Ойын-сауықКиноСоғыс жылдары қазақ киносының қалай негізі қаланды?

Соғыс жылдары қазақ киносының қалай негізі қаланды?

25 қаңтар 2026
5 мин
Казахское кино в военные годы: фундамент современного кинематографа

Кейінгі жылдары қазақ кинематографиясы үшін табысты кезең болды. Ұлттық кинопрокат сапалы картиналармен толығып, киноиндустрияда талантты актерлер мен режиссерлер көбейді. Отандық уеб-сериалдарды сүйіп көретіндердің саны елімізде ғана емес, көршілес елдерде де артты. Осы орайда біз қазақ киноөндірісінің тарихынан сыр шертуді шештік. Сонымен қазақ даласындағы киноөндіріс қалай басталды? Тарқатып жазамыз. 


Алматы Голливудтың аналогына айналды


1930 жылдары КСРО басшылығы америкалық Голливудтың аналогы бола алатын кеңестік киностудия құру идеясын көтерді. Алғашында киностудия Қырымда орналасады делінген еді. Бірақ кейін жоспар өзгеріп, ойламаған жерден қазақ даласына ауысты. Бұған Ұлы Отан соғысы себеп болды.  


Соғыс жылдары қиын кезең болса да, кино саласы жұмысын тоқтатпады. Себебі кино  майдандағы жауынгерлердің рухын көтеретін идеологиялық қарудың бірі еді. Ұлы Отан соғысына дейін Кеңес Одағындағы танымал киностудиялар Мәскеу, Ленинград сияқты ірі қалаларда жұмыс істеді. Бірақ кейін бұл аймаққа неміс әскерлері жақындап, жұмысты жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Киностудиялар бірінен соң бірі қазақ даласына, Алатау баурайындағы Алматыға көшті. 


1941 жылғы күзде Алматыға әуелі “Ленфильм”, кейін “Мосфильм” киностудиясы көшті. Бұл уақытта неміс әскерлері Ленинградқа кіріп үлгерген еді. Сондықтан ол жақтағы кинематографтарға аман шығудың өзі үлкен олжа болды. Кейін оларда техникалық құралдар тапшы болып, жұмысқа кедергі келтірді. Ал мәскеулік мамандар ертерек көшкен соң, киностудияның барлық техникалық құралын, реквизитін, костюмін, макетін, барлық керек-жарағын түгендеп алып кетті.


1941 жылғы 15 қарашада Алматы көркем фильмдер киностудиясы, “Ленфильм”, “Мосфильм” киностудиясымен бірігіп, “Орталық біріккен көркем фильмдер студиясы” деп аталды. Сол кездегі Мәдениет үйі (қазіргі мемлекеттік филармония ғимараты) мен “Алатау” кинотеатры киностудияның базасы болды. 



Орталық біріккен киностудияның алғашқы директоры – Михаил Тихонов, орынбасары – Серғали Толыбеков, ал көркемдік жетекшісі – РСФСР-дің еңбек сіңірген әртісі, бірінші дәрежелі Сталиндік сыйлықтың лауреаты Сергей Эйзенштейн. Ленинградтық, Мәскеулік кинематографтар Алматыға келе сала, қызу жұмысқа кірісіп кетті. 1941 жылғы қыркүйекте Алматыда соғыс салдарынан аяқсыз қалған фильмдер түсірілді. Олардың қатарында “Котовский” (реж. А. М. Файнциммер), “Машенька”, (реж. Ю. Я. Райзман), “Александр Пархоменко” (реж. Л. Д. Луков), “Свинарка и пастух” (реж. И. А. Пырьев) болды. Осылай соғыс жылдарындағы эвакуация Алматыны киноның нағыз астанасына айналдырды. 


Киностудиялар неге Алматыға көшті?


Кинотанушы Бауыржан Нөгербектің айтуынша, майдан кезінде қарсыластар Батыс Қазақстанға жақындап қалған. Ал оңтүстікте, терең тылда орналасқан Алматы әлдеқайда қауіпсіз болды. Сол себепті киностудиялар Алматыға көшірілген болуы мүмкін. 


Соғыс кезінде кино түсіру оңай болған жоқ: құрал тапшы, павильон суық, пленка аз. Күндіз электр қуаты өндіріс орындарында пайданылды, сол үшін павильондарға жарық түнде ғана берілетін. Осындай жағдайда Алматы климаты бойынша қолайлы қала болды. Себебі мұнда 365 күннің басым бөлігінде күн ашылып тұрған соң, жасанды жарықты көп қолданбай-ақ, жұмыс істеуге мүмкіндік бар еді. Оған қоса сахналар қымбат декорациялармен жабдықталған павильондарда емес, Алматының әсем табиғатында түсірілді. Әрине, кейбір фильмнің басы Ленинградта түсірілген соң, Алматыны оған ұқсату үшін жасыл желектерін жабуға тырысты. Осының бәріне қарамастан дәл осы қалада аңызға айналған фильмдер түсіріліп, экранға шықты.  


Соғыс кезеңіндегі фильмдердің 80%-ы Алматыда түсірілді 


Алматыда 23 толықметражды фильм, 10 қысқаметражды фильм түсірілді. Бірлескен киностудияның фильмдері майдандағы адамдар, партизандар, тыл еңбеккерлері, кеңес әйелдері, халықтар достығы, ұлттық республикалардың жетістіктері тақырыбына арналды. Оған қоса олар балалар мен жасөспірімдерге арнап картиналар, жауынгерлердің көңіл-күйін көтеру үшін кинокомедия түсірді. 

Алматы бір мезетте актер, режиссер, сценарист, оператор, декортатор, гример, жарық қоятын маман сияқты 3000 кинематографты бауырына басты. Олардың арасында сол кезеңнің танымал тұлғалары да болды. 

Бұрын тек теледидардан көретін кеңес әртістерін енді Алматының кез келген көшесінен кездестіруге болатын. Осылай Алатау баурайындағы шағын қаланың әр бұрышында тарихи маңызды фильмдер түсіріліп, аз уақыт ішінде кеңестік Голливудқа айналып шыға келді. 

“Ұлы Отан соғысы жылдарында ҚазССР астанасы Алматыда өмір қайнап жатты. Галина Серебрякова, Наталья Кончаловская, Сергей Эйзенштейн, Константин Паустовский, Любовь Орлова, Наталия Сац, Галина Уланова, Юрия Домбромский, Михаил Зощенко, Максим Зверев сияқты талантты адамдарды ару қала бауырына басты. Мұнда әлем жұлдыздары да келді. Олардың арасында Сталин премиясының 40 орден иегері мен 21 лауреаты болды”, – дейді кинотанушы Баубек Нөгербек.


“Қазақфильм” ашылып, қазақ режиссерлары фильм түсіре бастады


Соғыс біткен соң кеңес кинематографтары туған жеріне қайтты. Сценарист Ефим Арон, ақын, сценарист Владимир Файнберг, кинооператор Михаил Аранышев, Вячеслав Левицкий, киносуретші Павел Зальцман сияқты кейбір маман өңіріне оралуға асықпай, өз қалауымен Алматыда қалды. Кино қайраткерлердің тағы бір бөлігі, нақтырақ айтсақ, 215 адам іш сүзегінен қайтыс болып, қазақ даласында жерленді. 


Киноматографтар Мәскеуден, Ленинградтан әкелген техникалық құралдарын Алматы киностудиясына табыстап кетті. Қазір оның бәрі Шәкен Айманов атындағы “Қазақфильм” ғимаратында сақталып тұр. Осы жылы Алматыдағы киностудия жеке шаңырақ көтеріп, “Алматы көркем және хроникалық фильмдер студиясы” деген атпен жұмысын жалғастырды. Ал 1960 жылдан бастап “Қазақфильм” деп аталды. 


Дәл осы уақыт ішінде қазақ жастары мәскеулік, ленинградтық киностудиялардың мамандарымен, нағыз шеберлермен бір алаңда жүріп, кино саласының қыр-сырын меңгерді. Сол кездегі буын – Шәкен Айманов, Мәжит Бегалин, Сұлтан-Ахмет Қожықов қазақ киносының интеллигенциясына айналды.


Ұлттық киноөндірістің қалыптасуына 1943 жылы Біріккен Орталық киностудиялар жанынан ашылған Алматы кино актерлары мектебінің де үлесі зор. Кино актерлар мектебін Мәскеуден келген режиссер Григорий Рошаль басқарды. Қазақ жастары төрт жылдық мектепте актерлік шеберліктің қыр-сырын үйренді. 


Көп күттірмей-ақ Алматы киностудиясында тұңғыш ұлттық фильмдер өмірге келді. Соның бірі – 1945 жылы жарық көрген “Песни Абая” фильмі. Мұхтар Әуезовтің сценарийі негізінде режиссер Г. Рошаль қойған бұл фильмге соғыс жылдарында тәжірибе жинаған театр әртістері түгел қатысты. Шәкен Айманов, Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Серке Қожамқұлов сияқты саңлақтар түскен фильм көрерменнің жоғары бағасына ие болды. 1948 жылы режиссер Ефим Арон түсірген “Алтын мүйіз” көркем фильмі де – сол соғыстан кейін қалыптасқан шығармашылық топтың еңбегі. Онда да Шәкен Айманов, Серке Қожамқұлов, Қалибек Қуанышбаев сияқты актерлар басты рөлдерді сомдап шықты. Ал 1952 жылы жарық көрген “Жамбыл” көркем фильмінде Шәкен Айманов қазақтың әйгілі ақыны Жамбылдың рөлін зор шеберлікпен сомдады. Осы “Жамбыл” фильмінен соң Шәкен Айманов режиссерлікке бет бұрды. Оның 1954 жылғы “Махаббат туралы аңыз” фильмі – қазақ режиссеры түсірген тұңғыш толықметражды фильмдердің бірі.


Соғыс кезінде Мәскеу, Ленинград киностудиялары қазақ даласына уақытша көшірілсе де, ұлттық кинематография тарихында мәңгілік із қалдырды. Ал кеңес өнеріне қиын шақта баспана болған Алматы осылай қазақ киносының қара шаңырағына, таланттарды тудырған құнарлы топыраққа айналды.

Бөлісу: