Кеңес өкіметі кезінде әскерге шақырылған адамның қай қиырға түсетіні беймәлім еді. Бірақ Жаркенттің қарапайым жігіті бір күні Кубадан бір-ақ шығып, революцияның тірі символы Фидель Кастромен жүзбе-жүз кездесемін деп ойламаған да болар. Нариман Тұрсыновтың қызы арада 40 жыл өткенде әкесінің қызмет жолындағы қызық оқиғасын Tamga Media басылымына айтып берді.
Әскерге аттану
Нариман әскерге 21 жасқа қараған шағында – университеттің үшінші курсынан кейін аттанды. Қызының айтуынша, ол сабағын жақсы оқыған, белсенді студент болған, тіпті декан оны оқуда алып қалу үшін барын салған. Бірақ інісі әскерге шақырылған соң, ол да оқуының біткенін күтпей, өз еркімен қызметке аттанады.
Ол кезде әскер жай ғана міндет емес еді: Отан алдындағы борышынан қашқандарға ел мен жерлестері жеккөрінішпен қарайтын. Нариман өзінің жай бөлімшеге түспейтінін іштей сезді. Ол бала кезінен суретті керемет салатын, плакатта қауырсын қаламмен жұмыс істей алатын. Таныстары мұндай өнері бар жігіттерді бірден штабқа алып кететінін айтатын.
«Солай болды да. Әкем Ленинград (Санкт-Петербург) маңындағы Сертолово оқу полкіне түсті. Онда қызық жағдай болған: оның шашын алып жатқанда, кенеттен сапқа тұру керек деген бұйрық беріліп, шаш алып жатқан адам сапқа тұруға жүгіре жөнеледі. Әкем басының бір жағы ғана алынған күйі бірнеше сағат жүреді, соңында бір капитанды жолықтырады. Ол әуеліде таңғалып, кейін әкеммен сөйлесіп, жеке ісін көрген соң, оған хатшы-сызбашы болуды ұсынады», – дейді Нариманның қызы Наргиза.

Нариманның қызметі тез өсті: алдымен батальон штабы, сосын полк штабы, ал бір айдан соң округтің жедел басқармасына ауыстырылды. Картамен шебер жұмыс істейтін сарбаз жаттығулар кезінде көзге түсіп, қызметтің жаңа деңгейіне өтті. Ол спорттық ротада тұрды, кезекшілікке бармады, офицерлермен бір үстелде тамақтанды. Бірақ жаттығу кезінде екі тәулік бойы ұйықтамай жұмыс істеуіне тура келетін.
Ол жылдары Куба маңызды стратегиялық жер еді. КСРО аралда үлкен әскери базасын ұстады. Ресми түрде бұл «оқу орталығы» деп аталғанымен, шын мәнінде толыққанды әскери нысан еді. Ол жаққа бару үлкен мәртебе саналатын. Кез келген адамды ала бермейтін әрі бұл туралы еш жерде жариялауға болмайтын.
Кубаға сарбаздар жіберілетінін естігенде Нариманның құлшынысы оянды. Газет-радиодан айтылатын «Бостандық аралы» нағыз шытырман оқиғадай көрінді. Ол бірден рапорт жазып, ең соңғы кемеге үлгерді. «Балтика» кемесі теңізге шықты. Бәрін құпия сақтау үшін барлық сарбазға азаматтық киім кигізген. Алдымен Балтық пен Солтүстік теңіздерін кесіп өтіп, одан кейін Атлант мұхитына шықты.
«Солтүстік теңізде кеме екі күн бойы қатты дауылға тап болды. Әкемнің айтуынша, толқынның қатты соққаны соншалық, тіпті көп жыл теңізде жүргендердің өзіне қиын болған. Осылай, олар Кубаға екі айдан кейін жеткен», – деп еске алады қызы.
Нариман бригада штабының жедел бөліміне түсуі керек еді, бірақ жаңадан келгендер карантинде (бейімделу кезеңінде) жатқанда, бір офицерге сурет сала алатын адам керек болып қалады. Жаркенттен келген, сызу мен суретке шебер бір жігіт бар екенін естіп, ол Нариманды оқу орталығының орталық клубына шақырады. Осылай, ол суретші болып шыға келеді. Кейін Нариманның өзі бұл жерді «қызмет етуге ең керемет орын болды» деп еске алатын.
Бөлімшеде жеті адам болды: екі суретші, фотограф, киномеханик, кәдесый жасаушы, жүргізуші және хатшы. Олар әскери бөлімді безендірумен айналысты. Орталық алаңда Фидель Кастроның, Рауль Кастроның (Фиделдің серігі және інісі) және басқа да Куба басшыларының үлкен портреттері тұруға тиіс еді. Барлығы 30-ға жуық кенеп, әрқайсының көлемі екі метрдей болған.

«Әкем контурларды эпидиаскоп арқылы түсіріп, сосын бәрін қолмен салып шығатындарын айтатын. Ең қиыны – көзді салу. Тек ұқсатып қана қоймай, мінезін де беру керек. Мысалы, Горбачев мейірімді, Қорғаныс министрі айбынды, ал Фидельдің көздері міндетті түрде "жылы" болып шығуы керек еді. Тропикалық нөсерден портреттер тез бұзылатындықтан, оларды әр үш ай сайын қайта салып тұратын», – дейді Наргиза.
Бірде оқу орталығына Фидель Кастроның өзі келеді. Ол алаңда тұрған, Нариман салған өз портретін көріп, жұмысқа тәнті болады. Жаркенттік жас суретшіні Фидельдің өзімен кездесуге шақырады.
«Өкінішке қарай, әкем Кастромен нақты не туралы сөйлескені есінде жоқ. Арада 40 жыл өтті ғой. Фидельмен негізгі диалогты офицерлер жүргізген, бірақ әкем мен Команданте бірер сөз алмасып үлгерген. Ал әлгі портрет казармада ілулі күйінде қалды».
Жақсы қызметі үшін Нариманды мерзімінен бұрын, ең алғашқы кемемен үйіне қайтарады. Қызмет барысында ол шамамен алты ірі портрет салған екен.
Бұл хикаядан қандай да бір мораль іздеудің қажеті жоқ. Тек ойлап қарасаңыз, Жаркенттің қарапайым суретші жігітінің әскерге барып, Фидель Кастромен жүзбе-жүз кездесуі әлі күнге дейін таңғаларлық оқиға болып көрінеді. Мұндай тарихты бөліспеу мүмкін емес!



