Жер шарында шамамен алты адамның біреуі өзін жалғыз сезінеді екен. Кейінгі бес жылда отбасы құрғандар саны күрт төмендеп кетті. Отбасы құру құдды бір өмірдегі үлкен маңызын жойғандай. ТМД елдерінде де бұл тенденция ерекше белең алып жатыр: көбі кеш үйленеді немесе артық жауапкершілік алмай, еркін қарым-қатынаста болғанды жөн көреді. Психолог және арт-терапевт Елена Сопилидидң айтуынша, жалғыздықтың трендке айналғаны жай ғана мода емес, адамдардың өзін-өзі түсініп, өзін таңдағаны.
Елена Сопилиди, психолог:
«Адам саналы түрде жалғыз болуды таңдағанда өзін-өзі тыңдап, қалпына келіп, энергиясын жинауды үйренеді. Бірақ кейде кейбірі қасірет шеккісі келмей, қорқып, сылтауратып жүруі де мүмкін».

Әлеуметтік желі мен кездесуге арналған қолданбалардың ықпалы – бөлек әңгіме. Психологтың айтуынша, бұлар шексіз таңдауға болады деген иллюзияны да, жеме-жемге келгенде жұпсыз қалу деген ойды да күшейтеді.
«Біз тез дофаминге толы байланысқа үйреніп қалған соң, шынайы, нағыз қарым-қатынастың дәмін ұмыта бастаймыз. Цифрлі орта қарым-қатынасты бір жағынан қолжетімді етсе, бір жағынан осал қылады».
Кей адамға басқалармен танысып, кейін олардан көңілі қала бергеннен, жалғыз жүрген жеңілірек көрінеді. Дегенмен психолог адам басқа адаммен жақындасуға қорықса, мұның артында жан-жарақаты тұрған болуы мүмкін дейді. Мысалы, бала кездегі жарақат, бетін қайтарған болуы мүмкін немесе бұған дейінгі қиын қарым-қатынастың салдары болуы мүмкін. Адам бұрынғы қарым-қатынасында, махаббатында өзін жоғалтып алса, психикасы “өзге адамға жақын болу – қауіп” деген сигналды жібереді. Мұның салдарынан адам шамадан тыс перфекционист болып кетуі немесе оқшауланып қалуы мүмкін.
Маман адам жалғыз жүргенде өз-өзімен байланыс құрса, қалпына келсе және өзінің қалауын түсінса ғана тиімді әрі бұл ресурсқа айналады деген пікірде.
«Жалғыздық адамдардан, эмоциядан және кез келген өзгерістен қашуға алып келсе, адам жаңа дүниені қаламаса, бұл – ендігі өмірден қол үзу. Өзіңізге “Жалғыздық мені дамыта ма, әлде тежей ме? Өміріме жан бере ме, әлде оны ала ма?” деген сұрақтарды қойсаңыз болғаны. Тәніңіз қашанда шынайы жауап бере алады. Оны тек тыңдап, қабылдауды үйренсеңіз жеткілікті».



