Бала кезімізден мультфильмде, сериалда, кітапта байлар көбіне сараң, арсыз, зұлым деп суреттеледі. Содан қазір байлар туралы жағымсыз көзқарас қалыптасқан. Дегенмен бұрын қазақтардың байларға қатысты ой мүлде басқа болған. Көшпелі қазақтар байлықты қалай өлшеген? Кімді бай деп санаған? ХІХ ғасырда байлық түсінігі қалай өзгерді және қазақтардың өміріне қалай әсер етті? Tamga Media тарихшы Салтанат Асановамен бірге түсіндіреді.
Қазақтар “бай” деп кімді атаған?
Бұрынғы қазақ байлары жеке әлеуметтік топ ретінде толық зерттелмеген. XIX ғасырдың соңында және кеңес дәуірінде байлар қуғынға ұшырап, атылып, жер аударылып, дүние-мүлкі тәркіленген. Сондықтан оларды көргендер немесе бай әулеттен шыққандар аз, деректе көп емес. Байлар туралы ақпарат көбіне Сырымбет, Жәңгір ханның ордасы сияқты жерлерден немесе жазушылардың шығармаларынан алынған. Бірақ оның бәрін толық шынайы деп айту қиын.
Қазақтар көп мал басы бар адамды “бай” деп атаған. Зерттеуші Алексей Левшиннің айтуынша, XIX ғасырда бай қазақтардың 20 000-ға дейін қойы болған. Левшин 800 жылқысы бар бір қазақтан малының бір бөлігін неге сатпайтынын сұраған. Сонда әлгі бай “Ақшаны сандыққа тығып қойсам, ешкім көрмейді. Ал жылқыларым жайылып жүрсе, бәрі көріп, мені бай дейді” деп жауап беріп, төрт-түлік мал байлықтың көрсеткіші екенін айтқан. Ал тарихшы Жамбыл Артықбаевтың дерегінше, ол кезде 10 мың жылқысы бар адам бай саналған.
Тарихшы Салтанат Асанованың айтуынша, бұрын қазақтар байлар Құдайдың, аруақтардың және тылсым күштердің сүйіспеншілігіне бөленген деп есептеді. Байлығын “берекенің белгісі” деп білді. “Бай” сөзі көне түрік тілінде “құт”, “береке” дегенді білдіреді.
“Қазақтар мал бағудың қиын екенін жақсы түсінген: жұт болса, мал бір күнде қырылып кетуі мүмкін. Сондықтан ұзақ уақыт бойы байлығын сақтай алған адамды ерекше құрметтеген”, – дейді тарихшы.

Ұлан-асыр тойды тек байлар жасаған
Байлар кедей туыстарына көмектесуге міндетті болды. Көшпелі халық рулық қарым-қатынасқа сүйенген: ру ішіндегі адамдар қаны бір туыстар саналған. Араздасса да, туыстарын аш қалдырмауға тырысқан. Жетімдерін жылатпай, жесірлерін қаңғытпаған. Байдың байлығы бүкіл руға салмақ беріп, туыстарына қамқор болуға мүмкіндік берген. Сондықтан сіңірі шыққан, тамаққа зәру кедейлер аз болған. Ал қалаларда керісінше, аштық пен ауруға ұшыраған балалар, әйелдер, шалдар кездескен.
“Жұт кезінде байлар мыңдаған жылқысын мұз үстімен айдап өтетін. Жылқылардың тұяғы қалың мұзды бұзып, жайылым ашылатын. Осылай, басқа малдарға да жейтін шөп табылатын. Әрине, ол заманда да бай мен кедейдің бөлінуі, бірін-бірі түсінбеуі болды. Десе де қазақ қоғамы байларды ерекше сыйлады және оларға жақын болуға тырысты”, – дейді Салтанат Асанова.
Тарихшының сөзінше, қазақ қоғамында ұлан-асыр тойды көбіне тек байлар жасаған. Олар 20-30 жылқы, 100 қойды бір-ақ сойып, үлкен қазандарға ет асып, оны көпшілікке таратқан.
“Мұндай той байлар үшін де маңызды болды. Бір жағынан қайырымдылық жасап, өз байлығын бөлісті. Ал жиылған жұрт ақ тілегін айтты. Біз неге әлі күнге дейін дастарқан басында айтылатын тілектерді мұқият тыңдаймыз? Өйткені қазақтар сөзді кие тұтқан. Қарғыс сөзден қорыққан. Игі тілектер жол ашады, байлық, құт-береке береді деп сенген”, – дейді тарихшы.

XIX ғасырда мал ұстайтын байлар кәсіпкерге айналды
XIX ғасырдың ортасында қазақ даласында сауда көбейіп, байлық тек малмен емес, ақшамен де өлшенді. Ең атақты байлар теміржол бойында, станцияларда мал сатып, сауда жасады. Алғашқы жәрмеңкелер ашылды. Қоянды, Қарқаралы, Семей жәрмеңкелері сол дәуірдің ірі сауда орталықтарына айналды.
Мұндай өзгерістің салдары да болды. Дәл осы кезде кейбірі күнін әзер көрді, жыл бойы бір орыннан қозғала алмайтын кедейлер туыстарымен байланысын үзіп алды. Қазақ қоғамында кедей тап қалыптасты. Осы уақытта қазақ әдебиетінде зар заман ақындары пайда болды. Олар бұл өзгерісті өз жырларында сынады. Мысалы Шортанбай Қанайұлының мынадай өлең жолдары бар:
Сауып ішер сүті жоқ,
Мініп көрер күші жоқ,
Ақша деген мал шықты.
Қазақ қоғамы бұдан қашып құтыла алмады. Дегенмен Абай, Шоқан, Ыбырай Алтынсарин нарық қатынастарын қоғамды дамытудың мүмкіндігі деп көріп, кәсіп пен еңбекті қолдады. Ресей модерн жетістіктерді Еуропадан, біз олардан алдық. Қазақ даласында банктер ашыла бастады. Мысалы, Ордада Жәңгір ханда Ресей банкінің кассасы болды. Байлар мен кәсіпкерлер көпес мәртебесін алып, Ресейдегі әртүрлі сауда одағына қабылдана бастады. Осылай, ХІХ ғасырда бұрынғы мал ұстайтын бай қазақтар кәсіпкерге айналды.

Қазақ байларының тұрмыс салты өзгерді
Тарихшы Салтанат Асанованың айтуынша, капитализм қазақ халқының тұрмысын өзгертті. Мысалы, Шыңғыс тұқымы Уәлихановтар Сырымбет жерінде тұрақты қыстау салды. Бұл – еуропалық үлгіде салынған, терезесі бар алғашқы үйлердің бірі. Басқа байлар да осылай өмір сүруге тырысты.
Қазақтар Қазан, Петербург, Мәскеу университеттеріндегі белгілі бір квоталарды алды. Онда ақылы түрде оқуға болатын. Байлардың көбі, соның ішінде Шыңғыс тұқымдары балаларын Ресейге оқуға жіберетін.
Қазақ байлары ресейлік көпестерге еліктеп еуропалық үлгіде киіне бастады, фабрикада жасалған былғары етік сатып алды. Уәлихановтар отбасы, Жәңгір ханның жанұясы, олардың әйелдері мен қыздары да еуропалық киім киді. Сауат ашып, білім алған қазақ қыздары Францияның қыз-келіншектеріне еліктей бастады. Әйелдер Ресейден, кейде Франциядан өкшесі биік аяқкиім, әшекей, сабын, иіссу сияқты заттар сатып алды.
“Нарыққа жаңа азық-түлік де келді. Өте қымбат тұратын ақ ұн пайда болды. Оны кейде дәрі ретінде пайдаланды. Кірпіш (плиточный) шайлар мен самаурындар кеңінен қолданылды. Қазақ байлары шараптың да дәмін татып көрді. Әсіресе, қымызға ұқсайтын жеңіл, қышқыл әрі көбігі көп француз шарабын ұнатты. Дегенмен қазақтар ислам дінін ұстанғандықтан, шарапқа қатысты дерек аз”, – дейді тарихшы.




