Алматыға табаны тиген кез келген адам апорт туралы естиді. Тіл үйіретін дәу алмалар – қаланың басты символы. Сондай-ақ олар сувенирлерде бейнеленген, ал гидтер туристерге алманың көлемі мен хош иісін мақтана айтады. Бірақ «апортты қаланың брендіне айналдырған кім?» десеңіз, көбі іркіліп қалады. Tamga Media Алматы апортының тарихын бастап берген тұлғаның неге ұмыт қалғанын анықтап көрді.
Авторы ұмытылған қала символы
Апорт кездейсоқ Алматының брендіне айналмады. Өз заманында бұл дәу қызыл алмалар бүкіл КСРО-ға тасымалданды, халықаралық көрмелерде жүлде алды, ал қаланың айналасы жайқалған алмабаққа толы еді. Кейін бақтар оталып, апорттың өзі де жоғалуға шақ қалды. Қазір оны ғалымдар мен жанашыр ададмдар қайта тірілтуге тырысып жатыр.
Бірақ осы үлкен тарихтың артында жалғыз адам тұр десе сенесіз бе? 1865 жылы Воронеждан көшіп келген Егор Васильевич Редько Верныйға апорттың бірнеше көшетін алып келіп, оларды жергілікті жабайы Сиверс алмасына телиді. Еуропа сорты, жабайы ағаш пен тау бөктерінің ауа райы тоғысып, керемет нәтиже беріп, Алматы апорты пайда болды. Негізі бұл сорт бұрыннан бар еді, бірақ дәл мұндай ірі әрі хош иісті болып ешқашан өспеген.

Бірнеше ағаш үшін бір жарым жыл жол жүру
Қазір бірнеше көшет үшін құрлық асып, өз еркімен сапарға шығатын адамды елестету қиын. Ал XIX ғасырда мұндай жолды ол бір жылдан аса уақытта жүріп өткен. Оның үстіне, көшеттерді солып қалмайтындай етіп аман жеткізу де үлкен қажырлы еңбекті талап ететін еді.
Егор Редьконың шөбересі Надежда Таюшованың айтуынша, атасы көшеттерді ағаш бөшкелерге салып тасыған.
«Ол апорт өсетін Воронеж облысынан Верныйға дейін бір-бір жарым жылдай жол жүрген. Көшеттерді бөшкеге салып, әкеліп, осы жерде тау бөктерінде өсіп тұрған жабайы алмаға теліген. Нәтижесінде бәріміз білетін ғажайып алма пайда болды».
Бұрын бұл сорттың ерекше ештеңесі жоқ еді. Алайда жаңа ортаға жерсінген соң, алма бұрынғыдан да ірі, хош иісті болып өсті әрі ұзақ сақталатын болды. Алматы апортын аңызға айналдырған да осы қасиеттері еді.
Надежда Таюшова алманың жұпар иісін ерекше еске алады:
«Алматы апортының иісі сондай, үйге әкелсеңіз, бөлменің іші аңқып кететін. Бірде бортсерік қыз апортты Ленинградқа алып ұшқанын айтты. Алмалар ұшақтың қосалқы бөлмесінде тұрса да, жұпар иісі бүкіл салонға жайылған екен».
Кейін көшеттер бүкіл аймаққа тарады. Надежданың айтуынша, атасы оларды Верный төңірегіне ғана емес, Жетісу, Жамбыл, Шымкент өңірлеріне, тіпті көрші Қырғызстанға да таратқан. XX ғасырдың басында Верный апорты халықаралық көрмелерде көзге түсті.
Жасыл базардан бастап Медеуге дейін
Надежданың айтуынша, Егор Васильевичтің бағы өте үлкен болған. Қазіргі қала картасымен айтсақ, оның жері Жасыл базардан бастап, Медеуге дейінгі созылып жатқан. Онда алмадан бөлек, басқа да ондаған жеміс түрі өскен.
«Үйінің айналасында да үлкен бақ болды. Егор Васильевич апортпен қатар алмұрттың «Лесная красавица» сортын, қарақат, таңқурай, құлпынай алып келген. Осының бәрін өсіріп, халыққа таратқан».
Уақыт өте келе бақтардың төңірегінде жеміс өсіретін тұтас шаруашылықтар пайда болды. Кейін апортты дамытуға басқа да бағбандар қосылды. Солардың бірі – Никита Моисеев. Зерттеушілер оны Редьконың ісін одан әрі кеңейтіп, алманы көптеп өсіруді қолға алған адам дейді. Қысқасы, бірі апортты Жетісуға алып келсе, екіншісі оны елге танытты.
Алма қалай Алматының символына айналды?
XX ғасырда апорт Алматының басты брендіне айналды. Ғалымдар алманың жаңа түрлерін шығарып, бақтар отырғызды, сортты сақтап қалудың жолдарын іздеді. Бірақ осы істің басында тұрған Егор Редьконың есімі бара-бара сирек айтыла бастады. Арада бірнеше ұрпақ өтіп, қазір Алматы тұрғындарының көбі оны біле де бермейді.

«Ешқашан болмағандай...»
Надежда Таюшова бұл жағдайды жиі байқайтынын айтады:
«Алматы тұрғындарымен сөйлесе қалсам, көбі таңғалып: "Бұл туралы білмейді екенбіз, тіпті естімедік" дейді. Осылай, ол адам мүлде болмағандай ұмытылып барады».
Әрине, Редьконың еңбегі елеусіз қалды деуге болмас. 2017 жылы Алматыда оның атына көше берілді. Оның ұрпақтары бұл үшін ондаған жыл бойы күресті. Көшеге есімі берілгенімен, ол Егор Редько өмір сүрген, бақ өсіріп, апорттың тарихын жазған жерден өте алыста орналасқан.
«Бұл көше Тұңғыш Президент паркінен де жоғары жақта. Ал бабамыз мүлде басқа ауданда тұрған», – дейді Надежда.
Отбасының айтуынша, Редько өмір сүрген үй әлі де сақталған. Ол Медеу ауданында, халық арасында «Компот» атанып кеткен аумақта тұр. Баяғыда апорттың, алмұрт пен жидектердің көшеті дәл осы жерден тараған еді. Алайда ол үйде ешқандай ескерткіш тақта жоқ, тіпті ғимараттың жартысы қазір қараусыз қалып, тозып тұр.

Ескерткіш әлі күнге дейін қойылмады
Ұрпақтары әкімдікке бабаларына ескерткіш қою туралы бірнеше рет өтініш білдірді. Бірақ іс қағаз жүзінде қалып қойды.
«Бізге демеуші табуға көмектесті. Ол "Қала басшылығымен келісіп, орнын белгілеңіздер, ескерткішті өзім қаржыландырамын" деді. Алайда кейін пандемия басталып, бәрі тоқтап қалды. Десе де Алматыда бұл бастаманы қолдайтын жандар табылатынына сенемін. Бұл – бәрімізге ортақ тарих қой», – дейді Надежда.
Қалтасына кәмпит салып жүретін мейірімді жан
Архивтегі құжаттар мен тарихи даталарға қарап, Егор Редьконың да қарапайым адам болғанын ұмытып кете жаздаймыз. Отбасы оны тек аңызға айналған бағбан ретінде емес, ізгі жан ретінде де еске алады.

Надежда Таюшованың айтуынша, бабасы балаларды өте жақсы көрген. Ол үнемі үлкен қалтасы бар алжапқыш киіп жүреді екен, ал қалтасынан сорып жейтін кәмпиттер үзілмейтін. Көшеде бала көрсе, қолына ұстата салады екен.
Сондай-ақ туыстары оның ерекше қара күш иесі болғанын айтады. Верныйға келе жатқан жолда ол тіпті палуандар сайысында жеңіске жеткен деседі. Бұл оқиғаның қаншалық шын екені белгісіз, бірақ бір нәрсе анық: осындай алыс жолды еңсеріп, көшеттерді сақтап, оны жаңа жерге әкеліп, басынан бастау үшін үлкен қайрат, төзім мен өз ісіне сенім керек еді.
Қазір Қазақстан апорттың бұрынғы даңқын қайтаруға тырысып әлек. Жаңа бақтар отырғызып, ғалымдар сортты зерттеп, көшеттерін өсіріп жатыр. Бәлкім, бір күні Алматы апорты қайтадан бұрынғыдай танымал болар. Сол апортпен бірге Егор Васильевич Редьконың да есімі қайта жаңғырады деп сенгіміз келеді.



