Денсаулық●Биохакинг●Жұрт неге пептидке әуес және оның қандай қаупі бар?

Жұрт неге пептидке әуес және оның қандай қаупі бар?

10 шілде 2026
6 мин
Фото: Pexels

Бұрын пептидтер туралы тек дәрігерлер, ғалымдар мен кәсіби спортшылар білетін. Ал қазір бұл жөнінде спорт залдарда, барбершоптарда, TikTok пен Telegram-да айтылады. Себебі пептидтер ағзаны тез оңалтады, бұлшықет өсіріп, жасартады, тіпті арықтауға көмектеседі деседі. Кейбіреулер мұны кейінгі жылдардың басты жаңалығы десе, енді біреулер «стероидтың қауіпсіз баламасы» деп жүр. Көбі мақтай берген сайын, күмән да арта түседі. Ендеше, анық-қанығын біліп көрейік.


Пептид өзі не нәрсе?


Пептидтер таңсық дүние емес, олар барлық адамның ағзасында бар. Қарапайым тілде айтқанда, пептид – аминқышқылдарының қысқа тізбегі. Оларды ақуыздың негізін қалайтын кішкентай кірпіштер деуге болады. Егер ақуыз осы кірпіштерден құралған ұзын шынжыр болса, пептид – соның қысқа ғана бөлігі. Олар жасушаларға белгі береді: қай жерде тін тезірек жазылуы керек, қай жерде иммунитет оянуы қажет, ал қай жерде белгілі бір заттар бөлініп шығуға тиіс.


Медицинада кейбір пептидті баяғыдан қолданады. Мысалы, қант диабетін, артық салмақ, басқа да ауруларды емдейтін қазіргі дәрілердің бір бөлігі – осы пептидтер. Сондықтан бұл сөзден шошудың қажеті жоқ. Ал пайдасы мен зияны оның қай түрін таңдағаныңызға, оны қалай пайдаланғаныңызға байланысты.


Жұрт неге сонша шулап жатыр?


Жүрттың пептидтер туралы айтып жүргеніне он жылдай болды. Әуелі спортшылар қызықты, кейін блогерлер мен сұлулық саласындағы мамандар іліп әкетті.


Мұның себебі қарапайым, жаңа препараттың көбі шаршамай тез оңалу, бұлшықет өсіру, қиналмай арықтау және жасару сияқты адамдардың ең көп іздейтін нәрселерін уәде етеді. 


Оның үстіне, «пептид» сөзді құлаққа жағымды әрі ғылыми естіледі. Жарнама жасаушыларға да керемет мүмкіндік. Сондықтан қазір бұл салаға өте көп ақша құйылып, нарық өсіп жатыр.


Спортшылар неге пептидке үйір?


Пептидтер әуелі спортта кеңінен танымал болды. Оны жаттығудан кейін тез оңалу, бұлшықет өсіру және майды еріту үшін жиі қолданады. Тіпті зияны аз, стероидтардың «жұмсақ» баламасы деп те атайды.


Кейбір пептид дайын гормонды енгізбейді, тек ағзаның оны өзі бөліп шығаруына әсер етеді. Сондықтан адамдарға бұл процесс табиғи әрі қауіпсіз көрінеді.


Ал дәрігерлер күмәнмен қарайды. Ағза гормонды өзі көп бөлсе де, эндокриндік жүйеге араласып тұрмыз. Оның үстіне, танымал пептидтердің зардабы әлі толық зерттелмеген. Сол себепті Дүниежүзілік антидопинг агенттігі (WADA) олардың көбіне кәсіби спортта тыйым салған.


Косметологияда да қолданыла бастады


Фитнеспен қатар пептидтер косметологияда сәнге айналды. Қазір олар крем, сарысу сияқты тері күтіміне арналған өнімнің көбінде бар. Өндірушілер де әжімді жазады, теріні тартып, жасартады, көп коллаген бөледі деп уәде беріп жатыр.


Кейбір косметикалық пептидті үзбей қолданса, теріні жақсартатынын дәлелдейтін зерттеулер бар. Десе де, сыртында “Peptides” деген жазуы бар кез келген крем нәтиже береді деп ойлауға болмайды.


Интернетте жарнамасы жер жаратын, жасартатын уколдарға қатысты сұрақ тіпті көп, өйткені олардың пайдасы мен қауіпсіздігін дәлелдейтін ауқымды зерттеулер әлі жоқ. Сондықтан мамандар мұндай уәделерге өте сақ болу керек екенін айтады.


Әлеуметтік желілер де рөл ойнады


Пептидтердің қайтадан танымал болуына әлеуметтік желілер қатты әсер етті. TikTok-ты, Instagram-ды немесе YouTube-ті ашып қалсаңыз, оны бірнеше апта қолданып, керемет нәтиже алғанын айтқан мыңдаған видео шығады. Біреулері денесінің оны қолданғанға дейінгі және кейінгі суретін көрсетсе, екіншілері жарақаты тез жазылғанын, ал үшіншілері бұлшықет өсіргенін айтып жатады.


Осы тұста адамдар тағы да бір маңызды нәрсені ескермей жатады: біреудің басынан өткен оқиға ғылыми дәлел емес. Тіпті бір адам шынымен жақсы нәтиже көрген күннің өзінде, оған нақты не әсер еткенін дөп басып айту қиын. Бұған пептид емес, дұрыс тамақтану, жаттығу немесе ұйқы себеп болуы мүмкін, тіпті мұның бәрі жай ғана сәйкестік болуы да мүмкін.


Дәрігерлер де трендтегі видеоларға емес, ғылыми зерттеулерге сену керек дейді. Танымал пептидтердің жарнамасы жер жарғанымен, олар туралы ғылыми мәлімет өте аз.


Қазір жұрт қандай пептидтер туралы көп айтып жүр? 


Спорт форумдары мен биохакинг туралы парақшаларды ашып қалсаңыз, бірден көзіңізге түсетін белгілі бір атаулар бар. Бірақ олардың көбі әлі толық зерттелмегенін және кәдімгі дәрі ретінде қолдануға рұқсат берілмегенін білген жөн.


BPC-157


Қазір ең көп айтылатын пептид түрі. Жарақаттанған сіңір мен бұлшық етті, тіпті асқазанның шырышты қабатын тез жазады деп мақтайды. Содан болар, BPC-157 жарақат алған спортшылар арасында өте танымал.


Бірақ бір гәп бар: бұл мақтаудың бәрі тек тышқандарға жасалған тәжірибеден алынған. Зертханадағы тышқандардың жарасы шынымен тез жазылған. Ал адамдарға қатысты ауқымды зерттеу әлі жоқ.


Сондықтан мұның пайдасы дәлелденген деп айта алмаймыз. Дәрігерлер үшін бұл әлі де зерттелмеген зат, ал оны қолданудың арты неге әкелетіні белгісіз.


TB-500


Жарақаттан кейін қалыпқа келу үшін жиі ұсынылатын тағы бір танымал пептид бар. Жұрт оны бұлшықет пен сіңірді, буынды тез жазады деп мақтайды, тіпті отадан кейін де адамды тез оңалтатынын айтады.


Мұнда да жағдай әлгіндей, жануарларға жасалған тәжірибе жақсы нәтиже көрсеткенімен, адамдарға әлі толық клиникалық зерттеу жасалмаған. Сол себепті дәрігерлер оның пайдасы мен қауіпсіздігін сенімді түрде айта алмайды.


CJC-1295, Ipamorelin және GHRP


Бұл атауларды көбіне бодибилдингтен естисіз. Себебі олар ағзаға өз гормонын көп бөлуге көмектеседі. Осының арқасында бұлшықет тез өсіп, май ериді, жаттығудан кейін дене жылдам оңалып, тіпті ұйқы да жақсарады дейді.


Мұны растайтын ғылыми деректер де бар. Бірақ бұл олар толық қауіпсіз дегенді білдірмейді, өйткені гормон жүйесіне араласудың жанама әсерлері болуы мүмкін. Мамандардың айтуынша, оның салдарынан денеде су жиналуы, буын ауруы, глюкоза алмасуының өзгеруі және басқа да бұзылыстар пайда болуы мүмкін.


Сол үшін де бұл заттар WADA-ның тыйым салған тізіміне кіреді. Кәсіби спортшылар үшін бұл – нағыз допинг.


Меланотан II – «инъекциялық загар»


Пептидтердің ішіндегі ең ерекшесі – Меланотан II. Оны бұлшықет пен сіңір үшін емес, жай ғана терінің қараюы үшін қолданады. Бұл препарат меланин (күн астында бөлінетін гормон) бөледі. Соның арқасында күн көзінде көп жүрмей-ақ, тері өздігінен қарая береді.


Құлаққа жағымды естілгенімен, Меланотан II-нің шикілігі өте көп. Дәрігерлер оның жанама әсері барын жиі айтады. Мысалы, жүрек айниды, қан қысым көтеріледі, тіпті денедегі меңдер өзгеруі мүмкін.


Сондықтан FDA немесе EMA сияқты ірі медициналық ұйымдар Меланотан II-ге ресми рұқсат бермеген. Сол себепті бұл зат әлі күнге дейін интернетте ғана сатылып жүр.


Ғылым нені дәлелдеді?


Көп жарнаманың әсерінен пептидтің бәрі бірдей көрінуі мүмкін. Олардың ішінде медицинада баяғыдан қолданылатын, сынақтан толық өткен дәрілер бар. Мысалы, қант диабетінің екінші типіне, семіздікке, акромегалияға және басқа да ауруларға ем болатын қазіргі дәрілердің кейбірі – осы пептидтер. Олардың қауіпсіздігі мен пайдасы жылдар бойы зерттелген.


Ал танымал «фитнес-пептидтердің» жағдайы мүлдем бөлек. Олардың көбінде «тек зерттеу мақсатына арналған» деген белгі болады. Демек, ол заттар әлі толық клиникалық сынақтан өтпеген және дәрі-дәрмек ретінде ресми тіркелмеген.


Қарапайым тілде айтқанда, қазір пептидтер туралы жарнама мен уәде көп болғанымен ғылыми дәлел аз. Сол себепті мамандар жануарларға жасалған сәтті тәжірибелердің адам үшін де дәл сондай тиімді әрі қауіпсіз болатынына кепілдік жоқ екенін жиі ескертеді.


Ең үлкен қаупі не?


Тағы бір мәселе – олардың интернетте сатылуы, сондықтан қайдан шыққанын анықтау мүмкін емес. Тәуелсіз сарапшылар кей препаратты тексергенде ішінде негізгі зат мүлдем жоқ екенін немесе оның мөлшері сыртында жазылғанға сай келмейтінін анықтаған. Құрамынан бөтен қоспаларды да тапқан.


Екінші мәселе – адамдардың пептидті өздері егуі. Ине салғанда тазалық сақталмаса, оп-оңай инфекция жұқтырып алуға болады. Дәріні мөлшерінен көп ексеңіз немесе бірнешеуін қатар қабылдасаңыз, денсаулығыңызды құртасыз. Сол себепті мамандар дәрігердің бақылауынсыз қолданбауды ескертеді.

Бөлісу: