Қазіргі зумерлер (Z-ұрпағы) ішімдіктен саналы түрде бас тартып жатыр. Бұл сырттан келген тыйым емес, ішкі байлам. Біз ішуді қойған жастармен тілдесіп, олар не себепті мұндай шешімге келгенін білдік.
Әуелі статистикаға көз жүгіртейік. Кейінгі 20 жылда үнемі ішімдік ішетін 18-34 жас аралығындағы жастардың үлесі 72%-дан 62%-ға дейін кеміген. Тіпті зумерлер миллениалдардың дәл осы жастағы кезімен салыстырғанда 20% аз ішімдік ішеді екен.
Бұл сандар өмірлік құндылықтардың өзгергенін аңғартады. Қазір ішімдік демалыстың міндетті атрибуты, танысудың құралы немесе «ер жеткендіктің» белгісі емес. Баяғы «ішпесең – сыйлы емессің» деген ескірген түсінік келмеске кеткен. Керісінше, қазір алкоголь – босқа кеткен уақыт, құртылған денсаулық пен ауаға ұшқан ақша.
Қазақстанда жағдай қалай? Бізде де осы үрдіс: жастар көбіне салауатты өмір салтын таңдайды. Кейінгі есеп бойынша, елімізде жан басына шаққанда жылына орта есеппен 5,4 литр таза спирттан келеді екен. Бұл көрсеткіш Еуропаның көптеген еліне қарағанда әлдеқайда төмен.
Сарапшылардың пайымы бойынша, жаңа буын үшін аузына ішімдік алмай, сергек жүру ерсі емес, қалыпты жағдай. Біз ішімдік ішуді қойған немесе мүлдем ішпеген жастармен сөйлестік. Олардың хикаясы әртүрлі: бірі тәуелділіктен құтылса, бірі оқыс жағдайдан соң тоқтаған, ал бірі басынан-ақ ішімдікке қызықпаған.

Асқар, 24 жаста:
Бір күн ішпесем тұра алмайтын хәлге жеткен соң, алкоголь ішкенді қойдым
«16 жасымнан алкоголь іше бастадым. Өзім бір сұрқай, кішкентай қаладанмын. Ол жақта ермек қылатын екі нәрсе бар: спорт немесе ішімдік. Өкінішке қарай, мен екіншісін таңдадым. Өзімізше «бейресми» ортамыз болды: ерте жастан ішіп-шегіп, шулы кештер мен концерттер ұйымдастыратынбыз. Ол кезде алкоголь кештің бір бөлшегі ғана, бізді музыка мен ортақ көзқарас біріктіреді деп ойлайтынмын. «Мәңгілік достармыз» деп сендім.
Бұл жағдай 22 жасыма дейін созылды. Уақыт өте келе көбісі қалып қойды, соңында 14-тей адам қалдық. Арасында ең кішісі мен болсам да, бәрінен көп ішетінмін. Бір күні байқасам, ішімдік маған бұрынғыдай ләззат бермейді екен. Керісінше, ашушаң әрі агрессив болып кеттім. Тіпті, бір күн ішпесем тұра алмайтын хәлге жеттім. Ақшаның қайда кетіп жатқанын, «тәбетімнің» қалай өскенін сездім. Тіпті, ішімдікті бөліп төлеп немесе несиеге ала бастағанымда түпсіз тұңғиыққа кетіп бара жатқанымды түсіндім. Сөйтіп 22 жасымда «уақытша қоя тұрайын» деп бекіндім. Сол сәтте әлгі «мәңгілік достарым» лезде ғайып болды. Сөйтсем бізді тек бөтелке ғана біріктіріпті. Содан кейін біржола қоюды ұйғардым және ол шешіміме өкінген емеспін. Қазір ішімдік аған ешқашан оралғым келмейтін қараңғы өмірімді еске түсіреді».
Қайсар, 23 жаста:
Қатты мас болып, төбелесіп, ауруханадан бір-ақ шықтым
«Бәрі балалық шақтан басталды-ау деймін. Отбасымызда береке болмады, ата-анам жиі ұрсатын. Әкем шаршағанын басу үшін ащы суға әуес болды. Кейде маған қызып алып: «Мұны ешқашан ішпе» дейтін. Неге екенін білмеймін, бірақ менің санамда «ішімдік – проблемадан қашудың жолы» деген түсінік қалды.
Міне, жасым 18-де, бірінші курспын. Студенттікке қабылдау кешінде алкоголь болды. Оған дейін дәмін татқанмын, бірақ ұнамайтын. Ал бұл жолы бәрі тұспа-тұс келіп қалды: қызыммен айырылыстым, Алматыға көштім, оқудағы стресс... Ілініп кеттім. Екінші семестрде жатақханадағы бөлмеміз әр жұма сайын таң атқанша гуілдейтін болды. Сосын жұмыс, клуб, бітпейтін «тусовкалар» басталды.
Бірақ бәрі бір түнде сап тыйылды. Клубта бір топпен сөзге келіп, далаға шықтық. Жас кезімде боксқа қатысқанмын, төбелесе алатынмын, бірақ сол кеште қатты мас болдым. Шүйкедей ғана бір жігітке соқтығысқанмын, ол мені екі-ақ ұрып сұлатып түсірді. Қардың үстіне құладым, оның достары қосылды... Одан арғысы есімде жоқ, ауруханадан бір-ақ ояндым. Жағым, екі қабырғам және қолым сыныпты. Бір тәулікке жуық ұйықтаппын. Көзімді ашсам – қарсы алдымда анам отыр. Басқа қаладан жетіп келіпті, еңіреп жылап отыр. Менің ішіп жүргенімді білмейтін, ол кісі үшін бұл нағыз шок болды. Мен де жатып алып жыладым. Басымда тек бір ғана ой: «Ішпегенімде, бұл жағдай болмас еді».
Сол оқиғадан кейін ішімдіктің иісін де жақтырмайтын болдым. Өзіме сөз бердім және сөзімде тұрдым. Жатақханадан көшіп, ауылдан келген ескі достарыммен бірге тұрдым. Олар мүлдем ішпейтін: екеуі намазхан, біреуі ұстанымы бойынша ішпейтін жігіттер еді. Содан бері үш жыл өтті. Оқуымды жақсы бітірдім, қазір жұмыс істеймін, әлі күнге дейін «су ішкендей» тазамын».
Мадина, 25 жаста:
Ауылда бір ағай ішіп алып, құрбым екеуімізге тиіскені есімнен кетпейді
«Менің ішімдікке ешқашан зауқым соқпаған. 21 жасымда қызық көріп алкогольдің дәмін таттым, бірақ мүлдем ұнамады. Мұны адамдар қалай ішеді деп таңғаламын. Бала кезімнен ауылдағы мастарды көріп өстім. Әр ауылда болатын «ішкіш ағай» бізде де болды. Бірде 13 жасар кезімізде сол кісінің мас болып алып, құрбым екеуімізге тиіскені есімнен кетпейді. Содан бері ішімдікке деген жиіркеніш пайда болды. Сол кезде «ешқашан мыналар сияқты болмаймын» деп іштей бекіндім.
Отбасымның да әсері болған шығар. Ата-анам ұрсысса да, ешқашан қайғысын ішімдікпен басқан емес. Біздің үйде ешкім ішпейтін, «қағыстырып қояйық» деген дәстүр де болған жоқ.
18 жасымда Алматыға оқуға түстім. Басында бұл жақта бәрі басқаша, қалалық мәдениет болар деп ойлағанмын. Бірақ мұнда да сол баяғы мас адамдарды кезіктірдім. Тіпті, жатақхананың ішінде де солай. Кейде курстастарыммен отырыстарда бірге отыратынмын, бірақ тек шырын немесе шай ішетінмін. Бірде стақаныма байқатпай ішімдік құйып жібермек болды, бірақ сезіп қойып, төгіп тастадым.
Қазір жасым 25-те. Ештеңе өзгерген жоқ. Күйеуім де ішпейді. Ең қиын немесе ең қайғылы сәттерімде де өміріме ішімдікті жолатпағаныма өте қуаныштымын».



