2025 жылы Қазақстанда 16 миллион адамның жеке деректері көпшілікке жария болды. Бұған дейін бір микроқаржы ұйымынан 2 миллион клиенттің дерегі тарап кеткен еді. Ал әлем бойынша ұрланған жеке мәліметтер миллиардтан асады. Мысалы, былтыр 16 миллиард құпиясөз ашықтан-ашық тарап кеткен, оның ішінде Apple, Facebook, Google қолданушыларының мәліметтері бар. Жеке деректерді кім және не үшін таратады? Ұрланған мәліметтер қайда кетеді? Кибершабуылдан қалай қорғануға болады? Осы сұрақтарға IT маманы Ерболат Маменов жауап берді.
Пошта логині, құпиясөзі, телефон нөмірі, мекенжай, төлқұжаттағы деректер, ЖСН – мұның бәрі жеке дерек. Осы мәліметтер сол адамның рұқсатыңызсыз басқаның қолына түссе, “жеке дерегі тарап кетті” деген сөз. ІТ маманы Ерболат Маманның айтуынша, мұндай жағдай бірнеше себеппен болады. Біріншіден, кейбір компания клиенттерінің деректерін дұрыс қорғамайды.
“Мықты құпиясөз қоймайды, ескі бағдарламаларды қолданады, жүйелерді уақытында жаңартпайды немесе бұлтты сақтау жүйелерін қате баптайды. Сонымен қатар адами фактор болуы да мүмкін. Мысалы, компания қызметкерлері фишинг хаттарды, яғни, алаяқтардың хаттарын ашып қояды, деректерді бір-біріне бере салады немесе қауіпсіздік ережелерін сақтамай жұмыс істейді. Кейде қызметкерлер деректерді өздері көшіріп алып, сатып жіберуі де мүмкін. Компьютерге немесе телефонға вирус түссе де, жеке деректер тарап кетеді. Сонымен қатар хакерлер түрлі жолды қолданып, бұзып алуы да мүмкін”, – дейді Ерболат Маменов.
Маманның сөзіне қарағанда, деректердің 99%-ы хакерлердің шабуылынан емес, қарапайым қателердің салдарынан тарап кетеді. ол Қазақстанда да көбіне деректер дұрыс қорғалмағаннан тарап кететінін айтады.
“Қазақстандағы банктің бәрінде жеке деректеріміз бар. Egov та көп жерге, мысалы бірінші кредиттік бюроға, банктерге, микроқаржы ұйымдарына ақпарат береді. Сондықтан олар базасын жақсы қорғауы керек”, – дейді маман.
Тараған деректер қайда кетеді?
Маманның айтуынша, тараған жеке деректер даркнетте сатылады. Даркнет – интернеттің көзге көрінбейтін, жасырын бөлігі. Оны кәдімгі браузерлер мен іздеу жүйеден табу мүмкін емес. Оны аноним қолданады. Даркнетті біреулер қауіпсіздік үшін қолданса, ал хакерлер мен алаяқтар жеке деректерді сататын алаңға айналдырып отыр.
“Даркнетте тараған ақпаратты әдетте алаяқтар сатып алады. Сосын банк, салық органдары, тағы басқа ресми ұйымдар атынан жалған хаттар жібереді, несие рәсімдеуге тырысады. Алаяқтар ЖСН номерді қайдан біледі деп таңғалып жатамыз, осы Даркнеттен алады”, – дейді IT маманы.
Жеке дерегімізді қалай қорғаймыз?
IT маманының айтуынша, жеке деректерді толық қорғуға мүмкіндік жоқ және болашақта да болмайды. Тіпті Google, Instagram, Facebook сияқты ірі платформалардағы мәліметтер ұрланады. Дегенмен қарапайым әрі негізгі қауіпсіздік ережелерді ескеру керек.
“Мысалы, Google үнемі құпиясөзді жаңартуды ескертіп отырады. Дұрысы, алты ай сайын, бір жыл сайын құпиясөздерді ауыстырып отыру керек. Сенімсіз платформаларға қосымша поштамен тіркелген дұрыс. Алаяқтар ақпаратты ұрлап, кейін сол арқылы адамдардың ақшасын ұрлағысы келеді. Сол үшін банк карталарының деректеріне мұқият болу қажет. Карта деректерін әр жерге теріп, жаза бермеу керек. Интернет төлемді белгілі бір сомадан асырмай, шектеу қою керек”, – дейді Ерболат Маменов.




