Жазда көбі демалысқа өз көлігімен шыққысы келеді. Себебі ешқандай қоғамдық көліктің кестесіне байланбай, бағытыңызды өзіңіз құрып, ең әдемі жерлерге тоқтай аласыз. Бірақ үлкен қалалардан неғұрлым ұзаған сайын, сапарға соғұрлым мұқият дайындалған абзал. Осыған орай Tamga Media Маңғыстау түбегі бойынша автоэкспедициялар ұйымдастыратын маман Павел Худяковпен бірге жолға ең қажет заттардың тізімін жасады.

Материалды жазуға жақында болған мына бір оқиға түрткі болды. Биыл шілдеде үш саяхатшы Бекет ата мешітіне жолға шығып, хабар-ошарсыз кеткен еді. Оларды полиция, құтқарушылар, авиация мен еріктілер іздеді. Үш күннен соң Қыдырша ата шатқалынан 35 шақырымдай жерде олардың көлігі батпаққа батып, аккумуляторы отырып қалған жерінен табылды. Бұл жағдай кез келген сапарға мұқият дайындалып, су мен азық-түлік алып, төтенше жағдайдың да жоспарын алдын ала ойластырудың маңызын көрсетті.
Көлікпен жолға шығам десеңіз, мына заттарды ұмытпаңыз.
Бакты толтырып алыңыз
Жолсыз жер, кептеліс, кондиционер мен айналма жолдар жанармайды еселеп жейді. Ал шалғайда жақын жанармай бекетінің өзі жүздеген шақырымда болуы мүмкін. Қаладан шығардағы ең соңғы нүктеден бакты лық толтырып алыңыз. Көлік газбен жүрсе, оны да толтырамыз. Бұл – ең басты ереже.
Су қоры
Сапарда әр адамға кемінде 5 литр, ал көлікке 10-15 литр су керек. Аптап ыстықта, әсіресе тау мен құмды жолда қозғалтқыш тез қызып кетеді.

«Жолда салқындату жүйесінен су ағып, қозғалтқыш қызып кетуі мүмкін. Мұндайда артық су болса, жақын елдімекенге амалдап жетіп аласыз»
Азық-түлік қоры
Көбі тамақты сапардағы күніне қарай шақтап алады. Ал тәжірибелі саяхатшылар ойламаған жағдай болып қалса, көлік бұзылса, жолды су шайса, байланыс үзілсе деп, асты артығымен алуға кеңес береді.
«Бірде иен далада тұрып қалып, оныншы күні әрең эвакуацияландым. Содан екі қорап құрма, су мен кептірілген нан аман алып қалды. Ұлыған желден көліктен шыға да алмадым, тамақ пісіре алмадым».

Бес күнге сапарға шықсаңыз, азық-түлікті 10-15 күнге жететіндей алыңыз. Күріш, қарақұмық, макарон, сұйық май сияқты орын алмайтын, бірақ тойымды тағамдар дұрыс. Сонымен бірге шағын газ горелкасы мен су өтпейтін, оралған сіріңке ала жүріңіз.
Қозғалтқышқа арналған артық май
Ұзақ жолда қозғалтқышқа май құю керек болуы мүмкін, сондықтан багажға кемінде бір литр артық май салып алған абзал. Жолға шығар алдында көліктің суы мен майын тексеріп, саяхатқа толық дайын екеніне көз жеткізіңіз.
Навигатор мен қағаз карта
Жерді жақсы білмесеңіз, бағытты алдын ала навигаторға енгізіп, офлайн картаны қолданып үйреніңіз. Ыңғайлы кез келген навигация қосымшасын таңдасаңыз болады. Павел Худяков сапарға офлайн картасы бар ескі смартфонын ала шығады екен:
«Байланыс жоқ жерде немесе тұрған жеріңді тез білу керек болса, қосалқы навигатордан артығы жоқ. Мен даланы жақсы білгендіктен картаны сирек қосамын, бірақ тәжірибелі саяхатшыға да картаға қарап жүрген артық етпейді. Бұл кеңесті тек күндіз пайдаланыңыз, ал түнде жазық даламен жүрмегеніңіз дұрыс»
– дейді Павел Худяков..

Пайдалы заттар
Жолда дәрі қобдишасы, батареясы бар қолшам, пауэрбанк, сүйрейтін трос, компрессор, домкрат, дөңгелек жамайтын жинақ, құрал-сайман мен тағы бір бүтін дөңгелек алыңыз.
Өртсөндіргіш
Аптап ыстықта, биік құрғақ шөпте немесе тоқтан өрт шықса, өртсөндіргіш үлкен қауіптен сақтайды. Ол бұзылмаған (жарамды) әрі ала салуға өте оңай жерде тұруға тиіс.
Күрек
Тіпті төрт дөңгелегі бірдей тартатын көлік те құмда, балшықта немесе терең ойықта тұрып қалуы мүмкін. Жиналмалы күрегіңіз болса, дөңгелекті тез аршып аласыз. Сондықтан күрек – кез келген көлікте болуы тиіс.

Күн бұзылғанда киетін киім
Жазда күндіз ыстық болғанымен, түнде дала, тау, шөлді жер салқын. Сөмкеңізге жылы әрі жаңбыр жауғанда киетін киім, күнқағар мен ыңғайлы жабық аяқкиім салыңыз.
Жолдағы қауіпсіздік ережелері
Сапарға дайындық жүк жинаумен бітпейді. Сапарыңызды жеңілдетіп, төтенше жағдайда көмектесетін бірнеше қарапайым ереже бар.
Маршрутты жақындарыңызға айтып кетіңіз
Жолға шықпай тұрып, қайда бара жатқаныңызды, қай жолмен жүретініңізді, қашан қайтатыныңызды жақындарыңызға ескертіңіз. Байланыс жоғалса, сізді іздеп табу әлдеқайда оңай болады.
Көлікті тексертіп алыңыз
Ұзақ жолға шықпай тұрып, көлікті тексеріңіз. Кей ақауын өзіңіз байқамауыңыз мүмкін, мұндайда автосервиске апарған жөн. Павел Худяковтың айтуынша, елсіз жерде жолда қалғанша, алдын ала уақыт пен қаражат бөлген әлдеқайда тиімді:
«Көлікті сенімді автосервиске көрсеткен абзал. Онда көлікті көтеріп немесе шұңқырға түсіріп, жүріс бөлшектерін (подвеска), шаровойды, сайлентблокты, тежегіш пен май деңгейін тексереді, май аққан жерлері бар-жоғын қарайды. Тексерту қымбат емес, есесіне жолда сенімді жүресіз. Мысалы, далада шаровой сынып қалса, әрі қарай жүре алмайсыз. Ал оны иен далада жөндеу мүмкін емес».

Алғашқы көмек көрсетуді үйреніңіз
Сапарда көліктен бұрын адам денсаулығына қауіп төнуі мүмкін. Сондықтан сүйек сынғанда, қан кеткенде, жылан немесе жәндік шаққанда не істеу керегін алдын ала білген жөн.
«Бірде маған қолы сынған адамға көмектесу керек болды. Жанымда сынған сүйекті бекітетін арнайы таңғыш болмаған соң, қолда бар заттарды – тоқтау белгісі (аварийный знак) мен пластик тартқыштарды (стяжка) пайдаландым. Дәрігерлер келгенше қолын осылай таңып бердік. Жолда жарақатты уақытша байлауға не жарайтынын алдын ала ойластырып жүрген абзал. Қазір дүкендерде көп орын алмайтын арзан, ыңғайлы бекіткіштер сатылады», – дейді Павел Худяков.
Ауа райын бақылаңыз
Жолға шықпай тұрып, тек барар жердің емес, бүкіл бағыт бойынша ауа райын тексеріңіз. Біздің елде ауа райы бірнеше сағатта өзгере салады. Қатты жел, нөсер, тұман мен аптап ыстық сапарға кедергі болуы мүмкін. Дауыл, су тасқыны мен жолдың жабылуы туралы ескерту келсе, сапарды кейінге қалдырыңыз. Әсіресе таулы немесе елсіз жерде жүргенде болжамды жиі қарап отырған абзал.
Түйін:
«Бастысы, межелі жерге тез жету емес, аман-есен жету. Сапарға жақсы дайындық керек екенін ұмытпаңыз. Көлігіңізде су, тамақ пен құрал-сайман үнемі дайын тұрсын, бірақ ешқашан керек болмасын», – дейді ол.



