Біреу қоғам қабылдамайтын теріс әрекет жасаса, жұрт одан теріс айналады. Тауарын сатып алмайды, туындысын көрмейді, әнін тыңдамайды. Компаниялар келісімшартты бұзып, серіктестер байланысын үзеді. Бүгінде мұны әлем «cancel culture» немесе «бас тарту мәдениеті» деп атайды. Бірақ адамды қоғамнан шеттету, абыройынан айыру сияқты айыптау жолдары қазақ қоғамында да болған.
«Cancel culture» термині 2010 жылдардың ортасында америкалық Twitter қолданушылары арасында кең тарай бастады. Ал қазақтың дәстүрлі қоғамында әлеуметтік желі болмағанымен, адамның беделіне әсер ететін негізгі орта – ауыл, ағайын және қауым еді.
Қауым қандай әрекеттің дұрыс, қайсысының бұрыс екенін қоғамдық пікір арқылы бағалады. Адам заң бойынша жазаланбағанның өзінде, елдің сенімі мен құрметінен айырылуы мүмкін еді.
Бұлбұл Кәпқызы, этнограф:
«Көшпелі қоғамда бедел – ең басты капитал еді. Адам сенімнен айырылса, ол айыпталып қана қоймай, қоғамнан мүлде шеттетілетін. Мұндай адамдар астар мен жиындарға қатыса алмай, туыстық және іскерлік қатынастардан тыс қалатын. Кейде қауым оның атын атаудың өзінен тартынатын. Беделі түскен адам рудың қолдауынсыз қалып, қауымның бір бөлігі болу мүмкіндігінен айырылатын. Ал көшпелі ортада бұл әлеуметтік өліммен тең еді».

«Қарабет ету» мен «жерге қарату» нені білдіреді?
Қазақ тілінде адамның ел алдындағы абыройы мен ұятын білдіретін «қарабет ету», «жерге қарату», «жүзі қара болу» сияқты тіркестер бар.
Қарабет ету – адамның өз әрекетімен ел алдында ұятқа қалуы, абыройынан айырылуы. Кей жағдайда оның әрекеті отбасы мен жақындарына да сын болып саналған.
Жерге қарату – ұятқа қалдыру, абыройын түсіру. Мысалы, «баласының қылығы ата-анасын жерге қаратты» дегенде бір адамның әрекеті оның жақындарына да ұят әкелгені меңзеледі.
Бірақ бұл тіркестерді нақты жаза түрлері деп түсінуге болмайды. Олар қазақ қоғамында абырой, ұят және ел алдындағы беделдің қаншалықты маңызды болғанын көрсететін тілдік ұғымдар.
Бұлбұл Кәпқызы, этнограф:
«Дегенмен ауыр жағдайларда ақсақалдар талқылап, адамды ауылдан шығару немесе қалдыруды шешкен. Оның артынан «жүзі қара» деген атау еріп жүретін. Кейде тіпті бетіне күйені шынымен жаққан».
Теріс бата – ауыр моральдық шара
Қазақ дәстүрінде адамның жасаған әрекетіне қатты наразылық білдірудің сирек кездесетін түрінің бірі – теріс бата.
Теріс бата ақ батаның кері түрі ретінде түсіндіріледі. Ол адам қатты ренжіткенде, көңіл қалдырғанда немесе шектен шыққан әрекет жасағанда берілген. Оның белгісі – екі қолдың алақанын сыртқа қаратып жайып, ауыр сөз айту. Зерттеушілер теріс батаны бата жанрының қарғыс мәнді түрі ретінде қарастырады.

Теріс бата өте сирек қолданылған. Оған адамдар оңай бармаған, өйткені мұндай сөздің салмағы ауыр деп есептелген. Кей деректе теріс батаның адамды қорқыту, теріс әрекетін тоқтатуға мәжбүрлеу немесе ауыр ренішті білдіру үшін қолданылғаны айтылады.
«Ашық сайрату» жазасы
Дала заңында сот үкімінен де бұрын қоғамдық пікір бірінші орында тұрды. Ар-намыстан, ұяттан айырылған адаммен ешкім сауда жасаспаған, келісімге келмеген, мал бөліспеген және одақтас ретінде қабылдамаған. Бұған дәлел – дәстүрлі құқықтық жүйедегі «Ашық сайрату» жазасы.
Бұлбұл Кәпқызы, этнограф:
«Ашық сайрату – үкімнің ерекше түрі. Кінәлі адамды дүйім жұрттың алдына шығарып, оның жасаған теріс әрекеттерін жария түрде бетіне басып, айыптайтын».
Мысалы, «Қыз Жібек» жырында Бекежан Төлегенді өлтіргеннен кейін ешқандай соттың үкімін күтпестен, қоғам оны шеттетті. Одан ауыл да, руластары да, Жібек те теріс айналады. Әйелдер қарғыс айтып, лағынет жаудырады. Үлкен әйелдердің қарғысы да қоғамдық жазаның бір түрі болып саналған.
Мұндай қоғамдық айыптаудың мақсаты тек кінәліні жазалау емес, оның әрекетін көпшілікке көрсету және қауым қабылдаған тәртіптің шегін белгілеу болған.

Қазіргі cancel culture интернет пен әлеуметтік желілердің арқасында жұмыс істейді. Бір адамның әрекеті бірнеше сағаттың ішінде мыңдаған, тіпті миллиондаған адамға тарауы мүмкін. Адамдар оның өнімдерін сатып алмауға, шығармасын көрмеуге немесе онымен жұмыс істемеуге шақыра алады.
Ал дәстүрлі қоғамдағы қоғамдық қысымның ауқымы әлдеқайда тар болды. Оның негізгі алаңы – адамның өзі өмір сүретін орта: отбасы, ауыл, ағайын және қауым.
Сондықтан «қазақтарда cancel culture бұрыннан болған» дегеннен гөрі, қазақтың дәстүрлі қоғамында қазіргі cancel culture-ға ұқсайтын әлеуметтік қысым, қоғамдық айыптау және беделден айыру тетіктері болған деген дұрыс.
Құрал өзгерді: бұрын адамның беделіне ауыл мен ағайын әсер етсе, бүгінде оның орнына әлеуметтік желі келді. Бірақ қоғамның адамның әрекетіне баға беріп, сол баға арқылы оның беделіне ықпал етуі әлі де бар.




