МедиаҚоғамЖұмысқа ынтаңыз жоқ па?: үнсіз жұмыстан шығу синдромы

Жұмысқа ынтаңыз жоқ па?: үнсіз жұмыстан шығу синдромы

8 сәуір 2026
5 мин
Увол
"Бойцовский клуб" фильмінен үзінді Фото: Кинопоиск

Үнсіз жұмыстан шығу дегеніміз не екенін білесіз бе? Қызметкер штатта істесе де, бұрында-ақ ойша бейджигін шешіп, “өз еркіммен жұмыстан шықтым” деген өтінішті бастығының алдына апарып берген.  Бұл қажу емес, бұл – жаңа құбылыс. Адам өз міндеттерінің мәнін түсінбей, тек «энергия үнемдеу» режиміне ауысады. Біз осы жағдайды бастан өткерген адаммен сөйлесіп, бұған қатысты сарапшының пікірін білдік.


«Басында көзім оттай жанды, қазір ішімде бәрі өшіп қалған»


24 жастағы алматылық SMM-маман Әділет бұл күйді қалай бастан кешіргенін айтты. 

«Қазір жұмыс істеп жүрген компанияға алғаш келгенімде өте жігерлі едім: жаңа идеялар ұсынып, қосымша тапсырма алып, бәрі қызық болатын. Бірақ бірнеше айдан кейін әріптестермен байланыс үзіліп, жұмыс маған ләззат әкелмейтін болды. Қазір ең қажеттісін ғана істеп, үйге қайтамын. Ішімде баяғыдай лаулап тұрған от жоқ, ешкімге ештеңе дәлелдегім келмейді. Бірақ жұмыстан да кете алмаймын – жалақы жаман емес».


Әділет бастапқыда жай шаршап немесе эмоциялық тұрғыдан қажып жүрген шығармын деп ойлады. Демалыс алып, тынығып алуға тырысқан. Бірақ қанша демалса да, уақыт өтсе де, жағдайы өзгермеген.


Әділет

«Біреулер мені жалқау деп ойлауы мүмкін. Бірақ мен тек өзіме де, басшылыққа да қажет емес жерде барымды салудың мәнін көрмей қалдым».


Қажып кету мен «үнсіз жұмыстан кетудің» айырмашылығы неде?


Көпшілік бұл екі ұғымды шатастырады. Психолог, гештальт-терапевт Ұлмекен Сандыбекқызы олардың арасында айырмашылық бар екенін айтады:

«Адам қажып кеткен кезінде жұмыс істегісі келеді, бірақ шамасы жетпейді. Себебі әбден шаршаған. Ал “үнсіз жұмыстан кеткен” адам жұмыс істей алады, бірақ саналы түрде күш салғысы келмейді. Бұл – өзін қорғаудың бір түрі: энергияны үнемдеу, жеке шекараны қайта қарау, уақытын бақылауға тырысу».


Оның айтуынша, құлшыныстың болмауы жалқаулықтан емес. Көбіне бұл ішкі және эмоциялық тепе-теңдіктің бұзылғанын көрсетеді.

«Нұсқаумен ғана жұмыс істеу кейде қажып кетуден сақтайды. Бірақ қызметкер ұзақ уақыттан бері оның жұмысы бағаланбай жатқанын сезсе, өз қызметіне қанағаттанбаса, онда бұл – жасырын стресс. Ол өзін алшақ ұстап және пассив қарсылық білдіреді».


«Үнсіз жұмыстан кеткен» адамның жұмысқа ынтасы азаяды, тек міндеті шағын істерді атқарады, командадан эмоциялық түрде алыстайды.


Кімдер «үнсіз жұмыстан кетуге» бейім?


20 жылдық тәжірибесі бар HR-координатор Сара Сарсен бұл құбылыс корпоративтік ортада қалыпты жағдайға айналып бара жатқанын айтады.

«Әсіресе, міндеттері нақты айқындалмаған салаларда жиі кездеседі: маркетинг, SMM, сату, call-орталықтар. Қызметкерлер табыс критерийлерін түсінбейді, еңбегінің бағаланғанын сезбейді, әділдік көрмейді. Соның салдарынан біртіндеп құлшынысы азайып, тек минимал режимде жұмыс істейді».


Бұл процесс айлап созылуы мүмкін. Қызметкер үнемі артық жұмыс істесе, кері байланыс болмаса және өз ісінің бағаланбай жатқанын сезсе, біртіндеп жұмыс орнынан жоқ бола бастайды.

«Артық жұмыс қалыпты нәрсеге айналғанда, ол құнсыздануға әкеледі. Кейбір қызметкер міндеті анық, басшылығы әділ басқа орын тапқанша ғана жұмыс істейді», – дейді Сара.


Мұндай күйден қалай сақтануға болады?


Психолог Ұлмекен Сандыбекқызы қызметкерлерге жеке шекараны нақты белгілеуге, жүктемені бақылауға және өзін-өзі қалыпқа келтіру дағдыларын дамытуға кеңес береді. Ал жұмыс берушілерге – қызметкерлердің еңбегін әділ бағалап, жетістіктерін қолдап, мақсаттарды нақты қойғаны маңызды.


HR-координатор Сара Сарсеннің айтуынша, мұндай жағдай көбіне компания ішіндегі жүйе мәселесіне байланысты. Кейде қызметкерге аз да болсын назар мен құрмет көрсету жеткілікті.

«Корпоративтік мәдениеттің рөлі көп. Ашық құндылықтар, еңбекті әділ бағалау, икемді жұмыс кестесі, жүктемеге сай әділ өтемақы – мұның бәрі мамандарды ұстап қалуға көмектеседі. Бірақ ең бастысы – өзара сыйластық пен сенім».

Бөлісу: