Киім көп болғанымен, күнде не киеріңізді білмей қиналасыз ба? Киімдерді бір-бірімен оңай үйлестіруге көмектесетін шешім бар. Бұл – капсула гардеробы. Стилист Мадина Тұрманбек капсула гардеробында қандай киім-кешек болуы керек екенін айтып берді.
Капсула гардеробы – өмір салтыңызға, жұмысыңызға және талғамыңызға сай таңдалған аз ғана киім жиынтығы. Оның басты артықшылығы – 10-20 киімнің өзін түрліше үйлестіріп, 30-40 түрлі образ жасауға болады.
Капсула гардеробы идеясын алғаш болып 1970 жылдары Лондондағы сән бутигінің иесі Сьюзи Фасетт ұсынған. Оның ойынша, гардеробта сәннен шықпайтын, бір-бірімен оңай үйлесетін негізгі киімдер ғана болуы керек. Ал 1985 жылы дизайнер Донна Каран бұл идеяны жаңа деңгейге көтерді. Ол небәрі жеті негізгі киімнен тұратын «Seven Easy Pieces» коллекциясын ұсынып, сол жеті киімнің өзін үйлестіріп, ондаған образ жасауға болатынын дәлелдеді. Коллекцияға қара бодисюит, пиджак, шалбар, белдемше, жемпір, көйлек және ақ жейде сияқты базалық киімдер кіреді.

41 жыл бұрын айтылған бұл идея қазір қайтадан танымал болып келеді. Себебі адамдар минимализмді таңдап, аз әрі сапалы киім киюге мән бере бастады.
Капсула гардеробының 3 басты артықшылығы
Психологиялық жеңілдік (Fashion fatigue құбылысы): Зерттеулер бойынша, тым көп киім сатып алатын және күн сайын «не киемін?» деп ұзақ ойланатын адамның миына артық жүктеме түсіп, шаршайды. Себебі таңдау көбейген сайын шешім қабылдау қиындайды. Капсула гардеробы осыдан құтқарады.
Қаржы мен уақытты үнемдеу: Адамның артық киім сатып алу әдеті тыйылып, ақшасын да, уақытын да үнемдеуге мүмкіндік береді.
Экологияға пайдасы: Boston Consulting Group мәліметі бойынша, әлемде жылына шамамен 90-120 миллион тонна текстиль қалдығы жиналады. Мәселенің басты себебі – киімдердің көп бөлігі қайта өңделмейтінінде. Көп зат қайта қолданылмай, полигондарға жіберіледі немесе өртеледі. Cалдарынан табиғи ресурстар босқа жұмсалып, қоршаған ортаға зиян келеді. Ал адамдар сапалы әрі аз киім-кешек алса, экологияға қалдық аз шығады.

Капсула гардеробын жинаудың 4 қадамы
Киім-кешекті сұрыптау. Шкафтағы барлық киімді шығарып, жүйелеңіз. Көп киетін, өмір салтыңызға ыңғайлы және бейтарап түсті киімдерді алып қалыңыз. Пайдаланылмайтын киімдерді сыйға немесе қайырымдылыққа беріңіз.
Комбинация жасау (Капсула құру). Таңдалған киімдерден әртүрлі образ құрастырып, суретке түсіріп алыңыз. Әрбір зат кемінде екі-үш басқа киіммен үйлесуі қажет. Керек болса, жасанды интеллект көмегіне жүгініңіз.
Қажет заттарды анықтау. Киім-кешегіңізді реттеген соң, жетіспейтін элементтер бірден көрініп тұрады. Қандай да бір киім ешқандай образға сәйкес келмесе, оны басқа киіммен алмастырыңыз. Аксессуарларға да баса назар аударыңыз.
Гардеробты тұрақты түрде жаңартып отыру. Капсулалық гардероб бір рет жасалып, өзгеріссіз қалмайды. Әр маусым сайын киімдерді қайта қарап, тозған немесе қажетсіз заттарды шығарып, орнына шын мәнінде қажет киімдерді ғана қосып отырған дұрыс.
Түстерді дұрыс таңдау
Капсула гардеробының негізі – бір-бірімен оңай үйлесетін бейтарап түстер. Оған ақ, қара, сұр және қою көк сияқты түстер жатады. Олар кез келген киіммен жарасады.
Қазір базалық түстердің таңдауы да кеңейді. Мысалы, қараның орнына бордо, сұрдың орнына зәйтүн түсті, ал ашық қоңырдың орнына крем тәрізді таңдауға болады. Олар гардеробты заманауи әрі қызық етіп көрсетеді. Капсуланы ерекше ету үшін бір-екі ашық түстегі киім қосуға болады. Мысалы, қызыл немесе қызғылт түстер образды сәнді етеді.

Түстерді үйлестірудің үш негізгі қағидасы
Монохром үйлесім: Бір түстің әртүрлі реңін бірге қолдану (қою көк шалбар + ашық көк жейде). Образды жинақы әрі талғампаз етеді.
Аналогтық үйлесім: Дөңгелек түстер палитрасында бір-біріне жақын тұрған түстерді үйлестіру (көк + көгілдір, жасыл + зәйтүн).
Комплементарлық (қарама-қарсы) үйлесім: Контраст түстерді таңдау (көк + қызғылт сары, күлгін + сары). Көзге бірден түсетін ерекше стиль береді.
Бой мен дене бітімін ескеріңіз
Аласа бойлыларға: денені ұзын етіп көрсететін тік, бел сызығы жоғары киімдер.
Бойшаңдарға: миди және макси ұзындықтағы белдемшелер мен көйлектер, көлемді (oversize) пішімдер.
«Құмсағат»: белді айқындайтын киімдер.
«Алмұрт»: иық пен жамбас пропорциясын теңестіретін үлгілер.
«Алма»: бел тұсын визуал түрде жіңішке көрсететін үлгілер.
«Тіктөртбұрыш»: бел сызығына екпін түсіретін киімдер.
Аксессуарлар мен аяқкиім
Капсула гардеробын жинаған соң, оған әдемі элемент ретінде түрлі зат қосуға болады: сөмке, белдік, классикалық модельдегі көзілдірік, қол сағаты, орамал, нәзік дизайндағы әшекей бұйымдар.

Аяқкиімге келсек, кез келген киіммен оңай үйлесетін нұсқаларды таңдаған жөн:
ақ кроссовкалар – көйлекпен де, шалбармен де, джинсымен де жарасады;
классикалық қара немесе ашық қоңыр туфлилер, лоферлер;
маусымға байланысты бәтеңке мен етіктер;
жазға арналған сандалдар.
Жылы маусымға арналған базалық киімдер
Ақ футболка – ең әмбебап элемент. Оны джинсымен де, сұр классикалық шалбармен де киюге болады. Үстіне жакет немесе кардиган қоссаңыз, образ бірден іскерлік стильге ауысады.
Ақ жейде шалбармен ресми стильде жарасады. Ал футболканың сыртынан түймесін ағытып қойып кисеңіз, еркін әрі заманауи стиль шыға келеді. Ашық көк немесе ақ блузка да джинсымен жеңіл образ жасайды, классикалық шалбармен үйлестірсе – жұмысқа арналған стильге айналады.
Жакет – бұл комбинацияларды толықтыратын негізгі элемент. Ол футболкамен де, жейдемен де үйлесіп, кез келген қарапайым образды жинақы әрі сәнді етеді.
Көйлек – сән әлемінде мәңгі классика. Оның ұзындығы мен дизайны әртүрлі болуы мүмкін: мини, миди, макси, қарапайым немесе сәндік элементтері бар нұсқалар.
Суық маусымға арналған базалық киімдер
Сұр жемпір немесе водолазка – жазусыз, сапалы материалдан тігілген бұл киім қарапайымдылығымен-ақ адамның үстіне «қона кетеді». Ашық қоңыр немесе қою көк шалбармен оңай үйлеседі, нәзік аксессуарлармен бірге стильді көрінеді.
Сырт киімдер образдың соңғы әрі маңызды қабаты. Классикалық блейзер, кардиган, тренч, пальто мен куртканың бір түсті болуы маңызды рөл атқарады.




