Денсаулық18+Әйел сексуалдылығы: сұрауға батпайтын сұрақтардың жауабы

Әйел сексуалдылығы: сұрауға батпайтын сұрақтардың жауабы

21 тамыз 2026
4 мин
"Сколько ты стоишь?" фильмінен үзінді | Фото: Кинопоиск

Tamga Media бұл жолы әйелдің бойындағы тартымдылық, ішкі қуат пен оның төңірегіндегі стереотиптерді талқылайды. Сексолог әрі Sexuality ойынының авторы Дания Манинамен бірге өз денеңізді тану жолдарын, қандай жағдайда маманға жүгіну керегін және ойын ойнап, ішкі қорқыныштардан қалай арылуға болатынын талқыладық.


Қазақстандағы ұят тақырып


Елімізде сексуалдық денсаулық әлі де ашық талқылана бермейді. Бұған Назарбаев Университеті ғалымдарының Women's Health журналында жарияланған 2024 жылғы зерттеуі дәлел: дәрігерлер де, науқастар да мұндай мәселелерді айтуға ұялады, сондықтан олардың арасында сенім аз. Сексолог Дания Манина мұндай жағдайдың күнделікті өмірде де жиі кездесетінін айтады.

«Бізде екі түрлі қате түсінік бар. Біріншісі – "секс – ұят, жақсы қыздар бұлай жасамайды" деп, іштегі құмарлықты тым тереңге тығып тастайды. Екіншісі – әйел осы тақырыпты зерттей бастағанда, өзінен емес, ер адамнан бастайды: оны қалай қоздыру керек, қалай жақсы минет жасауға болады, төсекте қалай таңғалдыру керегін ойлайды. Алайда " әйелдің өзіне не ұнайды?" – деген ең басты сұрақты ұмытып жатады».


Неге әйелдің ләззаты жабық тақырып?


Қазіргі сексология мастурбацияны ауру немесе ауытқу емес, өз денеңді танып-білудің табиғи жолы деп қарайды.


Зерттеулер бойынша, адамның өзіне, денесі мен сезіміне көзқарасы бала кезден қалыптасады. UNESCO-ның International Technical Guidance on Sexuality Education нұсқаулығында балалардың бұл тақырыпта көбіне жағымсыз ақпарат алатыны айтылған. Ересектердің ашық сөйлеспеуі мен тыйымдары баланың ашылуына мүмкіндік бермейді. Бұл әсіресе қыздарға ауыр тиеді. 


Дания Манина ұят сезімі туа бітті пайда болмайтынын, оның тәрбиеден қалыптасатынын айтады:

«Әйел туғанынан мастурбацияны ұят деп ойламайды, бұған кейін үйренеді. Бала өз денесін танығысы келгенде ата-анасынан "қолыңды тарт", "өзіңді ұстама", "жақсы қыздар олай істемейді" дегенді жиі естиді. Осы сөздерден кейін баланың санасында "өз денем үшін ұялуым керек" түсінік қалыптасады».


Мұндай тыйымдар жылдар бойы сақталады. Сондықтан әйелдер тіпті тұрақты қарым-қатынаста жүріп те, өзін кінәлі сезінеді.

«Өкініштісі – әйелдер өз денесін тануға тыйым салып үйренгені сонша, ләззат алудың өзін "байқаусызда" болғандай түр танытады. Мысалы, аяғын қысу не бұлшықетін жиыру сияқты жанама жолдар арқылы істейді. Көбі мұны бала кезде не екенін ұқпай-ақ істегенін еске алады. Бұл туралы ешкім ашық айтпайды. Қыздар алғашқы сезім мен косметиканы еркін айтқанымен, мұндай тақырыпта үндемейді. Ал үнсіздік бар жерді ұят билейді».


Тарихта әйелге тек ана, отбасы иесі деп қараған. Ал оның өз қалауы, тән рахаты туралы ешкім айтпаған.

«Қыздарды бала күннен әйел ретінде емес, болашақ ана ретінде тәрбиелейді. Олардың түсінігінде – әйелдің басты міндеті ана болу. Ал "ана" мен "секс" сөзі бір-біріне мүлде жанаспайды. Сөйтіп арада жиырма, отыз, қырық жыл өтеді. Әйел жақсы ана, жақсы жар, жақсы үй иесі болуды үйренеді. Бірақ өзіне не ұнайтынын білмейді. Меніңше, бұл тақырыптың әлі күнге жабық болып келе жатқаны – осыдан».


Ұл мен қызға екі түрлі көзқарас


Ұлдар мен қыздардың бұл тақырыпқа көзқарасы бала кезден екі бөлек қалыптасады. Ата-ана мен қоғам олардың өз денесін танып-білуіне екі түрлі қарайды. Осы айырмашылық кейін есейгенде де сақталады.

Ер бала бұл тақырыпқа қызықса, оған ешкім таңғалмайды. Себебі жас ерекшелігі, гормонның өзгеруі, табиғи процесс деп қарайды.


Ал қыздарға келгенде бірден тыйым салып, ақыл айта бастайды: «жүкті болып қаласың», «сақ бол», «сабағыңды оқы», «түзу жүр».

«Байқасаңыз, мұнда ләззат алу туралы сөз де болмайды. Тек қорқытып, сақтандырады. Сондықтан қыздар бұл сезім адамның өзі үшін емес, біреумен жүру, ер адамға жағу не бала табу үшін керек деп өседі».


Сексолог Дания Манинаның айтуынша, осыдан қоғамда ұл мен қызға екі түрлі көзқарас қалыптасады. Ер адам мастурбация жасаса, бәрі табиғи қабылдайды. Ал әйел жасаса: "Неге? Еркегі жоқ па? Қарым-қатынасы дұрыс емес пе?" деп бірден күмәнданады. Әйел тек еркекпен болғанда ләззат алуы керек деп кім айтты?

Мастурбацияның қандай пайдасы бар?


MedicineNet медициналық порталында 2026 жылы жаңартылған мақалада мастурбация дені сау адамда болатын табиғи нәрсе екені айтылады. Дәрігер Картик Кумар мен Зилпа Шейхтың жазуынша, мұның пайдасы да бар. Ол оргазм кезінде қуаныш гормонын бөліп, етеккір кезіндегі ауруды басады, күйзелісті азайтады әрі жамбас бұлшықеттерін шынықтырады. Сонымен бірге тән қалауын оятып, ләззат алуды жеңілдетеді, тіпті жыныс жолдарындағы кейбір инфекцияның алдын алуға да көмектеседі.


Мастурбацияның физиологиялық жағы туралы мына материалымыздан оқи аласыздар:
Әйелдер мастурбациясы: денсаулыққа әсері қандай?


Дания Манинаның айтуынша, мұның пайдасы тек ләззат алумен шектелмейді.

«Өмір бойы жолаушы болып жүргеніңізді елестетіңізші. Жолды білесіз, бірақ рөлде өзіңіз отырып көрмегенсіз. Көп әйел өз сезіміне келгенде дәл осылай өмір сүреді. Ал бұл – әйелдің ләззат алуына бірінші рет иелік етуі. Осыдан кейін ол өз денесін, ішкі дүниесін ұға бастайды. Қалауын оңай түсініп, шаршағанын сезеді, шекарасын белгілейді, өмірді автопилотпен сүруді тоқтатады».


Мастурбация – серіктесімен араны суыта ма?


Жоқ, бұл – қате пікір. Әйел ер адамнан алыстамайды, керісінше, өз денесін танып, ашық сөйлесуге көмектеседі.

«Көп әйел өзіне не жағатынын білсе де, ер адамға айтпайды. Бұл екеуін бөлек нәрсе көреді. Шын мәнінде, мастурбация – өзіңді танудың жолы. Сіз өзіңізді қалай сипағанын қалайтыңызды түсініп, оны серіктесіңізге ашық айта аласыз. "Өзі аңғарсын" деп отырмай, қалауыңызды айту, жұптарды жақындастыра түседі».


Сексологке қашан бару керек?


Дания Манинаның айтуынша, маманға бұл әрекеттің өзі үшін емес, егер ол мынадай жағдайларға әкелсе бару керек:

  • Ұят немесе кінә сезімін тудырса;

  • Тек осылай тән қалауы оянса;

  • Күйзелісті, жалғызсырауды не ішкі қайғыны ұмытудың негізгі жолына айналса;

  • Еркіңнен тыс әдетке айналып кетсе;

  • Өмірдегі ләззат алудың жалғыз жолы болса.

«Адам кез келген әдетті өз қалауымен жасаса, бұл – қалыпты нәрсе. Ал адамның еркіне бағынбай бара жатса, себебін анықтау үшін маманға барған жөн».


Sexuality ойынындағы мастурбация тақырыбы


Дания Манина көп жылғы жұмысында Қазақстандағы әйелдердің көбі бірдей жағдайды бастан кешіретінін байқап, Sexuality трансформациялық ойынын жасап шығарды.

«Әйелдер өзіне не керегін білмесе де, ер адамға не жағатынын жақсы біледі. Шынын айтсақ, бұл дұрыс емес. Sexuality ойынын дайындауыма да осы себеп болды. Онда "Анатомия сабағы" дейтін бөлек карталар жинағы бар, сол жерде тақырып ашық айтылады. Мұны ұят немесе міндетті нәрсе деп емес, өз денеңді, сезімің мен қалауыңды жақсырақ танудың бір жолы деп қабылдаған жөн».


Сексологтың сөзінше, топта кездесу өткізгенде әйелдер мұндай уайым мен қорқыныш өзінде емес екенін түсінеді. Басқаларды тыңдай келе, көбінде бірінші рет «менде бәрі дұрыс екен ғой» деген ой пайда болады.

«Біреу мұның не үшін керегін алғаш рет естиді. Біреуі өз басынан өткенін қымсынбай айтады. Бұдан кейін адам ұялуды қойып, тақырыпқа ынталана бастайды. Ашық сөйлесетін ортада «мүмкін маған да өзімді танып-білу керек шығар?» деп ойланады».


Ойын дәріс сияқты өтпейді, ненің дұрыс-бұрыс екенін үйретпейді. Бұл – ұялмай, қымсынбай өз қалауыңызды түсінуге арналған еркін орта.

«Ойын кезінде түрлі жағдайды бастан кешіріп: "бұл маған жаға ма, жоқ па?" деп өзіңізден ашық сұрайсыз. Наздануға да, күлуге де, ұялуға да, тіпті "жоқ" деуге де болады. Өзіңіз байқамаған кей нәрсенінің сізге ұнайтынын байқайсыз. Өйткені бұл нәрсені кітаптан оқып біле алмайсыз, оны тек сезіну керек».


Данияның айтуынша, осындай ойын түрі өзіңізді тереңірек түсінуге жол ашады. Өйткені ішкі қалауыңызды, сыңарыңызбен қарым-қатынасыңызды қайтадан танып, шынайы қызыға бастайсыз.

«Нәтижесінде секс жай ғана міндет, еркекті ұстап тұрудың жолы немесе ұят тақырып болудан қалады. Керісінше, екі адамға бірдей қуаныш пен ләззат сыйлайтын әдемі сезімге айналады».

Бөлісу: