1904 жылы Орал тұрғындары экранда қозғалып жүрген адамдарды көріп, таңғалғаннан аузын ашып қалды: пойыз станцияға жетіп, бала тамақтанып, фабрика жұмысшылары үйге қайтып барады. Дыбыссыз болса да, сол қарапайым сәттерден өмірдің өзі көрінетін. Осылай қазақ даласы әлемдегі жаңа өнермен – кинематографиямен алғаш рет таныса бастады.
Бұл өнер небәрі тоғыз жыл бұрын, 1895 жылы, Парижде ағайынды Люмьерлердің арқасында дүниеге келген еді. Көп ұзамай Санкт-Петербург пен Мәскеу тұрғындары да киносеанс көріп үлгерді, кейін кино қазақ даласына да жетті. Оралдағы киносеанстан кейін елдегі тұңғыш тұрақты кинотеатр Верныйда, қазіргі Алматыда ашылды. Бұл кинотеатр «Марс» деп аталды.
«Марстың» кешкі сеансына жиылған қаладағы көрермен
«Марс» кинотеатрында еңбек еткен Аким Турчактың айтуынша, оны Омбыдан келген кәсіпкер Фабри ашқан. Ол Стекольников деген байдың Колпаковский көшесіндегі (қазіргі Достық даңғылы) үйін жалдап, кинотеатрға айналдырған. Көрермен күні бойы жұмыс істеп, кешке қарай «Марсқа» жиылатын. Залда шамамен 40-50 минутқа созылған сеанста көрермен экраннан көз алмай, әр кадрдағы қимылға таңырқап отыратын – ол кезде мұндай «қозғалған сурет» әлі де ғажайып саналатын.
Дегенмен Фабридің мақсаты кино мәдениетін дамыту емес, ақша табу болды. Дәл сол жылы Ташкенттен Сейфуллин деген кәсіпкер жылжымалы киноаппараттар әкеледі. Ал екі жылдан соң қалада үшінші кинотеатр ашылады. «Марс» мұндай бәсекеге төтеп бере алмай, қарызға батып, жабылып қалады.

Ауылдағы қазақ киноны алғаш қалай көрді?
Бұл уақытта Қазақстанның басқа қалаларында кинотеатр болмаса да, киносеанстар көрсетілді. Ал ауыл тұрғындары кино туралы естіп қана жүрді. Осы кезде дүниежүзін шарлаған алғашқы қазақ, революционер Әліби Жангелдин елге оралып, өзімен бірге шағын электрогенераторы бар киноаппарат пен 40 хроника сюжетін әкеледі. Ол ұлт-азаттық көтерілісті ұйымдастырған Амангелді Имановпен бірге ауыл-ауылды аралап, осы фильмдерді тамашалауға мүмкіндік береді. Бір жағынан олар киноны ұлт-азаттық көтерілістің үгіт-насихат құралы ретінде қолданды. Себебі хроника сюжеттерінде ел жұмысшыларының өмірінен эпизодтар, отарлаушылардың озбырлығы бейнеленген еді.
Жангелдин мен Имановтың фильм көрсетіп жүргені туралы хабар Торғай даласына да жетіп, оған қызыққандар көбейді. Тіпті адамдар фильмді көру үшін 30-50 шақырымды артқа тастап келген деседі. Бірақ көп ұзамай Әліби Жангелдин саяси мәселеге байланысты тұтқынға түсіп, Санкт-Петербургқа айдалып кетеді де, киносеанс тоқтап қалады.
Ал 1919 жылы Кеңес үкіметі барлық фотокино ісін мемлекет меншігіне алды. Сөйтіп қазақ киносының тарихы мен кеңес киносының тарихы бірге өрбіді.
Ол кезде қазақ халқының үлкен бөлігі сауатсыз еді: 1926 жылғы санақ бойынша, қазақтардың арасында сауаттылық деңгейі – небәрі 6,9%. Ал кино көру үшін хат танудың қажеті жоқ. Мұны жақсы түсінген Владимир Ленин киноны халыққа ықпал етудің тиімді құралы санап, елдегі кинотеатрлар санын көбейтті: 1923 жылы Семейде тоғыз, 1926 жылы Оралда алты кинотеатр ашылды. 1927 жылға қарай елде жалпы 21 кинотеатр болды.
Экраннан алғаш рет өз даласын көрді
1924 жылы фотограф Евсей Блехман Орынборға атақты қолбасшы Семен Буденныйдің келгенін таспалап алады. Бұл қазақ даласындағы ең алғашқы кинотүсірілім еді. Ал 1925 жылы Қазақстанның сол кездегі жаңа астанасы Қызылордада Қазақстан туралы ең алғашқы көлемді деректі фильм түсірілді. Бұл – қазақ көрермені экраннан алғаш рет өз даласын, өз тұрмысын, өзінің таныс жерлерін тани бастаған кез. Осы фильмнен кейін киностудиялар Қазақстан туралы кинотаспалар жасауға кірісті, экранда бірінен кейін бірі деректі фильмдер шықты.

Осы бетбұрысты 1928 жылы Тұрар Рысқұловтың бастамасымен Мәскеуде ашылған «Востоккино» киностудиясы жалғастырды. Бір жылдан соң Алматыдағы бөлімшесі Дұнған көшесінде, қазіргі Масанчи мен Жамбыл көшесінің қиылысында жұмысын бастады. Онда екі қазақ маман жұмыс істеді: сценарий бөлімін басқарған Ілияс Жансүгіров және оператордың көмекшісі Ескендір Тынышпаев. Дегенмен «Востоккино» техника мен мамандар жетіспегендіктен небәрі үш жылдан соң жабылып қалды.
Түрксіб: қазақ даласы Батыс экрандарында
1929 жылы «Востоккино» студиясы негізінде түсірілген «Түрксіб» фильмі қазақ киносының ғана емес, әлем киносының тарихындағы маңызды фильмдердің біріне айналды. Режиссеры – Виктор Турин. Фильм Түркістан-Сібір теміржолының құрылысына арналып, Орта Азияны Сібірмен байланыстыру идеясы пайда болғаннан алғашқы паровоз салтанатты түрде іске қосылғанға дейінгі құрылысты көрсетті – қазақ даласының тұрмысы, жері мен халқы алғаш рет осынша ауқымда әлем экрандарында көрсетілді. Фильм Берлин, Вена, Роттердам және Лондон қалаларында да көрсетіліп, батыстық сыншылар оны кеңестік киноның үлгісі санады.

Бүгінде «Түрксіб» ХХ ғасырдың ең үздік 50 деректі фильмінің бірі саналады. Батыстағы құжаттамалы киноның классигі, британдық және канадалық режиссер Джон Грирсон бұл фильмді жоғары бағалап, оның ағылшын тіліндегі нұсқасын дайындауға атсалысқан.
Экраннан өз тілін, өз жүзін көрді
1933 жылы Алматыда «Союзхроника» бөлімшесі ашылды. Бөлімше ең әуелі «Кеңестік Қазақстан» киножурналын шығарып, елдегі жаңалықтар мен маңызды оқиғаларды экран арқылы көрсете бастады. Сонымен бірге «Жамбыл ата», «Хан Тәңірі», «Луч Востока» сияқты деректі фильмдер түсірді. Студияның жұмысы бірнеше жақтан қолдау тапты. Қаржыны «Союзхроника» бөлсе, республика да шет қалмады. Ал Ленинградтан келген кинематографтардың еңбегі тіпті бөлек. Олар техника әкеліп, өз мамандарын жіберді. В. Стардин, С. Масленников сияқты кәсіби мамандар Алматыда істеді. Ең маңыздысы — олар тәжірибесін бөлісіп, қазақ жастарына кино түсірудің қыр-сырын үйретті.
Сөйтіп бөлімше күшейіп, өз алдына дербес жұмыс істей алатын деңгейге жетіп, 1935 жылдың соңында «Алматы кинохроника» студиясы болып қайта құрылды. Бұл — ел тарихындағы алғашқы арнайы киностудия еді. Мұнда кино түсіретін камералар, жарық беретін прожекторлар, мультипликация қондырғысы, монтаж үстелдері, дыбыс жазып, дыбыс шығаратын аппараттар, түсірілген материалдарды өңдейтін зертхана болды.

Осы жылдары экранда алғаш рет өз жүздерін көрген қазақ актерлары шықты. «Востоккино» түсірген «Дала әндері», «Жұт», «Қаратау сыры», «Жау сүрлеуі» фильмдеріне Серке Қожамқұлов пен Хакім Дәулетбеков түсті — оларды қазақтың тұңғыш киноактерлары деуге болады. Кейін Қалибек Қуанышпаев, Елубай Өмірзақов, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Шәкен Айманов, Қапан Бадыров сияқты театр әртістері де кинематографияға келді.
Дегенмен бұл кездегі фильмдердің барлығы «мылқау» саналды. Себебі олар дыбыссыз болатын. 1931 жылы Кеңес кинематографиясы үшін жаңа кезең басталып, «Өмірге жол» деген тұңғыш дыбысы бар көркем суретті фильм жарық көрді. Ал Қазақстанда 1933 жылғы тамызда алғашқы дыбысы бар кинотеатр ашылды.

«Амангелді»: залдан шыққан жұрт билетке қайта кезекке тұрды
Алматыдағы киностудия деректі фильмдер ғана түсірген соң, газеттерде көркем фильм түсіру мәселесі көтеріле бастады. Сөйтіп 1937–1938 жылдары «Ленфильм» студиясы Ұлт-азаттық көтеріліс басшысы Амангелді Иманов туралы «Амангелді» фильмін түсіріп, экранға шығарды. Фильмнің түсірілімі 1937 жылдың тамызынан басталып, премьерасы 1939 жылы 25 қаңтарда өтті.
Фильмнің режиссері — Моисей Левин. Сценарийін атақты қазақ жазушылары Бейімбет Майлин, Ғабит Мүсірепов және Всеволод Иванов жазған. Фильмге үш адамнан басқа, түгелдей Қазақ академиялық драма театрының актерлары түсті. Олардың қатарында Амангелді Имановтың рөлін сомдаған Елубай Өмірзақов, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Құрманбек Жандарбеков, Қанабек Байсейітов, Қапан Бадыров, Рахметолла Сәлменов бар.

Амангелдінің жары Балымның рөлін Шара Жиенқұлова сомдап, фильмге түскен алғашқы қазақ әйелі атанды. Тіпті «Амангелді» фильмінің киноплакатына Шараның суретін салып, мәскеулік көрермен Амангелдіні әйел адамның есімі деп те ойлаған.
Фильмнің экранға шығуы қазақ көрермені үшін нағыз мереке болды. Куәгерлердің айтуынша, залдан шыққан жұрт сол сәтте-ақ келесі сеансқа билетке кезекке қайта тұрған.
«Амангелді» фильміндегі көріністің бәрі Алматыда, ал павильондағы түсірілімдер Ленинградтағы «Ленфильм» киностудиясында өткен. Фильм қазақ және орыс тілінде түсірілген. Музыкасын композитор Ахмет Жұбанов Михаил Гнесинмен бірлесіп жазған. Ол халық әндерін халық аспаптар оркестріне арнайылап өңдеп, ұлт атмосферасын тамаша жеткізе білген. Кейінірек, 1966 жылы фильм екінші рет шыққанда композитор Ғазиза Жұбанова музыканы симфониялық оркестрге лайықтап өңдеді. Бұл фильмге эпикалық сипат берді.

«Амангелді» фильмінен соң қазақ жазушылары киносценарий жазуға шынымен қызыға бастады. 1940 жылы «Ленфильм» киностудиясы Мұхтар Әуезов сценарийі бойынша «Райхан» фильмін түсірді. Осы жылдары Мәскеудегі «Союзмультфильмде» қазақ дубляж бөлімі құрылып, көрермен алғаш рет фильмдерді өз тілінде тыңдай бастады.
Осылай, дыбыссыз хроникалардан басталған қазақ киносы небәрі үш-төрт онжылдықта дыбысы бар, толыққанды көркем фильм түсіретін дербес өнер саласына айналды.
Тағы да оқыңыз:




