Вегандарға мүлдем ұқсамайтын, тіпті оларға кереғар бір диета бар. Мұнда көкөніс, жеміс-жидек, жарма атымен жоқ. Ет, балық, жұмыртқа мен май ғана бар. Бір қарағанда ақылға сыйымсыз көрінгенімен, жұртты дәл осы ерекшелігі қызықтырады. Әлеуметтік желілерде мұны артық салмақ пен ауру-сырқаудан құтылудың таптырмас емі деп көрсетіп жүр. Tamga Media карнивор диетаның астарында не жатқанын, кейінгі жылдары неге сонша танымал болып кеткенін зерттеп көрді.
Карнивор сөзі ағылшыншадан аударғанда «жыртқыш» деген мағына береді. Бұл жай теңеу емес, адам шынымен де жабайы аң сияқты тамақтанады: өсімдік атаулыны шетке ысырып қойып, тек ет жейді. Ас мәзірінде ет пен балық, жұмыртқа мен май болады. Кейде сүт өнімдерін қосуға болады. Ал ең қатал түрін ұстанатындар тек ет жеп, су мен тұзды ғана тұтынады. Сонымен бірге көкөністер мен жаңғақтарды аз мөлшерде (10%-ға дейін) жеуге болатын жеңілірек нұсқасы бар, бұл «кето диета» деп аталады. Бірақ біз қазір ең қатал түрі туралы айтамыз.
Диетаның мәзірі былай: таңғы асқа стейк, түсте майлы сиыр еті немесе қой еті, ал кешкі асқа балық немесе тағы да ет. Бұл ертедегі көшпенділердің тамақтануына ұқсап кетеді. Бірақ қазір мұны әдетке айналдыру оңай да, арзан да емес.
Мұнда калория санап немесе тамақтарды бір-бірімен қалай үйлестіремін деп бас ауыртпайсыз. Сондықтан да жұрт бұған қатты қызығады.

Мұның логикасы қарапайым: ағза көмірсудан қағылған соң, энергияны майдан ала бастайды. Мұны кетоз деп атайды. Қарапайым тілде айтқанда, денеңіз қуат алу үшін өзінде жиналған майды «жаға» бастайды.
2013 жылғы зерттеудің бірінде: «Көмірсуды азайтып, майлы тағамдарды көбірек жеу инсулиннің жұмысын жақсартуға, қандағы глюкозаны реттеуге және ағзадағы қабынуды басуға көмектеседі», – делінген.
Былай қарасаңыз, қисынға келеді. Қант пен тез сіңетін көмірсуларды мүлдем жемесеңіз, денеңіз басқаша жұмыс істей бастайтыны анық. Бірақ бұл біз ойлағандай оңай емес.
Карнивор диетасы қалай танымал болды?
Бұл диета қалай танымал болды десеңіз, оны ірі медициналық ұйымдар немесе дәрігерлер ұсынған жоқ. Бәрі блогтар мен форумдардағы талқылаулардан және адамдардың өз бетінше жасаған тәжірибелерінен басталған. Біреулер бұл диетаны «ағзаны жыртқыш режиміне қосады» деп мақтаса, енді біреулер осының арқасында арықтағанын айтады.
Әрине, адамдардың шынайы тәжірибесі ең күшті жарнамадан көбірек әсер береді. «Ағзам ақыры дұрыс жұмыс істей бастады» деген сөз кез келген ғылыми дәлелден сенімдірек естіледі.
Ғылыми тұрғыдан алғанда, бұл диета әлі толық зерттелмеген. Ең белгілісі – 2021 жылы Гарвард жүргізген зерттеу. Оған осы диетаны ұстап жүрген 2 мыңнан астам адам қатысқан.
«Сауалнамаға 2029 адам қатысты, олар орта есеппен 14 ай бойы осы диетаны ұстаған. Олардың 93%-ы денсаулығын жақсарту үшін осындай қадамға барған. Ал диабеті бар қатысушылар салмақ тастап, қанындағы қант деңгейінің реттелгенін және дәрі-дәрмекті аз іше бастағанын айтқан», – деп көрсетеді Lennerz зерттеуі.
Бір қарағанда, нәтижесі керемет сияқты көрінеді: қант деңгейі түседі, адамдар артық салмақтан арылады және өзін жақсы сезінеді. Осы тұста бұл зерттеуге кімдердің қатысқанын ескеру керек. Олар кездейсоқ таңдалған адамдар емес, олар диетаны өз еркімен таңдап, оны тастамай ұстап жүргендер.
Сондай-ақ зерттеуде диетаның екінші жағы да көрсетілген. Кейбір қатысушылардың ағзасында LDL-холестериннің деңгейі көтеріліп кеткен. Ал бұл жүрек-қан тамырлары ауруларына шалдықтыруы мүмкін. Зерттеушілер бұл мәселені тереңірек қазбалай бастағанда, жағдай тіпті түсініксіз болып кеткен.
«Кейбір зерттеу карнивор диетасының пайдасы барын шынымен растайды. Бірақ сонымен бірге ағзаға қажет заттардың жетіспеуі, сондай-ақ LDL-холестерин мен жалпы холестерин деңгейінің көтерілуі сияқты қауіптер де анықталған», – делінген 2026 жылғы шолуда.
Мұның соңы неге әкеліп соғуы мүмкін?
Бұл диетаның басты проблемасы – ағзаға керек заттардың азайып кетуі. Өйткені жеп жүрген шөп-шаламның бәрінен бас тартамыз, үйреншікті дәрумендерден, минералдар мен жасушалардан да қағыламыз.
«Осы диетаны ұстағандардың ағзасында тиамин, магний, кальций және С дәрумені жетіспейтіні белгілі болды. Сонымен қатар, ағзада болуға тиіс мөлшермен салыстырғанда, жасуша деңгейі де тым төмен болып шықты», – делінген 2024 жылғы зерттеуде.

Бұл диетаны біржола зиян деп кесіп айтуға болмас. Бірақ ағзаға керек заттардың тепе-теңдігі шынымен бұзылады. Ал жасуша мен ішек микрофлорасы туралы әңгіме тіпті бөлек. Біз оны аса маңызды емес деп ойлаймыз, бірақ ішектің саулығы үшін бұл – ең бастысы.
«Жасуша жетіспесе, ішектегі микрофлора бұзылып, қабыну процестері күшейеді. Бұл зат алмасу мен иммунитеттің әлсіреуіне әкеп соғады», – дейді Cell Host & Microbe журналындағы зерттеулер.
Ал карнивор диетасында жасуша мүлдем жоқ. Бұл – осы диетаға қарсы айтылатын ең салмақты уәждің бірі және оны жоққа шығару әзірге қиын.
Карнивор диетасы қажет пе, жоқ па?
Карнивор диетасының өз логикасы бар. Шынымен де денсаулығы түзеліп жатқан адамдар да, мұны растайтын алғашқы зерттеулер де бар.
«Карнивор диетасы бастапқыда адамның бойын сергітіп, жақсы әсер сыйлағанымен, уақыт өте келе ағзаға керек заттар таусылып, соңында жүрекке салмақ түсіруі әбден мүмкін. Сондықтан ғалымдар мұны әдетке айналдырып, ұзақ уақыт ұстанудың қажеті жоқ деп ашық айтып отыр», – делінген 2026 жылғы зерттеуде.
Осылай жылдап тамақтансақ, ағзамызда қандай өзгерістер болуы мүмкін деген негізгі сұрақ туындайды. Әзірге бұған ешкім нақты жауап бере алмайды, өйткені бақылап көретіндей әлі көп уақыт өткен жоқ. Шындығына келгенде, карнивор жаңаша тамақтану тәсілі емес, бұл – жай ғана эксперимент. Оның үстіне, өте қауіпті эксперимент.



