар киімді сатып алады да, орта есеппен 7-10 рет киіп, лақтыра салады. Соның салдарынан адамзат жылына 92 миллион тонна текстиль қоқысын шығарады. БҰҰ дерегі бойынша, Жер бетінде әр секунд сайын бір жүк көлігіне тең келетін киім-кешек қоқысқа тасталады немесе өртеледі.
Осы қалдықтардың 85%-ы ешқашан қайта өңделмейді. Олар полигондарда 200 жылға дейін шірімей жатады. Бұл қоқыстар көбіне дамушы елдерге, мысалы, Африка елдеріне немесе Чилидегі Атакама шөліне төгіліп, ғарыштан көрінетін алып «киім зираттарын» құрап жатыр.

Сарапшылардың болжамы бойынша, 2030 жылға қарай сән индустриясының CO₂ шығарындылары 60% өсіп, текстиль қоқысы 134-148 миллион тоннаға жетеді.
Қазақстан мен Орталық Азиядағы жағдай қандай?
Қазақстанда фаст-фешннің экологияға әсері туралы нақты статистика жоқ, бірақ мұндай мәселенің бізде де бары анық. Мәселен, Fabriqa жобасы Алматының өзінен ай сайын 30 тоннаға жуық ескі киім мен мата қалдығын жинап, оны қайта өңдеуге жібереді.
Оған қоса Қазақстан – толықтай импортқа тәуелді ел. Біз тұтынатын Zara, H&M, LC Waikiki, DeFacto, Shein және басқа да масс-маркет киімдері Қытай, Бангладеш, Түркия сияқты елдерде тігіледі. Олардың экологиялық ізі сол өндіруші елдерде қалады, ал ескі киімдер Қазақстанда қалады.
Екіншіден, елімізде текстиль қалдықтарын бөлек жинайтын және қайта өңдейтін үлкен бір жүйесі жоқ. Басқа да дамушы елдердегідей Қазақстанда да киімдердің басым бөлігі кәдімгі тұрмыстағы қоқыспен бірге полигондарға тасталып, сол жерде көміледі немесе өртеледі.
Жалпы Орталық Азия өңіріндегі киім өндірісіне қатысты ең үлкен экологиялық проблема – мақта шаруашылығы. Арзан киімге деген сұраныс арзан мақтаға сұранысты арттырады. Кең көлемде мақта өсіру және су ресурстарын шамадан тыс пайдалану Арал теңізінің тартылуына алып келгені белгілі. Яғни, арзан киімге деген құмарлық біздің аймақтың экологиясына, нақты айтқанда су ресурсына соққы жасап отыр.

Мұның қалай алдын алуға болады?
Жалғыз жол – «баяу сәнге» (slow fashion) көшу, яғни саналы сауда жасау қажет. Төменде осыған нұсқаулық ұсынамыз:
Шкафқа ревизия жасаңыз
Әуелі қолыңызда бар киімді ақтарып, сұрыптаңыз. Кейінгі жарты-бір жыл мүлдем кимеген киіміңізді бөлек жинаңыз. Олардың сапасы мен жағдайын тексеріңіз. Бұл сізге «Мен киімді артық сатып аламын ба, әлде маған шынымен қажет пе?» деген сұраққа жауап беруге көмектеседі.
Эмоцияға берілмей керегін алыңыз
Дүкенде көзіңізге түскен әдемі жейдені бірден сатып алуға асықпаңыз. «24 сағат» ережесін қолданып, бір-екі күн ойланыңыз. Әлі алғыңыз келсе, кассаға бармай тұрып, өзіңізге мына үш сұрақты қойыңыз:
Мұны кемінде 30 рет киемін бе?
Бұл басқа киіміммен жараса ма?
Маған шынымен керек пе, әлде эмоцияға беріліп кеттім бе?
«Аз, бірақ сапалы» қағидасын ұстаныңыз
Жылдам сән сізді «көп әрі арзан киім» алуға итермелесе, баяу сән «аз, бірақ ұзаққа шыдайтын» сапаны құптайды. Сатып аларда тігісі мықты, сапасы жоғары заттарға мән беріңіз. Полиэстер орнына мақта, жүн, зығыр сияқты табиғи маталарды таңдаған абзал. Үш арзан пальто алғанша, көп жыл киілетін бір сапалы пальто алу – әлдеқайда дұрыс шешім. Киімнің ғұмырын екі есеге ұзартудың өзі парник газдарды 44% азайтады.

Капсула гардеробын жинаңыз
Бұл – бір-бірімен оңай үйлесетін, шағын, бірақ өте тиімді гардероб. Шкафыңызда 20-40 негізгі киім болса жеткілікті. Ақ, қара, сұр, бейтарап түстерді таңдаңыз. Таңертең «не киемін?» деп бас қатырмайсыз, ал стиліңіз әрдайым жинақы көрінеді.
Киімге екінші өмір сыйлаңыз
Киімді ұзақ кию – табиғатты қорғаудың ең қарапайым жолы. Ол үшін затты жиі жуа бермей, салқын суда шайып, табиғи жолмен кептіру және сәл жыртылса лақтырмай, қайта тігіп немесе басқа бұйымға (мысалы, ескі джинсыдан шорт) айналдырып кию қажет. Шын мәнінде, киімге екінші өмір сыйлау қазаққа таңсық емес. Ата-бабамыз мүшел жаста бәле-жаладан сақтану үшін ең жақсы киімін өзгеге сыйлаған. Ал кимейтін киімдерді туған-туысқа беріп жіберетін. Сондықтан қазіргі жаһандық секонд-хенд пен достармен киім алмасу (своп) тренді бізге таңсық емес. Болмаса мұқтаж жандарға беріңіз немесе қайта өңдеу жәшіктеріне өткізіңіз.
Жаңа киім алғанда оны өндіруші брендтің жұмысшылар құқығын сақтайтынына және экологиялық жауапкершілігі бар екеніне назар аударыңыз. Бұл қадамдар гардеробыңызды ретке келтіріп, ақшаңызды үнемдейді және табиғатты ластанудан аз да болса сақтайды.




