Медиа●Қоғам●Желідегі көк базар: қолданылған затты желіде сату мәдениеті

Желідегі көк базар: қолданылған затты желіде сату мәдениеті

2 қазан 2026
4 мин
Фото: iStock

Соңғы жылдары үйде қолданылмай, қажетке жарамай қалған киім-кешек, жиһаз, техника немесе балалардың ойыншықтарын интернет арқылы сату қалыпты жағдайға айналып кетті. Біреу үшін үйдегі артық заттардан арылу болса, енді бірі үшін қосымша табыс көзі. Ал кейбіреулер затты қоқысқа тастағаннан гөрі, басқа адамның кәдесіне жарағанын қалайды. Tamga Media дәл осы желідегі көк базар мәдениетін зерттеп көрді. 


Бұған дейін адамдар кимейтін киімін, қолданбайтын бұйымын «осыларға қажет болады-ау» деген тамыр-танысқа, туған-туысқа тарататын. Мұндай үрдіс өзге елдерде де қалыптасқан. Шетелде пайдаланбайтын бұйымды сату, басқаға беру second-hand мәдениеті деп аталады.


Қазіргі таңда «кімге беремін» деп ойланудың қажеті шамалы. Адамдар онлайн маркетплейстерге заттың, киімнің суретін жүктеп, бағасын бекітіп, дереу сатып жіберуді қалайды. Ал әлеуметтік желіні ашсаң «гардеробыңызды артық заттан тазартыңыз» деген ұсыныстардың санынан жаңыласың. Тіпті, кейбір қыздар жігіті қыруар қаржы жұмсап сыйлаған гүлді де әй-шәй жоқ сатып жіберуге асығады. Осыған байланысты ғалымдар адамдардың second-hand мәдениетін ұстануына бірнеше фактор әсер ететінін зерттеген.

  • Бірінші себеп – үйдегі артық заттардан арылу

Көп адамдар шаң басып жатқан заттардың үйде құр орын алып тұрғанына шағымданады. Оны тастаудың орнына өзгеге беруді жөн көреді. Сауалнамаға қатысқандар қолданылмай тұрған бұйымға «екінші тыныс» сыйлауды артық санаған. Яғни адам «маған керек болмағанымен басқа адамның қажетіне жарайды» деген ойда болады. 

  • Екінші себеп – ақша

Кей адамдар қажетсіз дүниесін сатып, пайда тапқанды жөн көреді. Қолданылған затты қайта сату адамдардың қаржылық жағдайына да байланысты екенін ескерейік. Сатушы үйде құр тұрған заттан аз-маз пайда табайын десе, сатып алушы сапалы бұйымды арзан бағада алып қалайын дейді. Кейбіреулер үшін дүкендегі жаңа тауардың орнына қолжетімді бағадағы қолданылған бұйымды алған тиімдірек.

  • Үшінші себеп – экология

Қолданыста болған бірақ әлі де бүтін затты қайта сату экологияға да пайдасын тигізеді. Оның қоқысқа емес, пайдаға асатыны табиғатқа түсетін жүктемені азайтады. Зерттеуде экологияға алаңдайтын адамдардың онлайн маркетплейстерде көбірек зат сататыны және сатып алатыны анықталған.


Көбіміз «бір күні керек болып қалады» деумен-ақ үйдегі заттың қарасын көбейтеміз. Оны қоқысқа лақтыру ысыраптай көрінеді. Үйде құр тұрған бұйымды сатқан немесе өзгеге беріп жіберген адам іштей «шектен шықпадым, асылық қылмадым» деп ойлайды. Бұл ой адамға психологиялық тұрғыдан жеңілдік сыйлайтыны анықталған. 

Зат сатуда, сатып аларда нені ескеру керек? 


Ең алдымен сататын дүниеңіздің бастапқы бағасын ескеріңіз. Оның қазіргі жағдайына, қолданылған мерзіміне назар аударыңыз. Бірақ қандайда бір ақауы, кемшілігі болса, жасырмай көрсетіп, бағасын да соған лайықтаған дұрыс. 


Ал сатып алушы мына қағидаларды ұстануы керек: 

  • тауарды қайта суретке түсіруін сұраңыз;

  • бейнежазба арқылы киімнің бүтіндігін, жабдықтың бүлінбегенін тексеріңіз;

  • пікірлер мен рейтингті қараңыз;

  • тауардың сипаттамасын толық оқып шығыңыз;

  • мүмкіндігіңіз болса, затты сатушының өз қолынан тексеріп барып алғаныңыз дұрыс;  

  • алдын ала түгел төлеп тастамаңыз;

  • күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;

  • банк картаңыздың құпия деректерін бермеңіз.

Алаяққа алданып қалмау үшін не істейміз? 


Тұтынылған тауар сатып аламыз деп алаяққа алданып жатқандар да жетерлік. Онлайн-сауда болғандықтан тауардың сапасы мен суреті сәйкес келмеуі немесе алаяқтар ақшаны қалтаға басып, сан соқтырып кетуі мүмкін. Ондай кезде не істейміз? Егер интернет-алаяқтың құрбаны бола қалсаңыз бірден полицияға арыз жазыңыз.


«Сатушы» өзінде жоқ тауарды әдейі бар деп сатуға әрекет жасағандықтан қылмыстық кодекстің 190-бабына сәйкес, «алаяқтық» жасағаны үшін жазаға тартылады. 


Мұндайларға алданып қалмау үшін ең алдымен сатушымен жазысқан хатыңызды өшірмей, барлық дәлелді сақтап қойыңыз. Атап айтқанда, тауардың жарнамасы мен фотосын, сатушының парақшасын, хатты, төлем туралы түбіртекті және сатушының телефон нөмірі мен шот реквизиттерін сақтаған жөн. Сонымен қатар, төлем жасаған банкке де бірден хабарласып, жасалған операция бойынша қандай шара қолдануға болатынын анықтасаңыз болады. 


Мақала соңында үйдегі артық заттың адамның көңіл-күйіне қалай әсер ететінін қоса кетейік. Кейде үйге кіргенде айналадағы ретсіз орналасқан көп зат үйдің ішін тарылып тұрғандай әсер қалдырады. Кейбір адамның жүрегі қысылып, бірден шаршап қалады. Journal of Environmental Psychology журналында зерттеушілер дәл осы жағдайды талдаған. Зерттеу нәтижесі бойынша, адамның көңіл күйіне үйдегі заттардың көптігі емес, адамның сол заттарды «көп» деп қабылдайтыны әсер етеді екен. 

Мысалы, бір адам үшін кітап толы сөре өте әдемі көрінуі мүмкін. Ал басқа адам дәл сол сөреге қарап тұрып «қысылады». Осыдан-ақ ғалымдар «үйде зат көп болса, міндетті түрде адамның көңіл күйі түседі» деу дұрыс емес екенін айтты. 


Сондай-ақ, соңғы жылдары минимализмге әуестенгендердің көбі үйдегі керек заттың өзін артық санауды шығарған. Бірақ Колумбия университетінің зерттеушілері минимализм деп үйде мүмкіндігінше аз зат қалдыратын адамдар туралы зерттеу жүргізді. Олардың сөзінше, минимализмді ұстанамын деп үйді жалаңаштап тастауға болмайды. Мамандар үйде өзіңіз қажет деп есептеген сапалы әрі қарапайым заттарды жүйелеуді ұсынады. Әрі бір жиһазды сатып жібердім деп, орнына 2-3 жиһаз сатып алу дұрыс емес екенін айтады. 


Қорытындыласақ, минимализм деп үйдегі керек заттың қатарын азайтпаңыз. Ал нақты қолданылмайтын дүниені кәдесіне жарататын екінші иесіне табыстаңыз.  Заттың қайта қолданылуына мүмкіндік беріңіз. Бастысы алаяқтардың құрбаны болып қалмаңыз. 

Бөлісу: