Өзіңіз өмір сүріп көрмеген заманға деген ерекше сағыныш сезімі болды ма? Айталық, жасыңыз небәрі жиырмада. Соған қарамастан қолыңызға пленкалы фотоаппарат алып, ондағы санаулы 36 кадрды тұтас бір жылға жеткізуге тырысасыз. Әр кадрды ойланып түсіріп, пленка шыққанша суреттердің қалай түскенін тағатсыздана күтесіз. Бәрі баяғы кездегідей. Бір қызығы, сол «баяғыны» өзіңіз көрген де, бастан өткерген де жоқсыз. Tamga Media адам өзі өмір сүрмеген кезеңді неліктен сағынатынын және мұндай сезімді бүгінгі зумерлер арасында неліктен кең тарағанын зерттеп көрді.
Өмір тізгінін жоғалту
Қызығы сол, мұндай сезімнің арнайы термині де бар – анемоя. Бұл адам өз өмірінде қатыспаған, көзі көрмеген уақытқа деген сағынышты білдіреді. Қалай болғанда да, бұл дертке зумерлер шалдықты. Олар өткен ғасырдың соңы мен 2000 жылдардың басындағы күнделікті өмір салтын тұтас бір интернет-эстетикаға айналдырды. Өздері ол кезеңді тек ерте балалық шағында ғана көрген естеліктерінен біледі.
Мұның себептері көп. Заманауи цифрлық орта адамның не көріп, не тыңдайтынын, не оқитынын толық өзі таңдамайды. Ақылды алгоритмдер контентті алдыңызға әкеліп, әлеуметтік желілерден шыға алмайтындай етіп, сағаттап отырғаныңызды байқамай қаласыз. Тіпті демалысыңыз шексіз ақпарат тұтыну күніне айналып кетеді.

Бұрын музыка тыңдау үшін диск немесе кассета табу керек еді. Сосын магнитофон қажет. Сурет түсіру үшін фотоаппарат пен пленка іздейсіз, пленкамен түсіру үшін нұсқаулықты қарап, қолдануды үйренесіз. Содан пленканың толық 36 кадры біткенше фотоға түсіп, әрі қарай шығарғанын тағы күтесіз. Бір кездері соншама уақыт жұмсап, әуре болып көрінген дүниелер бүгінде, керісінше, гаджеттер мен алгоритмдерден аз да болса тәуелсіздік сезімін береді. Сондықтан бұрын ыңғайсыз болып көрінген нәрселер қазір қайтадан ұнай бастауы заңды.
Интернеттің жағдайы да осындай еді. 2000 жылдары ол барлық үйде де, барлық жерде де бола бермейтін. Желіге тек компьютер арқылы ғана шығуға болатын еді. Мобильді интернет болғанымен, барлық телефон оны қолдамайтын, ал тарифтердің бағасы шарықтап тұратын заман еді. Ол кезде интернет болғанымен, күнделікті тіршілік, қозғалыс қатар жүретін.
Кітапша телефондар
Ақпарат ағыны толастамайтын бүгінгі заманда ескі үлгідегі телефондар қайтадан сәнге ене бастады. Әлеуметтік желілерде #вернитераскладушки («кітапша телефондарды қайтарыңыз») хэштегі жиі кездеседі, ал батырмалы телефондар біртіндеп цифрлық детокстың символына айналып келеді.
Бір кездері олардың ең үлкен кемшілігі саналған қарапайымдылық бүгінде басты артықшылыққа айналды. Мұндай телефон қолыңда тұрғанда әлеуметтік желіге үңіліп, шексіз контент ақтару немесе сансыз хабарламаларға алаңдау мүмкін емес. Сол себепті жұрт оларды «қарапайым телефондар» деп атап жүр.
Мұндай телефонмен әлеуметтік желідегі лентаны ақтарып, мессенджерлерді қайта-қайта тексере алмайсың, трендтегі бейнероликтерді де көрмейсің. Яғни телефон өзінің бастапқы қызметінде қалады: қоңырау шаласың, SMS жазасың, әрі кетсе әйгілі «Жылан» ойынын ойнайсың.

Тағы бір назар аударарлық тұсы олардың дизайны. Бүгінгі смартфондар көбіне жады көлемі, өнімділігі мен камера мүмкіндіктері арқылы ерекшеленеді. Ал сыртқы пішіні жағынан бір-біріне ұқсас: бәрі дерлік үлкен экранды, жұқа әрі тікбұрышты құрылғы. 2000 жылдары жағдай мүлде басқаша еді. Өндірушілер дизайн жағынан батыл қадамдарға барып, шағын телефондар, кітапша модельдер, слайдерлер, тіпті камера объективі сыртқа шығып тұратын құрылғылар ұсынатын. Оларды бір-бірімен шатастыру мүмкін емес еді. Сол кезеңде әр компания нарыққа жай ғана кезекті «тақта» пішінді телефон шығаруға емес, өзіне тән, есте қалатын ерекше өнім жасауға ұмтылатын.
Зумерлерді ескі телефондардың өзі ғана емес, сол дәуірдің өмір салты да қызықтырады. Музыка, фильмдер, теледидар, ойындар және әрдайым қызық бір нәрсе тауып беретін үлкендердің ортасында өткен сол кезең оларға ерекше тартымды көрінеді.
Older Brother Core деген не?
Осы идеяның айналасында интернетте Older Brother Core деп аталатын эстетика қалыптасты. Бұл құбылыс біраз уақыт бұрын пайда болғанымен, әлі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.
Атауы «үлкен аға» ұғымын меңзегенімен, оны тура мағынада қабылдаудың қажеті жоқ. Older Brother Core – 2000 жылдардағы жасөспірім өмірінің жинақталған бейнесі. Кең балақты джинсы, скейтборд, ауыр музыка, поп-панк стиліндегі шаш үлгісі, видео ойындар, MTV және әлеуметтік желілер мен алгоритмдер әлі толық билей қоймаған кездегі еркіндік сезімі – эстетиканың негізгі белгілері.

Мұндағы «үлкен аға» нақты бір адам емес. Ол сізден сәл үлкен көрші бала, туыс, немере аға немесе дос болуы мүмкін. Ол ересектер көп айта бермейтін дүниелерді біледі және сіз әлі танып үлгермеген жаңа әлемге жол ашады. Ол сізге дискілер береді, жаңа музыканттар туралы айтып, клиптер көрсетеді, ойындар ұсынады, өзі қызық деп тапқан дүниелерімен бөліседі. Бала кезде дәл осындай адам арқылы музыка, мәдениет, стиль мен тұтас бір жаңа ортаға алғаш рет қызыға бастайсың.
Осы жағынан қарағанда, үлкен аға іздеу жүйесі секілді, бірақ бәрін білетін тірі адам. Оған алгоритмнің де, ұсынымдардың да керегі жоқ. «Мә, одан да мынаны тыңдап көр», – дейтін адам.
Міне, бүгінгі зумерлердің эстетикасы осындай: ню-метал, олдскул рэп, скейтбордтар, шағын цифрлық фотоаппараттар, кітапша телефондар, плеерлер және 2000 жылдардың басындағы киімдер.
Older Brother Core бейнесі нақты бір орынға байланған жоқ. Оның элементтері поп-мәдениет арқылы әлемге тарады. 2000-жылдардың басындағы американдық және қазақстандық жасөспірімдер әртүрлі киінгенімен, ортақ тіл таба алатын еді.

Болашаққа деген сағыныш
Қазіргі жастар 2000 жылдардың өздеріне ұнайтын тұстарын алып, сол дәуірді өзінше елестетеді. Ал «үлкен аға» бейнесі сол дәуірдің мәдениетін танытатын символдардың біріне айналды.
2000-жылдары технологиялар болашаққа деген үлкен үмітпен байланысты еді. Жаңа құрылғылар өмірді жеңілдетіп, адамға бұрын болмаған мүмкіндіктер ашады деген сенім болды. Бүгінде сол болашақ шындыққа айналды: смартфон камераны, музыканы, теледидарды, картаны және байланыс құралдарын бір құрылғыға біріктірді. Бірақ технологиямен бірге бітпейтін хабарламалар, әлеуметтік желілер, алгоритмдер мен ақпараттық қысым да келді. Сондықтан зумерлерді технология өмірдің бір бөлігі болғанымен, адамның барлық назарын әлі жаулап үлгермеген кезең қызықтырады.



