Мынадай жұмыс хабарландыруын елестетіп көріңізші: бірден тоғыз міндетті атқаратын қызметкер керек. Ол бала бағады, тамақ пісіреді, үй жинайды, кір жуады, көлік жүргізеді, баланың сабағына көмектеседі, науқасқа қарайды, отбасы мүшелерінің мұңын тыңдап, қолдау көрсетеді. Оған қоса үйге қажет заттарды сатып алып, кімнің қайда, қашан баратынын жоспарлайды.
Жұмыс уақыты – күніне 6-7 сағат. Демалыс та, түскі үзіліс те жоқ. Ауырып қалса да, жұмыстан босатылмайды. Өйткені оның шаруасын басқа біреу істеп бермейді. Еңбекақысы – анда-санда айтылатын «рақмет». Ал айналасындағылар мұның бәрін оның міндеті деп қабылдайды.
Мұндай жұмыс хабарландыруы жоқ. Бірақ күн сайын миллиондаған әйел осы мамандардың жұмысын өз мойнына алады. Қазақстанда бұл жұмыстарды жеке мамандарға тапсырса, қанша тұратынын есептеп көрейік.

Қарапайым отбасының күнделікті тіршілігі
Нақты бір отбасын емес, көпшілікке таныс жағдайды алайық. Ерлі-зайыптының екеуі де жұмыс істейді. Балалары 7 мен 12 жаста: бірі бастауышта, екіншісі орта сыныпта оқиды, үйірмелерге барады. Олармен бірге 74 жастағы әжесі тұрады. Оған қарайлап, дәрігерге апарып тұру керек. Баспана – кәдімгі үш бөлмелі пәтер. Бұл отбасындағы әйел күні бойы жұмыста, ал кешке және демалыс күндері оның «екінші ауысымы» басталады.
Үйдегі жұмысқа қанша уақыт кететінін ойдан шығарған жоқпыз. Қазақстанда әйелдер үй шаруасына күніне орта есеппен 4 сағат 5 минут, ал ерлер 1 сағат 51 минут жұмсайды. MediaNet сауалнамасына қатысқандардың 44%-ы отбасындағы әйелдің үй шаруасына күніне алты сағат немесе одан да көп уақыт бөлетінін айтқан.
Біздің есебіміз бойынша, екі баласы және қарт туысы бар отбасында бұл жұмыстарға аптасына 46,5 сағат кетеді. Бұл – күніне шамамен 6,6 сағат. Енді осы уақытты әр мамандық бойынша бөліп есептейік.
Бір адамның мойнындағы тоғыз мамандық
Есептеу үшін нарықтағы ең төменгі және ең жоғарғы бағаларды аламыз. Бір айды 4,33 апта деп есептейміз.
Бала күтуші. Кіші баланы сабақтан кейін қарау, ауырып қалғанда жанында болу, үйірмеден алып қайту. Бұған аптасына 8 сағат кетеді. Алматыда үйге келіп жұмыс істейтін бала күтушінің бір сағаттық ақысы – 2 500-3 500 теңге. Сонда айына 87-121 мың теңге шығады.
Аспаз. Таңғы және кешкі ас әзірлеу, балаларға мектепке тамақ дайындап беру, бір аптаға азық-түлікті алдын ала дайындау, демалыста бүкіл отбасына тамақ пісіру. Бұған аптасына 9 сағат кетеді. Отбасына күні бойы тамақ дайындайтын аспаз айына 500 000 теңгеге дейін алады. Бұл – сағатына шамамен 3 000 теңге. Біздің есеп бойынша, айына 117 мың теңге шығады.
Үй тазалаушы. Еденді сыпырып, жуу, жуынатын бөлме мен асүйді тазалау, заттарды реттеп қою. Бұған аптасына 7 сағат кетеді. Астанада тұрақты үй көмекшісінің айлық ақысы – 250 000 теңге, яғни сағатына шамамен 1 500 теңге. Шамамен сағатына 1 500-2 000 теңге деп алсақ, айына 45-61 мың теңге шығады.

Кір жуушы. Кір жуу, кептіру, үтіктеу – аптасына 4 сағат. Ақысын үй тазалаушының сағаттық мөлшерімен есептесек, айына 26-35 мың теңге шығады.
Жүргізуші. Балаларды балабақшаға, мектепке, үйірмеге апару, емханаға, дүкенге, туыстарға бару – аптасына 4 сағат. Бұл қызметтің бағасы әртүрлі: хабарландыруларда қысқа сапардың ақысы 2 500 теңгеден басталады, ал бизнес-класс көлігі бар жеке жүргізушінің бір сағаттық қызметі 6 000-8 000 теңге тұрады. Орта есеппен сағатына 2 500-6 000 теңгені алсақ, айына 43-104 мың теңге шығады.
Репетитор. Баланың үй тапсырмасын тексеру, математика есебін түсіндіру, баяндама дайындауға көмектесу – аптасына 5 сағат. Алматыда репетитормен бір сағат сабақ оқу кемінде 3 500 теңге тұрады. Сонда айына 76 мың теңге шығады.
Қарт адамға күтім жасаушы. Дәрісін уақытында ішуін қадағалау, дәрігерге апару, жалғыз қалудан қорқатын қарт адаммен әңгімелесу – аптасына 4 сағат. Хабарландыруларда күтушінің ақысы сағатына ма, әлде күніне ме нақты көрсетіле бермейді. Сондықтан есепке бала күтушінің сағаттық ақысын – 2 000-3 000 теңгені аламыз. Айына 35-52 мың теңге шығады.
Психолог және коуч. Жасөспірімнің сөзін тыңдау, ауыр жұмыс күнінен кейін күйеуін жұбату, жақындарының уайымын бөлісіп, қолдау көрсету. Бұған аптасына небәрі 1,5 сағат бөлінеді деп есептейік. Психологтің бір сағаттық кеңесі 8 000-35 000 теңге тұрады, ал Астанада кей мамандардың ақысы 100 000 теңгеге дейін жетеді. Есепке сағатына 25 000 теңге деп алсақ, айына 162 мың теңге шығады.
Үй шаруасын ұйымдастырушы. Азық-түлік пен қажетті заттарды сатып алу, төлемдер, балаларды үйірмелерге жазу, құттықтаулар, сыныптастарына сыйлық алу, чаттағы хабарламаларды қадағалау, апталық жоспар құру – аптасына 4 сағат. Мұнда медианалық жалақыға сай сағатына 3 000 теңге деп аламыз. Сонда айына 52 мың теңге шығады.
Жалпы есеп
Бәрін қосқанда, айына 565+779 мың теңге шығады. Бұл елдегі медианалық жалақыдан (339 912 теңге) 1,7-2,3 есе, ал әйелдердің орташа жалақысынан (372 800 теңге) 1,5-2,1 есе көп. Бір жылда 6,8-9,4 миллион теңге болады.
Көңіл көншітпейтін жаңалық, демек, әйелдің үйде атқаратын жұмысының құны негізгі қызметіндегі жалақысынан да жоғары. Егер үй шаруасына нарықтағы бағамен ақы төленсе, ол негізгі жұмысынан тапқанынан көбірек табыс табар еді. Бірақ қызметтегі еңбегіне жалақы төленеді, ал үйдегі еңбегі есепке де алынбайды.

Бұл – тек жұмысқа кеткен уақыттың есебі. Еңбек кодексі бойынша жұмыс аптасы 40 сағатты құрайды. Оған үй шаруасына кететін 46,5 сағатты қоссақ, аптасына шамамен 86 сағат болады. Тіпті вахтамен істейтіндердің көбінде мұндай жұмыс кестесі жоқ.
Есепке кірмеген оныншы міндет
Біздің тізімде ең ауыр міндет – басшының жұмысы жоқ. Кіші баланың дәптері таусылғанын, үлкенінің сейсенбіде ата-аналар жиналысы барын, ал әжені үш аптадан кейін дәрігерге апару керегін үнемі есте ұстайтын сол адам. Әлеуметтанушылар мұны «когнитивтік еңбек» деп атайды. Қарапайым тілмен айтқанда, отбасының қажетін ойлау, алдын ала жоспарлау және бәріне алаңдау. Үйдегі дәретхана қағазы таусылмай тұрғанда жаңасын алуды ойлау да, балаға балабақша таңдау да осы міндеттің бір бөлігі. Отбасының қамын ойлау жұмыста да, кезекте тұрғанда да, түнде де тоқтамайды.
Ерлі-зайыптылармен жеке-жеке жүргізілген сұхбаттарға негізделген зерттеулер дәстүрлі отбасыларда бұл жауапкершілікті көбіне әйел көтеретінін көрсетеді. «Сүт ала келші», «баланы апарып тасташы» деген өтініштерді орындаумен бұл жүк толық жеңілдемейді. Себебі оған дейін де атқарылатын жұмыс бар: сүттің таусылғанын байқау, оны алу керегін ойлау және біреуге тапсыру.
Бұл еңбектің құнын нақты есептеу қиын. Сондықтан оны жалпы сомаға қоспадық.

Бұл тек Қазақстанға емес, бүкіл әлемге тән жағдай
Әлемде әйелдер ақы төленбейтін күтім мен үй шаруасына ерлерге қарағанда 2,5 есе көп уақыт жұмсайды. Халықаралық еңбек ұйымының (ХЕҰ) бағалауынша, дүниежүзінде күн сайын ақысыз еңбекке 16,4 миллиард сағат кетеді. Бұл шамамен екі миллиард адамның күн сайын сегіз сағат бойы тегін жұмыс істегенімен тең. Осы еңбектің төрттен үшін, яғни 76,2%-ын әйелдер атқарады. Оны ақшаға шақсақ, жылына шамамен 10,8 триллион доллар болады. Бұл – әлемдегі бүкіл технология саласының көлемінен үш есе көп. Кей елдерде әйелдердің ақысыз еңбегінің құны жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 40%-ынан асады.
Дамыған елдерде бұл айырмашылық азырақ болғанымен, әлі де бар. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) мүше елдерде әйелдер ақысыз жұмысқа ерлерден күніне шамамен екі сағат артық уақыт жұмсайды. Ал ерлер ақылы жұмыста әйелдерге қарағанда бір сағат қырық минутқа жуық көбірек еңбек етеді. Екеуін қосқанда, әйелдер күніне 25 минут артық жұмыс істейді. Италия, Испания, Эстония, Грекия және Венгрияда әйелдердің жалпы жұмыс уақыты ерлерден күніне бір сағаттан астам көп. Ал Норвегия, Жаңа Зеландия және Нидерландта жағдай керісінше: ерлер күніне 5-24 минут көбірек жұмыс істейді.
Америкалық Insure.com сервисі жыл сайын ананың күнделікті атқаратын істерін 19 мамандыққа бөліп, «түйіндемесін» құрастырады. Бұл тізімде бала күтуші, аспаз, судья, жеке детектив, шаштараз сияқты мамандықтар бар. Сервистің 2025 жылғы есебіне сүйенсек, осы жұмыстары үшін ана жылына 145 235 доллар алуы керек еді. Алайда есепте бір қызық жайт. Барлық жұмысқа кеткен уақытты қосқанда, аптасына 183 сағат шығады. Ал бір аптада бар болғаны 168 сағат бар. Мұның себебі қарапайым: аналар бір мезетте тамақ пісіріп, балаға қарап, хабарламаларға жауап бере алады. Сондықтан есепте бір уақыт бірнеше рет саналған. Біз мұндай тәсілді қолданбадық, қатар атқарылған істерге кеткен уақытты бір рет қана есептедік.

Қазақстанда бұл мәселе әлемдік орташа көрсеткішпен салыстырғанда өткірірек. Әңгіме үй шаруасына кететін уақытта ғана емес. Қазақстандық қоғамдық даму институтының 2025 жылғы баяндамасына сүйенсек, әйелдер үй жұмысына ерлерге қарағанда үш есе көп уақыт бөледі. Әйелдердің 90%-дан астамы үй шаруасымен күніне кемінде бір сағат айналысады. Шамамен 80%-ы оны негізгі жұмысымен қатар атқарады. Ал ерлердің 23-39%-ы үй шаруасына мүлде қатыспайды. MediaNet-тің 2022 жылғы сауалнамасы қоғамда қандай түсінік қалыптасқанын да көрсетеді. Қатысушылардың 67%-ы үй шаруасын әйелдің табиғи әрі өз еркімен атқаратын міндеті деп есептейді. Әйелдердің өз арасында бұл пікірді қолдайтындар – 53%. Яғни әйелдердің жартысынан көбі де үй жұмысын өз міндеті санайды.
Ал мемлекеттік есепте үйдегі еңбек толық ескеріле бермейді. Халықаралық еңбек ұйымының бағалауынша, Қазақстандағы ақысыз еңбектің құны жалпы ішкі өнімнің небәрі 2,5%-ына тең. Соның 1,8 пайыздық тармағы – әйелдердің еңбегі. Зерттеуге қатысқан 53 елдің ішінде Қазақстан бұл көрсеткіш бойынша соңынан екінші орында тұр. Ал Австралияда ақысыз еңбектің құны ЖІӨ-нің 41,3%-ына тең.
Мұның құнын шын мәнінде кім өтейді?
Бұл еңбекке жалақы төленбесе, оның құнын кім өтейді? Әйелдің өзі. Ол үшін мансапта өсу мүмкіндігінен айырылады. 2025 жылы Қазақстанда әйелдердің орташа жалақысы 372,8 мың теңге, ал ерлердікі 519 мың теңге болды. Әйелдер 28,2%-ға аз табыс табады. Айырмашылық айына шамамен 146 мың теңге, жылына 1,75 миллион теңге болады. Мұның бірнеше себебі бар. Соның бірін ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі де атап көрсетті. Үйдегі ақысыз жұмыстың көптігі әйелдердің мансапта өсуіне кедергі келтіреді.

Осылайша бір мәселе екіншісін туғызады. Бала күтімі мен үй шаруасына көбірек уақыт бөлетін әйел жұмыста толық күн істей алмайды, іссапарға барудан немесе жоғары қызметке ауысудан бас тартады. Бұл оның табысына әсер етеді. Жалақысы аз болғандықтан, отбасы оның үйде қалғанын тиімді көреді.Соның салдарынан табысы азаяды. Ал аз табыс тапқан соң, отбасында «үйде оның қалғаны тиімді» деген шешім қабылданады. Сөйтіп, әйелдің «әйелдің міндеті» саналған жұмыс енді қаржылық тұрғыдан да тиімді таңдау болып көрінеді.
Не істеуге болады?
Мәселе әйелге үй шаруасы үшін жалақы төлеуде емес. Ақша қамқорлықтың орнын толтырмайды, ал отбасы – жұмыс орны емес. Бұл есеп үйдегі еңбекті бағалап, міндеттерді бөлісу туралы сөйлесуге негіз болады. Әңгімені үш сұрақтан бастауға болады:
Отбасындағы шаруаны кім жоспарлап, қадағалайды? Не қажет екенін кім байқайды, не істеу керегін кім шешеді? Алдымен осы жауапкершілікті бөліскен жөн.
Тоғыз міндеттің қайсысын маманға тапсырып, қайсысын жұбайы атқара алады? Кейде репетитор немесе үй тазалаушы жалдау ұйқыны реттеуге, үнемі шаршап жүруден арзаныраққа түсуі мүмкін.
Әйел жоғары қызметке ауысудан бас тартса, отбасы қанша табыстан қағылады? Осы соманы үй көмекшісіне төлейтін ақымен салыстырып көріңіз.
Бұл сұрақтар ашуыңызды келтіруі мүмкін. Бұл - бұрын еленбей келген еңбектің енді байқала бастағанының белгісі.



