Жақындарыңызға, достарыңызға жоспарыңызды айтып, ақыры түк келістіре алмаған кездеріңіз болды ма? Алға қойған мақсатыңыз алыстап, жеткізбейтіндей көрінді ме? Жоспарды орындауға деген ниет пен ынтаңыздың таусылып қалғанын сездіңіз бе? Мұндай жағдай не үшін болады? Қазір тіпті мақсатты тамыр-танысқа емес, әлеуметтік желідегі мыңдаған адамның алдына шығып айтып отырамыз. Оны айту бізге мотивация беретіндей көрінеді. Бірақ бәрі біз ойлағандай емес екен. Мұны Tamga.media зерттеп көрді.
Питер Голлвицер бастаған психологтар осы мәселені зерттеп, төрт бірдей зерттеу жүргізді. Ғалымдар алға қойған мақсатты өзгелер білген кезде адамның сол мақсатқа деген іс-әрекеті қалай өзгеретінін бақылаған. Нәтижесінде жоспарымен бөліскендердің ісі соңына дейін аяқсыз қалғаны байқалған.
Неліктен бұлай болады?
Адам өз жоспарын жариялағанда, айналасындағылар оны сол мақсатқа ұмтылып жүрген адам ретінде қабылдайды. Мысалы, сіз:
«Мен кітап жазамын» десеңіз, достарыңыз сіздің кітап жазатыныңызға шүбә келтірмей, сізді мақтап, «керемет, сен жазушы боласың!» деп айтады.

Сол кезде сіз айтылған құр сөздерден қуат алып, өзіңізді іштей жазушы ретінде сезінуіңіз мүмкін. Соның салдарынан ойлаған іске кірісуге деген ішкі қажеттілігіңіз азаяды. Яғни адамның мақсаты әлі орындалмаса да, мақтау-мадақтау адамды діттегеніне жеткендей күй кештіреді. Зерттеушілер мұны «мақсатқа байланысты тұлғалық бейнені ертерек сезіну» деп түсіндіреді.
Осы тұста маңызды мәліметті қоса кетейік. Психологтар Джоханна Питц, Роджер Бюлер және Тейлер Уэллс жоспарды мүлдем ешкімге айтпау керек деген ұстаныммен келіспейді. Олар жоспарды нақты кімге айту керегі туралы зерттеу жүргізген. Психологтар арман-мақсатын ең жақын адамына айтқан қатысушылардың жоспары жүзеге аса бастағанын байқаған. Себебі жақындары оған кеңес айтып, қол ұшын созып көмектескен. Нәтижесінде зерттеуге қатысушылар қолдау тапқан сайын жігерленіп, мақсатына жетуге көбірек әрекет еткен. Осыдан кейін мамандар «жоспарды ешкімге айтпа» дегеннен гөрі, «жоспарыңды дұрыс адамға айт» деген кеңес береді.
Көздеген мақсатқа жетудің нақты қадамдары
Жоспарыңызды нақтылаңыз.
Психолог Питер Голлвитцер адамның жай ғана «осыны істегім келеді» деп мақсат қоюы жеткіліксіз екенін айтады. Ол мақсат орындалуы үшін нақты жоспар мен іс-әрекетке ертерек көшу керегін алға тартады. Мысалы: «Мен спортпен айналысамын» деу жоспарға жатады.
Ал «дүйсенбі, сәрсенбі күндері сағат 19:00-де 30 минут жаттығамын» десеңіз, бұл басқа әңгіме. Яғни адам алдын ала қай кезде, қай жерде не істейтінін шешіп, жоспарын буып-түйіп қоюы керек. Кейін бұл әдіске қатысты 94 түрлі зерттеу біріктіріліп қайта қаралды. Осылай нақты жоспар құратын адамдардың жақсы нәтиже көрсеткені байқалған.
Ерік-жігеріңізді шыңдап, сылтау айтудан қашыңыз.
Адам алдына мақсат қойғанда, ең алдымен ерік-жігері мықты болуы керек. «Өзімді қолға аламын», «жалқаулыққа салынбаймын, «тәртіпке бағынамын» деп өзіңізге жиі уәде беріңіз және сертіңізге берік болуға тырысыңыз. Көздеген межеге жету үшін дұрыс әдет қалыптастырыңыз.

Current Opinion in Psychology журналында жарияланған ғылыми шолуда зерттеушілер көздеген мақсатқа жету жолындағы әдеттердің рөлін зерттеген. Адам күн сайын белгілі бір әрекетті қайталай берсе, уақыт өте келе оны автоматты түрде жасайды. Мысалы, адам күн сайын кітап оқуды жоспарлады делік. Алғашқы күндері кежегесі кейін тартып, кітап оқуға мойны жар бермейді. Ерік-жігері мықты болса амалсыздан болсын, өзін мәжбүрлеп оқуға тура келеді. Егер адам сөзінде тұрып, қанша қиынға соқса да, өзімен күресіп, кітап оқуын жалғастырса, бірнеше аптадан соң бұл әрекетін өзі іздеп тұрады. Яғни адамның кітап оқу әдеті қалыптасады.
Өз-өзіңізді бақылап, барлығын қағазға жазып жүріңіз.
Psychological Bulletin журналында жарияланған мета-талдауда ғалымдар мақсатқа жету жолындағы іс-әрекеттің ұсақ-түйегіне дейін жазып жүруді ұсынады. Адамның өзін жүйелі түрде бақылап отыруы мақсатқа жетуге оң әсер ететіні анықталған. Яғни адам жоспар құрып қана қоймай, оның орындалуын үнемі тексеріп отырса, нәтижеге жету ықтималдығы арта түседі.
Мысалы, сіз жыл соңына дейін белгілі бір соманы жинауды жоспарладыңыз. Енді тек жоспар құрумен шектелмей, әр ай сайын қанша ақша жинай алатыныңызды, осы айда қанша жинағаныңызды жазып отыруыңыз керек. Сол арқылы қай жерде жоспардан қалып қойғаныңызды, қай айда артығырақ қаражат топтағаныңызды саралап отырасыз.

Қоса кетейік, ғалымдар тағы бір қызық зерттеу жүргізген. Жаңа жыл кіре сала көбі бір жылдық арман-мақсатын тізіп шығады. Мамандар зерттеуге қатысқан адамдардың жаңа жылға қойған мақсаттарының бір жылдан кейінгі нәтижесін сұраған. Қатысушылардың 55 пайызы бір жыл ішінде ойлаған жоспарын орындағанын айтқан. Адамдардың «мынаны істеймін» деген нақты мақсаттары «мынаны істемеймін» деп өзіне тыйым салған жоспарларын басып озған.
Қорытындылай келе, арман-мақсатыңызды бәріне жариялаудан бұрын оны қалай жүзеге асыратыныңызды ойлаңыз. Себебі мақсаттың орындалуына оны қанша адам білгені емес, қандай әрекет жасағаныңыз көбірек әсер етеді.




