Осыдан 15 жыл бұрын іш пысу үйреншікті жағдай еді. Дүкенде кезекте тұрғанда, автобус немесе лифт күткен де, қанша зеріккенмен, амалсыздан «сабыр түбі — сары алтын» деп тосып отыра бересің. Ал қазір ондай бос уақыттың ізі де қалмады. Қолымыз бір сәт босай қалса, бірден смартфонға телміреміз: біреудің суретін парақтап, хабарлама оқуға кірісеміз. Нәтижесінде, ғасырлар бойы адамның қиялына қанат бітіріп, өркениеттің ілгері басуына түрткі болған «зерігу феноменінің» өз қолымызбен тамырына балта шауып жатқандаймыз.
Телефон біздің қанша уақытымызды ұрлап жатыр?
Reviews.org зерттеуіне сүйенсек, 2024 жылы Америка азаматтары күн сайын қолына 205 рет телефон ұстаған екен. Яғни ұйықтамай жүргенде әр бес минут сайын телефонда отырған деген сөз. Ал 2025-2026 жылдары АҚШ-та смартфонға кететін уақыт күніне 5 сағат 16 минутқа дейін өскен (бұл былтырмен салыстырғанда 14%-ға көп). Ал Z буынында бұл көрсеткіш тіпті алты сағаттан асады. Ол аз десеңіз, әрбір төрт жастың үшеуі өзі қалағаннан да көп уақытын телефонда өткізетінін мойындаған. Жалпы алғанда, компьютер мен теледидарды қоса есептегенде, қазіргі адам тәуліктің 6-7 сағатын (яғни ояу жүретін уақытының 40%-ға жуығын) экран алдында «мұрнын тесіп» өткізеді. Сонда жаңа, тың идеялардың тууына себеп болатын бос уақыт қайдан табылсын?

Миға зерігу не үшін керек?
Зерігуді «жанымды жеген жағымсыз күй» деп біліп, одан тезірек арылуға тырысатын едік. Ал қазір мамандар бұл сезімге мүлдем өзгеше қырынан қарай бастады. Луисвилл университетінің философы Андреас Элпидору зерігуді психиканың ауытқуы емес, керісінше бізге ой салатын маңызды белгі деп түсіндіреді. Демек, іштің пысуы — жай ғана бос сенделу емес, адамды тың идеялар мен жаңа бастамаларға жетелейтін ерекше қозғаушы күш.
Негізі, адам бос сәтте бірден телефонға қол созбай, қиялына ерік берсе, ми бұрынғыдан бетер қарқынды жұмыс істей бастайды. Түрлі ойлар, ескі естеліктер мен қилы ассоциациялар бір-бірімен өріліп, сабақтасады. Нәтижесінде, аяқастынан керемет идеялар мен күрмеуі қиын мәселелердің шешімі өздігінен табылады. Психологтар мұны мидың «бұғып жатқан тынығу режимі» (пассив режим) деп атайды. Шығармашылық серпіліс, ішкі толғаныс пен болашақты бағамдау — дәл осы ми тыныққан, іш пысқан сәтте дүниеге келеді.
Йорк университетінің психологы Джон Иствуд мұны батпаққа батумен салыстырады: зеріккен кезде смартфон шұқып, теледидарға телміру тығырықтан шығармайды, керісінше, батпаққа батқандай одан бетер батыра береді.

Смартфон шығармашылыққа кедергі ме?
Social Cognitive and Affective Neuroscience журналындағы жарияланған мына бір зерттеуге назар аударып көріңізші. Тәжірибе барысында 18–25 жас аралығындағы 48 қатысушыға шектеулі уақыт ішінде қарапайым заттарды ерекше, тапқыр тәсілмен қалай қолдануға болатынын тапсырған. Нәтижесінде, экранға «байланған» жастардың ой жүйріктігі, серпінділігі мен тапқырлығы едәуір төмен болып шықты.
Алайда, психолог Джей Олсон мен оның әріптестері ондаған мың адамның дерегін сараптай келе (International Journal of Human-Computer Interaction), бұл мәселені қайта таразыға тартып, мынадай тоқтамға келді. Егер смартфонды мағынасыз, шексіз парақтай берсеңіз — креативті ойлау қабілетіңіз әп-сәтте «тозып» кетеді. Ал керісінше, оны сапалы ізденіс пен жаңа идеялар табу құралы ретінде пайдалансаңыз — шығармашылығыңыз шыңдала түседі.
Қытай студенттерінің арасында жүргізілген зерттеу де осы өзекті ойды сабақтайды: телефонға тәуелділік адамды бірден сұлатып түсірмейді, біртіндеп «улайды». Адам алдымен іштей мазасызданып, күйзеліске түседі. Содан мидың тың ой өрбітуге, серпінді ізденуге дәрмені жетпей сарсылады. Ал соңында басыңызға тосын идеялар мүлдем келмей, тоқырау басталады. Басқаша айтқанда, мәселе технологияның өзінде емес, оның мидың еркін самғауына мүмкіндік беретін бағалы сәттерді «жұтып» қоятынында.
Рэндольф-Мейкон колледжінің ғалымы Сири Сэндфорд мұны былай түсіндіреді. Іштің пысуы – мидың бізге “тоқта, пайдалырақ нәрсемен айналыс” деп беретін белгісі. Ал біз екі көзіміз экранға қадап, зерігу сезімін тұншықтырған кезде, мидың осы бағалы дабыл сигналын да өз қолымызбен өшіріп тастаймыз.

Жоғары сынып оқушылары арасында жүргізілген неміс зерттеуі (2025, Journal of Intelligence) жалығудың шығармашылыққа екі түрлі әсер ететіні дәлелдеді. Зерттеу бойынша, егер тапсырма тым жеңіл болып, оқушы жалықса, бұл оның жаңа деңгейге өткенін, жаңа тапқыр шешімдерді іздей алатыны түсіндіреді. Ал егер сабақ тым ауыр болып, содан жалықса, ми зорығып шаршайды, шығармашылық процессі сөне бастайды. Яғни, жаңа идеялар миға ешқандай жүктеме түспегенде келеді.
Тұйық шеңбер: неге жай отыра алмаймыз?
Қазіргі ақпарат ағыны бос уақытымызды ғана емес, зейінімізді де ұрлап жатқанын байқадыңыз ба? Араны ашылған ми жаңа ақпаратты «жұтып» үйреніп алған. Сондықтан бір сәт сап басылып, дамыл тапсаңыз, бірден ішіңіз пыса бастайды. Әлгі зерігуден қашамын деп қолыңызға телефонды қалай алғаныңызды білмей де қаласыз. Ал бұл отқа май құйғандай, ішті одан бетер пыстырады.
Бұны статистика да растайды. 316 студентті жүргізілген зерттеу мынадай қызық жайтты ашты: бәріне тыным таппай келетін хабарламалар кінәлі екен. Экранға телміріп, әр дыңылға алаңдай берсеңіз, «тыныш отырар төзім» таусылады. Ал мұндай тынымсыз күй бірте-бірте уайымға ұласып, жүйкені жуқартады да, психологиялық жағдайды әбден нашарлатады.
Торонто университетінің психологтары Кэти Тэм мен Майкл Инзлихт өте қызық зерттеу жүргізген. Олар 2024 жылы 874 адамның қатысуымен 5 эксперимент өткізіп, бәрімізге таныс бір әдетті байқаған: зерігіп отырған адам TikTok не YouTube-тегі қысқа видеоларды бірінен кейін бірін ақтара бастайды.
Journal of Experimental Psychology: General журналында жарияланған ғалымдардың зерттеуі де осы ақиқатты растайды: видеоларды тоқтаусыз ауыстыра беру — іштің пысқанын баспайды, керісінше, өртке май құйғандай одан бетер өрши түседі. Бұдан көңіл көншімейді, зейін су сепкендей шашырайды. Неге десеңіз, контенттің басын бастап, аяғын көрмей, «бетін ғана қалқып» өтетіндіктен, ми оның мән-мағынасын ұғынып, сиңіріп те үлгермейді. Зерттеушілердің пайымдауынша, 1000 видеоны ары-бері қарағаннан, жалғыз роликті байыппен, аяғына дейін зейін қойып қарау — әлдеқайда пайдалырақ.

Іштің пысқанына шыдай алмаған сайын телефонға үңілген сайын, телефон зерігуді баспайды. Бұл “кірер есігі бар да, шығар жолы жоқ” қақпан секілді.
Дұрыс зеріге білу де - өнер
Әрине, кез келген зеріккен сәт пайда әкеле бермейді. Орталық Ланкашир университетінің ғалымы Сэнди Манн (2014) мынадай қызық тәжірибе жүргізген. Қатысушыларды екі топқа бөліп, бірінші топқа телефон кітапшасындағы нөмірлерді қағазға көшіріп жазуды тапсырады. Яғни, олардың ішін әбден пыстырады. Ал екінші топқа мұндай зеріктіретін жұмыс бермейді. Осыдан кейін екі топқа да бірдей: «Пластик стақанды тағы қалай ерекше қолдануға болады? Креатив идеялар ұсыныңдар» деген тапсырма береді. Қызығы, нөмір көшіріп, іші әбден пысқан бірінші топ екінші топқа қарағанда әлдеқайда тапқыр, қиялға бай идеялар айтқан. Демек, маңызды бір іске немесе жобаға кіріспес бұрын миды сәл «зеріктіріп», тынықтырып алса — оның тапқырлығы мен өнімділігі бірнеше есе артады.
Бұл айырмашылықты жазушы Крис Бейли де айтады. Оның сөзінше, зерігудің екі түрі бар: пассив және актив. Пассив зерігу кезінде алдыңызға ешқандай мақсат қоймай, миға толық еркіндік бересіз. Мысалы, құлаққапсыз серуендеу, душқа түсу немесе үйді жинау сияқты біркелкі, ойды салмақтамайтын әрекеттер — осыған жатады. Дәл осы сәтте ми ешқандай артық ақпаратпен ауырламай, еркін тыныстайды да, ой түбінен тосын әрі тың идеяларды суурып шығарады. Ал актив зерігу кезінде Адам ішкі бостықты толтырмақ болып, әлеуметтік желіні ақтарып, лента айналдырады немесе теледидар арналарын ауыстыра береді. Сырт көзге бір нәрсемен айналысып жатқандай көрінгенімен, бұл әрекет шығармашылық ойлауға ешқандай пайда әкелмейді.
Адам қиялға берілгенде не ойлайтыны да маңызды. Ғалымдар Бенджамин Бэрд, Джонатан Скулер мен Джонатан Смоллвуд бір қызық жайтты байқаған: адам ойға шомып, қиялы шарлап кеткенде, өткен-кеткенді емес, көбіне алдағы күнін ойлайды екен. Мұндай сәттердегі ойдың 76%-ы осы шақ пен болашаққа арналады. Осылай, сіз ыдыс жуып, метрода кетіп бара жатқанда, ми байқатпай-ақ алдағы жоспарларыңызды өзі реттеп отырады.

2025 жылы ғалым Петер Симор (Этвеш Лоранд университеті) қызық нәрсені анықтады. Ішіңіз пысып, бірсарынды жұмысты істеп отырғанда басыңызға түрлі ойлардың келуі тегін емес екен. Бұл – мидың байқатпай білім жинап, жасырын заңдылықтарды ұғып алу тәсілі. Бір сөзбен айтқанда, ми ояу отырып демалады әрі тура ұйқыдағыдай ақпаратты орны-орнына қойып реттейді.
Ал іштің пысқанын күштеп басу – мүлдем бөлек әңгіме. Journal of Applied Psychology журналында жарық көрген зерттеуде (Кэшер Белинда және оның әріптестері, 2024 жыл) мынадай мәлімет келтірілген, егер зеріккенде өзіңізді зорықтырып, жұмысты әрең жалғастырсаңыз, кейінгі іске келгенде ынтаңыз да, зейініңіз дәл солай жоғалып кетеді. Ғалымдар мұны тышқанды басынан ұрып ойнайтын ойынға балайды: зерігуді қанша тықсырсаңыз да, ол бәрібір кейін еселеп қайтып келеді. Сондықтан іш пысқанда оны күштеп шыдағанша, мидың берген сигналы деп ұғып, басқа іске ауыса салған дұрыс.
Телефонның орнына не істеуге болады?
Пайдалы зерігу кезінде адам миды шынымен демалтады. Мұндай істерге мыналар жатады:
Құлаққапсыз серуендеу. Жаяу жүргенде подкаст пен музыка тыңдамай, бос жүру – жақсы идеялардың келуіне түрткі болады. Ойға тосын шешімдердің көбі жаяу жүргенде келетіні содан.
Бірсарынды үй шаруасы. Ыдыс жуу, киім үтіктеу, үй жинау сияқты жұмыстар. Мұнда қол жұмыс істегенімен, басыңыз толық бос болады.
Душ немесе ванна қабылдау. Бұл – қолдың телефонға физикалық түрде жете алмайтын сәттің бірі. Керемет идеялардың көбіне душта келетіні де сондықтан.
Жолда жай ғана отыру. Көлікте келе жатқанда әлеуметтік желінің лентасын парақтамай, терезеге қарап отыру.
Контент қарамай, айналаны бақылау. Бұл – “Bored and Brilliant” жобасының авторы Мануш Зомороди ұсынған әдіс. Кафе, парк немесе вокзал сияқты адам көп жерде қолға телефон алмай, ешқандай мақсатсыз, жай ғана айналаны бақылап отыру.
Тапсырмаға кіріспес бұрын ойды сәл тынықтырып алу. Егер алда үлкен шығармашылық жұмыс (мәтін жазу, дизайн жасау) күтіп тұрса, бірден бас қоймай, алдымен 5–10 минут бойы ойды қандай да бір біркелкі, жеңіл іспен тынықтырып алған абзал.

Осы мысалдардың барлығының негізінде бір ғана басты қағида жатыр. Істеп жатқан ісіңіз миды зорықтырып шаршатпайтын, сонымен бірге зейініңізді қатты еліктіріп әкетпейтін өте қарапайым әрекет болуы тиіс.
Барлығымызға да баланс керек
Бұл жерде смартфонды мүлдем жау көріп, бас тартудың қажеті жоқ. Бастысы, шектен шықпай, мидың демалуына мүмкіндік беру керек. Ол үшін не істейміз?
Бос минуттарды телефонсыз өткізу
Кезекте тұрғанда, жолда немесе біреуді күткенде телефонға үңілмеңіз.
Телефонды ұстай бермей, тек керек кезде пайдалану
Телефонды нақты бір шаруа үшін қолдану (мысалы, керекті ақпаратты іздеу) мен лентаны мақсатсыз қарай берудің айырмашылығы өте үлкен. Себебі телефонды мақсатсыз пайдалану адамның тапқырлығын төмендетеді.
Алғашқы секундты өткізіп алмау
Зеріккенде телефонға ұмтылмаңыз. Шыдасаңыз, дәл осы сәтте жақсы идеялар туа бастайды.
Тыныш уақыт арнау
Құлаққапсыз жүру – миға еркін ойлануға мүмкіндік береді.



