1997 жылы Қазақстанда 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. XX ғасырдағы ашаршылық, ұжымдастыру, қуғын-сүргін мен соғыс сияқты нәубеттер миллиондаған адамның өмірін қиды. Ол кезде жоғалғандар мен қайтыс болғандар туралы мәліметті қатты жасырды, тіпті титімдей ақпарат табу мүмкін емес еді. Ал қазір іздеу жұмыстары әлдеқайда жеңілдегендіктен, оның ретін түсіндіріп көрейік.
2020 жылы 24 қарашада президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығы бойынша қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссия жазықсыз зардап шеккеннің бәрін бір жерге жинаған e-memory.kz ортақ интернет базасын жасады.
Сайтта арнайы іздеу жолағы бар, ал мәліметтер рет-ретімен бөлімдерде тұр. Сондықтан кез келген адам қуғын-сүргінге ұшыраған туысын осы жерден іздей алады.
Сіз де 20 ғасырдың басында жоғалған ата-бабаңыз туралы ақпарат іздесеңіз, осы сайттан бастауыңызға болады.

e-memory.kz сайтына кіріп, кестені толтырыңыз да, іздеу батырмасын басыңыз.
Түркі есімдері мен тектері сол кезде бұрмаланған. Сол себепті түрлі нұсқада іздеп көріңіз. Мысалы, үйдегілер сізге әжеңіздің тегі «Қарақозова» десе, сайтқа: Карақозова, Карагозова, Корагосова немесе Керакозова деп жазыңыз.
Іздеген кезде есімі шықпаса, сайттың бірінші бетіндегі дайын тізімдерден қарап көріңіз. Мысалы: байлар, кулактар, шаруалар, лагерьлер, көтерілісшілер және тағы басқалары.
Бұл сайттан да табылмаса, мұңаймаңыз. «Бессмертный барак» сайтын тауып, дәл солай әртүрлі нұсқада іздеп көруге болады.
Іздеген адамыңыз туралы мәлімет тым аз болса, Президент архивіне хабарласып көріңіз. Ол жерден толық ақпарат алуға мүмкіндік бар.
Интернеттегі ашық сайттардан ешқандай ақпарат таба алмасаңыз, Президент архивіне тікелей хабарласыңыз.

Президент архивінен ақпарат алу жолы:
Президент архивіне электрондық поштамен «Е-өтінішке» хат жазуға немесе өзіңіз барып жолығуға болады. Онлайн жіберсеңіз де, архивке өзіңіз барсаңыз да, іздеп жатқан адамыңыздың туысы екеніңізді дәлелдейтін құжатыңыз болуы керек. Оған өзіңіздің және әке-шешеңіздің туу туралы куәлігі, тегіңіз өзгерсе неке қию туралы куәлік немесе сол адаммен туыс екеніңізді көрсететін басқа да қағаздар жатады.
Өтінішіңіз тіркелгенде хабарлама Egov-қа, поштаңызға немесе телефоныңызға келеді. Тіпті көбіне барлық мессенджеріңізге бірдей хабарлауы мүмкін.
Архивке бір емес, бірнеше рет жүгінуге болады. Мысалы, бірден бірнеше туысыңызды іздегенде немесе қосымша басқа да мәліметтер қажет болған жағдайда, солай істеуге мүмкіндік бар. Тек әр адамға жеке-жеке өтініш толтыру қажет. Ол үшін іздеп жатқан адамыңыз туралы не білесіз – бәрін тізіп жазып, жанына керек қағаздарды түгел тіркейсіз.
Бұл талаптар заңды сақтауға, адамдардың жеке деректерін қорғауға керек. Өйткені архивтегі деректер – әр отбасының өзіне тиесілі құпиясы. Сондықтан архив қызметкерлері ақпаратты шынымен де сол адамның туысы немесе заңды өкілі сұрап отырғанына толық көз жеткізуге тиіс.
Архивке шетел азаматтары да жүгіне алады. Олар да өтінішін «Е-өтінішпен» онлайн, кәдімгі поштамен хат жазып немесе елшілік пен сенімді адамы арқылы жібере береді. Тек архив қызметкерлері қосымша құжаттар сұрауы мүмкін. Мысалы, туыс екенін растайтын қағаздардың нотариус бекіткен көшірмесін немесе олардың қазақша, орысша аудармасын талап етуі мүмкін.
Осы процесс аяқталған соң, күтесіз. Белгілі бір уақыт өткен соң міндетті түрде нақты жауабын береді.



