Өзіңіз армандаған көлікті сатып алған сәттен бастап, қала көшелерінен дәл сондай маркаларды жиі көресіз. Немесе жаңа телефон алсаңыз, айналадағының бәрі де дәл соны ұстап жүргендей көрінеді. Мұндай қызық жағдайды басыңыздан өткердіңіз бе? «Бұл заттар кенеттен қалай көбейіп кетті?» деген сұрақ туындауы заңды. Мұның себебі неде? Tamga Media тілшісі анықтап көрді.
Психологияда бұл құбылыс жиілік иллюзиясы (frequency illusion) деп аталады. Кейде оны Баадер-Майнхоф феномені деп те атайды. Адам санасы жаңа немесе өзіне маңызды ақпаратты айналадан іздеуге бейім.
Оның мәні қарапайым. Белгілі бір ақпарат біз үшін маңызды болған сәттен бастап, сол нәрсені айналадан бұрынғыдан жиі байқай бастаймыз. Бұл объектінің шынымен көбейгенін емес, оған деген назарымыздың өзгергенін білдіреді.
Ми айналадағының бәріне бірдей мән бермейді
Адам өте көп ақпараттың арасында өмір сүреді. Көшеде жүздеген көлік, ондаған жарнама, түрлі адамдар мен ғимараттар көз алдымыздан өтеді. Олардың барлығына бірдей назар аударуға миымыздың мүмкіндігі жетпейді.
Сондықтан ми ақпаратты іріктейді. Біз үшін маңызды болып көрінген нәрселерге көбірек көңіл бөлеміз. Психологияда бұл таңдамалы назар деп аталады. Зерттеулер адамның назары белгілі бір нысанға бағытталғанда, оның алдында тұрған басқа заттарды байқамай қалуы мүмкін екенін көрсетеді. Кей жағдайда адам көз алдында тұрғанды көрмей қалады.

Мысалы, белгілі бір көлік моделін іздеп жүрсеңіз, оның пішініне, түсіне немесе эмблемасына көбірек мән бере бастайсыз. Дәл сондай көліктер бұған дейін де көшеде жүрген болуы мүмкін, бірақ ол кезде олар сіз үшін маңызды ақпарат болмағандықтан, назарға түспеген немесе есте қалмаған. Ал көлікті сатып алған соң миыңыз сол модельдің пішінін, түсін немесе эмблемасын бірден таниды. Сондықтан бір күнде дәл сол марканы бірнеше рет көргендей әсер аласыз.
Сатып алған затымыз неге ерекше маңызды болып кетеді?
Ми жаңа ақпаратты адам үшін шынымен маңызды әрі өзекті дүниелермен байланыстырып қабылдайды. Мысалы, жүкті әйелдер көшеде басқа жүкті әйелдерді бұрынғыдан жиі байқайтынын айтып жатады. Жаңа ата-ана атанғандар балаларға арналған дүниелерге көбірек назар аударады. Жаңа мамандыққа қызыққан адам сол салаға қатысты адамдар мен ақпаратты жиі кездестіретін болады. Өйткені олар үшін бұл ақпараттың маңызы артты.
Яғни сыртқы әлем өзгеріп жатқан жоқ, сіз үшін белгілі бір ақпараттың маңызы ғана өзгерді. Бір қызығы, біз оны көбіне өзіміз де байқамай қаламыз. Адам «мен қазір осы нәрсеге көбірек көңіл бөліп жүрмін» деп емес, «осы зат соңғы кезде барлық жерде кездеседі» деп қабылдайды.
Бір нәрсені жиі көрген сайын ол таныс бола түседі
Жиілік иллюзиясымен шатастыруға болмайтын тағы бір психологиялық құбылыс бар – mere exposure effect, яғни қайта-қайта кездестіру әсері. Бұл эффект адамның белгілі бір нәрсемен жиі кездескен сайын оны танысырақ, ал кей жағдайда ұнамдырақ қабылдауын сипаттайды.
Психолог Роберт Зайонц 1968 жылы жүргізген зерттеулерінде адам белгілі бір нысанды бірнеше рет көрген сайын оны таныс деп қабылдап, оған деген көзқарасы өзгере береді. Мысалы, ұнамаған әнді кейін бірнеше рет тыңдап, біртіндеп ұната бастауымыз мүмкін. Сол сияқты жаңа брендтің логотипі немесе бұрын мән бермеген заттар де көзге үйреншікті болып кетеді.

Бірақ бұл жиілік иллюзиясының өзі емес. Жиілік иллюзиясы «неге бұл нәрсе көбейіп кеткендей көрінеді?» деген сұраққа жауап берсе, mere exposure effect «неге қайта-қайта кездескен нәрсе танысырақ немесе ұнамдырақ бола бастайды?» деген бөлек сұрақты түсіндіреді. Бірақ бұл эффект шексіз емес. Соңғы ғылыми зерттеулер қайталанатын әсердің ұнату сезімін тудыру қабілеті белгілі бір межеге дейін жетіп, содан соң бәсеңдейтінін айтады.
Ми бізді алдап тұр ма?
Мұндағы «иллюзия» сөзі миымыз ақиқатты бұрмалап жатыр дегенді білдірмейді. Адам айналадағы ақпараттың бәрін бірдей өңдей алмайды. Сондықтан ми назарға түсетін ақпаратты іріктеп отырады.
Сол себепті «соңғы үш күнде осы марканы он рет көрдім» деген субъективті әсер оның қалада шынымен көбейгенін білдірмейді.
Бірақ керісінше жағдай да болады: кейбір заттар шынымен танымал болып, нарықта жиілей алады. Мысалы, белгілі бір телефон моделінің сатылымы күрт өссе, оны көшеде жиірек көруіңіз заңды. Осындай кезде нақты тренд пен біздің оған деген жеке қызығушылығымыз қатар әсер етеді. Яғни объект шынымен көбейген болуы мүмкін, ал біздің назарымыз бұл өзгерісті одан сайын айқын сездіреді.
Бұл құбылысты күнделікті өмірде қалай байқауға болады?
Жиілік иллюзиясын тек сатып алған заттардан емес, күнделікті өмірден де көруге болады.
Жаңа сөз үйренсеңіз, оны жаңалықтардан немесе әлеуметтік желіден жиі кездестіресіз. Бір қалаға саяхаттауды жоспарласаңыз, сол қала туралы жарнамалар мен видеолар көзге көп түседі. Ал белгілі бір брендке қызыға бастасаңыз, оның дүкендері бұрынғыдан көбейіп кеткендей көрінуі мүмкін.
Негізі бұл заттар оған дейін де болған, тек сіздің оған деген назарыңыз бен көзқарасыңыз өзгерді. Жиілік иллюзиясының тағы бір қызық тұсы бар: адам белгілі бір нәрсені нақты қанша рет көргенін дәл санап жүрмейді. Ми калькулятор емес, ол әрбір кездесуді бөлек-бөлек тіркеп, соңында қосып шықпайды.
Жиілікті бағалауға назар, бұрынғы тәжірибе және жадымызда жақсы сақталған мысалдар әсер етуі мүмкін. Сондықтан «мұны соңғы кезде өте жиі көріп жүрмін» деген сезім нақты статистикалық жиілікпен әрдайым сәйкес келе бермейді.

Оның орнына жадымызда қалған жарқын, есте қалатын сәттер негізінде жалпы әсер қалыптасады. Зерттеулер де осыны растайды, адамдардың белгілі бір нысанның қаншалықты жиі кездесетінін бағалауы бұған дейінгі тәжірибенің, көңіл-күйдің және назардың қаншалықты бөлінгеніне байланысты өзгеріп отырады. Яғни «мен мұны талай рет көрдім» деген сезім – есте қалған бірнеше жарқын мысалдың жиынтық әсері.
Сондықтан бір затты соңғы уақытта жиі байқай бастауымыз оның бұрын мүлде болмағанын немесе қазір нақты көбейгенін білдірмейді. Бұл заттар бұрын да дәл осылай жиі кездескен, бірақ біз оған назар аудармағанбыз. Ми жаңа ақпаратты бөлек белгі ретінде тіркеген сәттен бастап, ол бірден «көбейгендей» болып көрінеді.
Бұл құбылыс күнделікті шешімдерге де тікелей әсер етеді. Мысалы, болашақ балаға есім таңдап жүрген ата-ана белгілі бір атты естіп, соған қызығады. Содан кейін таныстары арасынан, әлеуметтік желіден, тіпті көшеде де дәл сол есімді бұрынғыдан әлдеқайда жиі кездестіре бастайды және «қазір бәрі баласына осы есімді қоятын болды-ау» деген қорытындыға келеді. Шын мәнінде сол есімнің таралу жиілігі өзгерген жоқ, өзгергені тек соған деген ішкі назары. Ми басқа есімдерді бұрынғыдай «елемей» өткізіп жіберіп, тек өзіне маңызды болып қалған сол бір атауды ғана іліп алады.
Осындай субъективті әсерге сүйеніп қорытынды жасау қате пайымдаудың бастамасы болады. Сондықтан нақты сан мен масштаб маңызды болатын жағдайда (мысалы, бір тауардың нарықта шынымен көбейгенін, әлде бір мәселенің шынымен жиілегенін бағалау керек болғанда) тек жеке байқауға емес, нақты деректерге, статистикаға, зерттеу нәтижелеріне жүгінген жөн. Ішкі сезіміміз бізге «бәрі осылай» деп сендіргенімен, ол көбіне назардың қайда бағытталғанын ғана көрсетеді.
Сондықтан келесі жолы жаңа зат сатып алып, «осы зат неге бірден барлық жерде пайда болды?» деп ойласаңыз, айналаға мұқият қарап көріңіз.



