МәдениетТарихАлматы - ғасырлар тоғысқан мекен: бекіністен мегаполиске дейін

Алматы - ғасырлар тоғысқан мекен: бекіністен мегаполиске дейін

19 қыркүйек 2026
9 мин
Фото: tenyakov.com

Заманауи Алматының тарихы тереңде жатыр. Осыдан бір жарым ғасыр бұрын ғана мұнда шағын әскери бекініс орналасып, оның төңірегінде біртіндеп Верный қаласы бой көтерген еді. Ал одан да ерте кезеңде бұл аумақта ортағасырлық қоныстар болғаны белгілі. Кеңес дәуірінде Алматы астана мәртебесін алды. Қала тарихында репрессия да, соғыс та, ел тағдырын өзгерткен Желтоқсан қаһармандарының ерлігі де бар. Қала күніне орай, Tamga Media сүйікті Алматының тарихи хроникасын ұсынады.


Верныйға дейінгі дәуір


Алматының тарихи тамыры біз ойлағаннан да тереңде жатыр.  Адамдар бұл тау баурайын қола дәуірінен бері мекендеп келеді. Археологиялық қазбалар бұл өңірден сақ пен үйсін дәуірінің жәдігерлерін әлі күнге дейін тауып жатыр. Топырағы құнарлы, суы мол, жайлауы өрісті бұл мекен ежелден өркениет ошағы саналған.

«Адамзат баласы қашан да өмір сүруге ең қолайлы мекенді таңдаған. Іле Алатауының етегі бұл тұрғыдан алғанда нағыз құтты қоныс еді. Ақбас шыңдар өзендерді суға толтырып, баурайын егінге жайды. Сақтар мен үйсіндер төрт түлігін өріске жайып, арық тартып, бидай, тары өсірді. Яғни, сонау заманда-ақ мұнда ирригация мен егіншіліктің негізі қаланды», – дейді тарихшы Әнуар Жұман.

Кейін бұл өңір Ұлы Жібек жолының маңызды тоғысына айналды. Жетісу жері арқылы Қытайды, Орталық Азиямен, әрі қарай Батыспен жалғастырған сауда керуендері өтті. Тауармен бірге ілім-білім, жаңа технологиялар, тілдер мен бай мәдени дәстүрлер, дала өркениетіне таралды.

«Жетісу өңірі халықаралық сауданың басты орталығына айналды. Ұлы Жібек жолының бойында саудагерлер аялдайтын керуенсарайлар гүлденді, әскери бекіністер мен қолөнершілер қоныстары қаптай бой көтерді. Шығысқа қарай ашылған сауда жол Жетісу қалалар желісінің қалыптасуына тікелей әсер етті».

X–XIV ғасырлар аралығында өмір сүрген ортағасырлық «Алмату» – сондай өркениет ошақтарының бірі. Ғалымдар қауымы бұл көне қонысты бүгінгі заманауи Алматының тікелей тарихи сабақтасы ретінде толық тани аламыз ба деген сауалға әлі де нақты жауап іздеуде.


Десе де, табылған жәдігерлер мұнда тіршілік пен мәдениеттің қайнап жатқанын көрсетеді. Топырақ астынан табылған су құбырлары, қыш ыдыстар мен қолөнер шеберханалары қалалық өмірдің болғанын айғақтайды. Ал бетіне «Алмату» деп соғылған ХІІІ ғасырдағы күміс монеталар, тарих қойнауынан жеткен ең құнды жәдігер.

«Алматудың дербес теңге сарайы бар ірі шаһар болғанын нумизматика ғылымы түбегейлі дәлелдеп берді. 1979 жылы Шекарашылар училищесі маңындағы көне қалашық орнынан археологтар Шағатай мемлекетінің күміс тиындарын тапты. Оның біреуінен «Алмату» деген жазуды және шамамен 1271–1273 жылдарға жататын мерзімі анықталды», – дейді Әнуар Жұман.

Десе де, ортағасырлық бұл шаһардың өмірі кенеттен үзілді. Моңғол шапқыншылығы мен ғасырларға созылған қақтығыс Жетісудың қалалық мәдениетінің құлдырауына әкелді. Ирригация тозып, сауда тоқтады да, Алатау баурайы ғасырлар бойы көшпелі және жартылай көшпелі шаруашылық мекеніне айналды.


Тарихшы Әнуар Жұманның айтуынша, ортағасырлық Алмату мен болашақ Верный қаласының арасында айтарлықтай үлкен тарихи үзіліс болған.


Тарихшы Әнуар Жұман бұл құбылысты былайша түсіндіреді: 

«Ортағасырлық Алмату мен кейінгі Верныйдың арасын тұтас бес ғасыр бөліп жатыр. Ол кезеңде қалалық тіршілік мүлде болмаған. Сондықтан бұл жерде тоқтаусыз созылған қала тарихы туралы емес, тек ғасырлар сынынан аман өткен мекен мен оның атауының сабақтастығы жайында айтқан абзал».

Бекіністен басталған қала тарихы


Қаланың жаңа тарихы ХІХ ғасырдың ортасында ғана қайта жаңғырды. Бұл кезеңде Ресей империясы Орталық Азияға қарай жылжып, Жетісуде ықпалын нығайта бастады. Осы геосаясат жоспарының нәтижесінде 1854 жылы Алатау бөктерінде әскери бекініс салу туралы шешім қабылданады.

«Ағылшын тәжінің Азия құрлығының ішкі аймақтарына кіруі, Ресей империясын шалғай шекараларын жедел нығайтуға итермеледі. Бұл уақытта Ресей Орталық Азиядағы экспансиясын бастап кеткен еді.  1853 жылы Оренбург губернаторы В.Перовскийдің әскері Қоқан хандығының Ақмешіт (қазіргі Қызылорда) бекінісін басып алды. Бұл оқиға Ресей әскеріне Іле Алатауы өңіріне төте жол ашып берді», – дейді тарихшы Әнуар Жұман.

Бекініс салатын орын ретінде Кіші Алматы өзенінің бойы таңдалды. 1854 жылғы 4 ақпанда Николай I император құрылыс жобасын бекітіп, көктемде Михаил Перемышльский бастаған отряд құрылыс жұмыстарына кірісті. Бастапқыда бұл әскери мекен Заилийское қорғаныс бекінісі деп аталғанымен, көп ұзамай оған Верные деген атау берілді.


Верный әу баста жай ғана бекініс емес, инфрақұрылымы дамыған әскери кешен болып қаланды. Төңірегі қоршалған аумақта казармалар, әскері нысандар мен госпиталь салынды. Осы форпосттың айналасында алғашқы қоныстар бой көтеріп, болашақ қаланың іргесі қаланды.

«Бастапқыда Верный, нақты айтқанда, жалғыз нысан емес, тұтас кешен еді. Қорғаныс бекіністері бар көпбұрышты әскери кешен еді. Бекіністің оңтүстік-батысында  Алматы станицасы, солтүстігінде  Кіші станица, ал шығысында Татар слободкасы пайда болды», – дейді Әнуар Жұман.

Қаланың алғашқы тұрғындары әскерлер болды, кейіннен бұл жерге казактар мен шаруа отбасылары көшіп келе бастады. Осылайша қала жаңа тұрғындардың, сауда мен қолөнердің арқасында біртіндеп ұлғайды.


1867 жылы Верныйға қала мәртебесі беріліп, Жетісу облысының әкімшілік орталығына айналды. Мұнда қалалық орта қалыптасып, мекемелер, сауда орындары мен жаңа ғимараттар бой көтере бастады.


Верный сол кездің өзінде-ақ жасыл қала еді


Бүгінгі Алматының саялы саябақтары мен жасыл желектері – ХІХ ғасырдан жеткен бай мұра.

«Бұл мекенде судың маңызы бекіністің өзінен бірде-бір кем болған жоқ. Іле Алатауы мұздықтарынан бастау алатын Үлкен және Кіші Алматы өзендерінің суын тұрғындар арықтарға бұрып, егістіктерді, бау-бақшалар мен қала көшелерін суарды», – дейді тарихшы.

Верныйдың көркіне губернатор Герасим Колпаковский ерекше ықпал етті. Оның тұсында ағаш отырғызу қалалық саясаттың ажырамас бөлігіне айналды.

«Верный «бақша-қала» мәртебесін губернатор Колпаковскийдің көреген саясатының арқасында алды. Ол ағаш отырғызу мен оны күтіп-баптау үшін тұрғындарға марапаттау мен жазалау жүйесі енгізді. Ол көшеттерді тегін таратып, әр шаңыраққа 20 ағаш отырғызуды міндеттеді.» – деп түсіндіреді тарихшы Әнуар Жұман.

Осы кезеңде көшіп келген Егор Редько алма ағаштарын өсірумен айналыса бастады, әйгілі апорттың пайда болуын дәл осы адамның есімімен байланыстырады. Айтпақшы, селекционердің бұл еңбегі туралы жақында оның шөбересі Tamga Media-ға эксклюзивті сұхбатында баяндаған болатын. Бұл оқиғалар Алматының ғасырлар бойы сақталған «бақша-қала» брендін қалыптастырды.

Верный қандай болды?


ХІХ ғасырдың аяғына қарай қала айтарлықтай өсті. Сауда алаңдары, қолөнер шеберханалары, саудагерлердің үйлері мен әкімшілік ғимараттар бой көтерді. Көшелері тікбұрышты тор жүйесі бойынша орналасып, бойлай тартылған арықтар мен саялы жасыл желекке оранды.


1897 жылғы халық санағы бойынша Верныйда 22,7 мың тұрғын тіркелсе, 1913 жылға қарай көрсеткіш 41 мыңнан асты.


Тарихшы Әнуар Жұманның айтуынша, бүгінгі алматылық үшін ХХ ғасыр басындағы Верный бейтаныс мекен болып көрінер еді. Себебі ол бір қабатты ағаш үйлер тұрған, Сенная, Гостинодворская және Соборная алаңдарының айналасына топтасқан шағын қала еді.


Дәл қазіргідей, Верный әуел бастан-ақ көпұлтты қала болды. Мұнда қазақтар, казактар, орыс пен украин қоныс аударушылары, татарлар, ал кейінірек ұйғырлар мен дүңгендер жаппай көшіп келе бастады. Біреулері саудамен және қолөнермен айналысса, енді біреулері егіншілік пен әскери қызмет атқарды. Осылайша қала төңірегінде біртіндеп түрлі қауымдастықтар мен қоныстар қалыптасты.

«Айтпақшы, бұл революцияға дейінгі Қазақстандағы қалаларға тән ортақ көрініс еді. Қазақтар негізінен ауылдық жерлерде шоғырланды, ал қала халқының басым бөлігін қоныс аударушылар құрды. Алғашқы тұрғындардың қатарында Сібір желілік әскерінің казактары мен орыс шаруалары болды; сауда мен қолөнерде Татар қонысының (слободкасы) татарлары ерекше белсенділік танытты».

Қаланы өзгерткен жойқын жер сілкінісі


Алматының сейсмикалық қауіпсіздігі мәселесі ғасырдан аса уақыт бойы өзекті болып келе жатқан тақырып. 1887 жылғы 28 мамырдағы жойқын жер сілкінісі Верныйдағы ғимараттардың тас-талқанын шығарды. 300-ден астам адам мерт болып, 8 мың тұрғын далада қалды.


Тарихшы Әнуар Жұман бұл қайғылы оқиғаның қала құрылысын түбегейлі өзгерткенін айтады: «Билік қаланы басқа жаққа көшіруді де ойластырды. Бірақ Верныйды орнында қалдырып, тек ағаш пен каркасты ғимараттар салуға рұқсат берді. Бұл апаттан кейін, 1888 жылы жер сілкіністерін жүйелі түрде зерттеуге арналған Орыс географиялық қоғамы жанынан Сейсмикалық комиссия құрылды».


Бұл сақтық шаралары 1911 жылғы кезекті жойқын жер сілкінісі кезінде мыңдаған адамның өмірін сақтап қалды. XX ғасырдың басында Верный мектептері мен кәсіпорындары бар, бау-бақшалы толыққанды қалаға айналды. Алайда 1917 жылғы Революция қала өмірін мүлде басқа арнаға бұрып жіберді.

Революция және жаңа атау


Ақпан революциясынан кейін мұнда жаңа билік органдары, кеңестер, қоғамдық және басқа ұйымдар пайда болды. Одан кейін Азамат соғысы мен саяси тұрақсыздық басталды.


1918 жылдың наурызында қалада совет өкіметі толықтай орнады. Верный Түркістан АССР құрамына енді. 1921 жылдың ақпанында Верный атауы бұрынғы колониалды сипатынан арылып, Алма-Ата деп өзгертілді.


Десе де, қала инфрақұрылымы — көшелер, бақтар мен арық жүйесі бұрынғыша сақталды. Олардың айналасына алғашқы кеңестік ғимараттар түсе бастады. Ал нағыз серпіліс 1920 жылдардың аяғында, қала астана мәртебесін алған кезде орын алды.


Бас қала, теміржол және жаңа Алма-Ата


1927 жылы Қазақ АССР-інің астанасын Қызылордадан Алма-Атаға көшіру туралы шешім қабылданды. 1929 жылға қарай мұнда мемлекеттік мекемелер қоныс аударды, ал олармен бірге қалаға шенеуніктер, инженерлер, оқытушылар, дәрігерлер, жұмысшылар мен студенттер ағылды. Халық саны күрт өсіп, қала да көркейе бастады.


1929 жылғы 19 шілдеде қалаға Түрксіб (Түркістан-Сібір) теміржолы арқылы алғашқы пойыз келді.  Ал 1931 жылы бұл магистраль тұрақты пайдалануға берілді. Осылайша Алма-Ата КСРО-ның ірі аймақтарымен тікелей байланыс орнатып, адамдарды, құрал-жабдықтар мен құрылыс материалдарын тасымалдау әлдеқайда жеңілдеді.

Еліміздің бас қаласы аз уақыттың ішінде студенттер мен білікті мамандардың қаласына айналды. 1928 жылы Қазақ педагогикалық институты ашылса, кейіннен зооветеринариялық, ауылшаруашылық және медициналық жоғары оқу орындары бой көтерді. 1934 жылы кен-металлургия институты мен Қазақ мемлекеттік университеті өз жұмысын бастады. ЖОО-лар мен ғылыми мекемелердің төңірегінде біртіндеп ғылыми орта қалыптасып, кейіннен Алма-Ата елдің басты білім мен ғылым орталығына айналды.


Зиялылары қуғынға ұшыраған астана


1930 жылдары Алма-Ата мемлекеттік әрі мәдени өмірдің ғана емес, саяси репрессиялардың да қанды орталығына айналды. Қалада республикалық билік органдары, редакциялар, баспалар, театрлар, жоғары оқу орындары мен ғылыми мекемелер шоғырланғандықтан, зиялы қауым өкілеттері барлығы бақылауда болды.


1920 жылдардың аяғы мен 1930 жылдардың басында қазақтың көрнекті қоғам және мәдениет қайраткерлері жаппай тұтқындалды. Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышпаев, Мағжан Жұмабаев сынды ұлт қайраткерлері алғашқы толқынмен тұтқынға алынса, 1937–1938 жылдардағы «үлкен террор» қазақ интеллигенциясының толысқан буынын баудай түсірді.


Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Ілияс Жансүгіров, Темірбек Жүргенов пен Санжар Асфендияровтың асыл мұрасы осы астанада қалыптасқанымен, олардың тағдыры репрессияның қанды диірменінде қиылды.


Ұлт қайраткерлерінің қазасынан соң, астана тарихына соғыс жылдарының сұрапыл сыны келді.


Соғыс жылдарындағы Алма-Ата


1941 жылы Алма-Ата
ірі эвакуациялық орталыққа айналды. Санаулы айда қалаға жүздеген кәсіпорындар, ғалымдар, театр мен кино майталмандары көшірілді.


Қалада әскери госпитальдар ашылып, мектептер, ЖОО-лар мен басқа да қоғамдық ғимараттар уақытша майдан қажеттілігіне жұмыс істеді. Баспана жетіспеді, азық-түлік талонмен сатылды, осылайша үйреншікті қала өмірі санаулы айлардың ішінде түбегейлі өзгерді.


1941 жылдың
жазында мұнда генерал Иван Панфиловтың басшылығымен 316-шы атқыштар дивизиясы жасақталды. Оның құрамында Бауыржан Момышұлы да бар. Күзде бұл дивизия Мәскеуді қорғауға қатысып, кейіннен 8-ші гвардиялық дивизия мәртебесін алды. Бұл ерліктер қаланың тарихи келбетінде тасқа басылғандай сақталған. 28 гвардияшы-панфиловшылар паркі, Данқ мемориалы, Мәңгілік алау, көше атаулары мен ескерткіштер Алма-Атадан майданға аттанған қаһармандарды үнемі еске салып тұрады.

Ұлы Отан соғысының әйгілі қазақстандық батыры, пулеметшісі Мәншүк Мәметованың есімі де Алматымен тығыз байланысты. Ол соғысқа дейін дәл осы қалада өмір сүріп, білім алған еді.


1941 жылдың қарашасында қалада жергілікті студия, «Мосфильм» және «Ленфильм» ұжымдарының басын қосқан Орталық біріккен киностудия (ЦОКС) құрылды. Алма-Атаға Сергей Эйзенштейн, Всеволод Пудовкин, Иван Пырьев, Любовь Орлова, Николай Черкасов, Владимир Зельдин және басқа да көптеген өнер адамдары көшіп келді. Дәл осы жерде «Иван Грозный», «Жди меня», «Нашествие» фильмдері түсірілді, ал Иван Пырьевтің «Свинарка и пастух» туындысы тіпті Алма-Атада аяқталды.


Бірнеше жыл бойы Алма-Ата кеңестік кино өндірісінің ең басты орталықтарының біріне айналды. Киностудия қызметкерлерінің бір бөлігі тіпті өндірістік ғимараттарда түнеп жүріп жұмыс істеді. Алма-Ата ауыр таршылыққа қарамастан өнер мен жеңіске деген үміттің шырағын сөндірген жоқ.


Алматының алтын дәуірі


Соғыстан кейінгі жылдары Алма-Ата Орталық Азияның басты ғылым мен мәдениет орталығына айналды. 1946 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясы құрылып, оның тұңғыш президенті болып геолог-ғалым Қаныш Сатпаев сайланды. Қалада ғылыми-зерттеу институттары, зертханалар мен университеттер қарқынды дамып, онымен бірге зерттеушілер, оқытушылар мен студенттердің қалың ортасы қалыптасты.

Алма-Ата біртіндеп ұлттық сөз өнерінің басты ордасына айналды. Мұнда Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов және Ғабит Мүсірепов сияқты классиктер өмір сүріп, еңбек етті, кейінірек Ілияс Есенберлиннің де әдеби карьерасы осы шаһарда өріс алды.


Осымен қатар қаланың сәулеттік келбеті де түбегейлі өзгерді. 1960-1980 жылдары Алма-Ата қарқынды ұлғайып, жаңа шағын аудандар, кең даңғылдар мен еңселі қоғамдық ғимараттар бой көтерді. Қаланың сәулеттік келбеті түбегейлі жаңарды.


Дәл осы кезеңде Алматының басты бойтұмарына айналған – «Медеу» биік таулы мұз айдыны салынды. Оның жанында «Шымбұлақ» тау-шаңғы курорты дамып, Алатау шыңдары біртіндеп алматылықтардың демалысы мен күнделікті өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Кеңес жылдарында ҚазКСР астанасын Іле Алатауының баурайындағы «жасыл қала» деп атап кетті. Осы шақта қаланың негізін құрайтын сәулет өнерінің маржандары: Республика Сарайы, «Қазақстан» мейманханасы, Мемлекеттік цирк, Көктөбе телемұнарасы сияқты бірегей нысандар бой көтерді.


1980 жылдардың басына қарай Алма-Ата тағы бір маңызды демографиялық межені бағындырып, ресми түрде мегаполис мәртебесін алды. Қала ескі орталықтың шегінен шығып, жаңа шағын аудандармен, заманауи жолдармен, қоғамдық ғимараттармен және көпқабатты тұрғын үйлермен кеңейе берді.


Астана мәртебесінен кейінгі Алматы


991 жылы Қазақстан Тәуелсіздігін алып, Алма-Ата жаңа егемен мемлекеттің астанасы болып қалды. 1990 жылдардың басы қала үшін оңай болған жоқ. Кеңестік экономикалық жүйе күйреді, өндіріс орындары тоқырап, жабылып жатты, жаппай жекешелендіру басталды. Осымен қатар қалада жаңа банктер, тәуелсіз медиа, сауда мен жеке кәсіпкерлік қарқынды дами бастады.


1993 жылы қала атауы конституциялық деңгейде ресми түрде «Алматы» болып бекітілді. Ал сәл кейінірек Алматы бас қала мәртебесінен айырылды. Астананы Ақмолаға көшіру туралы шешім 1994 жылы қабылданып, 1997 жылғы 10 желтоқсанда астана ресми түрде көшті. Алматы елдің басты қаржы, мәдениет және білім хабы ретінде басымдығын жоғалтқан жоқ. Осылайша ел жадында «Оңтүстік астана» деген беделді ұғым берік орнықты.

Қала енді мүлде өзге нарықтық ережелермен жұмысын бастады. Ескі аудандармен бірге жаңа тұрғын үй кешендері мен сауда орталықтары бой көтерді, автокөліктер саны еселеп артып, құрылыс аумағы кеңейді. Алматы еліміздің қаржы-іскерлік орталығына айналғанымен, бұл өзгерістер шамадан тыс жүктелген мегаполистің кешенді түйткілдерін ала келді. Қаланың өсуімен бірге бүгінде бізге таныс мәселелер де ілесе келді: кептелістер, ауаның ластануы, тарихи орталық пен тау баурайларына түскен ауыр жүктеме.


2011 жылы қалада Алматы метрополитені ашылды.


Бүгінгі Алматы


Алматы – Қазақстанның ең ірі мегаполисі, сондай-ақ еліміздегі бизнес, білім, мәдениет пен медиа салаларының бас орталығы болып қала бермек. Қала күн санап өсіп, онымен бірге тұтас агломерация аумағы да қарқынды кеңейіп келеді.


Десе де, көне Алматының рухы толығымен өшкен жоқ. Заманауи ғимараттар арасындағы Верный заманының ағаш үйлері, арықтар мен жасыл саябақтар соның айғағы. Вознесенск кафедралы шіркеуі, аты аңызға айналған «Медеу», Желтоқсан қаһармандарының ізі қалған Республика алаңы мен шағын бекіністен мегаполиске айналған Түрксіб ауданы – қаланың тарихи жолын баяндап тұр.  

Бөлісу: