Жазда әдеттегідей тамақтан уланатындар көбейе түседі. Себебі ыстық күні тағам тез бұзылады. Ауа райы температурасы 25 градустан асса, тамақтың ішіндегі бактериялар 20 минут сайын екі есе өседі. Сондықтан Tamga Media жазда қандай тағамдар ең қауіпті екенін және одан сақ болу жолдарын анықтап көрді.
Елде қазір жағдай қандай?
2026 жылдың басында Астанада 648 адам ішек инфекциясын жұқтырды. Бірақ Санэпидбақылау департаментінің айтуынша, биыл жаппай уланғандар болмаған. Ал былтыр қалада бірден бірнеше адам уланған үш жағдай тіркеліп, 60 адам (оның ішінде 20 бала) зардап шеккен еді.
Алматыда 2026 жылдың алғашқы жартысында 1318 адам ішек инфекциясынан ауырды. Оның ішінде 21 адам тамақтан уланған.

Адам тамақтан неге уланады?
Тамақ 4-60 градуста тұрып қалса, тез бұзылады. Себебі мұндай ыстықта бактериялар 20-30 минут сайын көбейеді. Көбіне улануға алтын түстес стафилококк, ішек таяқшасы және сальмонелла сияқты бактериялар себеп болады.
Адамдар әдетте мерзімі өткен өнімдерден, тамақты дұрыс сақтамағаннан, дайындамағаннан, тазалық сақтамағаннан, сондай-ақ өнімдердегі пестицидтер мен токсиндерден уланады.
Мысалы, биыл маусымда Еуропаның 10 елінде 80-ге жуық бала сальмонеллез жұқтырды. Ауырғандардың көбі тез дайындалатын кеспені құрғақ күйінде, шикідей жеген. Ал тамақты ыстық сумен пісірмесе, ішіндегі бактериялар өлмей сақталып қалады.
Ресейдегі ең үлкен ботулизм тамақ жеткізу қызметімен байланысты болды. Тұрғындар лобио және тунец балығы қосылған салатқа тапсырыс берген. Салдарынан 417 адам уланып, екі адам қайтыс болды.
Филиппинде демалған фуд-блогер Палаван жағалауынан ауланған «шайтан-крабтан» (Zosimus aeneus) дайындалған кешкі асын видеоға түсірген. Ертесі ол тіпті пісірген кезде де жойылмайтын нейротоксиннен қайтыс болды.
Ал 2025 жылғы қараша-желтоқсанда Вьетнамда бань-ми сэндвичінен (құрамында – паштет және түрлі ет бар) жүздеген адам уланып қалды.

Ең қауіпті өнімдер
Суши, роллы мен теңіз өнімдері
Санэпидбақылау комитеті Қазақстан азаматтарына суши мен роллының өте қауіпті екенін ескертті. Өйткені олар дұрыс дайындалмаса, сақталмаса әрі сатқанда ережелер бұзылса, адамдар бірден тамақтан уланып, ішек инфекциясы мен паразиттерді жұқтырып алады.
Адамдардың 95%-ы мейрамханада емес, үйге курьерден тапсырыс бергенде уланады. Өйткені курьер тамақты әдеттегі рюкзакпен жеткізген соң, қажет температура сақталмайды. Ал мұндайда тұздықтар, шикі балық пен майонез бірден бұзылады.
Әсіресе тунец пен лосось қосылған роллылар өте қауіпті. Температура бұзылғанда, балықта сальмонелла, листерия мен стафилококк көбейеді. Ал роллыдағы күріш бұл бактерияларды тіпті тез көбейтеді.
Шаурма және көше фастфуды
Шаурма, ішіне ет салынған тамақтар мен чебуректер тоңазытқыштан тыс жерде жарты сағаттан артық тұрса, денсаулыққа зиян. Бұл үйде пісірілген қамыр тағамдарына да қатысты – оларды да міндетті түрде тоңазытқышқа салып қою керек.

Майонез қосылған салаттар мен крем қосылған торттар
Мұндай тағамдарда стафилококк пен ішек таяқшасы тез көбейеді. Майонез қосылған салат, сүт, йогурт, крем, тіпті балмұздақ бөлмеде 30 минуттан артық тұрып қалса, ішінде бірден стафилококк токсині пайда болады. Сондықтан тоңазытқышта тұрған салаттарды сатып алсаңыз, бірден жеп қойыңыз. Ал мұндай тамақтарға негізінен күн салқында тапсырыс берген дұрыс.
Үйде дайындалған консервілер мен саңырауқұлақтар
Үйде жабылған консервілерден ботулизм сияқты қатты уланып қалуға болады. Адамдар саңырауқұлақтан да жиі уланады. Бұл жерде орманнан терілген улы саңырауқұлақтар да (олар кәдімгі түрлеріне ұқсап тұрады), тіпті жеуге жарамды саңырауқұлақтың өзін үйде дұрыс дайындамасаңыз да өте қауіпті.
Пестицидтері бар көкөністер мен жемістер
Көкөністер мен жемістерге келсек, әуелі олардың құрамындағы пестицидтерден сақтану керек. ҚазӨҚжКҒЗИ токсикология зертханасының мәліметінше, еліміздің базарларындағы өнімдерде пестицид қалдықтары бар екені анықталған. Олар алма, алмұрт, шабдалы, жүзім, қияр, қызанақ, қырыққабат, баклажан, пияз бен аскөкте бар болып шықты. Тіпті алмадан диметоат, бифентрин, альфа-циперметрин, ал сәбіз бен картоптан хлорпирифос табылған.
Бұл ретте Қазақстанда Еуроодақ пен АҚШ-та ғана емес, тіпті Қытай мен Бразилияда тыйым салынған пестицидтер де қолданылады. Мұндай химиялық заттар адамның бүкіл ағзасына зиян келтіруі мүмкін.
Американың EWG ұйымының мәліметінше, 2025 жылы пестициді ең көп 10 өнімнің қатарына құлпынай, жүзім, шабдалы, нектарин, шие, алма, бүлдірген және көкжидек кірген. Тексерілген жеміс-жидектердің 96%-ынан химиялық заттар табылған. Тіпті әрқайсының құрамында орта есеппен төрттен астам улы қосынды бар болып шықты.
Бұл тізімнің басында жыл сайын жүзім тұрады. Өйткені жүзім сабағына саңырауқұлақ үйір келеді, содан қорғау үшін егістікке арнайы жабысқақ пестицидтер себеді. Ең соңғы химиялық өңдеуді тура өнімді жинар алдында жасайды, әйтпесе жүзім жолда шіріп кетеді. Дәл осы себепті шабдалы мен нектаринді де маусым бойы фунгицидпен (саңырауқұлаққа қарсы дәрімен) улап отырады.

Бұл жерде удың бір түрі емес, олар өзара араласып кеткенде қауіпті. Бір жемістің өзінде бірнеше пестицид болуы мүмкін. Тіпті мөлшері аз болса да, бәрі қосылып, уақыт өте келе ағзада жиналатын нағыз «химиялық коктейль» болады.
Уланып қалмас үшін не істеу керек?
Жеміс-жидек пен көкөністі крандағы суға шая салу аздық етеді. Одан да сода қосылған суға салып қойған дұрыс, бұл химиялық заттардың 80%-ын тазартады. Ол үшін бір литр суға бір шай қасық ас содасын салып, өнімдерді 10-15 минутқа қалдырасыз, сосын таза сумен жуып аласыз. Сондай-ақ суға кішкене сірке суын (уксус) қосып дайындасаңыз да болады. Өнімдерді бұл суда бес минут ұстасаңыз, бактериялар мен пестицидтер азаяды. Содан кейін міндетті түрде таза сумен шайып жіберіңіз.
Мамандар «2-2-2» ережесін есте сақтауға кеңес береді:
тез бұзылатын тағамдарды тоңазытқыштан тыс жерде екі сағаттан артық ұстамау керек;
дайын тамақтың қалғанын тоңазытқышта екі күннен артық сақтамаған жөн;
ал тамақты қайта жылытқанда 70 градуста кем дегенде екі минут қайнату немесе қыздыру қажет.
Қарапайым қауіпсіздік ережелерін де ұмытпаған жөн:
Тамақ ішерде және тамақ әзірлер алдында қолды жақсылап жуу;
Кез келген белгісіз жерден роллы мен торт сатып алмау;
Тамақ сататын орындарда тоңазытқыштың бар-жоғына мән беру;
Үйде ет, балық және көкөніс турауға арналған бөлек тақтайшалар ұстау.
Ал тамаққа тапсырыс бергіңіз келсе, үйіңізге ең жақын орналасқан дәмханаларды таңдап, курьердің арнайы термосөмкесі бар-жоғын біліп алу.



