ДенсаулықДенеЖүктілік кезіндегі токсикоз: себебі және оны қалай жеңілдетуге болады?

Жүктілік кезіндегі токсикоз: себебі және оны қалай жеңілдетуге болады?

28 шілде 2026
3 мин
Фото: Tamga Media | ЖИ

Жүкті әйелдің жүрегі айнып, құсқысы келсе немесе бұрын жақсы көрген тамағын жегісі келмесе, бұл оның еркелігі емес. Көп жағдайда мұндай өзгерістер жүктілік кезіндегі токсикозға, жеріктікке байланысты. Бұл мақалада токсикоздың неге пайда болатынын, қашан қауіпті болатынын және оны қалай жеңілдетуге болатынын түсіндіреміз.


Токсикоздың себебі


Токсикоз көбіне жүктіліктің 4-7-апталарында басталады. Ғалымдар оның нақты себебін әлі толық біле қойған жоқ. Бірақ мамандардың айтуынша, негізгі себеп – жүктіліктің алғашқы апталарында ағзадағы гормондардың күрт өзгеруі. Оған қоса мына нәрселер де әсер етуі мүмкін:

  • тұқым қуалаушылық (мысалы, анасында немесе әпке-сіңлілерінде болған болса)

  • қалқанша безінің жұмысы

  • асқазан-ішек аурулары

  • бала жолдасының (плацентаның) қалыптасуы.

Әр әйелде токсикоз әртүрлі өтеді. Біреуде жеңіл ғана болса, енді біреуде күнделікті өмірге кедергі келтіреді. Көбіне 12-20 аптадан кейін басылады, бірақ кейбір әйелде жүктіліктің соңына дейін жалғасуы мүмкін.


Токсикоздың белгілері:

  • таңертең жүректің айнуы

  • тәбеттің жоғалуы

  • ұйқының қанбауы

  • әлсіздік, тез шаршау

  • салмақтың азаюы

  • сілекейдің көп бөлінуі

  • иістерді қатты сезу

  • құсу

Жүкті әйелдердің шамамен:

Дереккөз: АҚШ Ұлттық денсаулық сақтау институттарының Ұлттық медицина кітапханасы


Токсикоздың түрлері


Ерте токсикоз. Бұл – жүктіліктің алғашқы үш айында (4-12 апта) болатын токсикоздың жеңіл түрі. Көбіне таңертең немесе аш қарынға жүрек айниды. Әйел күніне шамамен бес рет құсады. Дегенмен салмағы сол қалпында қалады. Мұндай токсикоз анаға да, іштегі балаға да қауіп төндірмейді. Жүкті әйел күніне бес-алты реттен көп құсса, салмақ тастаса, дәрігерге баруы керек. 


Кеш токсикоз (Преэклампсия). Бұл – жүктіліктің екінші жартысында, көбіне 20 аптадан кейін басталатын түрі. Ерте токсикозға қарағанда әлдеқайда қауіпті. Мұндайда жүкті әйелдің аяқ-қол мен беті ісіп кетеді, қан қысымы көтеріледі, зәрінде ақуыз пайда болады, басы қатты ауырады, көзі бұлдырлайды. Осы белгінің бірі болса, бірден дәрігерге баруы керек.

Гиперемезис гравидарум. Бұл – токсикоздың ең ауыр түрі. Мұндайда жүкті әйелдің жүрегі айнып, тоқтамай құсады. Ағзасы қатты сусызданады,  ағзасындағы тұз бен минералдардың тепе-теңдігі бұзылады, тез салмақ тастайды. Көбіне 4-10 апта аралығында басталып, 16-20 аптаға қарай жеңілдейді. Бірақ кейбір әйелде босанғанға дейін жалғасады. Мұндай токсикозы бар әйелді ауруханаға жатқызуы мүмкін. 


BMC Pregnancy and Childbirth журналына жарияланған зерттеу бойынша, бұл токсикоздың салдарынан ұрық асықпай жетілуі, нәрестенің салмағына әсер етуі және бала мерзімінен ерте туылуы мүмкін. Дегенмен ғалымдар бұл нәтижелерді толық әрі нақты деп санамайды, сондықтан әлі де зерттеп жатыр.


Токсикоз бен жеріктік бір нәрсе ме?


Жеріктік – жүктілік кезінде белгілі бір тағамды ерекше қалап жеу немесе керісінше, кей тағамнан жеріну. Ал токсикоз – жүрек айну, құсу, иістерге сезімтал болу сияқты белгілермен байқалатын медициналық жағдай. Бұл екеуі қатар жүруі мүмкін, бірақ бір ұғым емес.

Жеріктік кейде токсикоз басылғаннан кейін де жалғасуы мүмкін. Оның нақты неден пайда болатыны әлі толық анықталмаған. Дегенмен мамандар мұны жүктілік кезіндегі гормон өзгерістеріне, иіс пен дәм сезудің күшеюіне және ағзада кейбір қорек заттың тапшы болғанына байланысты дейді. 


Дегенмен жүкті әйел бор, саз, топырақ немесе мұз сияқты жеуге жарамайтын заттарды жегісі келсе, бұл қалыпты жеріктік емес. Мұндайда міндетті түрде дәрігерге барған жөн.


Токсикозды қалай жеңілдетуге болады?


Токсикоздың алдын толық алу мүмкін емес, бірақ белгілерін жеңілдететін бірнеше тәсіл бар.

  • Тамақтану. Күніне бес-алты рет, аз-аздан тамақтаныңыз. Ұзақ аш жүрмеңіз. Таңертең төсектен бірден тұрмай, бір тілім кепкен нан немесе крекер жеп алыңыз. Ащы, майлы, қуырылған, тым тұзды тағамнан аулақ болыңыз. Тәбетіңіз болмаса да, аз болса да тамақтануға тырысыңыз.

  • Демалу. Өзіңізді шамадан тыс шаршатпаңыз. Уайым мен күйзелістен аулақ болыңыз. Жеткілікті ұйықтаңыз. Таза ауада серуендеп, жеткілікті су ішіңіз.

  • Зімбір. Зімбір жүрек айнуды азайтуға көмектесуі мүмкін. 1278 жүкті әйел қатысқан 12 зерттеудің нәтижесі осыны көрсеткен. Зерттеулерде тәулігіне 1500 миллиграмнан аспайтын зімбір тиімді болған. Үйде зімбір тамырынан қайнатылған немесе аздап зімбір ұнтағы қосылған жылы шай ішуге болады. Бірақ зімбірді жиі немесе көп мөлшерде қолданбас бұрын міндетті түрде дәрігермен кеңескен дұрыс.

  • В6 дәрумені. В6 дәрумені жүктіліктің алғашқы айларында жүректің айнығанын басуға көмектесуі мүмкін. Зерттеулер бойынша, дәрігерлер оны көбіне күніне 3-4 рет, әр қабылдағанда 10-25 миллиграмнан тағайындайды. Егер бұл жетпесе, басқа дәрімен бірге беруі мүмкін. Бірақ жүктілік кезінде кез келген дәруменді немесе дәріні дәрігермен кеңеспей тұрып, қабылдамаған дұрыс.

  • Дәрі-дәрмек. Егер токсикоз қатты мазаласа, дәрігер жүрек айну мен құсуды басатын дәрі жазып беруі мүмкін. Ал жағдайы өте ауыр болса, әйелге ауруханада көктамыр арқылы сұйық пен қажет дәрілерді салады.

Қорыта айтқанда, жүктілік кезіндегі токсикоз – көптеген әйелде кездесетін табиғи физиологиялық жағдай. Көп жағдайда оның белгілері алғашқы үш айдан кейін біртіндеп бәсеңдеп, өздігінен жоғалады. Алайда жағдай айтарлықтай нашарласа, өз бетінше ем қабылдауға болмайды. 

Бөлісу: