Кешкі асқа уақыт таппай қалғанда мұздатқыштағы тұшпараны қайнатып, дайын котлетті қуыра салу әлдеқайда жеңіл. Әсіресе жұмыстан шаршап келгенде жартылай фабрикаттардан тамақ дайындау айтарлықтай уақыт үнемдейді. Бірақ бірнеше минутта дайын болатын бұл тағамдарды жиі жеу ағзаға қалай әсер етеді? Жартылай фабрикаттың бәрі бірдей зиян ба? Tamga Media осы сұраққа жауап іздеп көрді.
Жартылай фабрикат дегеніміз – алдын ала өңделген, толық дайын емес өнім. Оған тұшпара, манты, котлет, фрикаделька, наггетс, мұздатылған бәліш, пицца және басқа да дайын өнімдер жатады. Бұларды көбі дүкеннен сатып алса, біраз қыз-келіншек өздері үйде дайындап, мұздатқышқа салып қояды. Әрине, үйде алдын ала дайындалған тағам денсаулыққа аса қауіп төндірмейді. Себебі оның қамыры, қоспасы, еті өз қолыңыздан өтеді. Ал дүкендегі жартылай фабрикаттардың дайындалу тәсілін егжей-тегжей білуге қаптамадағы жазба аздық етеді.

Жартылай дайын тағамды көп тұтынудың қаупі қандай?
Дүкендегі жартылай фабрикаттардың дәмі ұзақ сақталуы үшін құрамына түрлі қоспалар қосылады. Тұз, бұрыштан бөлек қант, зиянды май, түрлі дәмдеуіштер бары бесенеден белгілі. Олардың барлығы бірдей қауіпті деп айта алмаймыз. Дегенмен өнімдегі натрий (тұз) мен май, қанттың мөлшері жоғары болса, оны күнделікті жеу ағзаға зиянын тигізбей қоймайды.
Сондай-ақ кейбір арзан өнімдерге ет аз салынады. Оның орнында май, қамыр және басқа ингредиенттер көбірек болуы мүмкін. Әрі еттің қалай өңделгені, ненің етінен жасалғаны маңызды. Сондықтан өнімнің бағасы да, құрамы да басты назарда болуы керек.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы құрамы күмәнді немесе тұз, қант, майы көп жартылай өңделген тағамдар ағзаға зиян екенін ескертеді. Тұзды шамадан тыс тұтыну қан қысымының жоғарылауына, жүрек-қан тамырлары ауруларына әкелсе, майы көп өнімді жиі жеу ағзаға артық калория жинайды. Майы көп жартылай фабрикатты үйге келіп тағы майға қуырсаңыз, тағамның жалпы калориясы одан әрі арта түседі.

Үй жағдайында дайындалған жартылай фабрикаттарды қалай сақтаған дұрыс?
Дүкеннен алған өнімнің бір жақсы жері сақтау мерзімі жазылып тұрады. Ал үйде жасалған жартылай дайын тағамды қанша уақыт сақтауға болатынын білмей жатамыз.
FoodSafety.gov мәліметінше, үйде дайындалған тұшпара, манты немесе котлетті −18°C температурада сақтаған жөн. Тартылған еттен жасалған өнімдерді шамамен 3-4 ай ішінде пайдаланып тастау керек. Бірақ мамандар тағам мұздатқышта көп тұрған сайын оның сапасы да, дәмі де өзгеріске ұшырайтынын айтады.
Жартылай фабрикатты сатып аларда неге мән беру керек?
Дүкеннен алған өнімнің қаптамасындағы ақпаратты толық қарап шығыңыз. Алдымен құрамындағы негізгі ингредиенттерге мән берген жөн. Бұл тізім әдетте мөлшері көп заттан бастап жазылады. Мысалы, тізімде ет бірінші тұрса, демек өнімнің құрамында ет басқа ингредиенттерге қарағанда көбірек. Ақуыз, май, көмірсу және тұз мөлшеріне қараңыз. ДДСҰ ересек адамға тәулігіне 5 грамнан аз тұз тұтынуды ұсынады. Бұл шамамен бір шай қасыққа тең.

Жарамдылық мерзімі мен қалай сақтау керегіне назар аударыңыз. Мұздатылған өнім еріп, қайта мұздатылса бактерия пайда болуы мүмкін.
Қуыру мен пісірудің айырмашылығы бар. Жаңа ғана онсызда құрамында майы көп өнімді әкеп тағы майға қуыруымыз қате дедік. Тағамды пеште пісіріп, буға қайнатып тартымды етім дастарханға ұсынсаңыз болады.
Қаптамадан «ішінара гидрогенизацияланған май» дегенді оқысаңыз, өнімді алмауға кеңес береміз. Бұл – сұйық өсімдік майын қоюлату үшін арнайы өңдеу арқылы алынатын май. Өңдеу кезінде зиянды транс майлар түзілуі мүмкін. ДДСҰ мұндай майларды мүмкіндігінше тұтынбауды және тағам өндірісінен алып тастауды ұсынады.
«Етті өнім» мен «құрамында ет бар өнім» деген жазудың да айырмашылығы бар. Қаптамадан ет мөлшерін және қандай ет қолданылғанын тексеріңіз. Кейбір ет өнімдеріне құрылымын жақсарту үшін және ылғалды сақтау үшін желатин қосылады. Етке күмәнданбас үшін ҚМДБ-ның «Халал» белгісі бар өнімдерді таңдаған дұрыс.
Тағам құрамынан E белгісін көргенде оны бірден «зиянды қоспа» деп қабылдайтындар бар. E-коды тағамдық қоспаны белгілеу үшін қолданылады. Мысалы, E300 – аскорбин қышқылы, E330 – лимон қышқылы, E322 – лецитин. Сондықтан өнімді алғыңыз келсе, тек E-кодқа емес, оның жалпы құрамына қараңыз. Қоса кетейік, халал өнім тұтынатындар мұндайға аса мән береді. Мысалы, E441 – желатин, ал E471, E472, E422 сияқты қоспалар өсімдікпен қатар жануар тектес шикізаттан алынады. Бұлар халал емес болуы мүмкін.

Ең дұрысы, осы апта уақытыңыз тығыз болатынын алдын ала білсеңіз, өз қолыңызбен 2-3 күндік асты дайындап қойғаның дұрыс. Сонда «тағамның құрамы қандай?» деп бас қатырмайсыз.
Уақыт үнемдеу үшін анда-санда жартылай фабрикат жеуге болады. Бірақ күнделікті ас мәзіріне айналып кетпеуі керек. «Ас адамның арқауы» деп бекер айтылмаған. Мүмкіндігінше жаңа піскен, құнарлы және көкөністерге бай тағамдарды тұтынғаныңыз абзал.




