20 жыл бұрын Қазақстанда ақбөкендердің жойылып кету қаупі жоғары еді. Ал бүгінде олардың саны миллионнан асты. Жануарлардың жойылып бара жатқаны туралы жиі еститін болсақ та, бұл жаңалық үміт сыйлайды. Тек ақбөкендер емес, өзге де аң-құстардың популяциясы қалпына келе бастады. Tamga Media Экология министрлігіне хабарласып, қай түрлерді сақтап қала алғанын және бұған қалай қол жеткізгенін білді.
Ақбөкен (киік)
Оны басқа жануарлармен шатастыру мүмкін емес. Жүні құм түстес, аяқтары жіңішке, ал тұмысығы ерекше әрі жұмсақ. Осы тұмсығына қарап, ақбөкенді не ежелгі дәуірдің жануары, не ертегі кітабынан шыққан кейіпкер сияқты көреді.
Қазақстанда ақбөкендер кең дала мен шөлейт жерлерді – Бетпақдала, Орал мен Үстірт аймақтарын мекендейді. Олар көшіп-қонып жүретіндіктен, ашық алаңдарды жақсы көреді. Ақбөкендер адамдарға жоламайды, сондықтан оларды жақыннан көру қиын. Бұл жануарлар көкжиегі кең әрі табынмен еш тоқтаусыз шаба алатын еркін жерлерде жүреді.
2005 жылы ақбөкендер жойылып кетуге шақ қалды. Ол кезде Қазақстанда небәрі 40 мыңға жуық басы ғана қалған еді. Кейін олардың саны біртіндеп өсе бастады: 2014 жылы 256 мыңға, 2019 жылы 334 мыңға жетсе, 2025 жылы 4 миллионнан асты.
«Ақбөкендердің санын қалпына келтіріп, бұл жануарларды жойылып кетуден сақтап қалдық. Мамандар мұны табиғатты қорғаудағы ең үлкен нәтижелердің бірі деп санайды», – дейді Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті мамандары.
Браконьерлердің кесірінен және адамдардың олардың мекеніне тым жақын келгенінен ақбөкендер азайып кеткен еді. Оның үстіне, жаңа жолдар мен шаруашылық жұмыстары киіктердің көшіп жүруге ыңғайлы, үйреніп қалған жолын бұзып жіберді.
Негізі, ақбөкен жай ғана дала символы емес. Олардың дала табиғатын сақтауда маңызы зор. Осы жануарлар бір жерден екінші жерге тоқтаусыз көшіп жүргенде жайылымдар демалып, жаңарып отырады. Осылай, даланың табиғи тепе-теңдігі сақталады.

Құлан
Сырттай қарағанда құлан есекке ұқсағанымен, одан анағұрлым сымбатты, биік әрі жинақы. Түсі ақшыл құм іспеттес, жотасында қара жолағы бар, мойны жуан және аяқтары өте мықты. Ол ыстыққа да, құрғақ күнге де, ұзақ жолға да әбден үйренген. Бірақ құлан шапқанда кәдімгі үй есегіне мүлдем ұқсамайды. Ол – шөл даланың аптабына төзімді, өте жүйрік әрі қайратты жабайы аң.
Құландар Қазақстанның шөл және шөлейт жерлерін мекендейді. Оларды жиі кездестіресіз. Өте сақ жануар болғандықтан, адам аяғы баспайтын, жетуі қиын жерлерде жүреді.
Экология министрлігінің мәліметі бойынша, 2005 жылы елімізде небәрі 1112 құлан болған. Ал 2025 жылға қарай олардың саны 4702-ге жетті. Бір кездері жойылып кетуге шақ қалған жануар үшін бұл – өте жақсы көрсеткіш.
Құландар кезінде көп ауланғандықтан және жайылымдар тарылғандықтан азайып кетті. Адамдар мекенін тартып алған соң, оларға жүретін жер де қалмады. Негізі, шөл дала үшін құланның орны бөлек. Олар үнемі көшіп-қонып, кең жерлерді шарлап жүреді. Осылай, құландар өздерінің жүрген жолдарымен шөлді өлкелерді бір-бірімен байланыстырып, оның тіршілігін сақтап тұрады.
Құландар су ішетін жерлер мен жүретін жолдарын өте жақсы есте сақтайды. Тамақ пен су іздегенде табынымен өте алыс жерлерге дейін бара береді. Сондықтан олардың оралғаны – қаңырап бос жатқан өңірлерге қайта жан бітіргенмен бірдей.

Арқар
Арқар – Орталық Азиядағы ең ірі жабайы қой. Қошқарларының мүйізі ауыр әрі иір, денесі тығыншықтай. Олар өмір сүру былай тұрсын, адамның өзі әрең тұратын тік беткейлерге өте мықты. Жақыннан қарасаң, арқар суреттегіден әлдеқайда үлкен әрі сұсты көрінеді.
Қазақстанда олар биік таулар мен бару қиын жерлерді мекендейді. Құлама жартастар аңдарға әрі қорған, әрі айналаны қарап отыруға ыңғайлы.
Экология министрлігінің дерегі бойынша, 2005 жылы елімізде 8 835 арқар болса, 2025 жылға қарай олардың саны 21 586-ға жетті. Адам аяғы баспайтын тыныш жерлерді жақсы көретін тау жануары үшін бұл – үлкен жетістік.
Арқарлардың азаюына браконьерлер, таулы жерлерді игеру мен адамдардың мазалауы себеп болған. Негізі, тау табиғаты үшін арқардың орны бөлек.

Қарақұйрық
Қарақұйрық – аяқтары жіңішке, бауыры ақшыл, құм түстес өте сымбатты жануар. Ол ақбөкеннен кішірек әрі өте жылдам жүгіреді, сондықтан оны далада көру қиын.
Қазақстанда қарақұйрық кең, ашық шөлді жерлерді мекендейді. Олар адамдардан аулақ жүруге тырысады, кішкене дыбыс естілсе, бірден қаша жөнеледі.
2005 жылы Қазақстанда 12 500 қарақұйрық болса, 2025 жылға қарай олардың саны 16 122-ге жетті. Миллиондаған ақбөкенмен салыстырғанда бұл аз көрінуі мүмкін. Бірақ шөл даланың нәзік жануары үшін бұл – жақсы көрсеткіш. Өйткені олардың үйреншікті жайылымы мен жүретін жолдары өте тез бұзылады.
Қарақұйрық да басқа аңдар сияқты көп ауланғандықтан және жайылатын жері тарылғандықтан жойылып кете жаздады. Олар – еліміздің шөлді аймақтарына, аптап ыстық пен құрғақшылыққа әбден төселген жануар.
Қарақұйрықты бәріміз бала жастан білсек те, оны өз көзімен көргендер некен-саяқ. Олар өте сақ, тым жылдам жүгіреді және адамдарға жоламайды.

Тоғай бұғысы
Тоғай бұғысының басқа жануарлардан айырмашылығы – ол мүлдем бөлек жерде тіршілік етеді. Ақбөкен, қарақұйрық пен құландар жазық дала мен шөлді мекендесе, бұғылар тек өзен бойындағы қалың тоғайды паналайды. Олар суы мол, шөбі шүйгін жерлерге үйір.
Қазақстанда тоғай бұғылары ірі өзендердің жағасы мен орманды алқаптарда кездеседі. Олар негізінен оңтүстік пен оңтүстік-шығыс өңірлердегі қалың бұталы тоғайларды мекендейді. Бірақ біздің елде мұндай тоғайлар өте сирек.
2010 жылы елімізде небәрі 350 тоғай бұғысы болса, 2025 жылға қарай олардың саны 1240-қа жетті. Өзен бойындағы тоғайларға тәуелді мұндай сирек аң үшін бұл – жақсы көрсеткіш.
Тоғай бұғылары ормандардың оталуы мен адамдардың кесірінен жойылып кете жаздады. Мәселе мынада: тоғайлар құрыған сайын, бұғылардың да тұрақтайтын жері қалмайды.
Бұл жануарлар көзден таса жүруді ұнатады. Сондықтан азаматтарымыз мұндай бұғылардың әлі де барын біле бермейді.

Популяцияға не көмектесті?
Экология министрлігі бұл жағдайдың бірнеше себебін түсіндірді. Ең бастысы – кей аңды аулауға тыйым салынды және браконьерлерге де ескерту жасалған.
Мысалы, ақбөкендерді аулауға 2006 жылы тыйым салынған еді. Сонымен қатар елімізде қорықтар мен ұлттық парктердің аумағы кеңейіп жатыр. Ондай жерлерде жануарларға ешкім кедергі жасамайды, олар еркін өсіп-өнеді.
Комитеттегілер мұны былай сипаттайды:
«Мамандар аңдардың санына үнемі мониторинг жүргізеді. Олар тікұшақпен немесе заманауи құрылғылармен бақылап отырады. Кейбір жануарды бұрынғы мекеніне қайта апарып, санын көбейтіп жатыр. Сондай-ақ шетел мамандарымен тәжірибе алмасып, аңдарды қорғау үшін бірлесіп жұмыс істейді».
Қазір Қазақстанда аңдарды қорғайтын жерлер 31 миллион гектарға жетті. Бұл – бүкіл еліміздің 11%-дан астамы. Дәл осы жерлерде ақбөкен, құлан мен қарақұйрық өте тез көбейіп жатыр.
Шетелмен бірлесіп жұмыс істеудің де пайдасы тиді. Қазақстан бұл істе Ресей, Нидерланды, Чехиямен тығыз жұмыс істеп жатыр. Сондай-ақ Дүниежүзілік жабайы табиғат қоры, БҰҰ-ның даму бағдарламасы және Халықаралық табиғатты қорғау одағы сияқты ұйымдар да бар. Мамандар өзара тәжірибе алмасып, аңдарды қорғау мен олардың санын қалпына келтіру үшін бірлескен жобаларды жүзеге асырып жатыр.
Қай аңдарға әлі де қауіп төніп тұр?
Аңдар көбейіп жатқанымен, кейбіреуі жоғалып кетуі мүмкін. Сондықтан мамандар Қазақстанның жаңа Қызыл кітабына ақбас құмайды, тазқараны және қамыс мысығын қосуды жоспарлап отыр.

Ақбас құмай мен тазқара – өте ірі жыртқыш құстар. Олар өлген аңдарды жеп, табиғатты тазалап жүретін «санитарлар» іспеттес. Ал қамыс мысығы – су жағасындағы қалың шөптің арасында жасырынып өмір сүретін өте сирек аң. Оны кездестіру өте қиын, сондықтан көп адам мұндай мысықтың Қазақстанда бар екенін біле де бермейді.
Комитет мамандары табиғатты қорғаудағы кедергілерді де жасырмайды:
«Аңдардың санын көбейтуге ең әуелі браконьерлер мен ауа райының құбылуы кедергі. Оның үстіне, жануарлар мекендейтін алқаптар тарылып, жол немесе құрылыстардың кесірінен бөлшектеніп кетті. Сондай-ақ кейбір аң көрші елдерге өтіп кететіндіктен, оларды қорғау қиынға соғады».
Соған қарамастан жұмыс әлі жалғасып жатқанын айтады. Мәселен, қазір «Іле-Балқаш» аумағына жолбарыстарды қайтадан қайтару қолға алынды. Ал «Алтын Дала» қорығында жойылып кете жаздаған жабайы Пржевальский жылқысын көбейту шаралары жүріп жатыр.
Мамандар бұл жұмыстар алдағы жылдары да жалғаса беретінін айтады:
«2035 жылға дейінгі жоспар бойынша Қазақстанда табиғатты сақтаудың нақты бағыттары белгіленді. Ендігі негізгі мақсат – аңдарды қорғайтын жаңа жерлер ашу және жануарларды бақылайтын ортақ цифрлық жүйе енгізу. Сондай-ақ аңдардың өзгере бастаған ауа райына үйренуіне көмектесу де басты назарда болады».
Дегенмен жағдай әлі де тұрақсыз. Кейбір аңның саны қайта азайып кетпеуі үшін үнемі бақылау қажет. Себебі қатты қуаңшылық, үйренген жолдарының бұзылуы немесе браконьерлердің көбеюі жануарларға үлкен қауіп төндіреді.



