Биыл шотта қалуы керек соманы – жеткілікті шекті екі рет өсірді. Біріншісінде әдеттегідей 10%, ал екіншісінде бірден 79% көтерді. Неге бұлай болды және енді не істеу керек? Төменде түсіндіреміз.
Ең төменгі жеткілікті шек не үшін керек?
Қазақстанда БЖЗҚ салымшылары зейнетақы жинағының бір бөлігін мерзімінен бұрын ала алады. Ол ақшаны үй алуға, емделуге жұмсауға немесе ақшаны көбейту үшін жеке қаржы мамандарына сеніп тапсыруға болады. Бірақ ақшаның бәрін ала алмайсыз, себебі шотта белгілі бір сома міндетті түрде қалуы шарт. Осы соманы ең төменгі жеткілікті шек (ЕЖШ) деп атайды. Бұл – сіз ертең зейнетке шыққанда ең төменгі зейнетақыны алып отыруыңыз үшін шотта қалуға тиіс ақша. Тек осы шектен асқан сома ғана «артық ақша» саналып, оны шешіп алуға рұқсат беріледі.

2025 жылғы желтоқсанда БЖЗҚ жылдағы әдеті бойынша шотта қалуы керек соманы қайта есептеді. Сөйтіп шекті сома инфляцияға байланысты орта есеппен 10% өсті. Мысалы, 20 жастағы салымшының жеткілікті шегі 3,26 миллионнан теңгеден 3,72 миллион теңгеге дейін көтерілді. Ал 60 жастағылар үшін 10,7 миллион теңге болып бекітілді. Ол уақытта ақшаны есептеудің негізгі тәсілі өзгерген жоқ.
2026 жылғы 21 мамырда Премьер-министр Олжас Бектенов №422 қаулыға қол қойып, ЕЖШ-ны есептеудің мүлдем басқа тәсілін бекітті. 2026 жылғы 6 маусымда БЖЗҚ қайта есептелген сомаларды жариялады. Бұл – бір жылдың ішіндегі екінші рет өсуі, бірақ осы жолы әлдеқайда қомақты сома шықты. Шотта қалуы керек ақша адамның жасына қарай 79% өсті. Мысалы, 20 жастағылар үшін шек 3,72 миллионнан теңгеден 6,6 миллион теңгеге дейін көтерілді. Зейнет алдындағы 62 жастағы азаматтардың шотында енді 23,5 миллион теңге қалуы керек. Бұрын есептегенде ең төменгі күнкөріс деңгейі негізге алынатын. Жаңа тәсіл бойынша, болашақ зейнетақыны есептегенде адамдардың орташа өмір сүру ұзақтығы, инфляция және қордағы ақшаның табысы ескеріледі.
Мамандар мұны «болашақ шығындарды алдын ала есептеу» тәсілі дейді. Олар зейнетке шыққаннан кейінгі жылдарға инфляция мен қордың табысын есептеп, ақшаның құнсызданбайтындай мөлшерін шығарады. Бұған қоса халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы да ескеріледі. Қазір адамдар ұзағырақ өмір сүретіндіктен, зейнетақыны да көбірек төлеу керек болады.
Қарапайым тілде айтқанда, бұрын мемлекет қазір қанша ақша керек деп қараса, қазір болашақта зейнетақыны тұрақты төлеп тұру үшін қанша жинау керек деп ойлана бастады. Осы логика бойынша, шотта қалуы керек сома да көбейді.

Шекті сомаға жету үшін қанша жалақы алу керек?
Қызметкер ай сайын БЖЗҚ-ға жалақысының 10%-ын аударады. Қордағы ақша инвестицияға жұмсалады. БЖЗҚ-ның жылдық орташа пайдасы – теңгемен шамамен 8%. Бұл көрсеткіш әр жылдары әртүрлі. Енді қажет соманы жинау үшін қанша жалақы алу керек екенін есептейік.
20 жастағыларға арналған шек – 6,6 миллион теңге. Адам жұмысты енді бастағандықтан, шотта айтарлықтай ақша болмайтыны анық. Сондықтан бұл сұрақ көбіне теория жүзінде ғана маңызды. Жалақы айына 150 000 теңге болса, одан 10% ақша түсіп отырса және 8% пайда қосылса, осы соманы нөлден бастап жинау үшін шамамен 15-16 жыл үзбей ақша түсуі керек. Ал жалақы 300 000 теңге болса, шамамен 9 жыл керек. 30 жастағылар үшін шамамен 9,75 миллион теңге бекітілген. Шотта қазірден бастап осындай ақша болуы үшін 20 жастан бастап айына 450 000-500 000 теңге шамасында жалақы алу керек. Қазақстандағы орташа айлық номиналды жалақы (кәсіп жасайтын шағын кәсіпорындарды есептемегенде) 2025 жылдың IV тоқсанында 473 158 теңге болды.
Біз бірнәрсені сездік, бірақ кеш түсіндік
Шекті соманың өсетіні белгілі болған соң, 2025 жылдың соңында тұрғындар артық ақшаларын алуға жаппай өтініш бере бастады. 2021 жылғы 1 қаңтар мен 2025 жылғы 31 желтоқсан аралығында баспана алу мен емделуге арналған 4 278 552 өтініш орындалды. Оның ішінде 2025 жылдың басына дейін 2,5 миллион өтініш қана мақұлданса, қалған 1,78 миллион өтініштің бәрі 2025 жылы жүзеге асты. Бұл көрсеткіштер шекті сома көтерілер алдында халықтың қаржысына алып үлгеруге асыққанын көрсетеді. Көпшілік ақшасын бұрынғы, яғни төменірек шекті талаптармен алып қалуға тырысты.

Ақша не нәрсеге жұмсалды?
Ақшаны үш мақсатқа ғана алуға рұқсат берілген: баспана жағдайын жақсарту, емделу және қаржы ұйымдарына басқаруға беру. 2024 жылы емделуге берілген бүкіл өтініштің 98,4%-ы тіс емдетуге кеткен. Көз емдеуге (офтальмология) – шамамен 2,5%-ы, ал сирек кездесетін ауруларды емдеуге, пластикалық оталар мен радиохирургияға 1%-дан да аз өтініш түскен.
Емделуге бөлінген ақшаның көбі тек тіс емханаларына кетті. Қаржы мониторинг агенттігі Атырау, Астана, Алматы, Шымкент, Ақтау және басқа да қалалардан 30-дан астам жалған тіс емханасын ашқан бес қылмыстық топты анықтады. Бұл емханалар қағаз жүзінде ғана болған, ешқандай ем жасалмаған, ал басшыларының медициналық білімі де жоқ. Олар былай айласын іске асырған: адам емделуге өтініш береді, ал ұйымдастырушылар жалған құжат әзірлеп, ақшаны бөгде адамдардың есепшоты арқылы қолма-қол шығарып алады. Осы қызметі үшін алаяқтар ақшаның 10%-дан 20%-ға дейінгі бөлігін өзіне пайыз ретінде ұстап қалған. Осылай, БЖЗҚ-дан шамамен 200-220 миллиард теңге қолды болды. Осы себепті 2025 жылғы 15 қыркүйектен бастап қордағы ақша арқылы тіс емдетуге өтініш қабылдау уақытша тоқтатылды. Қазір 11 адам қамауға алынып, 42 емхана тексеріліп жатыр. Денсаулық сақтау министрлігі тіс емдеуді рұқсат етілген мақсаттар тізіміне қайта қосуды жоспарлап отырған жоқ. Қазір әр өтініш қатаң тексерілетін жаңа онлайн-формат әзірленіп жатыр, оны 2026 жылдың соңына дейін іске қосуға уәде берді.

Қазір зейнетақының артық ақшасын не нәрсеге жұмсауға болады?
Заң бойынша, БЖЗҚ-дағы ақшаны тек белгілі бір мақсаттарға пайдалануға рұқсат. Ақшаны мына бағытта жұмсай аласыз:
Баспана жағдайын жақсарту: жаңадан салынған немесе ескі үйлерден пәтер сатып алу, жеке үй алу немесе үй салу үшін жер сатып алу.
Ипотека: ақшаны алғашқы жарна ретінде пайдалану, сондай-ақ кез келген банктегі бар ипотеканы толық немесе ішінара мерзімінен бұрын өтеу.
Үйді жалға алу: үйді кейін сатып алатын болып, құрылыс компаниясына немесе қорға жалдау ақысын төлеу.
Отбасы банктегі депозиттер: ақшаны одан әрі жинау үшін артық соманы арнайы шотқа аудару.
Емделу: тегін медициналық көмекке кірмейтін қымбат емнің ақысын төлеу.
Жеке басқаруға беру: ақшаны қор нарығына салу үшін артық соманы инвестициялық компанияларға сеніп тапсыру. Олар бұл ақшаны түрлі қор арқылы бағалы қағаздарға салады.



