Ойын-сауықОқиғаЖұртты сендірген өтіріктер: тарихтағы ең шулы 1 сәуір қалжыңдары

Жұртты сендірген өтіріктер: тарихтағы ең шулы 1 сәуір қалжыңдары

1 сәуір 2026
5 мин
Как Илон Маск устроил падение акций на 7%, и другие шутки на 1 апреля

Жылына бір рет салмақты басылымдардың өзі адал ниетпен өтірік айтып, мемлекеттік агенттіктер жалған ақпарат таратып, ал алпауыт корпорациялар «солақайларға арналған бургер» туралы ертегі айтатын күн болады. 1 сәуір – күнтізбедегі алдаудың өзі әдептілік саналатын жалғыз күн. Өтірігің қаншалық қызық болса, соншалық шапалақ қатты соғылады. Tamga Media күлкі күніне орай әлемдегі ең шулы қалжыңдарды шолып шықты. 


Егістікте өсетін макарон. BBC. 1958 жыл


Бұл – теледидар тарихындағы ең әйгілі қалжыңдардың бірі. 1958 жылғы 1 сәуірде BBC «Швейцарияда макарон өсіп, мол өнім жиналды» деп көрсетіп, көрерменді сендіріп қойды. BBC-дің шынайы деректі репортажы сияқты түсірілген: салмақты сюжет, кадр сыртындағы сенімді дауыс, бұтақтардан макарон сабақтарын ұқыпты жинап жатқан шаруалар.


Айта кетсек, ол кезде паста Ұлыбритания үшін таңсық ас болатын, сондықтан жұрт судай жаңа өтірікке шүбәсіз сенді. Бағдарламаны 8 миллион британиялық көрермен тамашалап, редакцияға «макаронды қалай егеді?», «макаронның тұқымын қайдан алуға болады?» деп сұрап хабарласқандар да болды. 


Ал BBC: «бір тал спагеттиді томат соусы құйылған құтыға салып, көктемді күтіңіз» деп жауап қайтарды. 


Бұл оқиға журналистика оқулықтарына «мінсіз дезинформация» ретінде еніп, ХХ ғасырдың ең үздік қалжыңы деп танылды.


Теледидар арқылы иіс сезу. BBC. 1965 жыл


BBC бір шедеврмен шектелмеді. 1965 жылы корпорация Smellovision деген жаңа технологияны таныстырды. Енді үйдегі кез келген теледидар студиядағы иісті жеткізе алады деді. Кейін тікелей эфирде пияз турап, кофе қайнатып көрсетті. Жүргізуші технологияның жұмыс істеу механизмін байсалды кейіппен түсіндіріп, сарапшылар пікір білдіріп, оператор пиязды барынша ірі планда түсірді.


Ондаған көрермен хабарласып, иісті анық сезгенін, тіпті пияздан көзі жасаурағанын айтып шағымданды. Бұл қалжың адамның өзін-өзі иландыра алатынын көрсетіп берді. Яғни адамға «сен мұны сезуің керек» десе, ол расымен сезе бастайды. Психологтар бұл жағдайды теледидар беделінің адам түйсігін қалай өзгерте алатынына мысал ретінде әлі күнге дейін келтіреді.


Биг-Бен цифрлық жүйеге көшеді. BBC. 1980 жыл


1980 жылғы 1 сәуірде BBC Лондонның символы – Биг-Беннің механикалық тетігі электрон жүйеге ауыстырылатынын хабарлады. Ол кезде бұл жаңалық қисынды көрінді. Өйткені цифрлық технологиялар сәнге айналып, ел ішінде жаппай жаңғырту (модернизация) мәселесі талқыланып жатқан-ды. Жаңалық үйреншікті іскерлік стильде берілді.


Бұл хабарды естіген британиялық азаматтардың ашуында шек болмады. Олар ұлттық құндылыққа қол сұғып,  жеке басымызды балағаттап жатсыңдар деді. Мұның әзіл екені айтылғанша, редакцияға мыңдаған агрессияға толы хат келіп түсті. Бұл BBC-дің үшінші ірі қалжыңы еді. Осыдан кейін корпорацияның көрерменді алдауды өзінше бір өнер жанрына айналдырғаны белгілі болды.


Профессор Боскиннің тұжырымы. Associated Press. 1983 жыл


Кейде ғалымдардың өздері де өз ойынының тұзағына түсіп қалады. 1983 жылы Associated Press агенттігі Бостон университетінің профессоры Джозеф Боскиннің «Күлкі күнінің шығу тарихы» туралы тұжырымын айтты. Оның сөзінше, бұл дәстүр Рим императоры Константиннің тұсында басталған. Ол сарай сайқымазақтарына дәл 1 сәуірде мемлекетті басқаруға рұқсат берген екен. Сайқымазақтардың бірі мүмкіндікті мүлт жібермей, жыл сайын осы күні әзілдесу туралы жарлық шығарыпты-мыс.


Оқиға өте ғылыми әрі сенімді шықты. Көптеген газет Боскиннің теориясын көшіріп басты, тек біраз уақыттан кейін ғалым мұның бәрін ойдан шығарғанын мойындады. Бостон университеті қызметкері үшін ресми кешірім сұрап, жаңалықты басқан басылымдар теріске шығарып, қайта жариялауға мәжбүр болды. Бұл оқиға академиялық атақ пен нық сенімді дауыстың журналистердің сыни ойлау қабілетін қалай тұмшалап тастайтынына классикалық мысал болды.


Бельгияның жоғалып кетуі. The Independent. 1992 жыл


Британиялық The Independent басылымы «құпия келіссөздердің» нәтижесінде Бельгияның солтүстік бөлігі Нидерландыға, ал оңтүстігі Францияға қосылғанын мәлімдеген. Тіпті автор еуропалық мемлекеттің бірі картадан жоғалса, оның Еуропа Одағына әсері қандай болатынын байыппен талдаған. Материал нақты саяси тартыстарға сілтеме жасай отырып жазылғандықтан, жұрт оған шынымен сеніп қалған.


Көптеген оқырман Бельгия елшілігіне хабарласып, мән-жайды анықтауға тырысты. Бұл қалжың халықаралық деңгейдегі дауға ұласып, Ұлыбританияның Сыртқы істер министрі Тристан Гарел-Джонс ресми мәлімдеме жасауға мәжбүр болды. Бір ғана газет мақаласы дипломатиялық дағдарысқа себеп бола жаздады. 


Марадона «Спартакқа» ауысады. «Известия». 1988 жыл


Кеңес баспасөзіндегі тұңғыш, бірақ бірден әлемдік деңгейге шыққан қалжың. 1988 жылы «Известия» газеті Диего Марадонаның мәскеулік «Спартакқа» 6 миллион долларға ауысатынын хабарлады. Associated Press бұл сенсацияны дереу әлемге таратты. Агенттік толығырақ ақпарат сұрағанда ғана, кеңестік газет бүгін 1 сәуір екенін еске салды.


Шетел басылымдары бұл жаңалықты шын әрі ресми ақпарат деп ойлады. Өйткені батыс үшін КСРО баспасөзі – әзіл-қалжыңнан ада, тек бюрократиялық деректерді тарататын машина еді. Бұл айланың іске асуына оқырманның дереккөзге деген шексіз сенімі де себеп болды.


Солақайларға арналған бургер. Burger King. 1998 жыл


1998 жылы Burger King компаниясы USA Today газетінде АҚШ-та тұратын 32 миллион солақайға арнап бургер жасап шыққанын хабарлады. Бургердің құрамы өзгермеген, тек ішіндегі қоспаның бәрі солақайларға ыңғайлы болу үшін «180 градусқа бұрылғаны» айтылды.


Әзіл екені ап-анық көрініп тұрса да, оған бәрі сенді. Келесі күндері мейрамханаларға адам сыймай кетті: солақайлар өздеріне тиесілі асты, ал оңқайлар «оңқайларға арналған» бургерді талап етті. Бұл – жаңа өнім шығармай-ақ, маркетингтік табысқа жетудің озық үлгісіне айналды.


Азаттық қоңырауы сатылды. Taco Bell. 1996 жыл


1996 жылы Taco Bell компаниясы тарихи Liberty Bell қоңырауын сатып алып, атын «Taco Liberty Bell» деп өзгерттік деп жариялайды. Пресс-релиз кәдімгі ресми құжат сияқты болды. Онда дәйексөздер, келісімшарт туралы мәліметтер – бәрі бар. Жүздеген адам ақпаратты шын деп ойлаған Филадельфиядағы ұлттық паркке қоңырау шалып, ашуын білдіреді.


Жағдайды Ақ үйдің баспасөз хатшысы одан ары қыздыра түсті: брифингте осы туралы сұрағанда, ол еш саспастан Линкольн мемориалының да сатылып кеткенін, енді оның Ford Lincoln Mercury Memorial деп аталатынын айтып салды. Taco Bell компаниясы елдегі барлық ірі басылымның басты бетіне шықты. Егер бұл жарнама ақылы болса, компанияға ондаған миллион долларға түсер еді.


Gmail-дегі «Mic Drop» батырмасы. Google. 2016 жыл


Күлкі күнінің бәрі бірдей сәтті аяқтала бермейді, кейде оның соңы кешірім сұраумен немесе жұмыстан кетумен тынады. Google компаниясы Gmail-ге «Send + Mic Drop» деген батырма қосты. Оны басқанда хатқа микрофон тастап жатқан миньонның GIF-суреті шығып, хатқа келетін жауаптар автомат түрде жабылатын. Бірақ бұл әзіл көптеген адамды ыңғайсыз жағдайға қалдырды. Себебі қолданушылар бұл батырманы байқамай іскерлік хаттарда басып жіберген.


Бір қолданушы жұмыс берушісіне осындай хат жіберіп, жұмысынан айырылғанын айтса, енді бірі маңызды келіссөздің ортасында тапсырыс берушімен байланысын үзіп алған. Көп ұзамай Google бұл функцияны өшіріп, тәжірибенің сәтсіз болғанын мойындады. Ресми кешірім сұрап, мұны «техникалық ақау» деп түсіндіруге тырысты. Бұл жағдай корпоративтік әзіл мен корпоративтік зиянның арасы өте жұқа екенін көрсетті.


Tesla банкротқа ұшырады. Илон Маск. 2018 жыл


Илон Масктың Tesla банкрот болғаны туралы твиті инвесторларды кәдімгідей дүрліктірді. Сол кезде компания расымен де қиын кезеңді бастан кешіп жатқан болатын. Маск «барлық күш-жігерімізге қарамастан, Tesla банкрот болды» деп жазып, зауыт еденінде ұйықтап жатқан суретін жариялады.


Келесі күні компания акциялары 7% арзандап кетті. АҚШ-тың бағалы қағаздар нарығын реттейтін органы (SEC) мұны әзіл деп қабылдамады. Осыдан кейін Маскқа компания туралы кез келген көпшілікке жарияланатын пікірін директорлар кеңесімен келісу міндеттелді. 


Volkswagen-нен Voltswagen-ге болып өзгереді. Volkswagen. 2021 жыл


Volkswagen-нің америкалық бөлімшесі электромобильдерге көшуге байланысты атауын Voltswagen деп өзгерттік деп мәлімдеді. Ресми сайттағы пресс-релиз соншалық сенімді жазылғандықтан, Reuters пен Associated Press сияқты ірі агенттіктер оны шынайы жаңалық деп таратып жіберді.


Кейін компания мұның тек қалжың екенін мойындады. Медиа сарапшылары бұл жағдайды ұзақ талқылады: Volkswagen бір тиын шығындамай-ақ, өзінің электр стратегиясы туралы әлемге паш етті. 


Астана Ақорда болып өзгереді. КазТАГ. 2013 жыл


2013 жылғы 1 сәуірде қазақстандық және ресейлік ақпарат құралдарында «Астананың аты жуырда Ақорда болып өзгереді» деген хабар дүр ете қалды. Жаңалықта бұл шешімді ономастикалық комиссия мақұлдап қойғаны айтылды. Тіпті жаңа атаудың «Алтын Орда» ұғымымен үндестігін алға тартып, тарихи негіздеме де келтірген. Қазақстан қоғамы үшін жер-су аттарын өзгерту мәселесі қашан да сезімтал тақырып болғандықтан, жұрт бұл ақпаратты еш күмәнсіз қабылдап, жаңалық лезде тарап кетті.


Тегіңізге «Нұр» жалғауы қосылады. «Стабильная газета».  2019 жыл


Щучинск аудандық басылымында қазақстандықтардың тегіне міндетті түрде «Нұр» тіркесі қосылатыны туралы қысқаша ақпарат шықты. Авторлар мақала соңында «Первоапрельский Щучинск» деп қол қойып, мұның қалжың екенін аңғартқан еді. Алайда газет бетінің суреті әлеуметтік желілерде жаппай тарай бастағанда, бұл маңызды деталь ескерусіз қалды. Соның салдарынан ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне бұл жалған мәліметті ресми түрде теріске шығаруға тура келді. Осылай, таралымы небәрі бірнеше мың дана болатын аудандық газет тұтас бір министрлікті шұғыл жауап беруге мәжбүр етті.


Оңтүстік балаларына чип орнатылады.
Otyrar.kz 2014 жыл


Шымкенттік Otyrar.kz порталы «мектеп оқушылары мен студенттердің қайда жүргенін және сабақ үлгерімін қадағалау үшін олардың денесіне чиптер орнатыла бастады» деген шулы жаңалық таратты. Бұл ақпарат қоғамда нағыз дүрбелең туғызды. Ата-аналар жаппай алаңдап, кейбірі мән-жайды анықтау үшін мемлекеттік мекемелерді шулата бастады. Қалжың дәл нысанаға тиді: баланың қауіпсіздігіне деген ата-аналық уайым – кез келген адамның ең нәзік тұсы. Сондықтан жұрт бұл «сенсацияны» еш күмәнсіз, шындық ретінде қабылдады.


Түйін: бұл оқиғалардың астары неде?


Сәтті шыққан 1 сәуір қалжыңы – қоғам айнасы. Ол біздің беделді дереккөздерге қаншалықты сенетінімізді көрсетеді. BBC «бөтен планеталықтар» туралы емес, қарапайым макарон мен иіс туралы қалжыңдады. Burger King де алтын тау емес, тек «солақай» бургер ұсынды. Қазақстандық басылымдар да халықтың ішкі үрейі мен үмітін алып, оны шегіне жеткізе көрсетті.


Ең шулы қалжыңдар мүмкін емес нәрсені айтқанда емес, қиял мен шындықтың арасы тым жақын болғанда әсер етеді. «Осы рас па, әлде өтірік пе?» деген күмән туған жерде 1 сәуір тойлана береді.


«Ең сәтті қалжың – біздің сенгіміз келетін өтірік». Күлкі күні құтты болсын!

Бөлісу: