Денсаулық18+«Жыныс мүшесін кішірейтеді»: ерлер мастурбациясының пайдасы мен зияны

«Жыныс мүшесін кішірейтеді»: ерлер мастурбациясының пайдасы мен зияны

21 шілде 2026
3 мин
"Американский жиголо" фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Сексуалдық қажеттілік пен өз денеңді тану – біздің қоғамда әлі күнге дейін «жабық» тақырып. Осының кесірінен «мастурбация зиян», «қуат таусылады», «бедеулікке әкеледі» деген сияқты ғылыми негізі жоқ мифтер қалыптасқан. Шын мәнінде, медицина бұл процесті адамның табиғи әрі қалыпты мінез-құлқы деп санайды. Tamga Media бұл процестің пайдасы мен зиянын талдап көрді.


Мастурбацияның қандай пайдасы бар?


Анықтама: Мастурбация – сексуал ләззатқа немесе оргазмға жету үшін адамның өз жыныс мүшелерін серіктессіз, өздігінен қоздыру әрекеті.


Медицина мен ғылым бұл мәселеге өте прагматикалық тұрғыдан қарайды. Оған сәйкес, бұл процесс қауіпсіз, өйткені жыныстық жолмен берілетін инфекциялар мен жүктілік қаупі жоқ. Оның үстіне, денсаулыққа тигізер нақты пайдасы да бар:

  1. Күйзелісті басады. Процесс барысында мида дофамин мен окситоцин гормондары бөлініп, көңіл күй жақсарады және стресс деңгейі төмендейді.

  1. Ұйқыны қалпына келтіреді. Мастурбация босаңсуға, ұйқы сапасын жақсартуға, ауырсынуды жеңілдетуге және зейін қоюды жақсартуға көмектеседі.

  2. Қуық асты безіне (простата) пайдалы. Бұл – ең қызық медициналық фактілердің бірі. Гарвард университетінің зерттеуіне сүйенсек, айына кем дегенде 21 рет эякуляция жасаған (бітіру – ред) ерлерде простата қатерлі ісігіне шалдығу қаупі шамамен 30% төмендеген.

  3. Өз денеңді тану. Бұл адамның өзін-өзі сексуалдық тұрғыда түсінуіне және ненің ұнайтынын білуіне көмектеседі.

Қанша рет мастурбация жасаған дұрыс?


Бұл – жігіттерді жиі мазалайтын басты сұрақтардың бірі. Ғылымның жауабы қарапайым: нақты бекітілген норма жоқ.


Көптеген ер адам айына бірнеше реттен аптасына бірнеше ретке дейін жасайды. Біреулер үшін күн сайын жасау қалыпты, енді біреулер мүлде қажет етпейді, бұның екеуі де қалыпты. Жиілік адамның жасына, либидосына, өмір салтына және стресс деңгейіне тікелей байланысты. Ерлер 18-29 жас аралығында жиі мастурбация жасаса, жас ұлғайған сайын азайтады екен.


Қашан зиян болуы мүмкін?


Процестің өзі ешқандай зиян емес, шектен тыс жасау мәселе тудыруы мүмкін. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мұны бақылауды жоғалту (компульсивті мінез-құлық) бұзылысына жатқызады. Адам салдарын біле тұра шамадан тыс мастурбация жасаса және өзін тоқтата алмаса, бұл – психологиялық тәуелділік.

Әдетте мастурбацияны қанша рет жасағаны емес, оны қалай жасағаны маңызды. Мысалы, шамадан тыс қысып немесе тым жылдам жасаса, жыныс мүшесінің сезімталдығы төмендеп кетеді. Медицинада мұны десенсибилизация деп атайды. Бұдан кейін ағза өте қарқынды, қатты стимуляцияға жауап беретін күйге түседі. Серіктеспен жыныстық қатынасқа түскенде мүшесі тұрмай, қатаймай қалуы, тез немесе кеш бітіруі мүмкін. Салдарынан оргазмды толық сезінбеуі мүмкін.


Мұндай мәселе туындағанда қысымды азайтып, тәсілді өзгертіп немесе біраз уақытқа толықтай үзіліс алу керек. Сонда мүшенің сезімталдығы қайта қалпына келеді.


Қысқаша айтқанда, мына белгілер байқалса, мастурбация ләззат сыйлайтын процесс емес, проблемаға айналғанын білдіреді деген сөз:

  • Күнделікті өмірге, жұмысқа, оқуға немесе адамдармен қарым-қатынасқа кедергі келтіре бастаса;

  • Өз қалауыңызбен емес, бақылаусыз, мәжбүрлі түрдегі әдетке айналып кетсе;

  • Процестен кейін ауыр уайым, күйзеліс немесе кінә сезімі туындай берсе.

Халық арасындағы мифтер


Бұл тақырыптың айналасында түрлі алыпқашпа миф көп. Ең көп тараған жаңсақ пікір мен олардың ғылыми негізін қарастырайық:


1-миф: Потенцияны төмендетеді.


Шындық: Ғылыми тұрғыдан бұл мүлде олай емес. Керісінше, эрекцияны жаттықтыруға көмектеседі.


2-миф: Тестостерон деңгейін төмендетеді.


Шындық: Тестостерон деңгейі мастурбациядан кейін 10 минут ішінде-ақ қалпына келеді. Процесс барысында гормон деңгейі уақытша өзгеруі мүмкін. Бірақ перспективада сіздің базалық тестостерон деңгейіңізге және жалпы гормондық фоныңызға ешқандай кері әсер етпейді.


3-миф: Бедеулікке әкеледі.


Шындық: Мастурбация жиілігі бедеулікке әсер етпейді. Сперматозоидтардың сапасы мен санына ешқандай зиян келтірмейді.

4-миф: Жыныс мүшесі кішірейіп кетеді.


Шындық: Бұл тұжырымды растайтын ешқандай ғылыми дәлел жоқ. Бұл – негізсіз үрей.


5-миф: Энергияны сорып, күш-қуатты тауысады.


Шындық: Бұл пікір ғылыми фактілерге емес, ескі мәдени немесе мифологиялық сенімге негізделген. Оның денсаулыққа зиян тигізіп, адамды әлсірететіні ғылыми түрде дәлелденбеген.


Мастурбация – денсаулыққа қауіп төндірмейтін, керісінше, эмоциялық және физиологиялық пайдасы бар қалыпты процесс. Оған жаман әдет ретінде қараудың қажеті жоқ. Ең бастысы – өз денеңізді тыңдап, процестің бақылаудан шығып кетпеуін қадағалау. Бұл сіздің өміріңізге, психикаңызға және адамдармен қарым-қатынасыңызға көлеңкесін түсірмесе, уайымдауға еш негіз жоқ.

Бөлісу: