Екі адамның арасында ұшқын не бар, не жоқ дейді. Шынымен солай ма? Құштарлыққа не әсер етеді, серігіңе бейімделу мүмкін бе? Бұл жайлы отбасылармен жұмыс істейтін коуч, жыныстық тәрбие маманы Ольга Новиковадан сұрап білдік.
Сексуалды үйлесім деген не?
Бұл – ерлі-зайыптылардың жыныстық қатынаста бір-біріне көңілі толуы. Мұнда секстің жиілігі, талғам, құштарлық деңгейі, жұптардың арасындағы жақындық пен бұл тақырыпта ашық сөйлесе алуы маңызды. Сондықтан бұл нәрсе ерлі-зайыптының әрекетіне қарай үнемі өзгеріп отырады.
Ғалымдар оны нақты және іштей қабылданатын үйлесім деп екіге бөледі.
Нақты үйлесім – шынайы өмірде талғам мен қалаулардың бір жерден шығуы.
Сезім үйлесімі – адамдардың бір-бірімен қаншалық үйлесетінін өздері сезінуі. Зерттеулер көрсеткендей, көбіне дәл осы сезім маңыздырақ. Бірақ оған кейінірек тоқталамыз.

«Сексуалды үйлесім – бір-бірін сүйетін екі адамның төсек қатынасынан екеуі де ләззат ала білуі. Мұны моральдық және физикалық үйлесім деуге болады.
– Ольга Новикова
Моральдық үйлесім – серігіңе тартылу, оның иісін ұнату, эмоциялық жақындық, сенім және жанында болғың келу сезімі. Сондай-ақ өз қалауларың мен қиялдарыңды ашық айта алу, қарсы тараптың да ойымен санасу.
Физикалық үйлесім – адамның жыныстық темпераментінің деңгейі. Қарапайым тілде айтқанда, бұл – әрқайсына секстің қаншалық жиі әрі қандай деңгейде керек екені».
Үйлесім тарихы
XX ғасырдың ортасына дейін жұптардың төсек қатынасы қоғамда да, ғылымда да талқыланбайтын жабық тақырып еді. Бірақ бәрі 1948 жылы өзгерді. Америкалық биолог Альфред Кинси мыңдаған адаммен сұхбаттасып, бұдан ұялудың қажеті жоқ екенін, мұның әртүрлі әрі табиғи құбылыс екенін дәлелдеп, сексологияның негізін қалады.
Бұл зерттеуді 1966 жылы Уильям Мастерс пен Вирджиния Джонсон одан әрі тереңдетті. Олар зертханада 700-ге жуық адамды бақылап, жұптар арасында физикалық тұрғыда не болатынын алғаш рет нақты сипаттап берді.
Ал 1970-1980 жылдары ғалымдар тек тән жақындығын емес, адамның бұл қатынасқа психологиялық тұрғыдан көңілі толуын да зерттей бастады. Дәл осы кезде «жұптардың үйлесім табуына не әсер етеді?» деген негізгі сұрақ туды.
2013 жылы Кентукки университетінде ғалымдар Марк, Милхаузен және Мейтленд 133 жұпты зерттеген. Нәтижесінде қызық жайт анықталған: ерлі-зайыптылардың «біз бір-бірімізге саймыз» деген ішкі сенімі олардың интимдік өміріне тікелей әсер етеді екен. Ал нақты қалаулар мен талғамдардың сәйкес келуі онша маңызды рөл атқармаған. Яғни сырттай бәрі үйлесімді көрінгенімен, ішкі жақындық пен сенім болмаса, қанағаттанбауы мүмкін. Керісінше, бір-біріне сеніп, өздерін үйлесімді жұп деп сезінетін адамдар интимдік өмірде әлдеқайда бақыттырақ болады.
АҚШ-та 2023 жылы басталған ұзақ мерзімді зерттеуге 2104 жаңа үйленген жұп қатысқан. Зерттеушілер оларды төрт жыл бойы бақылаған. Нәтижесі қызық: ерлі-зайыпты төсекте бір-біріне қанағаттанса, уақыт келе жалпы қарым-қатынасы да жақсарады екен. Сонымен, бірінші кезекте не тұр?
«Ұзақ жылдар бойы бірге тұратын жұптар үшін секс өте маңызды болғанымен, жалғыз фактор емес. Адам психологиясының бір қызығы – біз уақыт өте келе бір-бірімізге үйренеміз, икемделеміз, тіпті бір толқында боламыз. Расымен де солай. Мысалы, жыныстық қатынаста белсенді адам уақыт өте келе қасындағы серігінің де ықыласын оята алады. Ал жұптардың арасында ішкі жақындық пен сезім болмаса, міне, осы нәрсе кейін үлкен мәселеге айналуы мүмкін».
– Ольга Новикова
Кейде кейбір жұптың бірі жиі жыныстық қатынасқа түскісі келсе, екінші сирек қалайды. Ғалымдар мұндай құбылысты sexual desire discrepancy (жыныстық құштарлықтың сәйкес келмеуі) деп атайды. Бұл – ең көп кездесетін мәселенің бірі.

Уиллоуби мен оның әріптестері 2014 жылы 1054 жұпты зерттеп, арадағы айырмашылық неғұрлым үлкен болса, ерлі-зайыптылардың арасы суып, ұрыс-керіс соғұрлым көбейетінін байқады. Жас ерекшелігі, секстің жалпы жиілігі сияқты дүниелерді ескерген күннің өзінде құштарлық деңгейі арақатынасқа тікелей әсер етеді. Кейінірек 8096 жұп қатысқан тағы бір үлкен зерттеу де осы тұжырымды растады.
Ольга Новикова:
«Ұзақ уақыт бірге болған жұптардың бәрінде дерлік бірі екіншісіне қарағанда сексті жиірек қалайды. Бұған әйелдің етеккір циклі де әсер етеді: овуляцияға жақын күндері олардың құштарлығы әдеттегіден әлдеқайда жоғары. Ал бірі үнемі бас тартып, қысым көрсе, екеуі ашық сөйлеспесе, жыныстық үйлесім болмайды».
87 жұпқа жүргізілген 30 күндік зерттеуде қызық нәтиже көрсетті: бір серіктестің жыныстық қалауы күшейгенде, екіншісінің де интим қатынасының сапасы жоғарылаған. Бұл қорытынды үйлесімнің тұрақты нәрсе емес екенін, екі адамның көңіл-күйіне, энергиясына және жағдайына қарай өзгеріп отыратынын көрсетеді.
Ольга Новикова:
«Бақытты жұптардың өзінде талғам мен қалаулар әртүрлі болуы мүмкін. Кейде тіпті мінезі мен қызығушылығы бір-біріне ұқсамайтын адамдар да жұп құрайды. Мұндай айырмашылықтар қарым-қатынасты керісінше тірі, қызықты етіп ұстап тұруы да мүмкін. Ең негізгі мәселе айырмашылықтың өзі емес, сол қалауларды ашық айтып, бір-бірін түсіне алмау. Ал бұған көбіне ұялу, діни немесе өмірлік ұстанымдар, өзіне деген сенімсіздік кедергі».
Төсекте үйлесім тапқан жұп қандай болады?
Мұндай жұптарда ешқандай мәселе жоқ, мінсіз жандар деп ойласаңыз, қателесесіз. Себебі төсекте үйлесім тапқан жұптардың проблемасы жоқ, қалаулары үнемі бір жерден шығады дегенді білдірмейді.

Ғылымға сүйенсек, мұндай жұптар секс туралы жай ғана ашық сөйлеседі. 2022 жылы 40 мыңға жуық адам қатысқан 93 зерттеуге үлкен талдау жасалды. Зерттеуде серіктестердің секс тақырыбын өзара қалай талқылайтыны қарым-қатынасқа да, төсектегі өміріне де тікелей ықпал ететінін анықтаған. Тіпті бұл тақырыпта қаншалық жиі сөйлескені емес, іштегі ойды бірін-бірі кінәламай ашық жеткізгені әлдеқайда маңызды. Өз қалауын қысылмай айта алатын жұптардың төсектегі өмірі өте жақсы болады, өйткені бірі екіншісіне не керек екенін нақты біледі.
«Кез келген қарым-қатынаста жыныстық қатынастың орны бөлек, бірақ адамдар тек соның үшін ғана бірге болмайды. Көбіне жұптар бір-бірін бағалау, жақындықты сезіну және жан жылуын бөлісу үшін бірге болады. Өзіңнің керек екеніңді, бағаланатыныңды сезіну – әр адам үшін маңызды.
– Ольга Новикова
Алайда жыныстық қатынас мүлдем болмаса немесе оның жиілігі мен сапасына көңіл толмаса, қарым-қатынаста біртіндеп салқындық пайда болуы мүмкін. Реніш көбейіп, ұрыс жиілейді, адам өзіне деген сенімін жоғалтып, тіпті бірге тұрса да жалғызсырай бастайды.
Ал екі жаққа да бәрі ұнаса, бұл қарым-қатынасы нығайта түседі. Қарым-қатынас енді басталған кезде жыныстық қатынас басқа мәселелерді уақытша көлегейлеп, екінші орынға ысырып тастауы мүмкін. Бірақ ұзақ уақыт бірге жүрген жұптарда ең жақсы интимдік үйлесімнің өзі сыйластықтың жоқтығын немесе опасыздықты өтей алмайды».
Ғалымдар жыныстық қатынастағы үйлесімді ары қарай зерттей келе, мынадай сұраққа жауап іздеді: бақытты жұптардың бәрі секспен жиі айналыса ма? Ал жыныстық өмірі белсенді болса да, өзін бақытсыз сезінетін жұптар бола ма? Олар барлық жұпты бір қалыпқа салып, орташа көрсеткіш шығарғысы келмеді. Сондықтан жұптарды екі нәрсеге қарап, өз ішінен бөлек топтарға бөлді: біріншісі – секспен қаншалық жиі айналысады; екіншісі – екі жақтың да бір-біріне көңілі қаншалық толады.

Нәтижесінде жұптар мынадай төрт топқа бөлінді:
1-топ (жұптардың 86%-ы): Екі жақтың да бір-біріне көңілі толады, ал жыныстық қатынас шамамен аптасына бір рет болады. Арақатынасы жақсы, бақытты жұптардың көбінде көрініс осындай.
2-топ (жұптардың 3,6%-ы): Екі жақтың да қарым-қатынасқа көңілі толмайды, секспен сирек айналысады, айына екі-үш реттен де аз болады.
3-топ (жұптардың 4%-ы): Әйелдің қарым-қатынасқа көңілі толады, ал ер адам мүлдем риза емес. Жыныстық қатынас жиілігі орташа – айына екі-үш рет пен аптасына бір рет.
4-топ (жұптардың 6%-ы): Мұнда керісінше, ер адам риза, ал әйелдің көңілі толмайды. Секстің жиілігі үшінші топтағыдай орта деңгейде.
Зерттеушілер тағы бір маңызды сауалға жауап іздеп көрді: арасында секс мүлдем болмаса да, өздерін бақытты сезінетін жұптар бар ма? Осы мақсатта ең кемі үш ай бойы жыныстық қатынас болмаған 124 жұпты бөлек қарастырды. Таңғаларлығы, олардың шамамен 40%-ы (бүкіл қатысушының 2%-ы) қарым-қатынастарына әбден риза.
Бұдан шығатын қорытынды: жұптардың көбінде секс пен бақыт тығыз байланысты екені рас, бірақ бұл бәріне бірдей ортақ ереже емес. Төсек қатынасы жоқтың қасы болса да, тату-тәтті өмір сүре беретін жұптар да кездеседі. Ал ең қауіпті жағдай ерлі-зайыптылардың екі түрлі күйде болуынан басталады. Мысалы, біреуі бәріне риза, екіншісі өзін мүлдем бақытсыз сезінуі.
Сексолог кеңесі
Төсектегі қиындықтар әртүрлі себептен шығады: бір-біріне үйреніп кету, баяғы қызықтың жоғалуы, күнделікті күйзеліс, шаршау. Мысалы, әйел бала көтеріп, емізіп жүргенде гормондардың әсерінен секске зауқы соқпай қалады. Жастың да әсері бар: уақыт өте келе еркектің қуаты азайса, әйелдерде, керісінше, 35 жастан кейін құштарлық оянады. Бұған іштегі реніш, ақша тапшылығы немесе тұрмыстағы келіспеушіліктер де қосылады.
«Көбіне махаббат өлмейді, жай ғана ерлі-зайыптылар бір-біріне уақыт бөлмей кетеді. Жұптар өз қиялдарын айтуды қояды, сырт келбетіне қарамайды, бір-бірін таңғалдыруға тырыспайды. Содан кейін алғашқы қадамды бірінен-бірі күтіп, іштей өкпелеп жүре береді».
– Ольга Новикова
Сөйлесіңіздер
Бұл сөз тым қарапайым естілуі мүмкін, бірақ ғылым оны қайта-қайта дәлелдеп келеді. Жыныстық өмірі туралы ашық сөйлесетін жұптар үндемей жүретіндерге қарағанда әлдеқайда бақытты. Барлық мәселені бір-ақ күнде шешу міндет емес. Тек әңгіме бастағанның өзі жеткілікті.
«Тәжірибеде көріп жүргенімдей, ерлі-зайыптылардың ашық сөйлесуіне бірнеше нәрсе кедергі болады. Бұл – бір-бірін кінәлау және өзгелермен (бұрынғы араласқан адамдарымен, кино-кітаптағы кейіпкерлермен немесе достарымен) салыстыру. Сондай-ақ орынсыз шарт қою немесе қарсы тараптың қалауын мүлдем елемеу де араны суытады. Әдетте адамдар «мен айтпасам да, өзі түсінуі керек» деп үндемей жүре береді. Бірақ мәселені жылдап іште сақтаудың соңы ажырасуға алып келеді».
– Ольга Новикова

Арадағы үйлесімді іштей сезіну
Үйлесімді іштей сезіну құрғақ фактілерден әлдеқайда маңызды. Арадағы жақындықты сезініп, жарыңыздың тырысып жүргенін байқасаңыз – бұл көп нәрсені өзгертеді. Оған шынайы көңіл бөлу, қамқор болу әрі қасынан табылу кез келген әдіс-тәсілден кем түспейді.
Ольга Новикова:
«Бір кешті тек екеуіңізге арнаңыз. Қатар отырып, қолдарыңызға қалам мен қағаз алыңыздар. Сосын әрқайсыңыз "Төсектегі қандай құпия қалауым бар?" деген сұраққа жауап ретінде 10 нәрсені тізіп жазыңыздар. Еш қысылмай, қорықпай, бәрін ашық әрі шынайы жазу керек. Дайын болған соң, жазғандарыңызды өзара алмасып оқыңыздар. Бұл әдіс ұят пен қорқынышты бірден сейілтеді, арадағы сенімді арттырады және көп жыл бірге тұрған жұптардың сезімін қайта жаңғыртады».
Маңызды ереже: ешқандай сын, күлкі немесе артық сөз болмасын. Тек түсініп, ашық болу маңызды. Жарыңыздың парағынан өзіңізге ұнаған, байқап көргіңіз келетін немесе мүлдем жат нәрселерді белгілеңіз. Сосын екі жаққа бірдей ұнаған тұстарды сөйлесіңіздер. Жарыңыздың тізімінен бір қалауын таңдап, оны алдағы аптада орындаңыз. Осылай бір нәрседен ғана бастау керек. Кейінірек бұл тізімге әлі талай қайта ораласыз.
Бәрін тек секстің санымен өлшеуге болмайды
Егер сіз жиі, ал жарыңыз сирек қаласа, ұялмаңыз немесе кінәламаңыз. Бұл – өте жиі кездесетін жағдай. Секстің жиілігі бәрін шешетін жалғыз көрсеткіш емес. Ұзақ жылғы қарым-қатынаста сезімнің бірде тасып, бірде басылуы – әбден қалыпты. Төсектегі сапа, арадағы жақындық, қауіпсіздік пен сенім де өте маңызды. Ең бастысы, мәселені іште сақтамай, ортақ шешім іздеу керек. Қажет болса, сексолог немесе психолог маманға барыңыздар. Мұндай мәселені оңай шешуге болады. Ол үшін екі жақтың да бірге жұмыс істеуге ниеті болса жеткілікті.
«Айына кемінде екі рет арнайы уақыт бөліп, оңаша сөйлескен пайдалы. Бір-біріңізден не жетпейтінін, іште жүрген, бір-біріне айтпаған қандай қалауларыңыз бар екенін және оның қайсын орындауға дайын екеніңізді ашық сұраңыздар.
Сексологияда “екілік ережесі” деген бар. Екі күнде бір рет бір-біріңізге жылу сыйлаңыздар: құшақтасаңыздар, сүйсіңіздер, еркелеңіздер. Екі аптада бір рет кездесуге шығып немесе бала-шағасыз, жұмыссыз, тұрмыстағы тірліксіз оңаша кеш өткізіңіздер. Әдемі киініп, бір-бірлеріңізге мақтау айтып, назданыңыздар. Екі айда бір рет қала сыртына екеуіңіз ғана шығып тұрыңыздар. Ал екі жылда бір рет өмірлеріңізге үлкен өзгеріс енгізіңіздер (көшу, балалы болу, үлкен саяхат немесе үй жөндеу). Мұндай ортақ мақсаттар жұптарды жақындастырып, қарым-қатынастың жаңа парағын ашады».
– Ольга Новикова



