Қыз-келіншектер де мастурбация жасайды. Бірақ көбі бұл туралы ашық айтуға қысылады. Қоғам да бұл тақырыпты талқылауға дайын емес. Ғалымдардың айтуынша, әйелдер көбіне қоғамның сынынан қорқып, өзін кінәлі сезініп, маманнан көмек сұрамайды. Оған қоса ғалымдар қазіргі диагностикалық әдістің көбі ер адамдардың деректеріне сүйеніп жасалғанын, әйелдердің мастурбация жасауы туралы ақпарат тым аз екенін айтады. Енді осы «жабық» тақырыпты барынша ашып тарқатып көрейік.
Әйелдер қолымен жыныс мүшесінің сезімтал аймақтарын сипап немесе уқалап мастурбация жасайды. Кейбірі ләззат алу үшін арнайы интим құралдарды қолданады.

Қыз-келіншектер неге мастурбация жасайды?
Қыз-келіншектер мастурбацияны әртүрлі себеппен жасауы мүмкін. Мысалы:
жыныстық тұрғыда жетіліп жатқанда қызыққаннан;
гормон өзгерістері әсерінен;
өз денесін танып-білгісі келгенде;
интим қалауы пайда болғанда немесе сексуалды қиялға ерік бергенде;
жыныстық қарым-қатынасқа түсетін серіктесі болмағанда;
өзіне не ұнайтынын және денесінің қалай әсер ететінін жақсырақ түсіну үшін;
күйзелгенде;
ұйықтар алдында;
етеккір кезінде немесе оның алдында жасайды. Бұл уақытта кейбір әйелдің жыныстық қалауы күшейеді;
Португалияда жүргізілген, 469 әйел қатысқан зерттеу (Henriques, Costa, Carvalheira, International Journal of Sexual Health, 2025) көрсеткендей, өз денесін жақсы танитын және жыныс мүшесін оң қабылдайтын әйелдер жиірек мастурбация жасайды.
Мастурбация кезінде әйелдерде қандай гормондар бөлінеді?
Окситоцин мен пролактин. Әйел мастурбация жасап, оргазмға жеткенде ағзада окситоцин мен пролактин көбірек бөлінеді. Окситоцинді «жақындық гормоны» деп те атайды. Ол адамның өзін тыныш әрі жайлы сезінуіне көмектеседі. Ал пролактин оргазмнан кейін біраз уақыт жоғары деңгейде болады. Сондықтан көп адамның бойы босаңсып, ұйқысы келеді. Кей зерттеулерде пролактин неғұрлым көп бөлінсе, оргазм да соғұрлым қарқынды сезілуі мүмкін екені айтылған.

Дофамин. Дофаминді «қуаныш гормоны» деп те атайды. Әйел жыныстық тұрғыда қозғанда оның деңгейі біртіндеп артып, оргазм сәтінде ең жоғары деңгейге жетеді. Сондықтан адам ләззатты сезінеді және сол сезімді қайта бастан өткергісі келеді.
Эндорфин мен серотонин. Эндорфиндер ағзаның табиғи ауырсынуды басатын заттары. Олар денені босаңсытып, жағымды сезім сыйлайды. Ал серотонин адамның өзін тыныш сезінуіне көмектеседі. Сол себепті оргазмнан кейін көп адам өзін жайлы әрі еркін сезінеді.
Эстроген. Эстроген оргазм кезінде бөлінбейді. Бірақ оның ағзадағы деңгейі жыныстық қалауға және жыныс мүшелерінің сезімталдығына әсер етеді.
Адреналин мен норадреналин. Бұл гормондардың деңгейі әйел қозғанда көтеріледі. Соның әсерінен жүрек жиірек соғып, қан айналымы күшейеді. Осылай, ағза оргазмға дайындалады.
Мастурбацияның денсаулыққа әсері
Мастурбацияның денсаулыққа зияны бар ма деген сұраққа ғылым әлі нақты жауап берген жоқ. «Жалғыз мастурбация мен жыныстық қанағаттану арасындағы байланыс: жүйелі шолу» деген еңбекте ғалымдар 22 зерттеуді талдап шыққан. Нәтижесінде ер адамдар арасында мастурбация мен жыныстық өмірге қанағаттанбау арасындағы байланыс жиірек байқалған. Ал әйелдерде нәтиже біркелкі болмаған: кей зерттеулер ешқандай байланыс таппаған, кейбірі теріс, ал енді біреулері оң әсерін көрсеткен.

Сондықтан ғалымдар мастурбацияның өзін денсаулыққа зиян деп айтуға болмайды дейді. Оның адамның жыныстық өміріне әсері әркімде әртүрлі болады және көбіне адамның жеке жағдайына байланысты.
Ал АҚШ-тағы Cleveland Clinic орталығы дәрігерлерінің медициналық шолуында мастурбацияның денсаулыққа пайдасы бар екені айтылған:
Күйзелісті азайтады. Мастурбациядан кейін эндорфин, дофамин және окситоцин бөлінеді. Бұл көңіл күйді жақсартып, денені босаңсытады.
Ұйқы сапасын жақсартады. Оргазмнан кейін дене мен жүйке жүйесі босаңсиды.
Оргазмға жетуге үйретеді. Әйел өз денесін жақсырақ танып, қандай стимуляция ұнайтынын түсінеді. Мұны жиі жасайтын әйелдер оргазмды жиірек сезінеді.
Етеккір ауруын жеңілдетеді. Кейбір әйел мастурбациядан кейін жамбас бұлшықеттері босаңсып, гормондар бөлініп, етеккір кезіндегі іштің түйілуі азаятыны байқаған.
Менопауза кезіндегі жайсыздықты азайтады. Қан айналымы жақсарып, қынап әдеттегіден азырақ құрғайды.
Мастурбация бедеулікке, гормонның бұзылуына немесе қандай да бір ауруға әкелмейді. Дегенмен мастурбацияны шектен тыс көп жасаған да зиян.
Мұндай жағдай медицинада компульсивті сексуалдық мінез-құлық бұзылысы деп аталады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл – адамның жыныстық қалауын ұзақ уақыт бойы басқара алмауы және соның салдарынан күнделікті өмірінде қиындықтардың туындауы. Мұндай жағдайда маманға барған жөн.

Қыздық пердеге зияны бар ма?
Көп қызда «мастурбация жасағанда қыздық пердені бүлдіріп алуым мүмкін бе?» деген сауал туындайды.
Жаннұр Дәуренбекова, сексолог, психолог:
«Бұл адамның мастурбацияны қалай жасайтынына байланысты. Қыздық перде барлық қызда бірдей болмайды. Оның пішіні, қалыңдығы, серпімділігі және қалай орналасқаны әр адамда әртүрлі. Сырттай жасалатын стимуляция әдетте қыздық пердеге еш зиян келтірмейді. Ал ішкі тұсына түрлі зат немесе саусағын кіргізсе, кей жағдайда зақым келтіруі мүмкін».
Көпшілік арасында «тұрмысқа шыққаннан кейін немесе тұрақты жыныстық өмір басталған соң мастурбацияға деген қалау жоғалады» деген пікір бар. Алай бұл – жаңсақ пікір. Кейбір әйел жыныстық өмірі басталғаннан кейін де мастурбация жасауын жалғастырады.
Мастурбацияның «мынанша жасқа дейін қалыпты» деген нақты шегі жоқ. Бұл әр адамның жеке ерекшелігіне, жыныстық қалауына және өмір салтына байланысты.

Мастурбацияға арналған ойыншықтар
Кейбір әйел мастурбация кезінде арнайы интим ойыншықтарды қолданады. Олар әртүрлі болады, бірақ негізінен екі топқа бөлінеді.
Сыртқы стимуляцияға арналған ойыншықтар. Олар жыныс мүшесінің сыртқы сезімтал бөлігі – клиторды қоздыруға арналған. Мұндай құрылғының көбі вибрация немесе ауа толқыны (ауа импульсі) арқылы әсер етеді.
Ішкі стимуляцияға арналған ойыншықтар. Бұлар қынаптың ішкі бөлігін қоздыру үшін қолданылады. Олардың пішіні, көлемі және материалы әртүрлі болады. Кейбірі тек ішкі, ал енді бірі ішкі және сыртқы стимуляцияны қатар қамтамасыз етеді.
Интим ойыншықты қолданғанда тазалық пен қауіпсіздік ережелерін сақтаған маңызды. Әр қолданардың алдында және қолданып болғаннан кейін оны мұқият жуып, таза жерде сақтаңыз. Егер ойыншықты басқа адаммен бірге қолдансаңыз, міндетті түрде мүшеқап пайдаланыңыз.

Денеге қауіпсіз материалдан, мысалы медициналық силиконнан жасалған ойыншықты таңдаған жөн. Қажет болса, лубрикант пайдалануға болады. Бұл – үйкелісті азайтып, қолдануды жайлы әрі қауіпсіз ететін арнайы гель. Ол шырышты қабықтың тітіркенуі мен жарақаттану қаупін төмендетуге көмектеседі.
Интим ойыншықтарды дұрыс қолданбай, мүшеңізден қан кетіп, денеңізді ауыртып алсаңыз, дәрігерге қаралыңыз.
Қорытынды
Әйелдер мастурбациясы – қоғамда сирек талқыланатын тақырыптардың бірі. Соның салдарынан бұл туралы көптеген миф пен қате түсінік қалыптасқан. Бүгінде ғылыми деректер мастурбацияның өзін ауру немесе зиян әдет деп қарастыруға негіз жоқ екенін көрсетеді. Ең бастысы, мастурбация жасау – әр адамның жеке таңдауы екенін ұмытпаған жөн.




