EdTechITЖИ көмекші ме, әлде бәсекелес пе?

ЖИ көмекші ме, әлде бәсекелес пе?

25 ақпан 2026
5 мин
ЖИ көмекші ме, әлде бәсекелес пе?
Фото: Freepik

2026 жыл Қазақстанда жасанды интеллект жылы болып жарияланды. Бұл кездейсоқ емес. Қазір жасанды интеллект күнделікті өмірімізге еніп кетті. Жасанды интеллект мәтін жазу, презентация жасауға, есеп шешуге, жұмыс процесін тездетуге көмектесіп жатыр. Тіпті қазір көп нәрсені онсыз елестету қиын. Дегенмен осыған байланысты көбін бір сұрақ мазалайды: болашақта ЖИ қатты дамып, болашақта адам еңбегінің құны түсіп кетпей ме? Сарапшылар ЖИ еңбек нарығын, жұмыс процесін қалай өзгертіп жатқанын, адамдар қандай дағдыларды үйренгені жөн екеніне тоқталамыз.


Уақытты үнемдейді


Microsoft сертификатына ие ЖИ сарапшысы Қайсар Құрманғалиевтің айтуынша, жасанды интеллект адамның жұмысын тартып алмайды, керісінше уақытын үнемдеуге көмектеседі. Ол ақпарат іздеуге, құжаттарды реттеуге, деректерді сұрыптауға жәрдемдеседі. Соның арқасында адам ұсақ-түйек жұмысқа емес, істің мәні мен сапасына көбірек назар аудара алады.


Оған қоса жасанды интеллект адамға бәсекелес бола алмайды, өйткені ол өз бетімен шешім қабылдамайды – тек сұраққа жауап беріп, нұсқа ұсынады, көмектеседі. Сондықтан қазір әр маман ЖИ-мен жұмыс істеуді үйренуі керек. ЖИ тілін түсінбегендер, оны игеріп алған басқа адамдардан қалып қояды.


Қайсар Құрманғалиев:

“Жасанды интеллект деректер мен алгоритмдер шеңберінде жұмыс істейді. Ол әртүрлі нұсқа ұсына алады, бірақ құндылықтарды, корпоративтік мәдениетті немесе шешімнің адамдарға әсерін толық түсіне алмайды. ЖИ жақсы орындаушы бола алады, бірақ ең мықты сарапшы бола алмайды. Мұны трактордың алғаш шыққан кезімен салыстыруға болады. Ол адамдарды жұмыссыз қалдырған жоқ, тек оны басқаруды үйренбегендерді алмастырды. Ал техниканы меңгергендер бұрын бірнеше адамның істейтін шаруаны бір өзі атқара алатын болды”


Сонымен қатар этика мен қауіпсіздік мәселесі бар. Жасанды интеллект қолданса, деректер бұлтта сақталады. Мұндайда компаниялар тәуекелдер болатынын түсінеді. 


Мамандар ой еңбегіне назар аудара бастады


Ал HRM, бизнес-коуч Расима Баязитованың айтуынша, жасанды интеллект көптеген мамандықтың ішкі құрылымын өзгертіп жатыр. Бұрын бір жұмысты тез орындау маңызды болса, қазір оны дұрыс түсіну, салдарын ойлау және жауапкершілік алу маңыздырақ. Қайталанатын іс-әрекетті технологияға тапсырып, мамандар көбіне жұмысты ұйымдастырып, талдап, бағыт көрсететін рөлге көшіп жатыр. 


Расима Баязитова:

“Қазір жасанды интеллект есептеуге болатын, қайталанатын жұмыстың көп бөлігін өзіне алып жатыр. Сондықтан маман үшін ең маңыздысы – креативті ойлау, жаңа идея табу және өзгеше шешім ұсына білу. Күнделікті ұсақ-түйек жұмыстарды автоматтандыру оңай, ал адамның сезімі, интуициясы мен шығармашылығын алмастыру мүмкін емес. Сол себепті жаңа нәрсе ойлап табатын мамандықтар жоғалмайды. Керісінше, жасанды интеллект оларды күшейтеді: ол ұсақ жұмыстарды атқарады, ал адам істің мәні мен сапасына көңіл бөледі”


Маманның сөзінше, технологиялар дамыған сайын, эмпатия, интуиция, контексті түсіну, сенім құру сияқты жасанды интеллект қайталай алмайтын қасиеттердің маңызы артады. Мұндай дағдылар жаңа кәсіби капиталға айналып отыр. Енді компаниялар тек тәжірибеге немесе түйіндемеге емес, шешім қабылдау мен коммуникация сапасын көрсететін soft skills дағдыларына ерекше көңіл бөледі.


ЖИ-ді қолданғанда нені ескеру керек?


Сарапшының сөзінше, жасанды интеллект орта деңгейдегі жақсы маман сияқты жұмыс істей алады, бірақ оның жұмысын әрдайым тексеріп отыру қажет. 

“Жасанды интеллект код пен мәтін жаза алады, талдау керек тапсырмаларды жүздеген жас мамаға, деңгейң орташа мамандарға қарағанда жақсы орындауы мүмкін. Бірақ ол да қателеседі, өзін-өзі тексере алмайды және контексті толық түсінбейді. Сондықтан ЖИ-ді жай ғана пайдаланатын емес, оны басқарып, нәтижесін тексере білетін мамандар қажет”, – дейді ЖИ сарапшысы.


Жасанды интеллект мәтін, сурет, видео жасау, бағдарламалау және аналитикада жақсы жұмыс істей алады, бірақ жалған ақпарат беруі, деректерді бұрмалап жіберуі немесе ескі, өзекті емес мағлұмат беруі мүмкін. 


Қайсар Құрманғалиев:

“ЖИ – бұл смартфондағы Т9 сияқты.  Ол келесі сөзді болжай алады, бірақ басқа арнаға бұрып жіберуі мүмкін. Сондықтан заң, қаржы немесе маңызды мәліметтермен жұмыс істегенде сақ болу керек. Соңғы жауапкершілік әрдайым адамда”

Бөлісу: