Ойын-сауықӘдебиетЖапон мангасы оқырманды несімен баурады?

Жапон мангасы оқырманды несімен баурады?

15 қаңтар 2026
5 мин
Японская манга: что привлекает ее читателей?
Фото: Unsplash

Жапон мәдениетін әлемге әйгілі еткен жанрлардың бірі - аниме. Ал дәл осы аниме жанры ең алғаш манга парақтарында туған. Жапонияда манганың танымал екені соншалық, оны қоғамдық көлікте, университетте, тіпті, арнайы манга кафелерде оқып отырған жандарды кездестіруге болады. Ал қазір бүкіл әлемде манганы сүйіп оқитындар бар. Сонымен материалда манга деген не екенін және бұл жанр оқырманды несімен баурағанын түсіндіреміз.


Манга қалай пайда болды? 


Манга - жапон комиксі. Жапон тілінен аударғанда “қызық сурет” деген мағынаны білдіреді. Бұл жанр Жапонияда алғаш 1950 жылы шығып, кеңінен тарай бастады. Ол кезде жапониялықтардың жағдайы мәз емес еді. 1945 жылы Хиросима мен Нагасакиге атом бомбалары тасталып, қалалар жермен-жексен болды. Жапония АҚШ оккупациясына өтті. Экономика әлсіреп, халық қатты күйзелді. Дәл осы сәтте елге АҚШ-тан комикстер келе бастады. Ұзақ уақыт жабық болған жапон қоғамы сырттан келген жаңа дүниені ерекше ынтамен қабылдады. Осы комикстердің негізінде жапон мангалары пайда болуы мүмкін. Тағы бір деректер бойынша, қиын кезеңде жапон халқының көңіл-күйін, рухын көтеру үшін манга жазыла бастады. Ал қазір манга Жапониядағы баспа индустриясының маңызды бөлігіне айналды.


Манганы кім жазады немесе салады?


Манга кәдімгі комикс сияқты: суреті көп, мәтіні аз. Оның мәтінін жазып, суретін салатын адамды “мангака” деп атайды. Әдетте автор бәрін өзі істейді. Кейбірі үлгермей жатса ғана, жанына көмекші алады. Ең алғашқы мангака – Осаму Тэдзука. Жапониялықтар оны “Манганың құдайы” деп атайды. Осаму 1952 жылы “Mighty Atom” деген алғашқы мангасын салған. 


Қазір кейбір мангалар әлемдік бестселлерге айналған. Мысалы, One Piece мангасының бүгінге дейін 500 миллионнан астам данасы сатылып, Гиннес рекордтар кітабына енді. Ал Demon Slayer мангасы бір жылда 82,3 миллион дана сатылып, One Piece-тың 11 жылдық рекордын бұзды. 


Манганың кәдімгі комикстен айырмасы неде?


1. Манганы соңғы беттен бастап, оң жақтан солға қарай оқиды. Манга көбіне журнал форматында, тарау-тарау болып жарық көреді. Бірақ алғашқы бетін ашып қалғанда, “жалғасы бар” деп жазылып тұрса, таң қалмаңыз. Өйткені мангалар соңғы беттен бастап, оңнан солға және жоғарыдан төмен қарай оқылады. Бұл – жапон жазу мәдениетінің ережесі. 


2. Ақ-қара түс болып басылып шығады. Соғыстан кейін қаржы тапшы болған соң, мангалар түрлі-түсті емес, тек ақ-қара болып шығарылды. Бірақ қазір бұл манганың өз ерекшелігіне айналды. Мангалар әлі күнге дейін ақ-қара түсте, көбіне екінші сортқа жататын қағазға басылады. Бұл шығынды азайтуға, көптеп басып шығаруға, қолжетімді бағада сатуға мүмкіндік береді. Оған қоса ақ-қара стиль мангаканың да уақытын үнемдейді. 


3. Манга түрлі тақырыпты қозғайды және түрлі жастағы оқырманға арналған. Манганың тақырыбына, жанрына шектеу жоқ. Шытырман оқиғалы экшн, ғылыми фантастика, фэнтези, романтика, мектеп өмірі, спорт, детектив, тарихи драма, тіпті іскерлік пен аспаздық тақырыптарға да арналған. Балаларға көңілді хикаялар (кодомо), жасөспірім ұлдарға экшн-комедиялар (шонен), қыздарға романтикалық оқиғалар (сёдзё), ересек ерлерге күрделі сюжеттер (сейнен), әйелдерге арналған шығармалар (дзёсэй) бар. Осындай ауқымымен оқырманды қызықтыра білді. 


4. Манга кейіпкерлері шынайы және терең болады. Олар тек "жақсы" немесе "жаман" болып бөлінбейді, қателеседі, күреседі, өсіп-дамиды, сезімдерін білдіреді. Оқырман олардың қуанышын бірге бөлісіп, қайғысында бірге жылайды. Кейіпкерлердің мінезі мен ішкі ойлары оқиғаны шынайы етеді. 


5. Манга қолжетімді. Манганы жастардан бастап қарттарға дейін сүйіп оқиды. Жапонияда оны көбіне екінші сортқа жататын, яғни арзан қағазға шығарады, сондықтан оқырманның қалтасына салмақ түсірмейді. Қазір оны интернеттен де оңай табуға болады. VIZ Media, MANGA Plus by Shueisha, ComiXology сияқты ресми платформалар мангалардың авторынан заңды рұқсат алып, оны сапалы етіп аударып, оқырманға онлайн оқуға мүмкіндік береді.  


Анименің көбі манга бойынша түсіріледі


Көптеген танымал анименің басым бөлігі әуелі манга ретінде жарық көрген. Мысалы, Naruto, One Piece, Attack on Titan сияқты хикаялар манга болып шыққан. Өйткені манга кадры мен сюжетін киноға бейімдеу ыңғайлы.


Кейінгі жылдары әлемдік киностудиялар да мангаға қызығып жатыр. Мысалы, 2023 жылы Netflix One Piece мангасы бойынша сериал түсірді. Мұндай экранизация манганы одан әрі танымал етті. Оның түпнұсқасын оқығысы келетін жаңа аудитория пайда болады.


Аниме шыққан соң, мангалар да көптеп сатылды. Мысалы, 2013 жылы Attack on Titan анимесі жарық көрген соң, оның мангасының сатылымы 2,7 миллионнан 15,9 миллион данаға өсті. Келесі жылы тағы 8,3 миллион дана сатылып, One Piece-ті басып озды. 2019 жылы Demon Slayer анимесі көрсетілген соң, оның мангасының таралымы 12 миллионнан 80 миллионға жетті.


Адамдар не себепті бұлай қызығатынын түсінуге де болады: аниме бөлімдері аптасына бір рет шығады, жаңа маусымдар жылдарға созылуы мүмкін. Жанкүйерлер оқиғаның жалғасын тезірек білгісі келіп, мангаға көшеді. Сонымен қатар анимеде қысқартылған немесе жоқ сахналар мангада толық беріледі. Аниме аяқталмай қалса, манга арқылы шынайы финалды білуге болады.

Бөлісу:

Жапон мангасы оқырманды несімен баурады? — Tamga media