Қазақтың дәстүрлі дүниетанымында аспан әлемі тылсымға толы кеңістік саналған. Халық жаңа туған айға сәлем беріп, жарылқау тілесе, жұлдыздарға қарап, адасқанда жол тапқан, тіпті ауа райын да болжаған. Қазақ жұлдыздарды қалай танығанын, ол туралы қандай мифтік пікірлер сақталғанын материалда баяндаймыз.
Қазақтың дәстүрлі наным-сеніміне сай аспандағы әр жұлдыз жердегі әр адам жанының кепілі, желеп-жебеушісі саналған. Халық аспанда қанша жұлдыз болса, жердегі адам саны да сонша болатынына сенген. Шоқан Уәлиханов бұл туралы былай дейді:
«Қазақтар жұлдыздардың жер бетіндегі бақытқа әсер ететініне сенеді. Енді біреулердің пікірінше әрбір жұлдыз жердегі әрбір адамның жанымен байланысты, адам өлгенде оның аспандағы жұлдызы да ағып түседі. Аспаннан ағып түскен жұлдызды көрген қазақтар Тәңірге жалбарынып, ғұмыр жасын ұзақ етуді, жаны сау болуын тілейді».

Сонымен қатар қазақтың мифтік түсінігі бойынша жұлдыздар адам тағдырына әсер ететін тылсым күшке ие болған. Осыған байланысты тілімізде “жұлдызы биік, жұлдызы жоғары, жұлдызы жанған, жұлдызы жарық, жұлдызы оңынан туған” деген тіркестер қалыптасқан. Бұл адамның ойлаған ісі орындалып, сәтті болып тұр дегенді білдіреді. Керісінше “жұлдызы сөнді, жұлдызы жанбау, жұлдызы өту” деген тіркестер сәтсіз жағдайды, қырсық шалуды, тіпті, өлім қаупі төнуін білдіреді. Пікірлес, мүдделес адамдарды “жұлдыздары жарасқан” десе, сөздері жараспайтын адамдарды “жұлдыздары қарсы” деп сипаттаған.
Алайда қазақтың жұлдызға қатысты танымы мұнымен ғана шектелмеген. Көшпелі халық үшін аспандағы әр жұлдыздың өз орны мен қызметі болды: бірі жол көрсетсе, бірі уақытты межелеуге, енді бірі ауа райы мен жыл мезгілінің өзгерісін болжауға көмектесті. Сонымен қазақ таныған жұлдыздардың әрқайсысына жеке тоқталып өтейік.
Темірқазық – халық түсінігінде «тумайтын», «батпайтын», бір орыннан аумайтын терістіктегі, яғни, солтүстіктегі жұлдыз. Темірқазық шығыс пен батыстың тура ортасында, терістік тарапта болады да солтүстікті көрсетіп тұрады. Өзге жұлдыздар шығыстан батысқа ауып, жылжығанда, Темірқазық қаққан қазықтай бір орыннан қозғалмайды. Сондықтан ол халықтың төрт тарапты ажырататын құбылнамасына айналған. Түнде жолаушы батысқа қарай жүрсе, Темірқазық оның оң жағында, ал шығысқа қарай жүрсе, сол жағында көрінеді.
Қазақ халқы кейде солтүстікті “Темірқазық жақ” деген теңеумен де атаған. Сонымен қатар қайтыс болған адамның басын Темірқазық жаққа, жүзін құбылаға қаратып қою дәстүрі қалыптасқан. Дүние салған адамға байланысты “Темірқазық жастанды” деген тіркес те осыдан қалған.

Жоғарыда айтқандай кең байтақ қазақ даласында бағыт-бағдарды Темірқазық жұлдызы арқылы айқындаған. Алайда Темірқазықты жұлдызды аспаннан Жетіқарақшысыз табу қиын. Темірқазықты іздеу үшін алдымен шөмішке ұқсас аса жарық жеті жұлдызды табады. Жеті жұлдыздың арақашықтығы бірдей екеніне көз жеткізіп, оларды ойша бір түзудің бойына орналастырады. Сосын дәл осы қашықтықтағы сегізінші жұлдыздың Темірқазық екендігін анықтайды.
Жетіқарақшы – Темірқазық жұлдызын айналып жүретін шөміш тәрізді жеті жарық жұлдыз. Аңыз бойынша Жетіқарақшы жеті ұры болған. Ұрлығы басынан асқан жеті ұрыны халық жабылып құртпақшы болады. Бірақ жеті ұры жеткізбей, аспанға шығып кеткен көрінеді.
Аңыздарда Жетіқарақшының екі бүйірінен көрінетін екі жарық жұлдыз ағайынды батырлар Ығай мен Сығай, ал олардың жанындағы екі жұлдыз батырлардың тұлпарлары Ақбозат пен Көкбозат делінеді. Темірқазыққа байлаулы тұлпарларды жеті ұры түнімен аңдып, айналып жүретін көрінеді. Ұрылар қайтсе де, сол атты қолға түсіргілері келеді. Солай жүргенде таң атып, Жетіқарақшы көзден ғайып болады. Қазақ мифтерінде Ақбозат пен Көкбозатты Жетіқарақшы қолға түсірген күні ақырзаман болады дейді.
Есекқырған – басқа жұлдыздар сияқты аспанда үнемі белгілі бір жерде тұрмай, әр кезде әр жерден көрінетін қыдырма жұлдыз. Есекқырған жұлдызының атауы жөнінде ел арасында мынадай аңыздар сақталған. Түн ортасы ауғанда шығыс жақтан туатын жарық жұлдыз Есекқырғанды таң алдында туатын Шолпан жұлдызымен шатастырып алған керуен ерте көшіп, барлық есегін қырып алыпты. Аңыздың тағы бір нұсқасында Шолпаннан бұрынырақ туған бұл жарқырауық жұлдызды шатастырған керуеншілер есектерін жайылуға ағытып жіберіп, содан есектерін қасқыр қырып кетіпті деп баяндалады.
Шолпанды қазақ «жұлдыздың серкесіне» балаған. Ол таң алдында оқшауланып жарқырап туады. Оның көзге көрінер пішіні айдың қияғына ұқсайтындығына байланысты «Шолпан – айдың қызы» деген теңеу қалыптасқан.

Қазақ танымында Есекқырған мен Шолпан жұлдызы бір-біріне ғашықтар саналады. Олар бір-біріне жақындаған жылы қыс қатты болады дейді. Қыс айларында Шолпан туатын Күншығыс жақтан Есекқырған туса, оны Сарыжұлдыз деп, Шолпанды Ақжұлдыз дейді. Сарыжұлдыз биікке көтеріле берсе, қыс аязды болады деп болжайды. Шығыстан Сарыжұлдыз, батыстан Ақжұлдыз қарсы келіп, түйісіп айқасқан кезде сарысы жеңіп, Ақжұлдыз қайтса, қыс жақсы болады дейді. Тіпті, ертеректе халық шаруашылықтағы кесапатты, жұтты осы жұлдызбен байланыстырып, жаңа туған Сарыжұлдызбен ұрысып, оған таяқ лақтыратын ырым да болған.
Ал маусым мен уақыт есептеуде Үркер жұлдызының орны ерекше болған. Қазақ есепшілері Үркердің көрінуі мен жоғалуына, аспандағы орнына және Аймен тоғысуына қарап, жыл мезгілдерін ажыратып, уақыт есебін жүргізген. «Үркер жерге түсті» деп оның көрінбей кеткен шағын жаздың ыстық кезеңімен байланыстырса, қайта көрінуін салқын түсуі деп болжайды. Үркермен қатар Таразы мен Сүмбіле де табиғаттағы өзгерістерді аңғартатын белгілер болған. «Таразы туса, таң салқын», «Сүмбіле туса, су суиды» деген сөздер осыдан қалған.
Көріп отырғанымыздай, қазақ халқы аспан әлемін бақылап қана қоймай, оның сырын білуге, жұмбағын шешуге ұмтылған. Мысалы, халықтың жұлдыз тануына қарап, табиғатпен тілдесіп, тіршілігін соған бейімдеген көшпелілердің ғасырлар бойы жинаған тәжірибесін көруге болады. Бүгінде бұл тәжірибе ұрпақ үшін қазақтың дүниетанымынан сыр шертетін құнды дерекке айналған.
*Материал Серік Қондыбайдың «Байырғы қазақ дүниетанымының негіздері» атты кітабының негізінде жазылды




