МәдениетТарихҚазақтар бұрын қалай байыған?

Қазақтар бұрын қалай байыған?

4 тамыз 2026
3 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Бүгінде адамның дәулетін банктегі ақшасына, жылжымайтын мүлкіне, бизнесі мен инвестициясына қарап бағалаймыз. Ал 100 жыл бұрын қазақ даласында басты байлық – мал болды. Бірақ төрт түлік тек күнкөріс көзі емес, капиталдың бір түрі еді. Қазақтар осы капиталды қалай басқарып, байлығын қалай арттырды?


Даладағы «банк шоты» – мал


Көшпелі қоғамда мал тек азық-түлік немесе күнкөріс көзі ғана болған жоқ. Ол көлік ретінде пайдаланылды, жүні мен терісі шикізатқа айналды, саудаға шығарылды. Ең бастысы – адамның дәулеті мен әл-ауқаты да малдың санына қарай бағаланды.


Төрт түліктің ішінде жылқының орны бөлек еді. Қой мен түйе тұрмысқа қажет болса, жылқы қозғалыс пен еркіндіктің символы, жорықтарда әскери күштің бір бөлігі болды. Сондықтан басқа түлік түрлеріне қарағанда құндырақ еді.

Қазақстандағы көшпелі мал шаруашылығын зерттеген ғалымдар Carol Kerven, Sarah Robinson және Roy Behnke-нің айтуынша,  байлық тек малдың санымен өлшенбеген. Малды аман сақтап, жыл мезгіліне қарай жайылымды дұрыс пайдалана білген адамдар ғана дәулетін көбейте алған. 


Қазіргі тілмен айтсақ, төрт түлік – капитал болса, жайылым – сол капиталды жұмыс істететін инфрақұрылым еді.


Этнограф Ғалия Қайдауылқызының сөзіне қарағанда, бұрынғы қазақтардың арасында егін немесе сауда арқылы дәулет жинағандар болғанымен, олардың үлесі малмен байығандардан әлдеқайда аз еді. 


Оған қоса ірі мал иесінің шаруашылығы оның отбасының ғана емес, маңына топтасқан ауылдың да күнкөрісіне ықпал еткен болған.

Ғалия Қайдауылқызы, этнограф:

«Қазақта “бәленшенің ауылы” деген ұғым болған. Бір бай бір ауылды қамтамасыз еткен. Жүз қара түйе, мың қара жылқысы бар адамдар қоғамда бай деп танылған. Қазақтағы байлардың экономикасы мен капиталы малдан тұрған деп айтуға негіз бар». 

————————————————————————

Тағы да оқыңыз: Қазақ байлары қалай өмір сүрген? 

————————————————————————

Қазақ байлары саудадан да табыс тапқан


Көшпелі қазақ қоғамын тұйық экономика деп қарау дұрыс емес. Дала мен қала арасында сауда қатынасы дамып, қазақтар мал мен оның өнімдерін нарыққа шығарды. Оның орнына астық, шай, мата, қолөнер және кейін өнеркәсіп тауарларын алды.


XIX ғасырдың екінші жартысында Қоянды, Қарқаралы, Семей сияқты ірі жәрмеңкелер сауда орталықтарына айналды. Теміржол бойындағы станциялар да мал саудасының маңызды орындары болды.

1901 жылғы деректер бойынша, Семей облысының әр болысында кемінде 20/40 шағын және орта саудагер болған.


Осы кезеңде байлықтың моделі өзгере бастады: енді тек мал жинау емес, оны тиімді сату, өңдеу және сауда айналымына қосу маңызды болды. Кейбір ауқатты қазақтар көпес мәртебесін алып, кәсіпкерлікпен айналыса бастады.


Мал мен саудадан бизнеске: Қаражан Үкібаевтың кейсі


XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басында қазақ байларының бір бөлігі мал мен саудадан түскен табысын жаңа салаларға бағыттай бастады. Олар несие беру, өнім өңдеу және өндіріс ісіне араласты.

Соның бір мысалы – Семей өңіріндегі Қаражан Үкібаев. 2025 жылы Қарағанды университетінің ғылыми журналында жарияланған, Қазақстанның Орталық мемлекеттік архиві материалдарына сүйенген зерттеу бойынша, Қаражан Үкібаевтың әкесінің шаруашылығында 11 мың жылқысы болған. Кейін Қаражан Үкібаев Мәскеуде бірінші гильдиялы көпес мәртебесін алып, Семейде ет және тері өндірісін дамытқан.


Бұл мысал қазақ байларының дәулеті қалай өзгергенін көрсетеді: мал → сауда → өңдеу → кәсіп.


Яғни мал түпкі мақсат емес, бизнесті кеңейтуге мүмкіндік берген бастапқы капиталға айналды.


Байлықтан білімге: Маман әулеті


Қазақ тарихындағы тағы бір маңызды мысал – Маман әулеті.


Маман бай мен оның ұрпақтары дәулетті мал шаруашылығымен ғана емес, қоғамдық және ағартушылық бастамаларымен де танылды. Әулеттің кейінгі өкілдері Жетісудағы әйгілі «Мамания» мектебін ашуға атсалысты.


Бұл жерде байлықтың жаңа бағытын көруге болады: дәстүрлі мал капиталы біртіндеп адами капиталға айналды.


Сәйкесінше табыстың бір бөлігі баланың біліміне, мұғалім ұстауға және мектеп салуға жұмсалды.


Қорытындыласақ, Қазақ даласындағы байлық ұғымы бүгінгі қаржы сауаты қағидасынан соншалық алыс болған жоқ. Ол кезде банк, акция немесе инвестициялық қорлар болмағанымен, адамдар қолындағы ресурсты көбейтудің жолдарын білген.


Мал – негізгі актив болса, жайылым сол активті сақтап, көбейтетін ресурс болды. Сауда арқылы байлық айналымға түсті, ал өнімді өңдеу табысты арттыруға мүмкіндік берді. Кейбір әулеттер жинаған дәулетін білімге бағыттап, оны келесі ұрпаққа салынған ұзақ мерзімді инвестиция деп білді.

Бөлісу: