СпортСпортЖұрт неге өз еркімен марафон жүгіреді?

Жұрт неге өз еркімен марафон жүгіреді?

18 сәуір 2026
5 мин
Почему люди добровольно бегают марафон?
Фото: Жеке архивтерінен

Алматы мен Астана көшелеріндегі марафон мыңдаған адамның басын қосады. Жүгіру тек кәсіби спортшылардың еншісі болудан қалды. Стартта бухгалтер де, дизайнер де, дәрігер мен «айтишник» те иық тіресіп тұр. Бұл олар үшін жай ғана хобби шеңберінен шығып, ішкі болмысымен үндесетін маңызды іске айналды. Бірақ құрғақ цифрдан гөрі көпті мазалайтын басқа сауал бар: адам баласына мұндай төзім қайдан келеді? Жайбарақат жүрген жанды таңғы алтыда төсегінен тұрғызып, айлап жаттықтырып, қайта-қайта мәреге жеткізетін қандай күш? Tamga Media үш атлетпен тілдесіп, осы жұмбақтың сырын білуге тырысты. 


Ақерке Ауанасова, 34 жаста, Шымкент тұрғыны, дәрігер


«Күрделі мәселенің жауабы жүгіргенде келеді»


Ақеркенің жүгіруге қызығушылығы шетелде жүргенде басталған. Алғашында оқу бағдарламасындағы спортқа аса мән бермепті. Бірақ айналасындағының, тіпті өзінен әлдеқайда үлкен адамдардың да күн сайын жаттығатынын байқап, өзі де тырысып көруге шешім қабылдаған. Алғашқы марафоны оңай болмаған: бірінші шақырымның өзі бітпейтіндей көрініп, тынысы тарылып, жүрегі қатты соққан. Соған қарамастан, ішкі сезімі мүлде басқа болғанын айтады.


Ақерке:

«Бастапқыда жүгіру техникасынан хабарым жоқ еді. Денем ауырлағанымен, ішімде бір қызығушылық, ерекше азарт оянды. Қанша шаршасам да, басымдағы ауыр ойлар тарқап, бұл істі міндетті түрде жалғастыруым керек деген нық сенім пайда болды. Бірнеше жаттығудан соң жүгіру мен үшін жай ғана дене қимылы емес екенін ұқтым. Ол маған ішкі тыныштық сыйлап, ойымды жинақтауға, мәселеге басқа қырынан қарауға үйретті. Бұл жай ғана ермек емес. Жүгіру мен үшін жан сарайымды реттейтін, алдағы уақытта да серігім болатын ерекше әлемге айналды».


Ақерке алғашында 10 шақырымнан бастаған. Марафон алдында қатты қобалжығанымен, жарысқа шыққанда мүлде басқа күйге енгенін айтады – мұны тек жүгіріп көргендер ғана түсінеді. Ал мәреге жеткен сәтте ең алдымен жақындары мен достарын іздейді екен.

«Жүрегің атқақтап, көңілің толқып, уақыт тоқтап қалғандай күй кешесің. Қатты шаршап әрі шексіз қуанып тұрасың. Сол сәттің әр минутын сезініп, жақындарыммен бірге шаттыққа бөленуге тырысамын. Дәл қазір осы туралы айтып отырып та, сол бір сезімдер еске түсіп, жүрегім лүпілдеп кетті».


Ақерке үшін 2025 жылғы Шымкент марафонының орны бөлек. Себебі сол кезде тек өзі үшін емес, жанына ертіп келген достары үшін де тақымын қысты. Оның айтуынша, марафон өмірін біраз өзгерткен: тығыз жұмыс кестесіне спортты қосып, темірдей тәртіпке бой үйретіпті.


Ақерке: 

«Бұрын мен үшін тек мәреге жетсем болды деген мақсат бірінші орында еді. Енді бұл спорт маған кез келген нәрседен мүмкіндік көруді, сабыр сақтауды және нәтижемен қатар, сол жолдағы әр сәттен ләззат алуды үйретті. Ішімдегі бұғып жатқан күшті сезініп, қолымнан бұдан да көп нәрсе келетініне көзім жетті. Жүгіру спорттан бөлек, күнделікті тіршілігіме де қатты әсер етті. Жақындарымның қолдауы мен олардың әрбір жетістігіне бірге қуанудың қадірін түсіне бастадым. Кейде жұмыста шешілмей тұрған күрделі мәселелердің жауабы жүгіріп жүргенде өздігінен келеді. Ойым жинақталып, күтпеген шешімдер туады».


Ақерке марафонға қатысып жүгіремін дейтіндерге бірден шақырым мен уақытты ойламай, кішкентай қадамнан, алғашқы жаттығудан бастауға кеңес береді. 


«Мүмкіндігіңіз өзіңіз ойлағаннан да көп болуы мүмкін. Бастысы – істеп жатқан ісіңнен ләззат алып, әрбір сәтті бағалау. Марафон – адамның өз болмысына үңіліп, ішкі мүмкіндіктерін ашатын ерекше мектебі».


Шамиль Ахматшаев, 32 жаста, Алматы тұрғыны, SEO маманы


«Жүгіру жұмыста да жемісін беріп жатыр»


Шамиль Алматы облысының Райымбек ауылында өткен. Сол кезден-ақ ол ауылдың кең жазығында қарындасы екеуі еркін жүгіріп өскен. Тіпті мұның үлкен спортқа ұласарын ол кезде сезбепті. 


Шамиль: 

«Маған алысқа жүгіру ұнайтын. Бала кезде бұл мен үшін өзім тұратын әлемнің шекарасын кеңейтумен тең еді. Кейін университет жылдарында футболға көбірек көңіл бөліп, жүгіру біраз уақытқа шеттеп қалды».


Жылдардан кейін жаттығуға қайта оралғанда, бәрін нөлден бастағандай болды. Шамиль 2014 жылдан бері Алматы марафонына қатысып келеді. Алғашында еш дайындықсыз, «диваннан тұрып» бара салғанын айтады. Соның салдарынан жарты жолда-ақ күші таусылып, мәреге тек ерік-жігерінің арқасында жеткен. Тәжірибе болмаған соң, бірден қатты қарқынмен жүгіріп, жүрегі атқақтап, көзі қарауытып, жаттығудан кейін аяғын әрең басқан. Соған қарамастан, бұл оған ерекше әсер қалдырған.


Шамиль:

«Бұлшықеттерім үш күнде қалпына келгенімен, тіземнің ауырғаны екі аптаға созылды, әсіресе баспалдақпен көтерілу мұң болды. Дегенмен жаттығудан кейін ішкен кәдімгі судың өзі сондай дәмді көрінді! Тұла бойым сырқырап ауырғанда барып, жүгірудің бүкіл ағзаға қаншалықты салмақ салатынын алғаш рет сезіндім. Содан ішімде бір құлшыныс оянып, мүмкіндігімнің шегі қайда екенін білгім келді».


Ал оның өміріндегі басты бетбұрыс 2024 жылы Астанада өткен жартылай марафоннан кейін болған. Сол жарыстағы нәтижесін ең әлсіз көрсеткішім деп бағалайды. Ол кезде зиян әдеттерден толық арыла қоймаған, соның әсері бірден байқалған: 21,1 шақырымды 2 сағат 16 минутта әрең жүгіріп өткен. Салыстыру үшін айтсақ, қазір дәл осы қашықтықты 1 сағат 28 минутта жүгіріп өтеді.


Шамиль:

«Сол жарыс маған қатты әсер етті. Өзіме, денсаулығыма және жалпы өмір салтыма көзқарасым түбегейлі өзгерді. Тиісті дайындықсыз алысқа шабу денем үшін тым ауыр екенін сонда ұқтым. Алдымда екі жол тұрды: не бәрін тастау керек, не іске білек сыбана кірісу қажет. Мен екінші жолды таңдадым және бұл шешіміме еш өкінбеймін».


Оның айтуынша, марафонда әр мәреге жеткен сайын жеңілдеп қаласың. Алғашында нәтиже маңызды емес – бастысы қашықтықты аяқтау. Ал кейінгі жарыстарда мәреге жақындаған сайын өткен жолғы уақытыңды жаңартқың келіп тұрады. Жоспарлаған көрсеткішке жетсең, ерекше қуат аласың. Ал жетпесең, бұл да сабақ: қай жерде қателескеніңді түсінесің.


Шамиль: 

«Жаттығуға ден қойған соң, тәртіпке үйрендім. Тамақтану, ұйқы режимі мен денені қалпына келтірудің қаншалықты маңызды екенін түсіндім. Мұның бәрі тек спортта емес, жұмыста да өз жемісін беріп жатыр. Адам әлдеқайда сабырлы әрі төзімді бола түседі екен. Мен марафонды өзімнің SEO-маман ретіндегі жұмысыммен жиі салыстырамын: екеуінде де нәтиже бір сәтте келе қоймайды. Алға жылжуды сезіну үшін айлап, жылдап жүйелі түрде қадам жасау қажет. Бірақ жүгіру адамға тек қуаныш сыйлауы керек, оны азапқа айналдырудың қажеті жоқ. Әркімнің өз соқпағы бар, бұл – қалыпты жағдай. Көптеген әуесқойлар марафонға біртіндеп, өз еркімен келеді. Әр жаттығу мен әрбір шақырым адамның сенімін бекіте түседі».


Дина Афанасьева, 26 жаста, Алматы тұрғыны, Backend әзірлеуші


«Мен үшін марафон – мазохизмнің қажетті түрі»


Дина мектепте оқып жүргенінде төрт жыл жеңіл атлетикамен айналысқан. Бірақ ол кезде спортқа махаббаттынан гөрі «оқу озатының» жауапкершілігі мен міндеті басым еді. Кейін бес жылдай мүлдем спортпен шұғылданбаған, бірақ 24 жасында жүгіруге саналы түрде оралған.


Дина:

«Кеңседе күні бойы отырып істеген соң, қозғалыс керек екенін түсіндім. Оның үстіне жүгіру қолымнан келетін әрі базасы бар іс еді. Қазір байқап отырсам, маған жүгіру ішімдегі қысымды, мазасыздықты басуға, жиналған негативті жаттығумен сыртқа шығаруға қажет екен. Мұны өзімше «махозизмнің қажет түрі» деймін».


Дина арнайы экипировка сатып алып, дәрігерге барып тексеріліп, теорияны оқып, жаттығуды жүйлі жоспарлайды. Алғашқы марафонына ол физикалық та, моральдық та тұрғыдан тас-түйін дайындықпен шықты. Сөйтіп, «Алматы марафоны – 2025» жарысында 3 сағат 18 минутта мәреге жетті. Бұл күткен межеден де жоғары нәтиже еді. Алайда ол бұл жолға тек уақыт үшін емес, жүгірушілер жарыса айтатын «ғаламат бақытты» сезіну үшін шыққан болатын.


Дина: 

«Жарысқа бей-берекет бара салған жоқпын, дайындығым сай еді. Содан болар, бәрі жоспардағыдай, еш қиындықсыз өтті. Тіпті уақытым да ойымдағыдан асып түсті. Бірақ бір қынжылтқаны – мәреде бәрі тамсана сипаттайтын сол бір керемет сезімді сезіне алмадым. Шақырымды бағындырдым, ал ішімде тек бос сезім орнағандай болды».


Дегенмен оның бұл жағдайдан тапқан жақсы тұстары да жоқ емес. 


Дина: 

«Ең бастысы – өзімді қатты қинамадым, тіпті жүгіруді тастап кеткім де келген жоқ. Негізі жарыстарға тым жиі қатысқанды ұнатпаймын. Өйткені жолдағы және одан кейін қатты шаршап, бұл кейде жақсы нәтиже немесе жүлделі орын алғандағы қуанышыңды басып кетеді».


Динаның айтуынша, жүгіру спорты мен өмір бір-біріне қатты ұқсайды. Мұнда бәрі тайға таңба басқандай анық: даму жолы әрдайым біркелкі болмайды, сондықтан күн сайын өзіңді жеңуге талпыну – қате. Көп нәрсе бізге байланысты емес, соны қабылдай білу керек.


Дина:

«Нәтиже неғұрлым жоғары болса, алға жылжу да соғұрлым қиындап, еселенген еңбекті талап етеді. Жұмысқа, қарым-қатынасқа немесе денсаулығыңа қаншалықты көп күш салсаң, оның қадірі де соғұрлым арта түседі».


Мәредегі уақыт туралы сұрағанда ол өзін цифрды жаны сүйетін, нәтиже қуған перфекционист екенін айтады. Дегенмен кейінгі кездері көзқарасы өзгеріп келеді екен. 

«Бар күшіңді сарқып, азаптанып жеткенше, 90% қуатпен күлімдеп жету әлдеқайда жақсырақ көрінеді. Біз кәсіби спортшы емеспіз, сондықтан рахаттанып жүгіру – бізге берілген артықшылық. Мұны іштей есеюдің белгісі деп білемін».


Ал Tamga Media редакциясы алдағы марафондарда бағын сынайтын барша жүгіруші оқырмандарымызға сәттілік тілейді!

Бөлісу: