Мынадай жағдайды елестетіп көріңізші: сіз әлі салынбаған үйді ипотека аласыз. Құрылысшы сол ақшаға әлі өндірілмеген бетонға тапсырыс береді. Ал бетон зауыты сіздің болашақта төлейтін ипотека төлемдеріңізді кепілге қойып, тағы несие алады. Оның үстіне, сізге кредит берген банк сол құрылысшымен серіктес. Сырттай қарасаңыз, кәдімгі пирамидаға ұқсайды. Ал қазір кездегі ең бай саланың бірі дәл осындай «қиялға ұқсас» жүйемен жұмыс істеп жатыр.
Қазір көп талқыланып жүрген «ЖИ көпіршігі» де осыған ұқсас. Иә, бұл жаңалық емес, бірақ факт өзгермейді: ЖИ – бұл жаңа алтын. Ал кез келген жаңа алтынмен бірге «алтын безгегі» келеді. Компаниялар ең тиімді орынды иелену үшін бәріне дайын. Кейде тіпті орындалуы екіталай уәделер беруге дейін барады.
Цифрдағы тарих
2025 жылы технология әлемінің «үлкен бестігі» – Google, Amazon, Meta, Microsoft және Apple – дата-орталықтар салуға және ЖИ-жабдықтарын сатып алуға шамамен 400 миллиард доллар жұмсады. Теория жүзінде бұл сома «Аполлон» бағдарламасынан да асып түседі.
Ал 2026 жылы бұл шығын 700 миллиард долларға дейін жетуі мүмкін. Мысалы, OpenAI дата орталықтарды салуға 500 миллиард доллар инвестиция құюды жоспарлап отыр. Бірақ бір қорқыныштысы: мұндай жобалар тек көп қаржыны емес, ресурсты да қажет етеді. Мәселен, бір ірі дата орталық кейде кішкентай қаланың бүкіл тұрғынымен бірдей мөлшерде су тұтынуы мүмкін. Ал мұндай ғимараттарды көбіне құрғақ жерлерге салады.
Енді қаржы жағына қарасақ, парадокс одан да қызық: сол OpenAI 2024 жылы 5 миллиард доллардан астам шығынға батып, әлі нақты пайда көрсеткен жоқ. Кей болжам бойынша, тек 2026 жылдың өзінде шығын 14 миллиардқа жетуі мүмкін, ал Deutsche Bank есебінше, компания 2029 жылға дейін шамамен 140 миллиард доллар жоғалтуы ықтимал.
Сонда қалай табыс табады? Қазір компания табысының шамамен 70%-ы – қарапайым адамдардың ай сайынғы жазылымдары. ChatGPT-дің 800 миллион пайдаланушысы бар, бірақ соның 5%-ы ғана ақылы түрін қолданады. Ертең жаңа сервис шықса немесе адамдар жасанды интеллектің қазіргі классикалық түріне қызығушылығы кетіп қалса, қайтпек? Сұрақ көп, оның үстіне бұл айсбергтің шыңы ғана.

Мәселе мынада: осының бәрі ақталуы үшін, ЖИ индустриясы онжылдық соңына қарай жылына 2 триллион доллар табыс табуы керек. Ал қазір бұл көрсеткіш шамамен 20-60 миллиард доллардың айналасында ғана. Яғни, небәрі бес жылда 50-100 есе өсу қажет.
Бұл сандарды елестету қиын. Қарапайым мысал: 400 миллиард доллар – жер бетіндегі әрбір iPhone иесі жыл сайын қосымша 250 доллар төлегенмен тең. Ол аздай, бұл тек бір жылдың шығынын жабуға ғана жетеді.
Карусель, карусель – біз үшін қуаныш: Nvidia чиптерді өзіне-өзі қалай сатады
Nvidia бүгін 4,3 триллион долларға бағаланып, ЖИ үшін GPU-чиптердің 90%-ын шығарады. Оның чиптері әлемдегі әрбір ірі дата орталықта тұр десек артық айтқанымыз емес. Бір қарағанда бәрі керемет сияқты: чиптер сұранысқа ие, нарық қолда, геймерлер кейде қымбатшылықтан зардап шегіп жатыр, бірақ үлкен ойыншылар үшін бұл маңызды емес көрінеді. Бірақ мұнда да сұрақ бар: бәрі жоспарлағандай болмаса ше?
Nvidia OpenAI-ға 100 миллиард доллар инвестиция салмақ. Ал OpenAI бұл ақшаға дата орталықтарын саламын деп жоспарлап отыр. Ал дата орталықтар Nvidia чиптерімен толтырылуы керек. Яғни Nvidia ақшаны бір компанияға береді, ал ол компания сол ақшаны Nvidia-ның өніміне жұмсайды. Әлі де түсініксіз бе? Елестетші, бір сыра зауыты бар, ол өз ақшасына базардан барлар желісін ашады. Ол барлар тек соның сырасын сатып алады. Зауыттың есебінде – рекордтық сауда. Бірақ барлар шығынға батып, тек зауыттың ақшасымен ғана күн көріп тұрса, онда зауыт «жалған сұраныс» жасау үшін өз-өзіне ақша төлеп отыр деген сөз. Бұл барларды ұстап тұруға ақша таусылғанша ғана жұмыс істейді.
Бірақ бұл карусельде жалғыз ойыншы Nvidia емес. Anthropic Amazon-нан инвестиция алады және AWS-ке орналасады. Google Anthropic-ке ақша салады және оған «бұлттағы есептеу құралдарын» сатады. Microsoft OpenAI-ды қаржыландырады, ал OpenAI Azure-ге тәуелді. Қысқасы, ақша бір шеңбер бойымен айналып, компаниялар бір-біріне инвестиция жасап, өз өнімдерін «ішкі нарықта» қайта сатып алады. Бұл – үлкен ЖИ каруселі.

MIT экономисі, 2024 жылғы Нобель сыйлығының лауреаты Дарон Аджемоглу былай деп ескертеді: «Нағыз қауіп қағаздан жасалған үйшіктер құлағанда болады».
Мысалы, CoreWeave компаниясының қарызы 18 миллиард доллардан асып кеткен. Ол Nvidia-мен келісім жасасқан: 2032 жылға дейін кейбір есептеу қуаты қолданылмай қалса, оны Nvidia өзі қайта сатып алуы керек. Яғни, сұраныс азайса, Nvidia өзі сатқан, бірақ бос тұрған жабдық үшін қайтадан ақша төлеуге мәжбүр болады.
Әлі жоқ нәрсені сатып аламыз
Әлі өндірілмеген жабдықты сатып алу – өз алдына бір қызық әңгіме. Тіпті оның соңы нақты қандай болатыны да белгісіз.
2025 жылғы қазанда AMD мен OpenAI «алты гигаватт GPU» туралы келісімшарт жасайды. Өлшем бірлігіне назар аударыңызшы. Бірнеше дана емес. Доллар емес. Гигаватт. Әдетте GPU-ды бұлай өлшемейді. Бірақ масштаб тым үлкен болғанда, өлшем де өзгереді.
Бұл чиптердің ішінде MI450 сериясы бар. Қызығы, келісім жасалған кезде оның нақты сипаттамалары әлі жарияланбаған еді. Яғни OpenAI аты ғана белгілі чиптерді алдын ала сатып алуға келіскен.
GPU-ға тапсырыс бергеннен кейін оны алу үшін кемінде жарты жыл күту керек. Ал чип шығаратын зауыттарға қажет құрылғылар, мысалы, EUV литография машиналары бір жыл бұрын тапсырылады. Деректер орталығын электр желісіне қосу үшін тіпті үш-төрт жыл қажет. Сөйтіп 2023 жылғы тапсырыстар тек 2024–2025 жылдары ғана жеткізіле бастайды.
Компаниялар кезекте тұрған сайын, «тағы жетпей қалар» деген қорқынышпен бұрынғыдан да көп тапсырыс бере бастайды. Бұл экономикада «қамшы эффектісі» деп аталады – кезек ұзын-сонар болып, созылған сайын, тапсырыс берген адамдардың қатты алаңдай бастайды.
Мұның бәрі «үш-бес жылдан кейін сұраныс осы шығындарды ақтайды» деген болжамға сүйеніп жасалып жатыр.
Сатып алу – өз алдына, бірақ технология өз жолымен дамып жатыр
Картадан жасалған үйшіктің тағы бір картасы. Компаниялар GPU-дың құнын алты жыл ішінде есептен шығарады (амортизация). Сіз бір телефонмен алты жыл жүріп көрдіңіз бе? Бір компьютерді алты жыл қолдандыңыз ба? Әрине, техникаңыз әлі істеуі мүмкін, бірақ ол әлдеқашан ескіріп кеткен.
GPU-дың нақты экономикалық өмірі – екі-үш жыл. Nvidia чиптердің жаңа буынын шамамен әр 18 ай сайын шығарады және әрбір жаңа буын алдыңғысынан тиімдірек. Екі жылдан кейін сіздің 25 000 долларлық чипіңіз бәсекеге қабілетсіз болып қалады деген сөз. Егер көрші дата орталық жаңа буынды ұсынып тұрса, ешкім екі буын бұрынғы құрылғыны жалға алмайды.

Groq компаниясының басшысы Джонатан Росс нақты амортизация мерзімі бір-екі жыл болуға тиіс деп есептейді.
«Қағаздағы алты жыл мен өмірдегі екі жылдың арасында миллиардтаған доллар жатыр. Бұл – компаниялардың есебінде бар болып көрінгенімен, іс жүзінде түкке тұрғысыз «өлі активтер».
OpenAi Oracle компаниясына Blackwell чиптері бар дата орталықтар үшін бес жыл ішінде 300 миллиард төлеуге уәде берді. Бес жылдан кейін Blackwell кемінде екі буынға артта қалады. Ойылаңызшы, сіз жаңа машинаға несие төлеп жатырсыз, бірақ екі жылдан кейін ол кәдімгі «Запорожецке» айналады. Ал төлеміңіз сол күйі қалады.
Мұның бәрі жаңалық емес
90 жылдардың соңында компаниялар жер астына ондаған миллиард доллар тұратын оптикалық кабель төседі. Себебі интернет геометриялық қарқынмен өседі деген үлкен үміт болды. Сол кезеңдегі басты ойыншылардың бірі – Level 3 Communications – аптасына шамамен 110 миллион доллар жұмсап отырған.
Алайда «көпіршік» жарылған кезде, компания акциялары 95%-ға дейін құлдырады. Индустриядағы алыптардың біразы банкротқа ұшырады. Ал ең ірі провайдерлердің бірі – WorldCom ондаған миллиард долларлық алаяқтықпен байланысты болып шықты.
Салынған инфрақұрылымның едәуір бөлігі сол күйі пайдаланылмай қалды. Жер астында бос жатқан бұл желілерді кейін «қараңғы талшық» (dark fiber) деп атай бастады.
Бүгінде де «бұл жолы бәрі басқаша, GPU-лар бос тұрған жоқ, бәрі жұмыс істеп тұр» деген пікір жиі айтылады. Бірақ сыншылар айтқандай, ЖИ сервистердің көбі тегін немесе үлкен субсидиямен жұмыс істеп тұрса, оның жұмыс істеп тұрғаны ештеңені білдірмейді. Тегін тарифтер мен шығынға толы жазылымдар – міне, дата орталықтардағы чиптерді нақты «балқытып» жатқан осы. Бұл нарықтық сұраныс емес, субсидияланған ұсыныс.
Ессіздікті тоқтату
Бірақ мына нәрсені жоққа шығар аламаймыз. Жоғарыда жазылғанның бәрі жасанды интеллект инфраструктурасы керек емес дегенді білдірмейді. Тіпті қазіргі қаржыландыру моделінің ең қатал сыншылары да мұны мойындайтыны парадокс болып тұр. Гарвард бизнес мектебінің профессоры Энди Вудың айтуынша, ұзақ мерзімді перспективада бұл құрылыстың ауқымы жай ғана ақталып қоймайды, бұл қажет. Мәселе тым көп салып жатқанында да емес. Мәселе – қарыздың оған қызмет көрсете алатын табыстан тезірек өсіп жатқанында. Бұл «біз артық нәрсе салып жатырмыз» деген мен «біз дұрыс нәрсе салып жатырмыз, бірақ ол үшін дұрыс емес жолмен төлеп жатырмыз» дегеннің арасындағы айырмашылық.
Тағы бір агрументті елемеу қиын. Доткомдар көпіршігі жүздеген компанияны құртты, триллиондаған долларды ауаға ұшырды және адамдарды тақырға отырғызды. Бірақ 90 жылдардың соңында жерге көмілген оптикалық кабель қалды. Дәл осы инфрақұрылымда қазіргі заманғы интернет өсіп шықты – YouTube, Netflix, бұлт сервистері, қашықтан жұмыс істеу. Салған компаниялар банкрот болды. Бірақ олар салған нәрсе қалып, әлемді өзгертті.

ЖИ инфраструктурасымен де дәл солай болуы мүмкін. Дата орталықтар ешқайда кетпейді. Банкроттық сатылымдарда тиын-тебенге сатып алынған GPU-лар жұмысын жалғастыра береді. Осы құрылғыларда оқытылған Open-source модельдері қазірдің өзінде бар және оларға триллион болатын бюджет керек емес. Ертең Forbes тізіміндегі әрбір ЖИ компаниясы жарылып кетсе де, технология қалады.
Мәселе мұның пайдасы бола ма, жоқ па дегенде емес. Пайдасы болады. Сұрақ: бұл үшін кім төлейді?
Бұдан не шығады?
Нақтылап өтейік. Пайдасы жоқ компаниялар вендорларға триллиондаған доллар уәде етеді. Вендорлар сол уәдені кепілге қойып, кредит алады да, дата орталықтарын салады. Дата орталықтары ақысы төленгенше ескіріп кететін жабдықтармен толады. Жабдық өз сатып алушыларын өзі қаржыландыратын компаниядан сатып алынады. Мұның бәрі «бес жылдан кейін ЖИ жылына 2 триллион доллар әкеледі» деген болжамға сүйеніп тұр. Бұл ретте бүгінде адамдардың 97%-ы ЖИ үшін бір тиын да төлемейді.
Бұл қастандық теориясы емес. Бұл – ресми есептерде жазылған, Harvard Gazette, NPR, MIT Technology Review және The American Prospect басылымдарында талданған дүниелер. Мұны жазып жатқандар луддиттер немесе технофобтар емес. Олардың арасында Нобель сыйлығының лауреаттары, Гарвард профессорлары және ЖИ компанияларының тізгінін ұстап отырған адамдар бар. Тіпті Anthropic басшысы Дарио Амодеи бұл шығындардың ақталып-ақталмайтынын ешкім білмейтінін мойындап, «белгісіздік конусы» деп ашық айтады.
ЖИ бәрін өзгертетін трансформация технологиясы ма? Солай сияқты. Қазіргі инвестиция деңгейі болашақ сұраныспен ақталуы мүмкін бе? Теория жүзінде, иә. Бірақ көпіршіктер тарихы бізге бір нәрсені үйретеді: жекелеген шешімдердің қисындылығы ұжымдық ақылсыздықтан қорғамайды. Әрбір компания «бұл жарыста жеңілуге хақым жоқ» деп ойлайды және вакуумда олардікі дұрыс. Бірақ бәрі бірдей бір нәрсеге бәс тіккенде, нәтижесінде стратегия емес, «тұтқын дилеммасы» шығады.
Ал әзірге біз сіздермен бірге тарихтағы ең қымбат экспериментті бақылап отырмыз. Жоқ дата орталықтар әлі өндірілмеген жабдықтарды сатып алады, ол жабдықтар мұның бәріне төлей алатын өнімі жоқ компанияларға арналған. Осы процестің барлық қатысушылары бұл жолы бәрі басқаша болады деп нық сеніммен отыр.
Осы құрылғылар мен шығындар ең қымбат әрі әдемі ЖИ видео үшін күресуге емес, шынайы мәселелерді шешуге бағытталса екен дейсің. Технология технологиялық теңсіздікті күшейтпей, одан құтылуға көмектессе екен дейсің. Жаңа ЖИ жазылмайтын аурулардың емін табуға бір қадам жақындатса екен дейсің. Бәлкім, солай болатын да шығар. Бірақ қазір пайда керек. Ал пайда дегеніміз – қарапайым адамдар екенін ескерсек, онда өтемақы ретінде «табыс тауып жатырсың» деген иллюзияны беретін дүниелер жасала береді. Сондықтан ЖИ курстар, ЖИ суретшілер мен ЖИ дизайнерлер көп. Адамдар осы бір көңілді аттракционның бөлшегіне айналып жатыр. Ал бізге бәрі жақсы болады деп сену ғана қалды. Жақсылық болады, тек біздің дәуірімізде болса игі еді.



