Жаз соңында немесе күз басталған кезде көбіміз жұмыс орнын ауыстыру, жаңа жұмыс іздеу туралы ойлайтынымыз жасырын емес. Әсіресе жас түлектер үшін бұл өзекті тақырып. Қазір жұмыс берушілер үміткерлерді қалай бағалайды, сұхбаттасу кезінде қандай қателер жібермеген дұрыс, тәжірибесі жоқ мамандар не істеу керек? Осы салада 14 жыл тәжірибесі бар HR-маманы Ирина Легеза сұхбаттасу кезеңінен іркілмей, қалай сәтті өтуге болатынын осы мақаладан оқи аласыз.
2026 жылы еңбек нарығы қалай өзгерді
Ирина Легезаның HR саласында жүргеніне көп жыл болды. Осы уақыт ішінде құрылыс, өндіріс, автобизнес сияқты түрлі бағытта жұмыс істеп үлгерген. Қазір HR бизнес-серіктес (HRBP) бағытында жұмыс істейді.
«HR саласының түрлі қызметінде жұмыс істедім: жаңа қызметкер іздеп, оларды ортаға баулыдым, құжаттарды реттедім, мамандар мен басшыларды оқыттым. Сондай-ақ жұмысшыларға арналған KPI мен жұмысқа ынталандыру жүйесін құрып, компаниядағы өзгерістер кезінде ұжымды басқарып, бағыт-бағдар беріп отырдым.
Кейінгі кездері жұмыс берушінің сұранысына қарай бос орындарға қажет мамандарды тез табу, ал үміткерге іздеп жүрген жұмысының бағытын анық түсіну өте маңызды екенін айтқым келеді. Қазір тек жақсы тәжірибе мен әдемі жазылған түйіндеме аздық етеді. Жұмыс берушілер ең алдымен адамның ынтасына, дамуға деген ұмтылысына, жаңа ортаға тез бейімделуіне әрі осы орынға қаншалық сай келетінін қарайды», – дейді маман.

Түйіндеме жазуға арналған кеңестер
HeadHunter-де түйіндемелердің үлкен базасы бар. Платформа сарапшылары 2026 жылы жұмыс берушілерге ұнаған түйіндемелерді зерттеп, негізгі кеңестерімен бөлісті.
Лауазымды нақты жазыңыз. Түйіндеме атауында өтініш беріп отырған лауазымыңызды нақты көрсетіңіз. Егер «маман» сияқты жалпы сөздер немесе бірден бірнеше мамандықты тізіп жазатын болсаңыз, жұмыс берушілер кандидаттың кім екенін түсінбейді.
Тәжірибеңізді нәтиже арқылы көрсетіңіз. Осыған дейін атқарған міндеттеріңізді тізіп ғана қоймай, бұрынғы жұмысыңызда қандай нәтижеге жеткеніңізді жазыңыз. Мүмкіндік болса, жетістігіңізді нақты сандар арқылы көрсетіңіз: мысалы, сату көлемі қаншаға өсті, тапсырыс дайындау уақыты қалай қысқарды немесе жұмыс тиімділігі қаншалықты артты?
Кәсіби дағдыларыңыз бен қабілетіңізді жазыңыз. Тандаған жұмысыңызға қандай кәсіби білім мен қырларыңыз керегін анықтап, түйіндемеге қосыңыз. Бұрын істеген жұмыстарыңызбен байланысы болса, тіпті жақсы.
Бұрынғы жұмыс орныңыз туралы жазуды ұмытпаңыз. Егер бұрын жұмыс істеген компанияңыз аса танымал болмаса, оның бағыты мен масштабын қысқаша көрсеткен абзал. Себебі HR сіздің қандай деңгейде жұмыс істегеніңіз маңызды.

Біліміңіз бен курстарыңызды қосыңыз. Түйіндемеге өзіңіз таңдап отырған лауазымға қатысты оқу орныңызды, мамандығыңызды, қосымша оқыған курстарыңыз бен сертификаттарыңызды жазу керек.
Түйіндемені бос орынға сай толтырыңыз. Егер бірнеше бағытта жұмыс іздесеңіз, әрқайсына бөлек түйіндеме дайындаған жөн. Сондай-ақ әр түйіндемеге өзіңіз іздеген жұмысқа сәйкес келетін тәжірибеңізді көрсетіп, тек маңызды ақпарат жазыңыз.
Артық ақпарат жазбаңыз. Жұмыс беруші сіздің кім екеніңізді, қандай лауазымға үміткер екеніңізді, компанияға қандай пайда әкелетініңізді бірден түсіну керек. Тәжірибеге қатысы жоқ ақпаратты, ұзақ сипаттамаларды алып тастаңыз.
Студенттер мен түлектер түйіндемеге не жазу керек?
Тәжірибесі жоқ түлектерді жұмысқа алу қиын десе де, жұмыс таппайды деген сөз емес. Жаңа мамандарды таңдағанда жұмыс беруші ең алдымен адамның қабілетіне қарайды.
Ирина Легеза:
«Жас мамандарды таңдағанда олардың ынтасына, тез үйреніп кетуіне, жауапкершілігі мен тіл табыса алу қабілетіне қараймын. Дегенмен талаптар әрдайым нақты жұмыс орнына (лауазымға) байланысты болады».
Сонымен қатар студент үшін өзі таңдаған вакансияның талаптарын мұқият зерттеп алу керек.
«Құрылыс саласында қызмет атқарғанымда, кейбір лауазымға тек арнайы білімі бар мамандарды алатынбыз. Біз кандидаттың тәжірибесінен бұрын, оқыған мамандығына аса мән беретінбіз. Кей жағдайда нақты сол саланың білімі болғаны өте маңызды. Жұмыстың сапасы тікелей білімге қатысты болса, техникалық дайындығы жоқ адамды жауапты қызметке қоя алмаймыз. Сондықтан студенттерге вакансияның талаптарымен мұқият танысуға кеңес беремін. Егер арнайы білім міндетті деп жазылса, «білімім болмаса да, ынтаммен-ақ алып кетемін» деп үміттенбеген жөн», – дейді маман.

Тіпті ресми жұмыс істемесеңіз де, түйіндемені қосымша дағдылармен толтырыңыз. Тәжірибе, тағылымдама, студент кездегі жобалар, ерікті болып, түрлі шараға қатысқаныңызды да жазыңыз. Осының өзі команда да жұмыс істей алатыныңызды, жауапкершілік ала білетініңізді әрі бастаған істі аяғына дейін жеткізетініңізді көрсетеді.
«Өзіңізді тым тәжірибелі етіп көрсетуге тырыспаңыз. Түлектің тәжірибесі болмауы – қалыпты жағдай. Одан да бәрін ашық айтып, тез үйреніп кетуге дайын екеніңізді білдірген әлдеқайда дұрыс».
Сұхбаттасуға келмес бұрын басқалардан қалай ерекшеленуге болады?
Жұмыс іздегенде жақсы орынды тезірек тауып, күніне 10-20 жерге түйіндеме жіберіп жатамыз. Десе де, көп түйіндеме – сонша нәтиже беретініне ешкім кепілдік бере алмайды. Сондықтан «Жіберу» батырмасын баспай тұрып, әр вакансияға бір-екі минут уақыт бөліңіз.
Ирина Легеза:
«Алдымен вакансияны жақсылап зерттеңіз: не істеу керек, кандидатқа қандай талаптар қойылған, қандай дағдылар қажет? Содан кейін өз түйіндемеңізге қарап: “Мен осы жұмысқа шынымен лайықтымын ба?” деп ашық сұрақ қойыңыз».
Бос жұмыс орны туралы хабарламаны көріп, оқып, өзіңізге сай келетінін түсінсеңіз, түйіндемеге қоса қысқаша хат жазған дұрыс. Сізге неге дәл осы жұмыс ұнайтынын, не білетініңізді және компанияға қандай пайдаңыз тиетінін 2-3 сөйлеммен айтып өтіңіз. Бұл – бос орын туралы хабарламаны мұқият оқып, жауапкершілік танытқаныңызды көрсетеді.
«Жұмыс іздеуші "әйтеуір бір жұмыс тапсам" демей, қайда, не үшін бара жатқанын түсіну керек. Бірақ бұл хатта өзіңізді тым қатты мақтап жібермеңіз. Қолыңыздан келмейтін нәрсе болса, ашығын айтқан дұрыс. Сұхбат барысында расталмайтын, мінсіз жазылған хат алғаннан гөрі, үміткердің сол лауазымға шынайы сай келетінін түсіну әлдеқайда құнды».

Жұмысқа ораналасу кезінде жіберілетін қателіктер
Сонымен, сізді сұхбаттасуға шақырды. Яғни түйіндемеңіз ұнады, өзіңізді көргісі келеді деген сөз. Ендігі қадам кездесуге дұрыс дайындалу.
Дайындықсыз бару
Сұхбаттасуға тыңғылықты дайындалыңыз: компания туралы алдын ала ақпарат жинаңыз. Вакансияны қайта оқып, қандай жұмыс істеу керегін жақсылап түсініңіз. Неге дәл осы жұмысқа қызыққаныңызды әрі компанияға қандай пайда тигізетініңізді ойланып қойыңыз.
Өтірік айту
Ирина Легезаның айтуынша, бұрынғы жұмыстан кетуіңізге не себеп болғанын жасырудың, өзіңізді асыра мақтаудың қажеті жоқ.
«Тіпті жұмыстан кетуге себеп болған жағдай аса жағымды болмаса да, оны сабырмен әрі кәсіби тұрғыдан айтқан дұрыс. HR мамандары әр адамның жолында түрлі жағдай болатынын түсінеді. Ең бастысы, шыныңызды айтып, ол оқиғадан қандай сабақ алғаныңызды айтыңыз».
Өзгені кінәлау
Сұхбат кезінде бұрынғы басшы мен әріптестер туралы айтқанда абай болыңыз. Араңызда кикілжің немесе қиын жағдайлар болса да, бұрынғы ұжымды тым қатты сынамаған абзал.
«Егер барлық жағдайда тек басқалар кінәлі болса, бұл ойланатын жайт».
Жалақыға келіспеу
Қанша жалақы қалайтыныңызды сұхбатқа дейін анықтаңыз. Хабарландыруда көрсетілген жалақы сіз ойлағаннан төмен болса, мұны кездесуге дейін біліп алған дұрыс. Ирина Легеза мұндай жағдайлар сұхбат барысында жиі талқыланатынын айтады.
«Өтінім жібермес бұрын вакансияның жалақысына қараңыз. “Осы ақшаға жұмыс істеймін бе?” деп өзіңізден ашық сұраңыз. Мен кандидаттар көрсін деп хабарландыруға вакансияның жалақысын міндетті түрде жазамын. Жалақы мөлшерін қысылмай анықтап алған жөн. Тек тәжірибеңіз бен нарықтағы бағаңызды дұрыс таразылай білу керек».
Ескертусіз кешігу
Бұл жұмыс берушіге үміткердің үнемі сөзінде тұрмайтынын және біреудің уақытын бағаламайтынын көрсетеді.

Сұхбаттасу барысында HR қандай жауаптарға күмәнданады?
Кездесуге келмей тұрып алдағы міндеттеріңіз бен жауапкершілігіңізге қатысты сұрақтарға қалай жауап беретініңізді ойлап, дайындық жасаңыз. Жұмыс беруші сіздің жұмыс процесіне қаншалық дайын екеніңізді, сондай-ақ ұжыммен қаншалық тіл табыса алатыныңызды түсіну керек. Сондықтан сұхбат кезінде ашық сөйлесуге дайын екеніңізді көрсетіңіз.
«Маған кандидаттың: “Мұны істемеймін”, “Бұл менің міндетіме кірмейді”, “Білмеймін, үйренгім де келмейді” деп кесіп айтқаны ұнамайды. Әсіресе қызмет аясы кеңейетін немесе ұжыммен жұмыс істеуді талап етерін позицияларда», – дейді Ирина Легеза.
Тағы бір үміткерлерге арналған қағида – нақты, толық ойын айту. Кәсіби қырлары туралы жалпылама айтқаннан гөрі, кандидат нақты тәжірибесін айтқан абзал.
«Мен кандидаттың нақты мысалмен жауап бергенін қалаймын: қандай жағдай болды, оны қалай шешті, соңында қандай нәтижеге жетті. Сұхбаттасуға келген үміткердің бір сұраққа дұрыс жауап бермей қалғаны, жұмысқа өтпейді деген сөз емес. Жақсы HR кандидатты әр қырынан сынайды: кәсіби дағдысы, ынтасы, тез үйренуі, жауапкершілігі, қарым-қатынас орната білуі, жалақыға қатысты талабының ақылға қонымды болуы мен осы қызметке сай келуі ескеріледі. HR-дың міндеті сұхбат сұрақтарына мінсіз жауап беретін адамды табу емес, компанияға адал қызмет етіп, дамуына үлес қосатынын түсіну», – дейді Ирина Легеза.
Сұхбаттасу – екі жақтың әңгімесі
Сұхбат тек бір жақты, яғни жұмыс берушінің талаптарын ғана орындау емес, жұмыс ұсынып отырған компанияның қаншалық өзіңізге сай келетінін түсіну. Сондықтан қысылмай сұрақ қойып, не істейтініңізді, жұмыс кестесін, жалақыны, кәсіби даму мүмкіндіктеріңіз бен жұмыс нәтижесін қалай бағалайтынын да бірден анықтап алыңыз.
«Компания үшін бос орынға кәсіби қызметкерді жұмысқа алу болса, ал кандидат үшін қалаған жұмысына орналасу сәті», – дейді Ирина Легеза.



