ӘлемдеЭкологияЖануарлар әлемінен 5 жақсы жаңалық

Жануарлар әлемінен 5 жақсы жаңалық

8 мамыр 2026
5 мин
Фото: Shutterstock

Жақсы жаңалық естіп, оқымағаныңызға көп болды ма? Біз де соны ойладық. Сондықтан ай сайын әртүрлі саладағы бес жақсы хабарды жеткізіп отыратын жаңа айдар ашуды ұйғардық. Бұл жолы – табиғат әлемі. Ыңғайланып отырыңыз да, ғаламшарымыздың тұрғындары – жануарлардың жағдайы қалай оңалып жатқанын тамашалаңыз.


Пиреней сілеусіні «о дүниеден» қайтты


Марғауларды жақсы көрмейтін адам жоқ шығар, сондықтан содан бастайық. Бір кездері біз оларды енді ешқашан көре алмаймыз деп ойлаған едік. 2001 жылы табиғатта небәрі 62 ересек пиреней сілеусіні қалған еді. Тұтас популяция үшін бұл өте аз, оның үстіне пиреней сілеусіні – ғаламшарда ең сирек кездесетін жыртқыш мысық, яғни эндемик (тек шектеулі аумақта ғана өмір сүреді). Ол тек еуропалық қоянды ғана аулайды (олардың да жағдайы мәз емес еді), сондай-ақ оның сырт келбеті браконьерлер арасында өте жоғары бағаланады. Үзілді-кесілді үкім дерсіз.


Бірақ олай болмай шықты! 2024 жылға қарай жас төлдерді есепке алғанда популяция саны екі мыңнан асты. Халықаралық табиғатты қорғау одағы бұл түрді «жойылып кету қаупі төнген» санатынан «осал топтар» санатына ауыстырды және ресми түрде мұны табиғатты қорғау күштері арқылы қол жеткен мысық тұқымдастар түрін қалпына келтірудің ең ірі жобасы деп атады.


Жануарларды жай ғана көбірек тууға мәжбүрлеу мүмкін емес. Қарапайым цифрлардың артында орасан зор еңбек, Испания мен Португалияның бүкіл Еуроодақпен көпжылға созылған ынтымақтығы жатыр. Мұнда қолда бағу, жерортатеңіздік бұталарды қалпына келтіру, қояндар популяциясын қорғау және оқшауланған топтар арасындағы экологиялық дәліздер құру жұмыстары бар. Тек 2010 жылдан бері жабайы табиғатқа төрт жүзден астам жануар жіберілді. Мекендеу ареалы 2005 жылғы 449 шаршы шақырымнан бүгін 3320-ға дейін кеңейді. LIFE деп аталатын жоба осы жылы аяқталады. Бұл– нағыз жеңіс. 


Жолбарыстар Орталық Азияны ұмытқан жоқ


Қазақстандағы соңғы жолбарыстың 1948 жылы көрінгені туралы бір жерден оқыған боларсыз. Кавказдан Алтайға дейінгі алқапты мекен еткен Тұран (немесе Каспий) жолбарысы XX ғасырдың екінші жартысында мүлдем жойылып кетті. Оған браконьерлер, орман-тоғайдың кесілуі, азық қорының құртылуы себеп болды. Әрине, мұны жағымды жаңалық дей алмаспыз. Бірақ 2009 жылы генетикалық сараптама Тұран және Амур жолбарыстарының іс жүзінде бірдей екенін көрсетті: олар кезінде мұз дәуірі бөліп жіберген бір ғана популяция. Осы ұқсастық реинтродукцияға (түрді қайта жаңғыртуға) жол ашты.


2024 жылдың күзінде «Іле-Балқаш» резерватына екі амур жолбарысы – Богдана мен Кума әкелінді. Олар Нидерландыдан жеткізілді. 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында Ресейден тағы үш-төрт жолбарыс әкеледі деп күтіп жатыр. Богдана мен Кума жабайы табиғатта өмір сүрмейді, олар қолда өскендіктен, түз тағысына айналдыру – оларды өлімге жіберумен тең. Бірақ олардың ұрпағын Іле атырауына бейімдемек.


Бұл жерде тек нақты бір түрді емес, ол өмір сүрген тұтас экожүйені қайтарып жатқанымыз назар аудартарлық. Тек дайындықтың өзіне жеті жыл кетті. Жеке резерват құру, 200 бұғы мен 119 құланды жерсіндіру, 2025 жылы 37 мың тоғай орманының көшетін отырғызу (бұған дейін тағы 50 мыңы егілген болатын) – осының бәрі атқарылды. Бұл – таңғажайып тарих және жақсы жаңалық.


Коалалар да берілер емес


Консервациялық биологияны қысқаша, түсінікті айтсақ: жануарлардың саны күрт азайса, олардың генетикалық әртүрлілігі қайта қалпына келмей жоғалады. Соның салдарынан жағдай одан сайын қиындайды — жақын туыстар өзара шағылысады (инбридинг), зиянды мутациялар жиналады, ұрпақ беру қабілеті төмендейді. Осылайша «жойылу шеңбері» басталады.


Коалалар да бір кезде дәл осы шеңберге түсіп, жойылып кетуі мүмкін деп есептелген. Яғни бұл процесті тоқтату мүмкін емес сияқты көрінген. Бірақ коалалар оңайлықпен берілетін емес.


2026 жылғы наурызда Science журналында Сидней университетінің ғалымы Коллин Аренс пен оның тобы бұл тұжырымды теріске шығаратын зерттеу жариялады. Ғалымдар бүкіл Аустралия бойынша 27 топқа жататын 418 коаланың геномын зерттеген. Бұл өте маңызды зерттеу болды. Мысалы, Виктория штатындағы коалалар XX ғасырдың басында терісі үшін жаппай қырылып, жойылудың аз-ақ алдында қалған. Популяциясын қайта қалпына келтіргенімен, генетика тұрғысынан олардың «болашағы жоқ» деп саналды. Бірақ бәрі басқаша болып шықты: коалалардың саны артқан сайын, олардың генінде жаңа комбинациялар пайда бола бастаған.


Бұл жаңалық тек коалалар үшін емес, әлемдік табиғатты қорғау бағдарламалары үшін де маңызды. Популяция тез қалпына келген жағдайда, эволюцияның өзі жоғалған генетикалық әртүрліліктің орнын ішінара толтыруға қабілетті екені байқалды. Әрине, бұл «үлкен популяцияларды еш салдарсыз қыра беруге болады» деген сөз емес – зардабы бәрібір қалады. Дегенмен бұл зерттеу бұрын «күдер үзген» түрлердің аман қалуына тағы бір мүмкіндік береді.


Мұхит тағдырын өзгертетін (болжамды) келісім


2026 жылғы 17 қаңтардан бастап «Ұлттық юрисдикциядан тыс аймақтардағы биоәртүрлілік туралы келісім» немесе «Ашық теңіз туралы шарт» ресми түрде күшіне енді. Бұл құжат жиырма жыл бойы талқыланып, 2023 жылы мақұлданған болатын. Енді алпыс мемлекет оны бекіткеннен кейін, келісім заңды түрде міндетті құжатқа айналды. Бұл – тарихта тұңғыш рет халықаралық суларда, яғни бұрын ешкімнің билігі жүрмеген мұхит айдынының үштен екі бөлігінде арнайы қорғалатын аймақтар құруға мүмкіндік беретін келісім.


Түсінікті тілмен айтқанда: бұған дейін бұл аймақтарда балық аулау, кеме жүргізу немесе кен өндіру жұмыстары жүйесіз, тек үзік-үзік реттелетін. Бірақ жақсы жаңалық мұнымен бітпейді. Бұл қадам «30-дан 30-ға» бағдарламасын іске асыруға жақындатады: яғни 2030 жылға қарай әлемдік мұхиттың 30%-ын қорғауға алу. Бұл жобаның қаншалықты ауқымды екенін түсіну үшін – қазір мұхиттың тек 1%-ы ғана қорғалғанын білу жеткілікті.


Greenpeace бұл оқиғаны табиғатты қорғау тарихындағы ең ірі жеңіс деп атады. Бұл келісім қамтитын аумақ барлық құрлықтардың ауданын қоса алғандағы көлемнен де үлкен. Алғашқы ресми басқосу 2027 жылы өтеді. Әрине, ашығын айту керек, бұл келісім өздігінен ештеңе істемейді, ол тек жұмыс істеу механизмін құрады. Бірақ 20 жылға созылған тығырықтан кейін бұл – шынымен де тарихи оқиға.


Құндыздар керемет, әрі жылғаларды «көміртегі тұзағына» айналдырады


Бирмингем университетінің бір топ зерттеушісі 13 жыл бойы Швейцарияның солтүстігіндегі құндыздар мекендейтін өзен учаскесін бақылады. 2026 жылғы наурызда Communications Earth & Environment журналында соның нәтижесі жарияланды: осы уақыт ішінде құндыздар жасаған батпақты аймақ 1194 тонна көміртегін жинаған. Бұл – құндызы жоқ дәл сондай жермен салыстырғанда он есе көп көрсеткіш. Өзен шөгінділерінде, бөгеттерде және су басқан жайылмаларда органикалық заттар жиналып қалады, әйтпесе бұл заттар ағыспен төмен қарай ағып кетер еді.


Мақалада «ауқымды кеңейту» туралы қызық мәселе көтерілген. Егер құндыздарды Швейцариядағы барлық қолайлы жайылмаға қоныстандырса, олар бүкіл елдің жылдық көміртегі қалдықтарының 1,2-ден бастап, 1,8%-ына дейінгі мөлшерін өтей алар еді. Бұл – әлеуметтік желідегі «жазылушылар 100 теңгеден жинап, ипотеканы жауып тастайтын» тренд сияқты, тек бұл жерде «акцияға» құндыздар қатысады. Ешқандай мемлекеттік бағдарлама, субсидия, шығын мен бюджетті келісудің қажеті жоқ. Жай ғана құндыздар керемет болғандықтан, бәрін өздері-ақ реттеп береді.


Біз бұрын жай ғана әдемілік немесе екінші кезектегі нәрсе деп санаған табиғи процестер, іс жүзінде, нақты жұмыс істеп тұрған климаттық инфрақұрылым болып шықты. Ең бастысы – тегін!


Бонус: жапон тырнасы


Жапонияда тырна – мәдени кодтың ажырамас бөлігі. Оның бейнесі кескіндемеде, фильмдерде, анимелерде, тіпті: «тырна мың жыл, тасбақа он мың жыл тіршілік етеді» деген сияқты мақал-мәтелдерде кездеседі. Бірақ ол жойылып кете жаздаған еді. 1952 жылы бүкіл ел бойынша небәрі 33 тырна ғана қалған. Оның өзі кездейсоқ аман қалып отыр. Оларды 1924 жылы Кусиро батпақтарынан тауып алған еді, содан бері негізінен Цуруи ауылының еріктілері оларды сақтап қалуға тырысты. Олар ондаған жылдар бойы құстарды қыс мезгілінде тамақтандырып келген.


2026 жылғы 17 наурызда Жапонияның Экология министрлігі тырнаны «жойылып кету қаупі төнген түрлер» тізімінен ресми түрде шығарды. Қазір олардың саны 1900-ге жетті. Осылай, олар өздерінің «мың жылдық» ғажайып ғұмырын ары қарай жалғастырып жатыр.

Бөлісу:

Жануарлар әлемінен 5 жақсы жаңалық — Tamga media