Иероним Босхтың «Жердегі ләззаттар бағы» картинасына бірнеше минут қарау жеткіліксіз. Себебі бұл туындыға үңілген сайын жаңа жұмбақ шығады: алып құлпынай, адамнан үлкен құстар, ағашқа айналған адам, тіпті адамның бөксесіне жазылған нота.
Бес ғасырдан астам уақыт өтсе де, бұл картинаның барлық құпиясы әлі ашылған жоқ. Бір зерттеуші мұны күнә мен жаза туралы шығарма десе, енді бірі мүлдем басқа мағына көреді. Сонда Босх не айтқысы келді?
Жұмақтан тозаққа дейін
Триптих – ортақ тақырыппен байланысқан үш бөліктен тұратын өнер туындысы. «Жердегі ләззаттар бағы» картинасының сол жағында – Құдай, Адам ата мен Хауа ана. Ортасында адамдар ләззатқа толы бақта өмір сүріп жатыр. Ал оң жағында – тозақ.
Мадридтегі Прадо музейінің интерпретациясы бойынша, триптихтің ортадағы әдемі өмір нағыз жұмақ емес. Ондағы кейіпкерлер өздерін «ғашықтар жұмағында өмір сүріп жатырмыз» деп ойлайды. Алайда олардың бәрі ақырында оң жақ панельде бейнеленген тозаққа тап болады. Музей мамандарының пікірінше, адамдар тән ләззатына беріліп, оның өткінші екенін аңғармайды.

Алайда зерттеушілердің бәрі бұл пікірге келіспейді. Неміс өнертанушысы Ханс Бельтинг ортадағы панельді адамзат алғашқы күнәні жасамағанда өмір қандай болар еді деген балама сценарий ретінде түсіндіреді. Оның пікірінше, бұл – адамзат күнәға батпаған жағдайда өмір сүруі мүмкін болған әлемнің көрінісі. Дегенмен бұл – Бельтинг ұсынған теориялардың бірі ғана.
Дәл осы белгісіздік Босх феноменін түсіндіреді: картинаның бір бөлігін қалай түсіндіргеніңіз бүкіл шығарманың мағынасын өзгертіп жібереді.
Неге картинадағы жемістер соншалық үлкен?
Ортадағы панельде адамдар алып жидектер мен жемістерді көтеріп жүр, кейбіреуі жеміс қабығының ішінде отыр немесе онымен бірге ойнап жатыр.

Прадо музейінің интерпретациясында ортадағы панельдің негізгі идеяларының бірі – ләззат пен бақыттың нәзіктігі және өткіншілігі. Сондықтан мұндағы жемістерді де осы контексте қарастыруға болады. Олар тәтті әрі тартымды, бірақ тез бұзылады. Яғни адамның тәндік рахаты сияқты ұзаққа созылмайды.
Бір қызығы, Босх күнәні жиіркенішті етіп салмайды. Керісінше, картинаның ортадағы бөлігі – ең жарық, әдемі және тартымды әлем. Сондықтан көрермен де картинадағы адамдар сияқты алдымен сол әлемге қызығады. Тек оң жаққа қарағанда оның немен аяқталатынын көреді.
Адамнан үлкен құстар нені білдіреді?
Ортадағы панельде табиғи пропорциялар бұзылған. Алып құстар, үлкен жемістер, фантастикалық жануарлар адамдармен бір кеңістікте өмір сүреді.

2023 жылы Magazén ғылыми журналында жарияланған зерттеуші Ребекка Роудстың мақаласында Босх әлеміндегі алып құстар, жемістер мен оғаш архитектура картинаның шынайы өмірден тыс, түс секілді атмосферасын қалыптастыратыны айтылады. Роудс триптихтің бірнеше шағын сюжеттен тұратын құрылымын қазіргі интерактивті өнермен және цифрлық мәдениетпен де салыстырады: көрермен картинаны бір бағытта оқымайды, қай детальға назар аударатынын өзі таңдайды.
Бұл – Босхты бес ғасыр өтсе де, өнерсүйер қауым үшін қызық ететін қасиеттердің бірі. Картинада бір ғана басты кейіпкер немесе бір ғана оқиға жоқ. Әр бұрышта жеке сюжет жүріп жатыр.
Тозақта музыка азаптау құралына айналған ба?
Триптихтің оң жағындағы тозақта алып арфа, лютня және басқа музыкалық аспаптарды көруге болады. Бірақ мұнда музыка адамдарды көңілдендіру үшін емес, азаптау үшін қолданылған.

Прадо музейінің түсіндірмесінде жердегі өмірде адамдарға рахат сыйлаған музыкалық аспаптардың тозақта азаптау құралдарына айналғаны көрсетіледі. Сондықтан картинаның бұл бөлігі кейде «Музыкалық тозақ» деп те аталады.
Бұл – Босх қолданған маңызды көркемдік тәсілдердің бірі. Адамға ләззат берген нәрсе ақырында оның өзіне қарсы шығады. ортадағы панельде музыка, тамақ пен тәндік рахат – ойын-сауықтың белгісі. Тозақта сол заттар енді адамды басқарады және азаптайды.
Бірақ музыкалық аспаптардың арасында одан да жұмбақ бір деталь бар.
Бөксеге жазылған нота шынымен музыка ма?
Тозақ панелінің төменгі бөлігінде жерде жатқан адамның бөксесіне музыкалық сызықтар мен нотаға ұқсас белгілер салынған. Оның жанында басқа кейіпкерлер ноталық кітаптан ән айтып тұрғандай көрінеді. Бұл кішкентай деталь бес ғасырдан кейін жеке зерттеу нысанына айналды.
2014 жылы Оклахома христиан университетінің студенті Амелия Хэмрик суреттегі белгілерді заманауи нота жүйесіне түсіріп, оларды әуен ретінде орындап көруге тырысты. Кейін бұл интерпретация интернетте «Босхтың 500 жыл бойы жасырын тұрған әні» немесе “Butt Song from Hell” деген атаумен тарады. Хэмриктің тәжірибесі туралы сол кезде The Guardian басылымы да жазды. Бірақ бұл Босхтың бізге жеткен музыкалық композициясы дегенді білдірмейді.

Тарихи музыка мен ерте музыкалық нотацияны зерттейтін Ян Питтавей Early Music Muse жобасында картинадағы музыкалық белгілерді арнайы талдаған. Оның пікірінше, суреттегі белгілерді толыққанды музыкалық партитура ретінде оқу қиын.
Біріншіден, нақты музыканы орындауға қажет ырғақты ақпарат жеткіліксіз. Екіншіден, кейбір белгі ноталық сызықтарға музыкалық тұрғыдан бірмәнді орналастырылмаған. Сондықтан суреттен нақты әуен шығару үшін қазіргі музыкант ноталардың ұзақтығы мен орындалу тәртібін өзі белгілеуге мәжбүр болады.
Яғни интернетте тараған «Босхтың әні» суретшінің бес ғасыр бұрын жазып кеткен және бізге өзгеріссіз жеткен композициясы емес. Ол – картинадағы белгілер негізінде жасалған заманауи музыкалық реконструкция.
Бұл пікір Прадо музейінің интерпретациясымен де үндеседі. Музей мамандары тозақ панеліндегі музыкалық аспаптарды жердегі ләззаттың жазаға айналуының бір көрінісі ретінде қарастырады. Сондықтан бөксеге жазылған нотаның мағынасы жасырын әуеннің өзінен де терең болуы мүмкін.
Ал музыкалық белгілердің адам денесінің ең гротескілік бөлігіне жазылуы музыканың өзін мазаққа айналдыратын визуалды тәсіл ретінде оқылуы мүмкін.
Бәлкім, Босх үшін маңыздысы бұл нотаның қалай естілетіні емес, оның тозақта неге дәл сол жерде тұрғаны болған шығар.
Ағаш адам кім?
Тозақ панелінің ортасында алып Tree-Man немесе «Ағаш адам» тұр. Оның аяқтары ағаш діңіне ұқсайды, денесі қуыс, ал ішінде адамдар отыратын орын бар. Ең қызығы, ол көрерменге тікелей қарайды.
Кей зерттеуші оның жүзін Босхтың өзімен байланыстыруға тырысқанымен, мұны дәлелдейтін нақты тарихи дерек жоқ. Сондықтан Tree-Man-ді суретшінің автопортреті деп нақты айтуға болмайды.

Прадо музейінің түсіндірмесінде бұл фигура тозақтағы негізгі образдардың бірі ретінде көрсетіледі. Оның айналасында адамдар күнәлары үшін жазаланады. Ал қазіргі зерттеулерде Tree-Man Босхтың ең жұмбақ және бірнеше түсіндірме жасауға мүмкіндік беретін кейіпкерлерінің бірі ретінде қала береді.
Оның ерекшелігі де сонда: айналасында тозақ болып жатқанда, ол азапқа емес, бізге қарап тұр.
Қорытындыласақ, картинаның бір жұмбағын шешкен сайын, тағы бір сұрақ туындайды. Сондықтан «Жердегі ләззаттар бағын» бірнеше сағат бойы қарап отыруға әбден болады. Себебі Босх дайын жауап бермеген. Оның орнына жүздеген ұсақ детальдан тұратын жұмбақ әлем қалдырған. Бір зерттеуші бұл картинаны күнә мен жаза туралы шығарма деп түсіндіреді. Екіншісі одан жоғалған жұмақты немесе утопияны көреді. Ал енді бірі бұл туындының басты мәні – көрерменді ойландыру деп есептейді.
Бәлкім, Иероним Босхтың құпиясы да дәл осында шығар…



