2023 жылы Швецияның Klarna финтех компаниясының басшысы Себастьян Семятковский: «ЖИ қазірдің өзінде адамның қолынан келетін нәрсенің бәрін істей алады» деп мәлімдеді. Дәл осыдан кейін «әуелі ЖИ, сосын барып адамдар» деген жаңа тренд басталды. Бірақ бұл қадам сәтті болмады. Екі жыл өткен соң, дәл осы басшы: «Біз тым асыра сілтеп жіберіппіз» деп, қателескенін мойындады. Дегенмен осы екі мәлімдеменің арасында 700 қызметкер жұмыссыз қалды. Бұл оқиға өзгелерге үлкен сабақ болды.
Мұның бәрі қалай басталды?
Әуелі компания жаңа қызметкерлерді жұмысқа алуды тоқтатып, жүздеген маманның орнына OpenAI чат-ботын қосты. Нәтижесінде жасанды интеллект клиенттерден келген хаттардың үштен екісін өңдеп, компания 10 миллион доллар үнемдегенін мақтана айтты. Алғашында нәтижесі керемет болды: клиенттерге жауап беруге кететін уақыт қысқарды, шығын азайды, директорлар кеңесі де риза.

Бірақ бұл қуаныш ұзаққа созылмады. Көп ұзамай клиенттерден шағымдар қарша борады. Адамдар боттың робот сияқты бірсарынды жауап беретініне, жағдайды түсінбейтініне, сонымен қатар бір шеңберден шықпай қоятынына ренжіді. Бот мәселені шеше алмаған соң, клиенттер өз проблемасын тірі операторға басынан бастап қайта түсіндіруге мәжбүр болды. Өте таныс жағдай, иә?
Мұндағы мәселе – компания сұраныстың көп болуы оның шын мәніндегі құндылығын білдірмейтінін ескермеді. Адамдар көбіне шоттағы қаражатты немесе мәртебесін тексеру сияқты қарапайым сұрақтар қойған, бірақ мұны маңызды көмек деп санамады.
Ал тауарды қайтару, пайыздарды есептеу сияқты күрделі мәселелерге келгенде, боттар тұзаққа түскендей ештеңе істей алмай қалды. Содан кейін шағымдар көбейіп, 2025 жылға қарай Klarna қызметкерлерді жұмысқа қайта алуға мәжбүр болды. 2021 жылы компания 46 миллиард долларға бағаланса, осы оқиғалардан кейін оның құны 6 миллиард долларға дейін түсіп қалды.
Ал қалғандарында жағдай қалай болды?
Негізі Klarna-ның оқиғасы жұрт арасында кеңінен тарады. Challenger, Gray & Christmas консалтинг компаниясының мәліметі бойынша, 2025 жылы АҚШ-та 55 мыңға жуық адам ЖИ кесірінен жұмыссыз қалған. Ал жалпы 1,17 миллион адам жұмысынан қысқарды, бұл – 2020 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш. Жұмыс орындарын ЖИ-мен алмастырғандардың арасында Amazon, Microsoft, Salesforce, Accenture, Workday және UPS сияқты танымал компаниялар бар. Оның үстіне дәл осы кезде Сан-Францискода «адамдарды жұмысқа алуды тоқтатыңдар» деген жарнамалар ілініп тұрды.
Бұл жарнама тақталарының тарихы тіптен бөлек. Компания қожайындары табыс қуалаймын деп, шынайы өмірден қаншалық алшақтап кеткенін жақсы жеткізеді. Мұның арты үлкен дауға ұласып, Artisan компаниясының басшысы Reddit платформасына шығып, жұртқа түсіндіруге мәжбүр болды. Бірақ оның жазбасына келген ең көп лайк жинаған жауап “oh hi, f**k you” болды. Өйткені компаниядағылар бұл жарнаманың қаншалық қорқынышты әрі оғаш көрінетінін ойламаған да еді.

Кейде сәтсіздік технологияның нашарлығынан емес, оны жеткізу мәнерінен болады. 2025 жылғы сәуірде Duolingo басшысы Луис фон Ан LinkedIn желісінде ЖИ-ді басты орынға қоюды, робот істей алатын жұмыстарды қысқартатынын жоспарлап жүргенін айтқанда, жұрт бірден жаппай наразы болды. Қолданушылар қосымшаны өшіретінін айтып сес көрсетсе, желідегі «ЖИ басты орында болса, адамдар ең соңғы орында қалады» деген сияқты сыни пікірлер көп лайк жинады. Дегенмен басшылық небәрі бір аптадан соң: «Мен жағдайды толық түсіндірмеппін» деп шыға келді. Ал арада бір жыл өткенде компания қызметкерлерді бағалау үшін ЖИ-ді қолданбайтын болды. Өйткені қызметкерлер «Біз ЖИ-ді жай ғана сән үшін әрі қолдану керек болған соң ғана қолданып жүрген жоқпыз ба?» деп орынды сұрақ қойды. Ақыр соңында басшының өзі: «ЖИ әлі адамнан мықты код жаза алмайды. Инженерлер бізге әлі де өте қажет», – деді.
ЖИ – жай ғана сылтау
Ең қызығы, компаниялар өз қатеcін жасыру үшін бәрін ЖИ-ге жаба салады. Экономистердің айтуынша, уақытында компаниялар тым көп адамды жұмысқа алған, ал қазір жай ғана солардың артығын шығарып жатыр. Бірақ басшыларға «біз қателесіппіз» деп мойындағаннан гөрі «мұның бәрі ЖИ-дің кесірі» дей салған әлдеқайда ыңғайлы. Мұндай сөз инвесторлар мен журналистерге де жақсы естіледі. Бірақ бұл жағдай қызметкерлерді қатты қажытып жіберді. Адамдар ертең өздерінің орнын басатын жүйелерді өз қолымен үйретуге мәжбүр. Содан кейін жұмысшылар бұл технология арқылы мүлдем жұмыс істегісі келмейді. Бұл жерде мынадай парадокс бар: компаниялар ЖИ-дің қолынан әлі келмейтін нәрселерге сеніп, адамдарды жұмыстан шығарып жатыр.

Бәрі артқа шегіне бастады. Forrester-дің болжамы бойынша, ЖИ кесірінен жұмыстан кеткендердің жартысы әлдеқайда аз жалақыға қайта жұмысқа алынады. Қазірдің өзінде жұмыс берушілердің 55%-ы адамдарды босқа қысқартқанына өкініп отыр. Ал Gartner 2027 жылға қарай компаниялардың жартысы қызметкерлерді қайта жалдауға мәжбүр болады деп есептейді. Себебі бұл үрдістің негізі өте әлсіз. IBM мәліметіне сүйенсек, ЖИ жасаған төрт жобаның біреуі ғана көздеген нәтижені берген. Интернетте ЖИ жасаған сапасыз контент (AI-slop) көбейіп, жұмыс орнында да «шала өнімдер» (work-slop) пайда болды. Оны бәрібір соңынан адам отырып, қайта тексеруге мәжбүр.
Қазақстан бұл үрдіске сәл кешірек қосылды, бірақ өзгелердің қатесінен сабақ алып, асықпай қимылдап жатқан сияқты. Орталық Азия елдерінің ішінде ЖИ-ді енгізу жағынан алдыңғы қатардамыз. Еліміздегі банктер қоңырауларға жауап беру, несие мақұлдау мен карта шығару үшін ЖИ көмекшілерді белсенді қолданады. Мемлекет те бұл процесті бақылап жатыр. Қазірдің өзінде ЖИ-ді дамытудың 2029 жылға дейінгі тұжырымдамасы қабылданды, арнайы «Цифрлық кодекс» дайындалып жатыр. Сондай-ақ Ұлттық банк пен құқық қорғау органдары алаяқтыққа қарсы жүйелерді қосты.
Әзірге бәрін ЖИ-ге арту саясаты жақсылыққа әкеліп жатқан жоқ: компаниялар клиенттерінен айырылып, тәжірибесін жоғалтып жатыр. Тіпті жұмысқа жаңадан араласатын жас мамандардың мансап жолы жабылып қалу қаупі бар. Бірақ компаниялар бұдан қорқып отырған жоқ. Себебі олар ақша үнемдеп жатыр және ЖИ-ді «жаңа алтынға» балап отыр. Бағымызға орай, автоматтандырудың соңы қалай өз түбіне жететінін Klarna компаниясы Қазақстанға ертерек көрсетіп берді.



