Әлемде●Экология●Жер бетінде ауыз су қашан бітеді: адамзат үшін дабыл қағар уақыт жақын ба?

Жер бетінде ауыз су қашан бітеді: адамзат үшін дабыл қағар уақыт жақын ба?

21 қазан 2026
5 мин
«Заражение» фильмінен үзінді | Фото: IMDb

Өміріңізде бір рет болсын «ішіп жүрген суым таусылуы мүмкін бе?» деген сұрақ туындады ма? Қазақ халқы «қолда барда алтынның қадірі жоқ» деп бекер айтпаған. Судан таршылық көрмегеннен кейін, оны бітіп қалады деп алаңдап, сары уайымға салынатын адамдар саусақпен санарлық. Көбінің санасына «су таусыла ма?» деген сұрақ кіріп шықпайды. Адамдарды тұрмысқа, ауыл шаруашылығына және өнеркәсіпке қажет судың ахуалы қызықтыра бермейді. Бүгін TamgaMedia осы мәселені көтермек. 


Су Жер бетінен біржола жоғалып кетпейді. Өйткені табиғаттың бұлжымас айналымы бар: су буланады, атмосфераға көтеріледі, бұлтқа айналады, кейін жаңбыр немесе қар түрінде қайтадан жерге түседі. Әңгіме Жердегі судың мөлшерінде емес, оның адамзатқа қолжетімділігінде. Планетамыздың басым бөлігін мұхиттар алып жатыр. Бірақ теңіз бен мұхиттағы тұзды суды адам тікелей іше алмайды. Сондықтан халыққа қажет ауыз су мөлшері жалпы су қорымен салыстырғанда әлдеқайда шектеулі.


Бұл мәселе қазірдің өзінде әлемнің көптеген елдерінде бар. БҰҰ-ның дерегінше, бүгінде шамамен 2,1 миллиард адам таза ауыз суға қол жеткізе алмай отыр. Демек, біз ойлағандай, су тапшылығы болашақтағы мәселе емес, бұл – миллиондаған адамның бүгінгі сары уайымы. 

Ауыз су қандай болады?


Ауыз су адам денсаулығына қауіпсіз, микробиологиялық және химиялық тұрғыдан талаптарға сай болуы керек. Судың сапасы тек түсі мен дәміне қарап анықталмайды. Арнайы зертханалық тексеріс кезінде судың иісі, дәмі, лайлылығы, қышқылдығы, минералдануы, сондай-ақ нитраттар, фтор және басқа да химиялық заттардың мөлшері зерттеледі. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ауыз судың микробиологиялық және радиологиялық қауіптерін де тексеру керегін ұсынады. 


Ішіп жүрген суымыз қайдан келеді? 


Біз ішіп жүрген ауыз су жердің астынан және жердің бетінен алынады.

  • Жерасты суы – жердің терең қабаттарында жиналған табиғи тұщы су. Ол топырақ пен тау жыныстарының арасындағы су өткізгіш қабаттарда орналасады. Мұндай суды арнайы ұңғымалар арқылы тартып алады. Бұған артезиан суын жатқызамыз. 

  • Жерүсті суы – өзен, көл, бұлақ, су қоймаларынан алынатын су.

Бұл суларды бірден іше алмайсыз. Ол алдымен арнайы нысандарда тазартылып, сүзгіден өткізіледі,  залалсыздандырылады. Содан кейін таза су резервуарларға жиналып, сорғы станциялары мен құбырлар арқылы үйлерге жіберіледі. Бірақ құбырлар арқылы өтетін судың құрамында хлор қалдығы мен өзге де құрғақ қалдықтар болуы мүмкін. ДДСҰ қорғасын су құбыры жүйесіндегі кейбір материалдардан суға өтуі мүмкін екенін зерттеген. 

Кран суын ішуге бола ма, жоқ па жергілікті су сапасына байланысты. Егер су қауіпсіздік талаптарына сай болса, қосымша сүзгі міндетті емес. Ал судың сапасына күмән болса, жергілікті су жеткізушінің мәліметін тексеріп немесе суды зертханаға талдатқан жөн. 


Қазақстанда ауыз су мәселесі бар ма?


Біздің елде жағдай қандай? Әсіресе ауылды жердегі тұрғындар ауыз су мәселесі туралы келесі статистикадан көруге болады. 2024 жылғы MICS зерттеуінде қаладағы үй шаруашылықтарының 87%-ында, ал ауылдағы 73%-ында су құбыры үйдің ішіне дейін тартылғаны көрсетілген. ЮНИСЕФ (UNICEF) есебінде бұған қоса, 2023 жылғы сәуірде 1395 ауылда орталықтандырылған су құбыры болмағаны, ал 2023 жылы су желілерінің 51%-ы талапқа сай еместігі анықталған. 2029 жылға дейін бұл көрсеткішті 40%-ға дейін төмендету жоспарланыпты. 


Қазақстандағы су тапшылығы мәселесі теңіздер мен ірі су айдындарының жағдайымен де тығыз байланысты. Арал теңізінің тартылуы, Балқаш көліндегі судың тартылып бастауы және Каспийдегі су деңгейінің төмендеуі су ресурстарына түсетін жүктің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. 


Су тапшылығына не себеп болады? 


Ғалымдар су планетадан жоғалып кетпейтінін баса айтады. Бірақ болашақта таза әрі қолжетімді су сағымға айналуы мүмкін. Ауыз судан тапшылық көрмегендер өзге елдерде не болып жатқанына бас қатырмайды. Мысалы, Сауд Арабиясы сияқты жауын-шашын аз түсетін елдер су тапшылығын табиғи жағдайға байланысты сезінсе, Үндістан мен Иорданияда халық санының өсуі және суға сұраныстың артуы жағдайды күрделендіріп келеді. Сондықтан бұл елдер теңіз суын тұщыту технологиясын кеңінен қолданады. 


Біздің елдегі су ресурстарының бір бөлігі трансшекаралық өзендерге тәуелді екенін ескерсек, көрші мемлекеттердегі су пайдалану саясаты, климаттың өзгеруі, мұздықтардың еруі де басты назарда болу керек.


Адам суды тек краннан ішіп немесе душқа түсіп қана пайдаланбайды. Біз тұтынатын азық-түліктің, киімнің және көптеген тауардың өндірісіне де су керек.


Сондықтан су тапшылығы туралы сөз болғанда, тек үйдегі кранды жабу мәселені шешпейді. Судың азаюына халық санының өсуі, ауыл шаруашылығында суды көп пайдалану, өнеркәсіп, климаттың өзгеруі және судың ластануы әсер етеді. Бұл ауқымды мәселені тек «суды үнемдеңдер» деген қарапайым үндеумен шектей салуға болмайды. Су тапшылығын болдырмау үшін:

  • ауыл шаруашылығына су үнемдейтін технологияларды енгізу;

  • күнделікті тұрмыста суды ысырап қылмау; 

  • өзен-көлдерді ластанудан қорғау;

  • трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқару қажет.

Адам қандай су ішуі керек? 


Ғалымдардың айтуынша, адамға қажет сұйықтық мөлшері жасына, дене белсенділігіне, ауа райына және денсаулық жағдайына қарай өзгереді. Оның бір бөлігі су мен басқа сусындардан, бір бөлігі тағамнан түседі. Ыстық күндері, спортпен айналысқанда немесе қатты терлегенде адамға бұдан да көп су ішу қажет.


Көптеген адамдар тазаланған артезинан суын сатып алады. Сатылымдағы сулар жоғары, бірінші санат және балалар үшін деп бөлінеді. Жоғары санаттағы суда макро және микро элементтер бар. Су тазартылады, сонымен қатар күміс иондары енгізіледі. 


Бірінші санаттағы су арнайы тазарту жүйесі арқылы тазартылады. Құрамындағы артық химиялық элементтер мен зиянды қосылыстар тексеріледі. Бұл суды сатып аларда сытқы қаптамасын оқып, оның қандай су екенін тексеру керек. 


Судың ең қауіпсіз түрі бөтелкедегі балаларға арналып дайындалған сулар. Оның пайдалы қасиетін сақтау үшін техногендік қоспаларсыз жұмсақ өңдеуден өткізеді. Бөтелкедегі суды таңдағанда оның атауына емес, таңбалауына назар аударған дұрыс. Қаптамада судың көзі, құрамы, минералдану деңгейі, өндіруші және сақтау мерзімі көрсетілуі тиіс. Қазақстанда сатылатын қапталған ауыз су ЕАЭО-ның қауіпсіздік талаптарына сәйкес болуы керек. Мұндай су балаларға ғана емес, ересектерге де пайдалы екенін қоса кетейік. 


Ескерту!  Краннан бірден ағатын ыстық суды ауыз су ретінде пайдаланбаған жөн. Мамандар суық кран суын алып, оны қайнатып ішуді ұсынады. Себебі ыстық су жүйесіндегі құбырлардан суға кейбір металдар мен химиялық қосылыстар көбірек өтуі мүмкін.


Зерттеулерге сәйкес, адам су ішпесе, ағзасы сусызданып 3–7 күн ішінде көз жұмады. Алайда нақты уақыт адамның жасына, денсаулығына, ауа райына, физикалық белсенділігіне байланысты өзгереді. Адам ағзасының қатты сусыздануы бүйрек қызметін бұзады, есте сақтау қабілетін нашарлатып, қан айналымын әлсіретеді. Ал ластанған ауыз суды көп ішкен адам диарея, тырысқақ, дизентерия, іш ауруларына шалдығуы мүмкін. 


Қорытындыласақ, су Жер бетінен біржола жоғалмайды. Алайда адамға қолжетімді таза ауыз су қоры шектеулі.  Сондықтан су мәселесі – болашақтың емес, бүгіннің мәселесі. Суды үнемдеу арқылы табиғатты ғана емес, өз өмірімізді, келешегімізді сақтаймыз. 

Бөлісу: